Ахметова Б.Б., Болатбекова А.Қ., Қасқатаева Ж.А., Омарова Г.Н.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Тілдік білімді кеңейтуде бейнефильмдерді қолдану тиімділігі

 

 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының білім туралы тұжырымдамасы ойлы, өнерлі, білімді тұлғаны қалыптастыруға бағытталған және қазіргі білім жүйесі білім алушылардың танымдық белсенділігін дамытатын оқытудың дәстүрлі емес, белсенді түрін және әдістерін оқу үрдісінде енгізу бағытында құрылуы тиіс.

Білімді дамыту үшін білім берудің үйреншікті әдісінен оқыту үрдісінде білім алушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыратын білім берудің жаңа белсенді әдісіне көшу керек. Бұл тапсырманы оқыту процессінде тек жаңа технологияларды қолдану арқылы жүзеге асыруға болады

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында белгіленгендей, білім беру жүйесін ақпараттандыру, мемлекеттік білім саясатының негізгі қағидаларын жүзеге асырудың маңызды бір механизмі болып табылады. Ақпараттық ортаны құруға негізделген білім берудің жаңа жүйесін қалыптастыру және педагогикалық практикаға жаңа ақпараттық құралдарды, сонымен қатар, басқа да жаңа технологияларды енгізу білім жүйесін дамытудағы стратегиялық тапсырма болып саналады.

Қазіргі кезде жаңа білім жүйесі интернеттің пайда болуының арқасында дамығанын барлығы мойындайды. Көптеген әдіскерлер бейнефильм, электрондық пошта (e-mail), мультимедиялық презентация, анимациялық суреттер және т.б. көмегімен шетел тілінде монолог және диалог түрінде сөйлеу қабілетін қалыптастыратын жаттығуларды құрастырумен айналысып жатыр. Ал шетелде болмай-ақ, сол елдің тілінде сөйлей алу қабілетіне ие болу оңай емес. Сондықтан, мұғалімнің маңызды тапсырмасының бірі шет тілі сабағында жаңа технологиялардың түрлі амалдарын қолдана отырып, сөйлеудің шын жағдаяттарын құру болып табылады. Шет тілін үйрету процессінде компьютер технологияларын қолдану сабақты қызықты жолмен өткізуге көмектеседі. Мысалы, анимациялық суреттер, бейне-көріністер, презентациялар және т.б. әртүрлі дыбыстар арқылы көрсетіледі. Компьютер мониторындағы көріністер білім алушының іс-қимылының арқасында өзгеріп отырады. Бұл динамикалық және тіл игерушінің бар ойын өзіне бағыттайды, сонымен қатар, оқу үрдісінде білім алушының белсенділігі оянады. Нәтижесінде, студент ақпаратты оңай әрі тез қабылдайды және ынтасы мен қызығушылығы жоғарылайды.

Ғылымның өсіп-өркендеуі елеулі техникалық прогресске жол ашып отырған жағдайда оқу-тәрбие жұмысында жақсы табыстарға жету үшін ғылыми-техникалық жетістіктерді оқыту процесінде кеңінен пайдалану керек. Соңғы кезде шетел тілдерін оқытуда бейнефильмдерді қолдануға үлкен мән беріліп келеді. Бейнефильмдер білім алушының көру, есту сезімдеріне бірдей әсер етеді. Шетел тілі сабағындағы бейнефильмдер студенттердің сөйлеу іскерлігін дамыту үшін де қолданылады. Олардың белсенділігін арттырып, өз бетінше жұмыс істеу қабілетін, ойын, тілін дамытуда, оларды түрлі тақырыптарға сөйлетуге үйретуде бейнефильмдердің пайдасы орасан зор.

Шетел тілін оқыту процесін жеңілдету және жетілдіру үшін сабақта техникалық құралдарды, соның ішінде, бейнефильмдерді пайдаланудың дидактика тұрғысынан маңызы зор.

Бейнефильмдер студенттердің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалды жақсы меңгеруіне, оны интенсивті түрде бекітуге көмектеседі.

Бейнефильмдер оқытушыға оқу-тәрбие жұмысын өмір шындығына жанастыруға мүмкіндік береді. Сабақта бейнефильмдерді қолдану нәтижесінде студенттер өздері меңгерген фонетикалық, лексикалық, грамматикалық материалдарды өз ойларын айтып жеткізу үшін қолданады.

Бейнефильмдер тыңдап-түсінуде кездесетін қиындықтарды жеңуге, тіл игерушінің ойында тыңдап-түсіну іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Сабақта бейнефильмдерді қолдану оқу сапасын жоғарылатады, студенттің шетел тілін үйренуге қызығушылығын арттырады. Сабақта қолданылатын бейнефильмдердің түрлері: документальды, көркем фильм үзінділері, комедия, тіл меңгеруге арналған фильмдер, жарнамалық және коммерциялық фильмдер. Сабақта бейнефильмдерді қолданғанда ескерілетін жағдайлар: бейнефильмдерді жоспарға сай іріктеу, тақырыпқа сәйкес таңдау, фильмнің көлемін ескеру, қысқа болуын қадағалау, сюжеттің қызықты әрі логикасы болуы шарт, баяндалу тілінің жатықтығына көңіл бөлу.

Фильмді көрсету әдістері де әр түрлі. Фильмді дауысын шығармай дыбыссыз не болмаса кинодан қажетті үзіндіні көру арқылы мұғалімнің берген тапсырмасын орындайды. Студенттің өздік жұмыс белсенділігін арттыру үшін бейнефильмдерді көрсету арқылы әңгіме, мазмұндама ұйымдастыруға болады. Сонда ғана ол тіл ұстартып, шығармашылық қабілетін көрсете алады, коммуникацияға бейімделеді.

Сабақта фильмдердің мағынасын толық түсіну әлі де тілді толық меңгермеген тіл үйренушілер үшін қиын болуы мүмкін, бірақ бұл аса маңызды емес, өйткені біздің басты мақсатымыз сол фильмдегі негізгі ойды түсіну. Негізінен бейнефильмдер кез-келген деңгейде тілді бекіту үшін қосымша материал ретінде және интенсивті курстың басты бөлігі ретінде дағдыны қалыптастыру үшін қолданылады. Бейнефильмдер мен бейнематериалдар тіл іскерлігінің үш түрін дамытады, яғни тыңдау, сөйлеу және жазу. Жоғарыда айтқанымыздай, бір мезгілде көріп және тыңдау арқылы оқушы фильмді түсінуге тырысады, әртүрлі диалектілерді түсіну қабілеттілігі артады. Ал фильмді талқылау арқылы сөйлеу іскерлігін дамытады, жұппен немесе топпен жұмыс істей отырып, сұрақ қоюды, сұраққа жауап қайтаруды және пікір алмасуды үйренеді. Фильмнің сюжетіне мазмұндама немесе пікір жазу арқылы жазу шеберлігін шыңдайды.

Бейнефильмдерді пайдаланудың басты мақсаты тіл үйренушілердің коммуникативтік құзыретінің, тілдік білімінің дамуына жол ашу болып табылады. Себебі, коммуникативтік құзыретті дамыта отырып олардың мәдени және кәсіби қарым-қатынастарының пайда болуына зор ықпалын тигізеді. Ал, осы мақсатты жүзеге асыру үшін оқыту әдісінің мазмұнына, оқу пәніне байланысты құрал-жабдықтардың болуына және оны пайдалану әдістемесіне зор көңіл бөлген жөн.

 

Әдебиет:

1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2030». Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы. — Алматы. «Білім баспасы»

2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2010 жыл

3. Larsen-Freeman D. Language Teaching Methods. Teacher’s Handbook for the Video Series. Washington, D.C.: Office of English Language Programs, 1990.

4. Allen M. Techniques in Teaching Vocabulary. Oxford: Oxford University Press, 1983

5. Ержанова А. Білім беруде ақпараттық технологияларды қолдану. –Алматы. 2005.