Бескемпірова А.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті

«Қазфосфат» ЖШС Жамбыл филиалы (ЖЖФЗ)

 

Жаңа Жамбыл фосфор зауыты - бұл сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдер: термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож шығаратын химиялық зауыт. Зауыт Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта «Кіші Қаратау» жотасының Үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан. Жаңа Жамбыл фосфор зауытын 1971-1975 жылдары салу белгіленген болатын. Зауыт соғатын құрылыс алаңы 1970 жылдың қыркүйек-тамыз айларында анықталған еді.

Зауыт жобасын негізгі химиялық өнеркәсіптің (ЛенНИИГипрохим) Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау институты жасады.

Зауытты жобалау жұмыстарына сондай-ақ келесі жобалау ұйымдары да атсалысты: «Проектстальконструкция», «Ленстройпромпроект», «Гипрогазоочистка», «ВНИИгаздобыча», «ВНИИЭТО», қазақстандық «ПромтрансНИИпроект», "Водоканалпроект"және т.б.

1971 жылы өнеркәсіп құрылысы мен оған апаратын автомобиль жолдарын салудың алғашқы сызбалары түсе бастады. 1972 жылдың басында өнеркәсіп алаңдарында дайындық жұмыстарын жүргізу қолға алынды, ал 1973 жылы зауыттың өнеркәсіп нысандарын соғу басталып кетті.

1974 жылы алғашқы кезекте салынатын барлық негізгі цехтардың іргетастары қаланып бітті.

1977 жылы зауытымыз бұрынғы Кеңес Одағының ірі химиялық құрылысына айналды.

1 кезектік кешен құрамына кірген өндірістер:

- фосфорит ұнтағынан жылына 1000 мың т/жыл өнімділікпен агломерат алатын өндіріс (1-агломашинасы);

- жылына 55 мың т/жыл өнімділікпен сары фосфор алатын өндіріс (1-2 пештер);

- 550 мың т/ жыл өнімділікпен түйіршіктелген қож алатын өндіріс;

- 16 мың т/жыл өнімділікпен фосфорлы шламдардан фосфор қышқылын алатын өндіріс.

Жаһандық тәжірибеде бірінші рет ЖЖФЗ-ның РКЗ-80Ф термиялық пештеріне агломерат ұнтағынан сары фосфор алу технологиясы енгізілді. Бұрын үйіндіге төгілетін фосфорит ұнтағын 312 шаршы метр аумақ өнімін қамти алатын АКМ-312М іспетті агломерация машиналарында осы озық технологияның агломерациялау әдісімен кіріктіріп, фосфорит кесектеріне айналдыру арқылы қайта пайдалануға болатын болды.

Қазіргі кезде “Қазфосфат” ЖШС республикада химия өнімін өндіруші аса ірі кәсіпорын болып табылады. Олар фосфоритті Қара-тау­ мен Жаңатаста өндіріп ұсақ­тай­ды да, Таразда фосфор тыңайт­қы­шын шығарады. 

Өткен жылы республикамызда өндірілген барлық химия өнім­дерінің 28 пайызы – Жамбыл өңіріне тиесілі екен. Өйткені химия өнеркәсібі облыстағы өндеу өнер­кәсібінің басты саласының бірі болып табылады. Ал, «Қазфосфат» ЖШС-де күкірт қышқылын шығаратын жаңа цехтың іске қосылуы зор мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл жағдай еліміздің әлемдік рыноктағы беделін өсіріп, бәсекеге қабілеттілігінің артуына да ықпал етері анық. Өйткені, «Казфосфаттың» өнімдері негізінен экспортқа бағытталған. Күкірт қышқылы – фосфорлық тыңайтқыш өндіруде ең қажетті құ­рамдас бөлік болып саналады. Оны зауыт басшылығы бұрын Өзбекстан, шет мемлекеттерден алдыруға мәжбүр болса, енді ол олқылықтың орны толып, тіпті, шикізаттың құны да әлдеқайда арзанға түспек. Соның есебінен «Казфосфат» жылына күкірт қышқылының 600 мың тоннасын өндіріп, отандық тыңайтқыштың да көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны айтарлықтай төмендейді және қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер минералды тыңайтқышпен қамтылатын болады. Цехта 138 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазақстанда баламасы жоқ күкірт қышқылын өндіру цехының жобасын ресейлік «НУИИФ» ААҚ және қазақстандық «КАЗНИИХИМПРОЕКТ» серіктестігі жасап шығарыпты. Ең қызығы, кәсіпорынның жұмысына қажетті 25 мегаватқа дейінгі электр қуаты да осында өндірілуде. 

Жалпы, соңғы 2-3 жыл ішінде компания өндіріске бірқатар инвестициялық жобаларды енгізді. Олар – №5 және №6 цехтарда пеш газын кәдеге жарату жүйесі; тағамдық ортофосфор қышқылын шығару өндірісі; түйіршіктелген натрий үшполифосфатын шығаратын өндіріс; Чехия елінің «Fosfa»a.s.» компаниясымен бірлесе отырып қолға алынған натрий гексаметафосфатын шығаратын өндіріс; фосфор шламын кәдеге асыру өндірісі; сары фосфорды зиянды органикалық қоспалардан тазарту өндірісі. Бұл жобалардың енгізілуі фосфор өндірісі қалдықтарын молырақ пайдалануға, қала мен облыстың экологиялық ахуалын жақсартуға, қуат ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етуге, даяр өнімнің өзіндік құнын түсіруге, жаңа жұмыс орындарын ашып, өнімді жоғарғы қосымша құнмен шығаруға, шығарылатын өнімнің өзіндік құнын түсіруге, шығарылатын өнім ассортименті мен өткеру рыногының аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, компанияда өндірісті жетілдіру мен қайта құрудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілген. Тек 2010-2013 жылдар аралығында өндіріске 18,7 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Алдағы уақытқа да жоспарлар көп. Пеш газынан этанол алатын, NPK тыңайтқыштарын шығаратын өндіріс, үшхлорлы фосфор, сульфоаммофос, фосконцентрат, бескүкіртті фосфор өндірістері, фосфор өндірісі қалдықтарын қайта өңдеу арқылы азотты-фосфорлы-калий тыңайтқыштарын шығару, кен байыту фабрикасын салу, ақ қышқыл өндіретін заманауи өндіріс орындарын салу жоспарланып отыр. «Ол үшін жүргізіліп жатқан нақты келіссөздер де бар. Нәтижесінде 2020 жылға қарай өндіріс көлемін 8 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар»,– дейді серіктестіктің бас директоры Мұқаш Ескендіров.