Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы,
Қазақстан
салауАтты өмір салтын
қалыптастыруда отбасының ролі
Қазақстан Республикасының «Білім
туралы» Заңының 8-бабында: «Жеке адамның
шығармашылық, рухани дене мүмкіндіктерін дамыту адамгершілік
пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру,
жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы
интеллектілігін байыту – қазіргі білім беру жүйесіндегі басты
міндеттердің бірі», - деп орынды айтылған [1].
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Денсаулық,
білім және Қазақстан азаматтарының табысты өмір
сүруі» атты үндеуінде Қазақстан халқына
біздің азаматтарымызды салауатты өмір салтын
қалыптастыруға дайындау қажеттігі, сонымен қатар
біздің азаматтар бүкіл өмір барысында сау өмір
сүруі үшін және оларды таза табиғи орта қоршау
керектігі туралы тұжырымдайды [2].
Қазақстан Республикасы
мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамасында «Жан-жақты
мәдениетті тұлға – беделді тарихи сана иесі. Оны
тәрбиелеп, жетілдіріп, қалыптастыру үшін этникалық та,
жалпы адамзаттық та, мемлекеттік те сананы меңгеруімізге негіз
болатын ғылым көздері мен ұлттық
салт-дәстүр, заң, әдебиет, мәдениет
байлықтарын игеруге көңіл бөлу керек» - делінген [3].
Салауаттылық (дене саулығы) пен жан
саулығы (рухани саулық) қатар дамитын физиологиялық
процесс. Заңдылықтар мен экономиканы басқаруда біз саналы
түрде оқытуда маңызды роль атқаратын көптеген
факторларды босатып алатынымыз шындық. Салауатты тұлғада
ізгілік, қайырымдылық, махаббат, ілтипат, инабат, парасат т.б.
осындай құнды және қарапайым
құндылықтар арқылы адамның рухани және дене
саулығының шыңына жете алатындығын өмірдің
өзі дәлелдеуде.
Осыған орай, денсаулықты сақтау
дүниежүзілік проблема болғандықтан, оның ең
тиімді жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру. Жалпы, адам
денсаулығының 20%-ы
тұқымқуалаушылыққа, 20%-ы қоршаған
ортаға, 7-10%-ы денсаулық жағдайына, ал 50%-ы адамның
өмір салтына байланысты екені белгілі. Олай болса, денсаулық
деңгейі тек салауатты өмір салтына байланысты екені
түсінікті. Дені сау салауатты, рухани бай, ақылды
ұрпақтың дүниеге келуін армандаған
қазақ ата-бабаларымыздың асыл мұраларына
көңіл аударсақ, «тәрбие тал бесіктен басталады» – деп
бекер айтапаған. «Қазақ!.. Балаңды сұлу, сымбатты
қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты
сүйеді. Тазалықты сүйсе оған ауру үйір болмайды»
– деген халық даналығы [4]. Сол тазалық тал бесіктен
басталмай ма? Өйткені, адамды кішкентай кезінен түзу жолға,
адал іске, таза ар-ожданды етіп тәрбиелеу адамзаттың алғаш
пайда болған заманнан бастап осы уақытқа дейін
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан
жауапты міндеті. Аталы сөз аңыз, әңгіме
қалдырған, әлемдегі барша адам баласы тәрбиенің
ұлағаттылығын бірдей қабылдағанымен,
мазмұн-мағынасын әр халық, ұлт өзі
белгілейді, өзіндік қасиеттер мен көзқарастар
арқылы тәрбиелейді. Ұрпақ тәрбиелеудегі
тәжірибелер сол халықтың ой-тілегімен,
ақыл-өнегесі, өсиетімен ұштасып, үнемі
жетілдіріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.
Демек, жас ұрпақтың салауатты өмір салтын
қалыптастыру бағытына ең алдымен отбасы жауапты болып
табылады.
Қазақ отбасы тәрбиесінде
өзінің ғасырлар бойы саяси экономикалық,
әлеуметтік-тарихи ерекшеліктеріне байланысты атап айтқанда,
кең байтақ жерін, шаруашылық дәстүрін әр
түрлі шапқыншылық, жауынгерлік және
табиғаттың дүлей апатынан сақтап, қорғап
қалу үшін ұрпағын бала жастан іскерлікке, ептілікке,
батырлыққа, мергендікке шымырлыққа,
саулыққа, салауаттылыққа тәрбиелей отырып, жаны
мен тәнінің бірдей жетілуін дәстүрге айналдырған.
Отбасы салауаттылығы – өркениетті
қоғам талабы, өйткені
ұрпақтан-ұрпаққа берілетін дәстүр мен
салттар, әдет-ғұрыптар мұраттары көбінесе
отбасынан дамиды. Адамдар арасындағы өзара түсініктілікте,
шынайы тұрақтылықта сүйіспеншілік сияқты
қасиеттерде отбасынан қалыптасады. Халқымыздың
даналығында «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге
қыз өсер», «Адам ұрпағымен мың жасайды» т.б.
ұлағатты құндылықтары тегіннен-тегін айта
салмаған болар [5]. Мұның ар жағы дені сау,
жүйкесі бүтін, өміршең ұрпақ жайында
айтылып отырғанына еш күмән жоқ. Олай болса, отбасында
қазіргі таңдағы әлеуметтік жағдайдағы
үш мәселе ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.
1. Ғасырлар бойы халқымыздың
тәлімімен жетіліп жалғасып келген генофонымызды
(тұқымқуалаушылық, тектілік, жеті атадан аспай
қыз алыспау) сақтау.
2. Ұрық тазалығын (ұрпақ
жалғасының дамуы, көпбалалық, демографиялық
өсім) сақтау.
3. Ата-ана арасындағы сыйластықты
(демографиялық жағдай) сақтау.
Аталмыш тақырыптың аясы өте кең.
Адамның тәрбиешісі де адам:
ата-ана, тәрбиеші, ұстаз, дос-жарандар мен
айналасындағы адамдар, осы адамдардың өмірінен алынған
өнегелер. Бұл өнегелер жас баланың көз алдынан
шамдай жарқырап, өшпестей болу керек.
Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай
өзінің 37-ші сөзінде: «Артық білім кітапта»,
«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол»,
«Әкесінің баласы – бауырың» деген өсиеттері де, дара
болмай көпшіл бол деген уағызды насихаттайды [6]. Отбасы
баланың тіршілік ету ортасы және тәрбие беретін орны. Олай
болса отбасының балаға беретін тәрбиелік ықпалы белгілі
бір нәтижеге жетуі тиіс, мәселен, бала тәрбиесіндегі
отбасының ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға
қарағанда жоғары болу керек:
–
отбасы
болашақ ұрпақтың бойына ең құнды
адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын орта;
–
отбасы
ұрпақтың жалпыадамзаттық құндылықты
бағалауға, еңбек ету дағдысын
қалыптастыруға ықпал жасаушы орта;
–
отбасы
өз ұрпағын болашақ отбасылық өмірге
дайындайтын орта.
Атадан балаға жалғасып келе жатқан дана
ғұламалардың бүгінгі күнге дейін маңызын
жоймаған ой-тұжырымдары мен өсиеттерін пайдалана отырып,
оқушылардың салауатты өмір сүру дағдыларын
оқушылар жас ерекшеліктеріне сай қалыптастырудың негізгі
ұтымды жақтары мен мәні, маңызы ерекше. Бұл
негіздің оқушылардың білім, білік және дағдыларын
қалыптастыруда ықпалы бар екендігінде күмән жоқ.
Сондықтан бала шыр етіп дүниеге келгеннен
бастап, кемелденіп азамат болып қалыптасқанға дейінгі
жан-жақты тәрбие беруді ұйымдастыру, жүзеге асыру
отбасынан басталып, кейін мектептегі тәрбие мекемелерінде жүзеге
асады. Мұндағы тәрбиелік шаралар оқу-тәрбие процесі
барысында оқушылардың салауатты өмір салтын
қалыптастыруда үлкен орын алады. Өйткені, балалар отбасында
қаншалықты болса, мектепте де сонша уақыт өткізеді.
Демек, қорыта келе, салауатты өмір салтын
қалыптастырудағы ғылыми-теориялық негіздерге
сүйене отырып, салауаттылыққа тәрбиелеудегі халық
даналығын «Ауырып сауығудың жолын іздегенше, ауырмаудың
жолын ізде» деген ұстанымын басшылыққа алған жөн
дер едік.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қазақстан Республикасының «Білім
туралы» заңы - Алматы: ТОО «Баспа», 2000. - 48 б.
2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2030.
«Барлық Қазақстандықтардың
өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және
әл-ауқатының артуы» атты Жолдауы.- Алматы, Білім, 1998.
3.
Қазақстан Республикасы мәдени-этникалық білім беру
тұжырымдамасы //Егемен Қазақстан, 1996.
4. Ембергенова Ж. Жастарды салауатты
өмір салтына халықтың педагогикалық
құндылықтары негізінде ұрпақ
сабақтастығымен ұштастыра тәрбиелеу. Автореф.канд. дисс...
- Қарағанды, 2000.
5. Кенжеахметов С.
Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары.
- Алматы, Ана тілі, 1991.
6. Абай.
Қара сөздері. –
Алматы: Жазушы, 1986.