История. Этнография
Ахантаева Әмина
Жағыпарқызы
ҚазҰАУ,
Алматы, Қазақстан.
Қазақтың
үйлену салты мен дәстүрі
Қазақ халқының дәстүрінде «жанұяның»
татулығы, бірлігі ұлттың болашығының
діңгегі, негізі, іргетасы. Ұлтымызда «жанұя» «ақ неке» «жер
мәселесі» үлкен маңызы бар дүние.Ұлтымыздың
құндылықтарының бірі «жеті атаға дейін қыз
алыспау», бұл қазақ халқы қан тазалығына
үлкен мән берген, бұл адамның ақыл-есі мен
физианомиясының дұрыс жетілуінің бірден-бір
дұрыстығы. Осы ата-бабаларымыздың мықты ұстанымы
мен дәстүрі арқасында, өзінің керемет білімі мен
ақыл-парасатының, жетістігінің арқасында әлемді
таң қалдырып жатқан қазағымыз аз емес. «Жеті
атаға дейін қыз алыспау» - бұл шартты бұзған
жағдайда екі жасты жазалап отырған, тіптен жанұясымен жер аударып жіберетін де болған [1, с.293].
Қазақ халқының отбасын құруда
ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан
өзіндік салт-дәстүрлерінің бірі «құда
түсіп, қалың мал төлеу» арқылы жүргізілді. Қазақта
әлі күнге дейін «бел құда», «бесік құда»,
«қарсы құда» сияты құдалықтың
түрлері сақталған. Сонымен қатар «отбасын»
құрудың тағы бір жолы «алып қашу» арқылы жүзеге
асқан. «Алып қашу» -
бұл үш түрлі жағдайда орын алады: біріншіден екі
жастың көңілдері жарасса, жігіт сүйгенін «алып
қашып үйленуі» де ертеден келе жатқан үрдістің
бірі. Мұндай жағдайда жігіт жағы айып төлеп, көп
шығынға батады. Бұл
дәстүр бұрынғы кезде де қазіргі таңда да
кездесетін жайт. Екіншіден
жігіттің қалың мал төлейтін жағдайы жоқ
болған жағдайда қыз бен жігіттің өзара келісімі
арқылы болса, үшінші жағдайда қыз жігітті
ұнатпайды, бірақ жігіт қызға өлердей
ғашық болғанда қыздың келісімінсіз-ақ алып
қашады, мұндай жағдайда осындай кейбір отбасыларының
70-80 пайызы жақсы отбасы болып кетсе, 20-30 пайызы ажырасып жанұя
шырқы бұзылып жатады екен. Енді әрі қарай
құда түсу дәстүрімізге оралайық. «Бел құда» - бұл екі
рулы елдің ішіндегі екі жанұя басы отағаларының
әйелдерінің аяқтары ауыр яғни екіқабат болса
іштегі дүниеге келмеген сәбилерді өзара атастырып
қоятын ырымның бірі. Бұл ырым ежелден келе жатқан
ырымның бірі десек қателеспейміз, өйткені ежелгі ауыз
әдебиетіндегі шығармаларында кездесіп отырған.
Мысалыға: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасында
жақсы суреттелген. Онда Қарабай мен Сарыбай сияқты
байлардың екеуінің де әйелдерінің аяғы ауыр
болғандықтан бір-бірімен құда болу жөнінде
серттесуі. Серттескен адамдардың әйелдері бірі ұл, бірі
қыз болмай, екеуіде бірдей ұл немесе қыз болған
жағдайда екеуін де екі ана кезек-кезек емізіп бір-біріне бауыр, дос
қылып есейген шақтарында төс қағыстырып
мәңгі дос болып өтеміз дегізіп серттестірген.
«Бесік
құда» - аты айтып
тұрғандай сәбилерді бесікте жатқан кезінен –ақ
өзара атастырып қояды [2, с126]. Ерте кезде құда
болатын екі жақ бай адамдар болса, уәделескен уақыттан бастап
қалың малын біртіндеп қыздың әкесіне бере-беретін
болған. Қыз бала бойжеткен соң, қыздың
әкесі болашақ құдаларына кісі жіберіп, «келіндерін алып
кетсін» - деп сәлем айтады. Осы кезде болашақ күйеу бала
«ұрын барып» қыздың жеңгесі арқылы болашақ
жарын көреді. Жігітке қыз жеңгесі бірден
қалыңдығын көрсете салмайды, болашақ күйеу
жігіт түрлі сый-сыяпатын жасаған соң ғана қыз
екеуін бір-бірімен табыстырған.
«Қарсы
құда» - бұл бұрыннан
құдандалы адамдардың бір-бірімен қайтадан
құдаласуы, мысалыға: қыз алған жаққа
жігіт жақ қыздарын беруі. Бұл салт қазіргі таңда
да кездеседі. Мұны қазақтарда
«сүйек» жаңғырту деп те атайды (АӨЖМ –
Автордың өзі жинаған материалдары).
«Бесік құда» мен «бел құданы» балалары өте
кішкентай, тіпті кейде туылмай тұрғанда құда
болуға келісілгендіктен ежелгі
қалыптасқан дәстүр бойынша «атастыру» деп, «атастыру
арқылы» үйлендіретін. Атастыру – екі жан достың
әйелдері бір мезгілде аяғы ауырласа, сәбилері тумай-ақ
олардың өзара келісуі. Дегеніндей болса, уақыты келгенде екі
жасты үйлендіретін. Егер екеуі де ұл, не қыз болса, онда олар
өскен соң әкелеріндей дос болып өтуге тиісті
болған. Бұл дәстүрлер қазіргі таңда да
кездеседі. Бірақ көбіне екі жастың шешіміне қарай іске
асады. Жігіт үйленер алдында әуелі өзіне ұнайтын
теңін іздестіреді. Бұл дәстүр – «қыз көру», «жар таңдау» деп аталады. Сол
сияқты жігіт өзіне ұнаған қыздың
әкесіне сөз салу арқылы да үйленеді. Бұл
рәсім – «қыз айттыру» деп
аталады (АӨЖМ).
Бұрынғы уақытта да қазіргі таңда да отбасын
құру тойына дайындық «құдалықтан»
басталады. Қазақта «кәдесіз
қыз болмайды» деген нақыл сөз бар. Қызды ұзатар
кезде түрлі ырым-жоралғылар жасалады. Қыз әкесіне
«қалың мал» беріледі.
Қалың мал - орта есеппен қырық қара немесе қырық жеті
қысырақ, төрт жыртыс болғанымен қыз жақ
бұдан пайда таппайды. Бар болса басына ақ отау тігіп береді.
Төсек-орын, ыдыс-аяқ, сауын сиыр, мінер ат. Бір жылдан кейін
берілетін енші, жиенге мінгізетін тайы мен серкеші есептелінсе, ол
қалың малдың құнынан кем түспейді. Тойға дайындық - құдалық, той және
тойдан кейінгі әдет-ғұрыптар сияқты түрлі
кезеңдерден тұрады [3, 183б]. Негізінен кейбір
құрылымдары өзгеріске ұшырағанымен де,
үйлену салтының сыртқы, дәстүрлі келбеті
сақталған деп айтуымызға болады.
Қыз ұзату тойына келген күйеу жігіттің
босағаны аттаған сәттен бастап, ырымдары басталады. Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп,
құдалық берік болуы үшін бір мал сойылады. Оның
бауыздау қанына қол батырып, «қанға қан
қосылады, енді туыс болдық» «мың жылдық
құда болдық» деп бата бұзбауға серттеседі. Одан кейін түрлі
салт-дәстүрлер орындалып жалғасын табады.
Шашу – құдалар
немесе күйеубала келгенде ауылдың ең сыйлы бәйбішесі
табаққа құрт, ірімшік, тәтті
қосып шашу шашады. Жұрт мұны жапа тармағай таласа теріп
алып жейді (АӨЖМ). Бұл тойда, қуанышта жасалатын ырым.
Той басталады. Аттанар алдына қыз әкесі келген жігіттерге сый
құрметін көрсетіп, киіт кигізеді. Жаңа күйеуге
сыйлық береді, бұл «қапқа
салар» деп аталады. Бұл құданың тұрмыс
жағдайына байланысты. Бұл сыйлыққа қымбат киім,
ат әбзелі және басқа мал да беріледі. Бұл, әрине,
қайын атасының мал бастылығы, атақ абыройы. Айта
кететін жайт, күйеу болатын жігіттің киімі ерекше болу керек.
Күйеу қайсысы - деп іздемейтіндей. Бас киімі - бөріктің
төбесіне үкіні қадайды, етігі биік өкшелі, иығына
қызыл шапан жамылады. Бөрікті баса киіп, өзін өте
әдепті, бір жағынан жақсы көрсете білуі керек. Күйеу
қалыңдыққа келгенде «той
малын» ала келеді. Малды осы тойға сояды. Бай құдалар
тойға бірнеше жылқы, сиыр не қой әкеледі.
Бұған қоса қымбатты мата, басқа да
бұйымдар, жеміс, жидек, қант, шай т.б. Егер оны толық
әкелмесе қыздың жеңгелері күйеуге
өздерінің риза еместіктерін айтып, келекелеп намысына тие
сөйлеген.
Сәбиі үшін түн
ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген
қыздың анасына берілетін сый,
тару - «сүт ақы», ал асқар тау
әкесіне арналған «ата күші» немесе «жігіт-түйе» кәдесі қызын жақсы, өнегелі етіп тәрбиелегені үшін
әкесіне беріледі. Бұл сыйлық –
қымбат киім, түйе, жылқы, ат абзелі т.б. Қазіргі кезде
қымбат гаухар тасты әшекей бұйымдар немесе ақшалай да
беріледі.
Қыз алуға келген күйеу жігітке қыздың тойында
бір табақ етті жігіттің алдына қойған, бұл
сыбағада арнайы төс салынады. «Төс»
- қазақта тек күйеу жігітке ғана тартылады. Күйеу
жігіт жас па, кәрі ме жаңа күйеу ме, ескі күйеу ме
оған қарамайды. Табақ әкелген жеңгеге сый
ақы беру керек. Осы табақ ет «қыз алар» немесе «күйеу табақ» деп
аталған. Бұл дәстүр қазірде
оңтүстікте сақталған. Ал қазақ елінің
өзге жерінде сақталмаған, ұмыт болған.
Құдаласу үстіндегі ең жауапты сәттің
бірі – «құйрық-бауыр
асату» дәстүрі. Бұл - арнайы пісірілген қойдың құйрық майы мен
бауырын жіңішке етіп турап табаққа салып қыз
жағынан сыйлы әйелдердің бірі
Құда,
құда дегізген,
Құйрық
– бауыр жегізген,
Құйрық
– бауыр жемесек,
Несіне
құда дегізген, – деп өлеңдете келіп,
құдаларға, отырған адамдарға айнала
құйрық-бауыр асатып шығады, «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті
болыңдар» деп тілек білдіреді. «Құйрық-бауыр
жедің бе, құда болдым дедің бе» мақалдаған
атамыз құда болудың белгісі осы құйрық-бауыр
асату. Бұл құдалық дәстүр рәсімі
болғанмен ұлттың салт дәстүрінде орны бөлек
жай. Мал баққан көшпелі халықтарда
май-молшылықтың, береке-байлықтың белгісі.
Қазақ тілінде «бауыр» сөзі - туыс, ағайын және
іні деген ұғымды білдіреді. Сондықтан, бауырдай
тату-тәтті болып, туыс, бауыр болайық дегеннің белгісі
ретінде бауыр тартылады.
Жаңа
түскен келін босаға аттаған соң есіктің екі
босағасына май жағуы, үйге кірген соң ошақ басында
отқа май құюы сияқты т.б. жосын-жоралғылары
майдың наным-сенімдік тұрғыдан туындайтын
ғұрыптық қызметтерін айғақтайды.
Жасау - қазақ халқы қызға берілетін жасауға зор
мән берген. Қызға берілетін жасау үшін ақшаны
аямаған, барған жерінде қажетті болатын керек
дүниелерінің барлығын алып берген. Жасаудың негізінен
мынадай дүниелерден тұрған: кілем, текемет, ат әбзелдері (ат әбзелдерін міндетті түрде берген:
себебі, ол кезде мініс көлік негізінен жылқы болған
және бар адамдар күмістен жасап берген) зергерлік бұйымдар, сәукеле, қымбатты киімдер, заттар, ыдыс-аяқ т.б. Бай адамдар
қыздарына алты, сегіз тіптен кейбіреулері он алты қанатты киіз
үйді яғни «ақ отауда» берген. Қыз жасауына кейде берген
қалың малдың бағасы жетпей де қалатын
болған. Ал зергерлік бұйымдардың ішінде гаухар тасы бар
бағалы сыйлықтарын да береді.Ұзатылып
бара жатқан қыздың киіміне де аса мән берген, соның
ішінде сәукелеге. Қазан төңкерісі қарсаңына
дейінгі қазақтарда қыз ұзату тойы
дайындығының келесі бір қажетті дәстүрі –
қалыңдыққа арналып жасалынатын бас киім – сәукеле
және оның той мерзіміне дейін жасалынып бітуі болған.
Қыз ұзату тойына байланысты сәукелені ата-аналар өз
мүмкіндігіне қарай әр түрлі уақытта тіктірген.
Ауқаттылар сәукелені күні бұрын жасатып қойса,
кейбіреулер сәукелені алдынала дайындай алмайды. Ал кейібір отбасылар
күйеу келіп жатқанда тіккізген.
Қорыта келе, халқымызда бұл дәстүр әлі
күнге дейін сақталып отыр, мұны біз дәстүр
сабақтастығы ата-баба өсиетіне деген құрмет деп
санаймыз.
Әдебиеттер:
1. Казахи (историко-этнографическое исследование). А. Казахстан.1995.
2. Ибрагимов И. Этнографические
очерки киргизского народа // Русский Туркестан. Вып.1. М., 1872.
3. Қазақ халқының дәстүрлері мен
әдет-ғұрыптары. Т.1. А. Арыс. 2005.