Кәсіби қазақ тілінің заң саласында қолданылуы

 

Филология ғылымдарының кандидаты ,профессор Кабатаева К.Т.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Акатаева Ш.Б.

 

Қарағанды қ.,Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті 

 

Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді барлық мамандақ бойынша білім алушыларға үйретумен қатар кәсіби бағытта тілді үйрету мәселесі басты өзектілікке айналып отырғаны баршаға белгілі. Қазақ елінің әлемдік қауымдастықта беделінің артуы мен шетелдік мамандар арасындағы халықаралық байланысының нығаюы білім алушы жастардың кәсіби тілді толық меңгеруіне жол ашуда. Мемлекеттік тілді кәсіби деңгейде меңгерту мәселесі бүгінгі таңда өзектілікке ие болды. Кәсіби тілді мемлекеттік саясаттан бөліп қарастыруға болмайтынын осыдан көруге болады.

Кәсіби бағытта тілді меңгертуге бағытталған типтік бағдарлама негізінде мәселе жүзеге асырылады.

Кәсіби қазақ тілі пәнін заңгерлер тобында өту барысында жалпы теориясыз үйрену мүмкін емес. Ол үш бөлімнен тұрады: жоғары деңгейдегі қазақ тілінің грамматикасын оқытудан, ресми-әскерге және ғылыми стильден, қолданбалы лингвистикалықмарнайы мәтіндер мен жұмыс түрлерін меңгерту әдістерінен, яғни, мәтіндер мен материалдар мамандыұққа бағытталады.

Заңгер мамандығы тек қана заңдарды білумен шектелмейді, олсондай-ақ сөз құрауын сөйлеу және жазу түрінде дұрыс қолданудан тұрады. Кез келген заңгер құдатсыз жұмыс істеуі мүмкін емес, ол мейлі сот, прокурор, тергеуші, қорғаушы, құжат қарастырушы қызметінде жүрсе де көптеген құжаттар қалыптастыратын тұлға болып табылады. Өз кезегінде заңгерге көп сөйлеуге тура келеді, түсіндіру, баяндау, жеткізу шеберлігі де қажет. Кеңес бергенде түсіндіргенде, ұсыныс айтқанда заңгер көбінесе ауызша сөйлескенде де кәсіби тілді қолданады. Ал, талап арызы, келісім-шарт, шағым, өсиет, қаулы, құжаттама айыптау қортындысы, үкім, ұйғарым, қадағалау хаты, наразылық құжаты сияқты арнайы заңгерлік құжат түрлерін жасау барысында заңгер – маман арнайы тілдік стандартқа сүйенеді.

Тілдік стандарттар орыс тілінде жасалғанымен қазақ тілінде енді қалыптасып келеді. Парламент қабырғасындағы заң шығару ісімен айнаысушы депутаттар парламенттік жарыссөздерде, заң шығару ісінде көптеген қиындықтарды мемлекеттік тілді дайын тілдік стандарттардың қалыптасуынан кездестіреді.

Тіл-жанды құбылыс, ол үнемі даму, өзгеру үстінде жүзеге асырылатыны мәлім. Шешендік сөз арқылы жарыссөзде, сотта шындыққа жету мүмкінігі ғасырлар қойнауынан жеткен билер шығармашылығынан көрінсе, әсер ету тілі арқылы нақты шешімге қол жеткізу мүмкіндігі дәлел, айғақ, жауапкершілікті сезінуде эмоциялық құралдың қатарында да тіл жататынының айқын дәлелі болады. Міндеттеу тыйым салу, өкілеттік ету, құқық түрлеріне қатысты түсіндіру тілдік бірліктері де заңгерлердің кәсіби тілін жетілдіреді.

Баршамызға белгілі болғандай, заңгерлер тілі бір күнде ғана қалыптаспайды. Алайда, орыс тілінің функционалдық қызметі әлі үстем болып тұрған мемлекеттік-әлеуметтік саланың бірі – заң болады. Студенттердің көптеген ғылыми әдебиеті де орыс тіліндегі басылымдардан, шетелдік ғалымдардың орыс тіліне аударылған оқу-әдістемелік құралдарынан тұрады. Осыдан келіп, мемлекеттік тілде заң шығарудан бастап, іс жүргізудегі қыйындықтар орысша ойлау мәселесімен астасып жатады. Мәселен, отобрать лицензию, приобщить  к делу, составить протокол, причинить вред, доказать виновность, осуществлять надзор тіркестері орыс тілінде взять лицензию, присоединить к делу, сделать протокол, делать вред, показать виновность, проводить надзор түрінде қолданылмайды. Ал, ендеше неге ол тіркестер қазақ тілінде әр түрлі қолданыста болуы керек? Отобрать лицензию – рұқсаттаманы (лицензияны) кері шақыру – алып қою; приобщить к делу – іске қоса тіркеу – іске қосымша тіркеу; доказать виновность – кінәсін дәлелдеу – кінәсін мойындату; осуществлять надзор – қадағалауды жүзеге асыру – қадағалауды іске (іс жүзіне) асыру деп қалыптаспай отырған тілдік стандарттарды көрсетеді.  

Сөйлеу тілінде орыс тілінде убить, лишать жизни – прикончить; мошенник – проходимец; лицо – рожа, морда; кушать – жрать, хавать, слопать; доносить – настучать; обманывать – врать; расторжение брака-развод; умышленно-нарочно; командировать – послать  т.б. сөздер жарыспалы қолданылса да жазба тілде ресми-іскери стильде тек алдыңғысы ғана қолданылады. Бұл қалыптасқан үрдіс. Ал қазақ тіліндегі заң әдебиеттері мен заңнамаларда тіпті келеңсіз қолданыстарды көруге болады. Мұның өзі заң саласында лексикалық стандарттардың әлі қалыптаспағанын көрсетеді.

Кітаби, бейтарап және сөйлеу тілі лексикасы арасында жаргондардың алар орны ерекше. Қай халықтың болмасын өзіндік сөз қолдану ерекшеліктеріне сәйкес жаргон сөздері болады. Студенттер де тілдік ортаның белсенді мүшесі болғандықтан өзіндік жаргондарға, олардың қалыптасуына үлес қосады. Завалить экзамен, шпоры, окно, задолжение, летник, повторник т.б. сөздер орыс тілінде қалыптасқан студенттік жаргондардың бір үлгісі десек, қателеспейміз. Ал осы сөздерді қазақша жаргон ету мүмкін емес, сол себепті де олар орыс тіліндегідей қолданылады. Бұл жаргондарды қазақша қолданудың еш қажеттілігі жоқ, ол тура аударылса, мағынасын дәл жаргон түріндегідей бермейді. Әр түрлі маман иелерінің өз кәсіби сөздерімен қатар жаргондары да болады. Мәселен, оқытушы – мұғалімдердегі «окно» – сабақ кестесіндегі бос уақытты айтса, дәрігер – хирургтер көптеген жарақат алған науқасты «сложный череп» (күрделі бас қаңқасы) дейді. Мұндай жаргондар заң бұзушылар арасында жиі кездеседі. Мысалы, перо – пышақ, конверт – қап немесе киім-кешек салынған дорба, фара – көз, поперхнуться – ұрлығын істеп үлгермей қалу,; пахан – қылмыстық топ басшысы, бригада – қылмыстық іспен айналысушы топ мүшелер, т.б. Заң мәтіндерінде, баспасөз бетіндегі қылмыс әлемі туралы мақалаларда бұл сөздер аудармасыз беріледі, олар өз бояуын аударма тілмен жеткізе алмайды. Мент, мусор, счетчик, крыша, разборка, кинуть, беспредел, бардак сөздері де қылмыс әлемінің өзіндік жаргондары.

Заң мәтіндері, өз кезегінде, жоғарыда айтылған жаргондарды баспасөзден аударып беруге тырысады, алайда, одан оның эмоциялық бояуы бәсеңдеп, түсіндіруі тиіс көп сөзділікке барады.

Жоғарыда келтірілген мысалдар орнына майталман, кәнігі, құныққан, әдетке айналдырған, кәсіби, баукеспе сөздері қолданылады. Осы сөздер арқылы заң тіліне ерекше бояулар беріледі. Құқық қорғау органдарына нелер жатады? деген сауалға қатысты сот органдары, прокуратура органдары, әділет органдары мен мекемелері, тергеу және алдын ала тергеу органдары, салық және қаржы, кеден органдары деген сөз тіркестері арқылы кәсіби тіл байлығы қоры толықтырады. Өкілетті мемлекеттік органдарға заң мекемелері, заң шығару органдары, жергілікті өзін өзі басқару органдары мен жергілікті басқару органдары жатады. Ал заңдық күші бар нормативтік актілерге: Президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жатады. Тәртіптік жазалау түрлері: ескерту, сөгіс, жеке еңбек келісімшартын бұзу кіреді. Қызметтік қару түрлеріне шолақ қару, тапанша, ұзын дүмді тегіс және кесілген қару; сот сараптамасына енетін түрлерге алғашқы, комиссиялық, кешенді, қосымша, қайта сараптамалар кіреді. Жылжымайтын мүлік түрлері: жер телімдері, ғимараттар, көп жылдық өсімдіктер, жермен байланысты басқа да мүліктер; құнды қағаздарға: облигация, коносамент, акция, заем, пай т.б. жатады.

Аталмыш сөз қолданыстары мәтіндерді мазмұндауда жүзеге асырылады, іс тоқтатылады, жауапқа тартылады т.б. сөз тіркестері жүйелі қолданылады.

Етістікті және есімді сөз тіркестерімен жұмыс істеу үшін мәселені талдау, талқылау, парламентке жолдау, іс қарау, құжат толтыру, іс қозғау, күш көрсету, біржолғы жәрдем, қос азаматтық т.б. қолданылады. Бұл тіркестердің әрқайсысымен сөйлем құрастыра отырып, студентпен белсенді жұмыс жүргізуге болады.

Соңғы кезде қазақ тіліндегі заңдардың қоғамда қолдануға қолайлы, тиімді болуы үшін олардың бірінші кезекте сапалы жазылуы талап етіледі. Кейбір заңдардың мәтіндеріндегі ойды түсіну қарапайым халыққа қиын түсетіні де рас. Заң саласында орыс заңгерлері С.С.Алексеев, И. Грязин, С.А.Боголюбовтің еңбектерімен қатар  Н.А.Власенконың «Құқық тілі» (1997), А.С.Пиголкиннің редакциясын басқаруымен «Заң тілі» (1990) атты іргелі зерттеулері арнайы заң мәтіндерінің, заңнамалық актілердің тілін, қылмыс әлемі лексикасын қарастырды.

Қылмыс туралы мәтіннің тілдік қабылдану, пайымдау ерекшелігі тұрғысынан сөз ете отырып, оның көпшілік қолданысына негізделіп жасалған мәтін болғандықтан, күнделікті құқық саласының өмірінде жиі пайдаланатындықтан, екіншіден, қабылдауға икемді, жеткізу жағы сапалы болғаны орынды. Бұл тұрғыдан осы қылмыстық құқық мәтіндері арқылы ойлау мен тіл бірлігін екінші қырынан қарастыра отырып, яғни, ойдың тілде берілу деңгейін оның қабылдаушы тарапынан қабылданушы деңгейін қарастыра отырып дәлелдеуге болады. Тіл қандай да бір ойды жеткізу құралы екені белгілі. Бұл оның негізгі қызметі болып саналады. Тілші-ғалым З.М.Шаляпина «тілдің белгілі қызметті атқарып, ойды жеткізуі барысында «мағына   мәтін» моделдерінің арасындағы байланыс қатаң сақталады», – дегені осы орайда орынды айтылған.

Тіл арқылы берілген ойды беруге негізделген мәтіннің қабылдануы оның түсініктілік деңгейіне байланысты. Түсініктілік деңгей туралы Г.Е.Крейдман, А.К.Поливанова еңбектерінде айтылады. «Бір мәтіндер жеңіл түсініледі, екінші мәтіндер қиындықпен түсіндіріледі, ал үшіншілері «түсініксіз мәтіндерге» жатады», – дей келе, ішкі құрылымдық тілдік құралдардың орналасу тәртібімен байланысты екенін айтады.

Заң мәтіндері, оның ішінде, қылмыстық кодекс мәтіндері ойды беру тұрғысынан суық қабылданатын ерекшеліктерге толы келеді. Заң мәтіндері жекелеген салаларға қатысты құқықтар мен ерекшеліктерді анықтап берумен шектеледі. Жеке сала мәтіндермен салыстырғанда қылмыстық құқық кодексінде тікелей барлық қылмыс түрлерін қамти отырып, сол қылмыс түрлері жасалған жағдайда соларға қатысты қарым-қатынасты реттеп беретін болғандықтан қылмыстық кодекс мәтіндерінің тілі барынша суық үдерісте жазылып, тыңдаушы немесе оқушы тарапынан да сол бағытта қабылданады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 56-бабының 4-тармағында: «Қылмыс жасауға дайындалғаны үшін және қылмыс жасауға оңталғаны үшін өлім жазасы мен өмір бойы бас бостандығынан айыру тағайындалмайды», – деген бап мәтінінде болымсыздық мағынада жазылған сөйлемнің өзі суық қабылданады.

Қамау, оқшаулау, мәжбүрлеу, кісі өлтіру, әскери қызметтен жалтару, ұрып-соғу, психикалық зардап шегу, зорлау, науқасқа көмек көрсетпеу т.б. суық стильді сөздер мен сөз тіркестері халық арасында «жаман» ұғымын түсіндіруге бағытталады.

Заң мәтіндері ресми мәтіндер қатарына жатады, сондықтан да лексикалық тұлғалар қайталанып келе береді. Бір мәтіннің бойындағы ұдайы қайталанатын тұлғаларды «сериялық қолданыстар», «стандарттар», «біртектілік, штампы» деген атаулармен беруге болады. Бұл ресми-іскери стильдің басты сипаты болса, заң мәтіндеріндегі міндеттеуші пайымдау да осы қайталанба сөздерді басшылыққа алады. Айқындау, қолдану, жүзеге асыру, шектеу, болып табылады, босатылады, құқылы, жауапқа тартылады т.б. сөздер мен сөз тіркестері заң мәтіндеріндегі «жауаптылық» пайымдауын көрсету үшін қолданылады. Немқұрайдылық, салғырттық сөздерінің заң мәтіндерінде қолданылуы қазақ тіліндегі салақтық сөзінің орнына қолданылып, «жауапсыздықпен қарау» мағынасының прагматикалық мәнін аша түседі, бұл небрежность, халатность сөздерінің мағынасын толыққанды түсіндіреді.

Қылмыс  - қоғам айнасы болса, адам қоғамы қылмыссыз болмайды. Қылмыстан жирендіру мақсатында суық қабылданар сөздер көп ретте тәрбиелік мәнге ие болады.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Шаляпина З.М. К проблеме моделирования языковой компетенции и языковой деятельности человека в рамках общей модели языковой действительности // Референция и проблема текстообразования. – М.: Наука, 1988. – С.214-232.

2. Крейман Г.Е., Поливанова А.К. Дедуктивная правильность текста // Рефeренция и проблемы текстообразования. – М.: Наука, 1988. – С. 191-213.

3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. – ҚР заңы. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 280 б.