ҚАЗАҚ ТІЛІ МОРФОЛОГИЯСЫН ОҚЫТУДЫҢ  ҰТЫМДЫ ЖОЛДАРЫ

                                                     Ж.М.Макешова

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

                     Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

 

Аннотация

В данной статье рассматривается методика обучения казахской морфологии.

 

Сөз таптарын оқыту – қазақ тілі грамматикасының ең негізгі және басқа тақырыптарды меңгерудің тірегі болатын ұғымдарды меңгерту болып табылады.

Сөз таптары – сөздердің лексика –грамматикалық топтары, олар тек таза грамматикалық белгілері, тұлғалары арқылы ғана емес, сөздердің лексикалық мағыналары арқылы бөлінетінін оқушыларға нақты түсіндіре білу керек.

Морфология  - сөз және граматикалық көрсеткіштері  туралы ілім. Морфологияны оқытуда мұғалімдерден қазақ сөздерінің қандай топқа бөлінетінін, ол топтардың әрқайсысының өзіне тән қандай граматикалық сыр – сипатының барлығын  және контексте қандай қызмет атқаратынын оқушыларға жан-жақты түсіндіру талап етіледі .

Морфологияның кіріспе сабағы  5 сыныптағы «Сөз» деген тілдік бірлікті қай тұрғыдан қарастырылатынын түсіндіру арқылы жүзеге асырылады. Морфологияның сөзге қатысы қандай екендігін төмендегі  диаграмма арқылы үйретуге болады.

Морфология тарауы бойынша білім берудің мақсаты – оқушыларға морфологиялық тіл білімінің үлкен бір саласы ретіндегі орны мен рөлін таныту, оның қарастыратын мәселелерін меңгерту және сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың негізі ретінде игерту.

 

Осы мақсаттан мынадай міндеттер туындайды:

- морфологиялық ұғымдардың өзара байланысы мен ерекшеліктерін таныту                   арқылы   тілдік  машықтарын арттыру;            

- морфология  тіл білімінің граматика саласының бір тармағы екенін білгізу;

- сөз тұлғасын ажырата білу және сөздерді құрамына қарай айыра білу;

- сөздерді топтастырудың принциптерін білу;

- сөз таптарының өзіндік ерекшеліктерін ажырата білу.

Морфологияны оқытудың әдіс - тәсілдері бірнеше топқа жіктеледі:

- граматикалық ойындар ұйымдастыру.

- пәннің практикалық мәніне үнемі назар аудартып оқыту.

- тілдік терминдердің мағынасын аша отырып түсіндіру.

- тақырыпаралық, салааралық , пәнаралық байланыстарды үнемі ескеріп отыру.

- шығармашылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі, саналы түрде дамыта жүргізу.

Тілдік материалды оқытудың негізгі ұстанымдары:

1.                 Сабақтастық

2.                 Жеңілден күрделіге қарай оқыту

3.                 Білім мазмұнының толық болуы

Морфологиялық тақырыптарды оқытудың арнайы ұстанымдары:

- лексика-грамматикалық ұстаным

- парадигматикалық ұстаным

- морфологиялық-синтаксистік ұстаным

- коммуникативтік  ұстаным

Морфологиялық талдау – сатылай кешенді түрде жүргізіледі.

1.Сөздің құрамына қарай (бір,екі,үш құрамды)

2. Тұлғасына қарай : негізгі, туынды.

3. Құрамына қарай : дара , күрделі.

4. Лексикалық мағынасы.

5. Грамматикалық мағынасы.

6. Мағынасына қарай (сөз табына байланысты)

Морфологияны оқыту арқылы оқушыға сөздердің грамматикалық мағынасы, сөз таптардың өзара байланыстылығының мәні түсіндіріледі. Сөз таптарының ерекшеліктері, сөз табына жататын сөздердің сөйлемдегі қызметі өмірмен байланыстырылады. Көптік, тәуелдік, септік жалғауларды қолдануда стильдік нормаларды жете білдіру көзделеді. Демек, оқушы морфологияны оқу арқылы сөздердің грамматикалық мағынасын, сөз таптарының өзара байланыстылығын,  мәнін түсінеді.

Сөз таптарының ерекшеліктері, сөз табына жататын сөздердің сөйлемдегі қызметі өмірден алынған мәтіндер мазмұнымен байланыстырылады. Мұғалім құрғақ ережені оқушыға жаттатудың зиян екенін естен шығармау керек. Жаттанды нәрсенің көпке бармай тез ұмытылып қалатыны әсте анық, сондықтан  оқушының сөз таптарының қызметі, олардың орын тәртібі, түрленуі мен өзгеруі туралы жүйелі білім алуы шарт. Сабақта айтылған материалдардың барлығы оқушының есінде түгел қалмаса да оның ішінен ең негізгісі оқушының есінде қалдыруға қол жеткізу керек. Мысалы: оқушылар арасында зат есім туралы толық мағлұмат алғандары жиі ұшырасады. Нақтылы зат атаулары қалам, қағаз, дәптер, орындық т.б зат есім екенін біледі. Ал адамның ойлау қабілеті арқылы топшылаумен түсінетін заттық ұғымдардың атауы абстракты зат есімдерді ақыл, ой, сана, қуаныш, реніш, уайым, қайғы т.б келгенде оқушы тосылып қалады. Осы жағын нақтылы мысалдар арқылы түсіндіру қажет. Сөйлемде сын есім мен сан есімнің алдында тұратынын, етістіктің сөйлемнің соңында келетіні сияқты тіл заңдылықтарын оқушының сөйлеу әрекетінде дұрыс қолдануын қадағалап отыру тіл мәдениетінің нормаларын сақтауға да үйрету үрдісінің негізін қалайды.

Қорыта айтқанда  грамматиканы оқытуға байланысты төмендегідей ұстанымдар мен жағдайларды қамтамасыз ету керек:

 1. Тұлға мен мазмұн бірлігі. Бұл ұстаным тілдік құбылыстарды бір жақты талдауға жол бермейді.

2. Грамматикалық ұғымдардың біртіндеп қалыптасуы. Бұл ұғымдар элементтер ретінде белгілі жүйенің жиынтығы болып, ана тілі грамматикасының мектепте оқылатын пәндердің барлығыны да қатысы бар екенін ұғындырады, сондықтан қазақ тілінен теориялық білім берудің нәтижесінде оқушылардың ой - өрісін, дүниетанымын қалыптастырып, сөйлеу, жазу тілін дамыту іске асырылады.

Тіл білімі салаларының ішінде морфологияның  оқушының тілдік қабілетін арттыруда, дамытуда, жетілдіруде өзіндік рөлі бар. Морфологиялық ұғымдарды жан-жақты меңгерген оқушы сауатты жазу, дұрыс сөйлеу т.б.  дағдысын үйренеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Оразбаева Ф., Рахметова Р. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы. – 2005.

2. Оразақынова Н.А. Сатылай кешенді талдау технологиясының ғылыми                әдістемелік негіздері. Монография.-Алматы,Дайыр, 2007