Филологические науки/3. Теоритические и методологические
 проблемы исследования языка

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университеті

Алимхан А.А., Шарипжанова А.К

Шығыс Қазақстан топонимикасындағы киелі атаулар

         Әр халықтың тарихында ерекше қадірлі, киелі жерлері бар. Ол – ел өмірінің ұлы белестерін айғақтайтын, бейне бір салқар көштей ұзақ тарихтың қадау – қадау оқиғалары өткен орындар мен сол халықтың  ұлы перзенттерін дүниеге келтіріп, олардың ерлігі мен ғажайып талантының ашылуына куә болған мекендер. Дархан даламызда ондай жерлер өте көп. Еліміздің шығыс өңірінде тарихи және киелі жерлер көптеп кездеседі.
          Солардың бірі ұшса қыран қанаты талатын қазақ даласының шығысында орналасқан әдемі көл - Марқакөл. Суының мөлдірлігі мен көлді айналдыра қоршаған биік таулардың және әсем шыршалардың келбеті табиғатқа керемет көрініс береді. Марқакөл  – Шығыс Қазақстан облысындағы ағынды көл. Ұзындығы 38 км, ені 19 км, ауданы 455 км. Теңіз деңгейінен 1449,3 м биіктікте. Көл айналасындағы тау беткейлерінде қарағай, тал, қайың, терек, т.б. ағаштар қалың өседі. Марқакөл жер астынан атқылап жатқан қайнар, бастау мен бұлақтардан нәр алуымен қатар, оған жүздеген өзендер мен жылғалар құяды. Олардың ең ірілері: Мылтықбай, Тастыбұлақ, Тополевка, Тихука, Ұрынқай, Жиренбайтал, Қарабұлақ, Байбақсу, Еловка, Бұлғандыбұлақ. Ал В.Михайлов Ұрынқайға қарама – қарсы беттегі жағалаудан бас алатын жалғыз Қалжыр өзені ғана көлден ағып шығатынын жазған. Ол Марқакөл жайындағы екі халық аңызын келтіреді. Соның бірі: «Көл орнында баяғыда үлкен аңғар болған деседі. Шөптің не түрі андыздай өсіп, жап – жасыл боп жайқалып тұрады екен. Ал аңғардың орта тұсында мөлдір бұлақ болыпты. Бірде жергілікті бір қойшы сол бұлақтың басында қой жайып жүреді. Қой ішінде жүні қап – қара, әдемі бір марқа бар екен. Бастаудан су ішуге келген марқа кенет бұлақтың суына күмп беріп түсіп кетіпті. Мұны қойшының баласынан басқа ешкім байқамай қалады. Баланың марқаны құтқармақ болған әрекетінен түк шықпайды, су қайта тереңге қарай тарта түскендей болады. Бала әкесіне жүгіреді: «Әке, марқа суға кетті, батып бара жатыр!» деп екеулеп жүріп қозыны судан зорға сүйреп шығарады. Сол – ақ екен, су бүкіл аңғарға жайыла бастайды. Қайнар бұлақ лақылдай келіп атқылайды! Жайқалған шалғынды ағыл – тегіл су басып, оның деңгейі тау баурайына қарай бірте – бірте көтеріле береді. Сөйтіп, көп ұзамай көл пайда болады. Осы оқиғаға байланысты көл кейін Марқакөл атанып кетіпті» (В.Михайлов, 1984, 18 – б.).
          Көл атының Марқакөл аталуын жалайыр тайпасының марқа руымен байланыстыру да бар. Тарихи деректер XIII-XV ғасырларда Алтай тауының Күршім ауданында жалайырлардың тұруы бұған дәлел сияқты. Жалайыр билерінің Шыңғыс ханның оң жағында отыратынын және Шыңғыс хан әскери қолбасшыларының жалайыр тайпасынан болғаны да тарихқа шындық. Жалайырдың барлас руынан шыққан әйгілі Ақсақ Темір заманында да жалайырлардың беделді болғанын еске түсіреді бұл жай.
          Келесі бір аты белгілі көл - Зайсан(Зайсан). Зайсан – Қазақстан Республикасының шығысындағы Зайсан ойпатындағы көл. Бұл ойпат оңтүстігінде Алтай мен теріскейінде Тарбағатай, Сауыр – Сайхан тауларының аралығын алып жатыр. Тереңдігі 370 метрден 1000 метрге дейін. Жер бедері, негізінен, таулы алаптар. Шөлейттерде өсетін өсімдіктер көп кездеседі. Зайсан бассаейінің алабы 1,8 км2. Тереңдігі 10 м – ге дейін. Оған Қара Ертіс өзені құяды да, аяқ жағы Ертіс боп аталады. Бұқтырма ГЭС – ін салумен байланысты бөгелген оның аумағы 5,5 мың км2. Уылдырық шашу шаруашылығы бар.
          Бұл атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әр алуан пікір айтылды. Ғ.Қоңқашбаев: «Монғолдың заасинг (жақсы) деген сөзінен бұл атау ертеректе Зайсан – Нор, кейде Нор – Зайсан деп те аталған. Зайсан атының қойылуына байланысты аңызда: «Бір жұт жылы қалмақтар аштан қырылып жатқанда, осы көлге келіп, балығын жеп, апаттан аман қалыпты. Сөйтіп, көлді Заасингнор (жақсы көл) атапты». Зайсан көлінің бұрынғы атауы Ханхоты да (Қоңыраулы) монғол сөзі» (Қоңқашбаев, 1959, 91), - дейді. А.Әбдірахманов осы пікірді жалғастырып: «Ертеректе монғол ақсүйектері де заасинг деп аталған. Қазақ тіліндегі «жақсы мен жайсаң» деген тіркестегі жайсаң сөзі – монғол тілінен енген көл аты осы мағынадағы сөзбен байланысты болуы ықтимал, жергілікті тұрғындар көлді осы күнге дейін Жайсаң деп атайды», - деген пікір айтты (А.Әбдірахманов. 1975, 99). Бұл пікірді Бақытбек Бәмішұлы «Зайсан ба? Жоқ, Жайсаң ба?» атты мақаласында («Ана тілі», Мешін жылы, ақпанның 11 – і) жалғастырып, нақтылай түскен. Автор көл атының ежелден Жайсаң екенін, ана тіліміздің байырғы төл сөзінен қойылғанын айта отырып, «Етек – жеңін кеңге салып, жағасы жайлаудай жайылып, мамырлап жатқан тұщы көлін бабаларымыз Жайсаң атаған ғой. Қазақ жаны жаз, көңілі кең, пиғылы пәк, пейілі жазира адамды «жаны жайсаң жан» дейді. Сонымен қатар, қазақ суы мол, жағасы жайдақ, кемері кең, жиегі жадағай, жалпақ аймаққа жайылып жатқан суды жайсаң дейді. Олай болса, көл аты Зайсан емес, Жайсаң», - деген қорытындыға келеді. Біз осы пікірді дұрыс деп санаймыз.         
          Күршім атауы туралы халықтық этимология: «Қалмақтар шапқыншылығы кезінде қазақ батырлары жаудың бір «Күрсін» есімді батырын өзен бойында өлтіріп, өзенге сол қалмақ батырының атын беріпті» дейді.
          Күршім жоталары (Курчумские хребты) – Шығыс Қазақсандағы Алтай тауының оңтүстігінде Күршім өзені мен солтүстігінде Қалғұты және Қалжыр өзендері және оңтүстігінде Марқакөл аралығындағы 150 км жерде созылып жатыр. Биіктігі 2644 м – ге жетеді. Атау «көне түр. күр («от») және rim («жем») сөздерінен қалыптасқан. «Мағынасы – отты – жемді (жер)», - деп пайымдайды (Қойшыбаев, 1985, 139). Біздің пайымдауымызша, атаудың бірінші сыңарындағы күр сөзі манжұр тіліндегі куру – «биік», монғ. хур – «тік жар», тәжік. кур – «тау тізбегі, сілемі» сөздерімен мәндес болса, екінші құрамындағы шім қырғыз тіліндегі чон – «тау мұздығы», «тау мұзы» сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі деп қарауға болады. Атаудың мағынасы «биік тау сілеміндегі мұз, яғни мұзды тау» дегенге саятындай.   
          Елімізде елді мекендердің мәлім де беймәлім атаулары мен олардың тарихы көп, әрі оларды тоқтаусыз жаза беруге болады. Қандай да бір ел, яки аймақ болсын, ондағы жер – су аттарының өзіне тән сыр – сипаты, оның өзіндік ерекшеліктері байқалып отырады. Мұндай жайттар Шығыс Қазақстан топонимикасына да тән құбылыс.

 

Пайдалынған әдебиеттер тізімі:

1.     Жанұзақ Т. Жер – су атаулары(этимологиялық анықтамалық). – Алматы: «Өнер»,  2011. – 496 б

2.      Михайлов В. Маркаколь. -  Алматы: 1984

3.     Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры3.  – Алматы: Дайк Пресс,  2007. – 524 б

4.     Әбдірахманов А. Қазақстанның жер – су аттары. – Алматы: Қаз.ССР ҒА баспасы, 1959. – 221 б.