Рапишева Жанат Дабыловна,
фил.ғыл.,канд.,
Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің
доценті,
Төленова Салтанат
Ахметкалиевна,
қазақ тілі
мен әдебиеті мұғалімі, Қарағанды қазіргі заманғы
көпсалалы колледжі
Қазақстан
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ІС ҚАҒАЗДАРЫН
ЖҮРГІЗУДІҢ НЕГІЗДЕРІ
Мемлекеттік тілде іс қағаздарын
жүргізудің негіздері Қазақстан Республикасы
Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550
Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», 1997 жылғы
11 шілдедегі № 151-1 «Қазақстан Республикасындағы тілдер
туралы» Заңындағы міндеттерге сай жүргізіледі.
Қазір Қазақстан Республикасында
тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылдануына байланысты
мемлекеттік тілде іс жүргізу терминдерін жасаудың жаңа
кезеңі басталды.
Тарихқа үңілсек, 1917
жылдың қазанындағы большевиктер жеңісі, одан кейінгі
Ресей империясы мемлекеттік машинасының күйреуі іс
қағаздарын жүргізу тарихында төңкеріске дейінгі
кезеңді қорытындылап, жаңа – кеңестік дәуірді
бастап берді.
Бұл ретте 1973 жылы КСРО Министрлер Советіне
қарасты Ғылым мен техника жөніндегі мемлекеттік комитет Іс
қағаздарын жүргізудегі бірыңғай мемлекеттік
жүйенің негізгі ережелерін бекітті. Бұл ережелер іс
қағаздарын жүргізуді тиімділікпен жүзеге асыру
мақсатында барлық министрліктерге және ведомстволарға
таратылды.
Аталмыш құжат іс
қағаздарын жүргізу жөніндегі ережелердің,
нормативтер мен ұсынымдардың ғылыми-реттемелік кешені
сипатында еді. Ол құжаттардың жасалуынан бастап
мұрағатқа тапсырылғанға дейінгі кезеңдерін
түгел қамтыды. Мұнда мекемелердегі іс қағаздарын
жүргізу қызметіне қойылатын талаптар мен олардың жұмыс
тәртібі де көрініс тапты. Іс қағаздарын
жүргізудегі бірыңғай мемлекеттік жүйенің негізгі
ережелері ұйымдық-өкімдік құжаттардың бір
ізге түсірілген жүйесімен толықтырылып, тиісті мемлекеттік
стандарттар арқылы бекітілді.
Қазақстанның өз алдына
тәуелсіз ел болып қалыптасуы, оның нарықтық
экономикаға негізделген демократиялық
құқықтық мемлекет болуға бет алуы іс
қағаздарын жүргізу қызметін, құжаттамаларды
жедел пайдалану мен оларды тарихи-мәдени мақсатта ұзақ
уақыт сақтау ісін мемлекеттік деңгейдегі міндеттер қатарына
қойды. Ақпараттар мен құжаттамалар алмасу саласында
қазіргі заманғы мемлекеттік саясатты және
Қазақстан азаматтары құқықтарын
айғақтайтын негізгі құқықтық акті
Республика Конституциясы болып табылады. Конституцияның 20-бабының
2-тармағында былай деп жазылған:
«2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған
кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және
таратуға құқығы бар. Қазақстан
Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын
мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi» [1, 9].
Құжаттар түзуге және сол
құжаттар бойынша жұмыс жүргізуді ұйымдастыру
ісіне қойылатын жалпы талаптар Мәдениет, ақпарат және
қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттар
мен құжаттаманы басқару жөніндегі Комитет
төрағасының 2003 жылғы 29 сәуірдегі
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік ұйымдарында
құжаттау мен құжаттаманы басқарудың
тұрпатты ережелері туралы» № 33 бұйрығы арқылы
белгіленіп, бекітілген [2, 206-262].
Мұндай ережелердің алғашқы
нұсқасы қолданысқа 1992 жылы енгізілген болатын.
Жаңа құжат іс қағаздарын жүргізудің
отандық саласында орын алып отырған қазіргі нақты
жағдайларды есепке ала отырып жасалды. Осы ережелер негізінде әрбір
мемлекеттік орган немесе мемлекеттік ұйым іс қағаздарын
жүргізу жөніндегі өз ведомстволық
нұсқаулықтарын әзірлеп алады. Бұл ережелерді
өз ерекшеліктеріне сәйкестендіре отырып мемлекеттік емес
ұйымдар да қолдануларына болады. Бірақ бұл ережелер
мемлекеттік емес ұйымдар үшін міндетті болып табылмайды.
Іс қағаздарын жүргізу
жөніндегі нұсқаулықтар әзірлеу барысында
Қазақстанның СТ 1042-2001 «Ұйымдық-өкімдік
құжаттама. Құжаттарды ресімдеуге қойылатын
талаптар» атты тағы бір стандарт талаптарын ескеру шарт [3].
Заңнамалар аясында мемлекеттік тілді
қолдануға байланысты тиісті
нормативтік-құқықтық актілер де әзірленіп,
іске асырылуда. Сонымен бірге Үкіметтің мемлекеттік органдарда
мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл туралы
заңдардың сақталуын бақылау жасаудың
тәртібі, тауарлардың заттаңбаларына (этикеткаларына)
мемлекеттік тілдегі ақпарат енгізу жөніндегі талаптар туралы,
ономастика мен терминология мәселелері бойынша, басқа да іс-шаралар
жоспары туралы ондаған қаулылар жарық көрді.
Бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстар
аталған қаулылар негізінде жүргізіліп жатқанын да айта
кету керек. Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік
қызметін нығайту мен кеңейту мақсатында осы
сияқты әлі де бірқатар заң жобалары мен
нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу
қажеттілігі туып отыр дейді мамандар.
Үкімет басшысы төрағалық
ететін Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі
комиссия жанынан құрылған үш бағыттағы,
атап айтқанда нормативтік-құқықтық,
ғылыми білім беру, тілдерді дамыту, ономастика және терминология
мәселелері бойынша сараптама топтары жұмыс істеуде.
Тиісті заңдар мен бағдарламаға
сәйкес мемлекеттік тілде іс жүргізуді қаншама жылдардан бері
қалыптастыратын уақыт болды. Мемлекеттік тілде іс жүргізуге
толықтай көшті деген өңірлер мен мемлекеттік мекеме,
ұйымдарда мемлекеттік тіл ресми түрде қолданысқа
айналып келеді.
Қазақстан
Республикасының тіл туралы заңының 4-бабында мемлекеттік тіл
туралы: «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағындағы
қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару,
заң шығару, сот ісін жүргізу және іс
қағаздарын жүргізу тілі»
деп жазылған [4].
Тіліміздің мемлекеттік дәрежеге ие болуы –
тәуелсіздіктің басты жемісі, ол қоғамның рухани
дамуы және әлеуметтік мәселелерді қалпына
келтірудің негізгі тірегі болып табылады. Мәртебе тілдің
қоғамдағы құқықтық,
әлеуметтік жағдайын танытады,
яғни тіл – саяси әрі әлеуметтік лингвистикалық
категория.
1997 жылы Тіл туралы екінші заң, ал 1998 жылы
бұл заңды жүзеге асыруға бағытталған
мемлекеттік бағдарлама қабылданды.
Үкімет тарапынан барлық деңгейдегі мемлекеттік
органдар мен оның басшыларына қазақ тілінің мемлекеттік
мәртебесін іс жүзінде көтеру үшін негізгі жауапкершілік
жүктелді. Жаңа заңда қазақ тілі мемлекеттің
бүкіл аумағында қоғамдық
қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң
шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жазу тілі деп жарияланды.
Тілді қолдану мен дамытудың мемлекеттік
бағдарламасында заң талаптарын іс жүзіне асыруға
бағытталған нақтылы міндеттер қарастырылған.
Бағдарламада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту,
тіл білімінің өзекті мәселелері бойынша зерттеу
жұмыстарын жүргізу, қазақ тілін оқу орындарында
үйрету мен оқыту әдістемелерін жетілдіріп дамыту,
қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттермен, уақыт
талабына сай техникалық құралдармен қамтамасыз ету,
бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің
қолданысын жандандыру, іс
жүргізуді
кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру, тарихи,
географиялық, топонимикалық атауларды қалпына келтіру және көрнекті ақпаратты
ретке келтіру сияқты көптеген іс-шаралар бар.
Іс қағаздарын жүргізуді
ұйымдастыру шартты түрде екіге бөлінеді:
құжаттарды уақытылы және сауатты дайындап, ресімдеуді
ұйымдастыру (құжаттау); құжаттармен жұмыс
жүргізуді ұйымдастыру: қабылдау-өткізу,
өңдеу, есепке алу, тіркеу, бақылау, сақтау,
мұрағатқа дайындау, жою. Құжаттарды дайындау
рәсімдері де, сол сияқты олармен жұмыс жүргізуді
ұйымдастыру да арнайы нормативтік-құқықтық
және нормативтік-әдістемелік актілермен нақты реттелген [5, 32].
Құжаттама саласындағы негізгі
Заң қабылданғаннан кейін еліміздегі басқаруды
құжаттамалық қамтамасыз ету мен мұрағат ісі
саласының қызметін құқықтық реттеу үдерісі
оң сипат ала бастады. Заңды жетілдіру барысында «Қазақстан
Республикасы Ұлттық мұрағат қоры туралы ереже» әзірленіп, ол
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 7
қазандағы № 1538 қаулысымен бекітілді. Бұл ереже
арқылы құжаттарды Ұлттық мұрағат
қоры құрамына ендіру және шығару,
құжаттарды есепке алу мен сақталуын қамтамасыз ету
тәртібі нақтыланды [6, 130].
Уақыт өте келе бұл Заңды
бірқатар заң нормаларымен үйлестіру қажеттігі туындады.
Осыған орай 2001 жылы 10 қарашада қабылданған
«Қазақстан Республикасының Ұлттық
мұрағат қоры және мұрағаттар туралы
Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 256-II
Қазақстан Республикасының Заңы құжаттарды
мемлекеттік сақтауға тапсыру, құжаттардың
сақталуына қолданушылардың жауапкершілігі,
мұрағат құжаттарын қолдану арқылы
алынған ақпаратты орнымен пайдалану мәселелеріне
қатысты бірқатар ережелерді нақтылауға мүмкіндік
берді.
Заңға өзгерістер мен
толықтырулар енгізу кезінде мемлекеттік мұрағаттардың
осындай маңызды әлеуметтік функциялары ескеріліп, оның
түсініктемелік аппараты «жеке құрам бойынша құжаттар»
деген терминмен толықтырылды. Жеке құрам бойынша
құжаттар – қызметкердің еңбек жолын
куәландыратын және зейнеткерлік қамтамасыз ету үшін
ақша аударылуы жөніндегі мәлімет беретін құжаттар
жиынтығы. Мұнан соң Заңға арнаулы мемлекеттік
мұрағаттар қатарын толықтыру, мұрағаттар
мен құжаттаманы басқару жөніндегі республикалық
және жергілікті органдар арасында міндеттерді бөлісу, мемлекеттік
бақылау формаларын айқындау, т.б. мәселелерге қатысты
өзгертулер мен қосымшалар енгізілді [7].
Іс қағаздарын жүргізуді
дұрыс ұйымдастыру кез келген ұйым қызметі туралы шынайы
мәліметтер алып отыруға мүмкіндік беретіні және оларды
неғұрлым тиімділікпен басқаруға ықпал ететіні
айқын. Бұл іс қазіргі жағдайда бірқатар
түбегейлі ерекшеліктерге ие болып отыр. Басқарудың
ақпараттық дереккөздеріне байланысты технологиялық
үдерістердің бір де бірі іс жүзінде құжаттау
қызметін айналып өте алмайды. Құжаттау –
құжаттардың түзілу, орындалу және ресімделу
үдерістерінен тұрады.
Іс қағаздарын жүргізу –
мемлекеттік стандарттарға сәйкес құжаттар мен іс
қағаздарын жасау және солармен жұмыс жүргізуді
ұйымдастыру, атап айтқанда құжаттардың жүру
барысына, іздестіруге және сақтауға жағдай жасау
қызметі. Іс қағаздарын жүргізудің өзіндік
жүйесі, қалыптасқан ережесі, дайындалу тәртібі бар.
Сондықтан ұйымдар мен кәсіпорындардың, мемлекеттік
мекемелердің іс қағаздарын жүргізу міндетін
атқару жүктелген мамандары, кәсіпорын басшылары, кадр
бөлімінің қызметкерлері
қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу негіздерінен
хабардар болуы керек.
Әдебиеттер
тізімі:
1.
Конституция Республики Казахстан. – Алматы: Credo, 1999. – 105 с.
2. Делопроизводство в Республике
Казахстан (с образцами формуляров на государственном и официальном языках).
Издание 3-е, переработанное. – Алматы: ТОО «Издательство LEM»,
2005. – 300 с.
3. Организационно-распорядительные
документы. Требования к оформлению документов. СТ РК 1042 – 2001. – Астана, 2001.
4. Қазақстан Республикасындағы тіл
саясаты. Құжаттар жинағы. – Астана: Елорда, 1999.
5. Асқаров
Н.Ә., Нәлібаев Ж.Б., Белғара Б.Б. Іс қағаздарын
жүргізу негіздері. – Алматы, 2007.
– 241 б.
6. Ресми іс
қағаздары: Мемлекеттік қызметшілерге арналған
анықтамалық / А. Алдашева, З. Ахметжанова, Қ. Қадашева,
Э. Сүлейменова. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2002. – 216 б.
7. Қазақстан
Республикасында іс қағаздарын жүргізу (мемлекеттік және
ресми тілдерде іс қағаздарын жүргізу үлгілері) =
Делопроизводство в Республике Казахстан / (С образцами формуляров на
государственном и официальном языках): сборник. 3-ші бас., қайта
өңделген. – Алматы: LEM, 2005. – 304 б.