Ә.Қоңыратбаев
– 110 жыл!
ҒҰЛАМАЛАР ҒИБРАТЫ
Тынысбек
ҚОҢЫРАТБАЙ,
филология
ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ
мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің
кафедра меңгерушісі
Әлем әдебиетіне белгілі «Қорқыт ата кітабы»
туралы мәліметтердің қазақ ғылымында бой
көрсетуі Әуелбек Қоңыратбаев есімімен тығыз
байланысты. Сонау 1947 жылы
Қазақ КСР Ғылым академиясы тарапынан
жоспарланған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (2-том)
атты ұжымдық еңбектің көне әдебиетке
қатысты тарауларын жазу ісі Ә.Қоңыратбаевқа
жүктелгені мәлім. Сол тұста зерттеуші «Құтты
білік», «Түрік сөздігі», Ясауи, Бақырғани жазбаларымен
қатар «Қорқыт ата кітабы» туралы да тұңғыш
болып қалам тартқан.
Профессор
Әуелбек Қоңыратбаев Қорқыт жырларын алғаш
зерттеуші ғана емес, Қазақстан, одан қалды Орта Азия
аймағында бірінші болып қазақ тіліне тәржімалаған
ғалым-аудармашы. «Қорқыт ата кітабының» аудармасы
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының фольклор бөлімінде 1975 жылы талқыланып, келесі
жылы өткенлі отырған Халықаралық II түркология
конференциясына дейін жарыққа шығару мәселесі
қойылған-ды.
Бірақ баспа орындары, одан қалды партия мансапқорлары
«Қорқыт ата кітабын» ескілік сарқыншағы санап,
жоспарға қостырмаған.
Ғұламамен
ұзақ жылдар бойы (1946 - 1986) тығыз
ғылыми-шығармашылық байланыста болған
ғалымдардың бірі – Әлкей
Марғұлан. Ә.Қоңыратбаевтың жеке
мұрағатында Ә.Марғұланның рецензиялары мен хаттары
сақталған. Соларға қарап оларды нендей мәселелердің
толғандырғанын аңғаруға әбден болады.
Мысалы, қазақ
эпосынан докторлық диссертация қорғаған
Ә.Марғұлан бері келе фольклорлық танымды қиял,
фантазия санап, көп мойындамаған сияқты. Оған
ғұламаның өз еңбектері де, Қорқыт
жырлары, Баршын есіміне қатысты төмендегі пікірлері де куә.
Ә.Марғұланның фольклортанушы бола тұрып, тарих,
археология саласына бет бұруының сырын аңғартатын
бұл хаттардың қазақ ғылымының тарихы үшін маңызы жоқ емес. Олардың
бірқатары Ә.Қоңыратбаевтың 10 томдық
шығармалар жинағында (10-том)
жарияланды. Сондықтан Ә.Қоңыратбаев пен
Ә.Марғұлан арасында болған
ғылыми-шығармашылық байланыстың айғағы
ретінде бұл хаттардың сырын ғылыми негізде сөз
етудің қажеттігі жоқ емес.
Бір ерекшелігі, ғалымдар бір-біріне
жолдаған хаттарын араб ғарпінде жазып отырған.
Оның өзіндік сыры
болуға тиіс. Асылында бұл ескі мұраға келгенде
«есерсоқтық» танытып отырған кеңестік жүйе
тұсында өздерінің көне мұраға қатысты
ойларын бүркемелеудің амалына көбірек ұқсайды.
Жазбалардың кей тұстарында ғалымдардың қолын тану
да елеулі қиындықтар тудырып отырды. Дегенмен ғылыми
ой-толғаныстардың негізгі нобайы бүгінгі жазуымызға
түсірілді.
Ә.Қоңыратбаев
мұрағатында сақталған алғашқы хатты
Ә.Марғұлан 1969 жылы жазыпты:
«Ардақты Әуелбек!
Жазған хаттарың, әдебиет
төркіні туралы қолжазбаң да әлдеқашан келіп
жеткен. «Оғызнама» туралы соңғы жіберген
қағазың орнына түсті. Ендігі мәселе оны не істеу
керек? Бұл туралы көркем әдебиет баспасымен сөйлесіп
көрдім. Барлық жақсылық жағын төндіре
айттым. Бірақ қазір одан ешнәрсе шығатын түрі
жоқ. Олардың айтқаны: Әуелбектің бір
қолжазба тобы көптен жатыр. Баспа басшылығының
көңіл бөлмеуінен одан әлі күнге бір нәрсе
болмай тұр. Оның үстіне тағы мынаны алудың
қисыны жоқ. Кейірінек болмаса, қазір қоя тұру
керек деді.
Бұл
туралы тағы да өзге мүмкіндік іздемекшімін, «үмітсіз
шайтан», бір нәрсе болып қалар. Әзірше тым асықпай,
ілгері үміт сәулесін күш етіп тұра тұру керек
болады. Бұл қолжазбаны қарап, дұрыстауды сұраймын.
Менде оған уақыт табу өте қиын. Жұмыс көп,
кейде сіңбіруге мұрша келмейді.
Сырдария
бойында Қорқыт ата хикаясын айтушы әлі де жоқ па екен?
Білетін қариялардан осыны сұрап жазып жіберсең жақсы
болар еді. Ол легенданы айтушы қай жерде, қай ауданда бәрі
өзіңе ептеп белгілі болар. Солармен кездесіп хат арқылы айтып
жаздырсаң, бір игілікті іс болар еді. Қармақшыда
Әлқуат деген бір қария бар көрінеді, оның біліп
қалуы да ғажап емес.
Сәлеммен Әлкей.
22.03.1969».
Ғалымдардың тілге тиек етіп отырғаны -
Ә.Қоңыратбаевтың партия мекемелерінің
«қырғи-құзғындарына» ұнай бермейтін
көне дәуір мұраларына қатысты еңбектері. Екі
ғалымды толғандырып отырған мәселе - сол ғылыми
ізденістерді жарыққа шығарудың әлегі. Бұлай
дейтініміз, сол жылдарғы баспа («Жазушы», «Ғылым», т.б.)
төңірегінің басшылары Ә.Қоңыратбаев
қолжазбаларын жылдап ұстап, ешбір себеп-салдарсыз кейінге ысырып,
артынан өзіне қайырып отырған. Ұлттық
мәдениетімізден іргесін аулақ салған сондай
басшысымақтардың қазақ әдебиетінің
көне тарихын зерттеу ісін кемінде 20-30 жылға кейін ысырғанын
айтудың да кезегі келгендей. Олардың қатарында
Оқу-педагогика баспасының директоры Т.Кенжалин (1958),
ҚМКӘБ бас редакторы Д.Әбілов, оның орынбасары Т.Жароков
(1961), Қазақ КСР Мемлекеттік баспа және полиграфия комитеті
төрағасының орынбасары В.Скоробогатов, У.Садыкова, бас
редакторы Р.Әдуов, т.б. бар.
Қашанғы «бас жарылса бөрік ішінде» қансырап тұра
бермек? Қашанғы жауырды жаба тоқи бермекпіз? Е.Ысмайылов,
М.Қаратаев, Т.Нұртазин секілді көрнекті ғалымдар
тарапынан тәуір бағаланған Ә.Қоңыратбаев
еңбектерін түсінуге өрелері жетпесе де, ғалымды себепсіз сергелдеңге
түсірген, ұлттық мәдениетімізге елеулі кедергі
келтірген шенқұмарлардың бір парасы осылар...
Кезекті тағы да Ә.Марғұлан
хатына берелік:
«Қымбатты
Әуелбек!
Сенің
Қорқыт жырын аударамын дегеніңе қосыламын, бірақ
оны не әзербайжан, не түрікмен, не орыс тілінен аударуға
болмайды. Оның өзінің түпкі нұсқасынан
аудару керек. Түпкі нұсқасы оғыз, қыпшақ тілінде
құрылған. Онда қолданылатын сөздердің
көбі әзербайжан тілінен гөрі қазақ,
қарақалпақ тілдерінде көбірек кездеседі. Өзге
тілден аударса оның тіл ароматы болмай, тек аударма болып шығады.
Мәселен, «етек кессең жең болмас, ежелгі жау ел болмас»
дейтін тізбектер осыған зор дәлел.
«Қорқытты» бастырған
кісілердің көбі оның тіліне түсінбегендіктен
маған хат жазып, көбін менен сұрап алды. Аз білетін кісіге не
жазып берсең, сол маржан бола береді. Сондықтан басқа тілден
аудару, өз нұсқасы тұрғанда, ондай атақты
әңгіме үшін зор кемшілік деп білемін. Бұл кеңесті
аларсың-алмассың, ол өз еркің. Бірақ ол
әдіс ғылымға нұқсан келтіргеннен басқа
күрделі пайда келтіреді-ау деп ойламаймын.
Мен
Қорқыттың бір тарауын
аударып қойғаныма 20 жылға таяды. Оны Орхон
Шайықтың бастыруы бойынша Дрезден нұсқасынан
аударған едім.Ол сол қалпында тұр.
Сәлеммен Әлкей».
Тілімдей
қағазға жазылған шағын хаттың соңында
оның жазылған мерзімі көрсетілмепті. Біз оны осы хатқа
Ә.Қоңыратбаев тарапынан жазылған жауап (1975 ж.) негізінде барып анықтадық. Оның
толық мәтіні мынау:
«Қадірлі Әлкей
аға!
Қуатты барсыз ба? Сізден
ақыл-кеңес алғаныма көп қуандым.
Қазақ-түрікмен эпосының атасы Қорқыт
жырларына әзірге мән берушілер болмаған соң (араб
ғарпімен жазылған хаттың кейбір тұстары
оқуға келмеді.- Т.Қ.),
әдебиетке құрал болса деп, бұл жырды орыс,
әзербайжан, түрікмен текстерін салыстыру жолымен аударып
көрсем дегенім бар. Мақал монологы бар тұсында
Бартольдтың өзі де мағынасы шикі сөздер қуып,
көп қате жіберген. Ол әзербайжан тілінен аударған
ғой. Нұсқалары Москвада, біразы бұрын басылған
еді. Оғыз, қыпшақ нұсқасы менде жоқ, оны
дер кезінде айтыпсыз. Менің ойым
- әзірге салыстырмалы аударма беріп, осы жырды көпшіліктің
білуіне жол ашу ғана еді.
Біздің қазіргі халдарымыз
бұл мәселеге көңіл бөлер жағдайда емес.
Бүгінгі ұрпақ, жалпы қазақ мәдениеті
Қорқыт жырларынан қол үзіп барады. Сіз бен біз
болсақ шар тартып барамыз. Осы жөнінде тағы бір ақыл
берерсіз. Менің көздегенім,
осы аударманы бітіріп, соны жырға айналдыру үшін конкурс
жарияласақ деген ой еді...Қарасөзі қосымша болмақ.
Егер мағыналық аударманы бере тұруға мақұл
десеңіз, онда сіз айтқан мақал сөйлетушілігі еске
алынады...ағайын әзербайжан, түрікмен нұсқаларын
да қосамыз. Басшылық өзіңізден болады. Ол жарамайды
десеңіз, оғыз-қыпшақ нұсқасына менің
қолым жете бермейді, академия оны фото түрінде алдырса, соған
зор бергейсіз. Осындай істі сіз басқармасаңыз, аяқталмайды.
Өз аудармаңызды журналға неге бастырмайсыз?
Хат
күтемін. Егер осыған мақұл десеңіз әркезде
қызметкеріңіз – Әуелбек.
Қызылорда,
пер. Амангелді, 39.
22.03. 1975 жыл».
1947 жылы
«Қазақ әдебиетінің тарихы» атты академиялық
басылымның екінші томына арнап жазған «Қорқыт жырлары»
туралы мақаласын бастыра алмаған Ә.Қоңыратбаев
бұл тақырыпқа кейін қайта оралған. Жоғарыдағы
хат сол «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне
аударудың жай-жапсарынан мағлұмат
береді.Ә.Марғұлан аударманы түпнұсқадан
жасау керек десе, Ә.Қоңыратбаев алдымен қолда бар
нәрсені жариялап алсақ қайтеді деп кеңеседі. Осы
бағытта нақты жұмыс жүргізіп, «Қорқыт ата
кітабын» 1975 жылы толық аударып та шыққан. Мерзімді
баспасөз беттерінде оған қатысты мақалалар да
жариялаған. Сол мәселелерге орай Ә.Марғұлан
төмендегі сыни мазмұндағы хатын жолдапты:
Әуелбек!
Өзіңе, үйіңе
көп сәлем. Бұл хатты сенің газетке жазған
мақалаларың туралы еске түсіру ретінде жазып отырмын. Осы
күнгі қазақ ойшылдарының ішінде сен, әрине,
көп білетін, көпке көз салып бақылап жүретін
кісінің бірісің. Бұл өте керек, табылмайтын
қасиет. Сонымен бірге саған көңілімнің суып
қалатын кезі де болады. Өйткені сенің көп нәрсені
жазып отырып, кейде тарихи шындықты ұмытып кететін кездерің
болады.Тұңғиық ойшыл кісіге жырақ кету
жақсы қасиет болып табылмайды. Барлық кемеңгер
адамдардың ойларын оқып отырсаң, оларда тасу, артық
айту болмаған. Олар болған нәрсені өзінің сол
болмысы қалпында ешбір бояусыз, асырып айтусыз, нақтылы түрін
сипаттап беретін болған.
Сенің
жазуларыңдағы екінші бір ерекшелік – бұрын
әлдеқашан айтылып қойған ойларды, тарихи
шындықты еске алмайсың. Оны
кейбір ғалымдар секілді көп бояуға салып, қазақ
фольклорының тәртібімен айтасың. Дұрысын алғанда
бұрынғы ойшылдар жазуындағы тарих былай тұрсын,
поэзияның өзі де қиял емес, зор шындыққа
сүйенген. Байрон, Пушкин, Лермонтовтың ақындық
сюжеттерінде фантазиядан елес те жоқ. Олар өздерінің жырларын
бір ғана болған істен алып, соны көркем сөзбен айтып
жеткізген.
Фантазияның
көп араласатын жері бір ғана фольклорда. Оның негізі
шындықтан сюжет жасай алмаудан болады. Қазақ жазушылары,
ғалымдарының бірталайы бұдан арылып болмаған.
Шындықты жақсы көрген Пушкин Пугачев көтерілісін жазу
үшін Петербордан Жайыққа арбамен шығады.
Күншығыс елінің өмірін поэзиямен суреттеу үшін
Байрон Лондонды тастап, бірнеше жыл Таяу Шығыс пен Кіші Азияда
жүреді.
Сенің
соңғы жазғандарыңда тарих элементі байқалып
жүр. Бұл дұрыс. Бірақ оны жорамалға, не
фантазияға салмай, ең алдымен Рузбеханды, Әбілғазыны,
Жамал Қаршиды, тіпті В.М.Жирмунскийді оқу керек. Баршынкент пен
Баршын қызды олардан жақсы айтқан ешкім жоқ.
Қорқыт әңгімесін зерттеудің алдында аяулы, адал
ғалым В.М.Жирмунский бұларды жақсы оқып алып, содан
кейін дәлелді сөздер айтқан. Сенің
жазғандарыңда сол ғылыми дәлелдер айтылмапты.
Оның орнына қазақ фольклорында кездесетін фантазияға
сүйеніп, ең болмаса
Лерхтің, Каллаурдың, Рудневтің еңбектерін еске
алмапсың. Сырдария қалаларын зерттеген олардың ойларында
көп ұстамдылық, адаспау, ақылға, ойға тежеу
әдістері бар. Әрбір ойларына жауапты болуды сезінуі бар. Сенікі
көп нәрсені фольклормен қосып ботқа жасау сияқты.
Жырдағы жердің географиясына жауапсыздық көзбен
жеңіл қарап, оларды қиял деуге болмайды. Нағыз ғалым әрбір айтылған
сөзге сын көзімен қарап,өзіне қарауыл қойып
отырады. Өйткені ғылым тазалықты, шындықты,
жүйелі ашық ойды жақсы көреді.
Баршынкенттің
қай жерде тұрғанын атақты жазушы Жамал Қарши XIII
ғасырда жазған. Ол өмірде жоқ та, фольклорда бар қала емес. Жошы ханның Сырды
жағалап жүргендегі маршрутында анық көрсетілген,
Сығанақтан кейін Сырдың оң жағасында делінген
қала. Баршынкентті қазақтар кейінгі заманға дейін
«Қыз қала» деп келген. Оның қасында «Көккесене»
дейтін оғыз заманынан қалған әдемі күмбез
болған. Оны қазақ пен өзбектер «Баршын
сұлудың күмбезі» деп атап келген (Әбілғазы,
Жирмунский).
Осындай
дәлелдер тұрғанда кейбір ғалымдарға еліктеп
бәрін қиялға апарып тіреу, надан елге дүмше молда
болмаған жақсы. Қорқыт жырларындағы тарихи
деректерді фольклор санап, жаңадан Америка ашудың қажеті
жоқ. Зерттеулерді бұрмаламай, осындай дәлелдерге
сүйеніп айту керек.
Қорқыт
жырындағы қала, кісі, география
- қиял да, фольклор да емес. Олардың тарихы орта ғасырларда
зерттелген. Осыны ескерерсің.
Сәлеммен
Әлкей.
1973 жыл,
Алматы».
Ә.Марғұлан -
Ә.Қоңыратбаевтың замандасы әрі ұстазы: бірі
– 1904, екіншісі – 1905 жылы жарық дүние есігін ашқан.
Сондықтан да Ә.Қоңыратбаев ұстазының
ой-пікірлеріне үнемі құлақ тосып,
ақыл-кеңес сұрап отырған. Бұл тұстағы
атап өтерлік бір мәселе - Ә.Марғұланның
фольклорлық (көркем) емес, тарихи танымды жақтауы. Бұл
бағыт Ә.Қоңыратбаев еңбектерінің де
өзегін құрайды.
Ә.Марғұланның осы талабына орай
Ә.Қоңыратбаев төмендегі жауап хатын жолдаған:
«Ардақты
ұстазым - Әлеке!
Өзіңізге,
кейуана тілектес жеңгемізге, балаларға шын жүректен
сәлем.
Қорқыт
(Баршынкент) жайындағы менің мақалама қатысты пікір
айтыпсыз. Бәлки ол дұрыс та болар. Бірақ мен де
қазақ эпосын қазақ тарихына негіздеуге күш салып
жүрген жанмын. Баршынкент (Қызқала) Сығанақ пен
Жент арасында деген деректен хабардармын. Оны Жамал Қарши, Рузбехандар
айтқан. Тарихшылар оны Сырдың оң жағында деген,
бірақ бұл тұста мен бір кездегі ұстазым В.Бартольд
сөзіне сүйенген едім:
1.
«Между Сыгнаком и Джендом в рассказе о походе Джучи упоминаются еще крепости
Узгент, Барчынлыгкент и Ашнас» (Соч. Т.1, 1963, с.236).
2.
«Барчынлыгкент, вероятно, был ближе к Дженду, чем к Сыгнаку, так как Хорезм-шах
Текеш распоряжался им еще до окончательного покорения (монголами- А.К.)
последнего» (сонда, 237).
3. «Название Барчин, вероятно, сохранилось до
сих пор в названии Баршин-Дарьи, одного из рукавов Сыр-Дарьи» (сонда, 236).
XIII
ғасырға дейін Сырдың осы күнгі арнасы болмаған
(төменгі). Өзен Баршын, Дәуқара шөлімен
Баршындария, Іңкәрдария, Жаңадария, Қуаңдария
бойымен аққан. Жанкент, Жент, Құмқала,
Жанқала, Шірік рабат, Бұзық рабат, Рабат Туғанин,
Сағдере көбіне сол өзендер өресіне салынған.
Олардың біразында болдым. Баршын жөнінде Бартольд
сақтық жасап, «вероятно» деген термин қолданыпты. Бұл
ойландырады. Ол кезде түркологтар кейде аңыздың өзін де
тарих деп түсінген ғой. Толстов «Жанқала дегеніміз – Жент»
депті. Бұл (қала) Қызылорданың батысында 60
шақырым жердегі Томарөткелде. Жақында, егер көлік
табылып жатса, бармақшымын. Баршындарияны Сырдың бір
қолтығы деу – кейінгі сөз. Ол заманда Жаңадария
болмаған. Баршындария мен Іңкәрдария Қызылорданың
батысындағы Қызылқұм жиегінде, ал Жанқала
Жетікөлден басталса да ғажап емес.
996
жылы осы күнгі бүкіл Қызылқұм орнында
тұрған Варахш теңізі Сыр мен Әму арасын басқанда,
Жетікөл соның ең шұқыр бір қалдығы
болған. Онда әлі күнге су бар. Егер Баршын қаласы
Баршындария атымен байланысты болса, оның Сунаққа баруы тіпті
мүмкін емес. Жер шалғай, ағын жылға жоқ. Ол жерден
Қалғандария өтеді. Өзгент сонда (Ителі,
Жаңадария сырты). Жошы әскері Сырдың екі бетін бірдей
жағалаған, батысы алысқа кеткен. Ортасы су, бәлкім олар
батыста жатқан Баршынкентті Жент қалсынан бұрын басқан,
не бір мезгілде қоршаған. Ол Текештің (Хорезм ханы) ішкі
қорғаны еді.
Бұл
кезге дейін менің Баршын Сырдария ауданының 2-ауылындағы
Айдарлы қыстағы болар ма деп ойлағаным бар. Бірақ
В.Бартольд Баршын қаласын Баршындария атымен байланыстырған
соң, лажсыз соның айтқанына көшіп, Баршынкентті
Баршындария бойында дедім. Әрине,
оны анықтай түсу қажет. Мақала сіздерге ой салу ретінде
жазылған. Кесене (кешен) Күшан дәуірінен бері бар атау. Ол
жерден тек қана Қалғандария өтеді. Баршындария басы
одан 150-200 шақырымдай төмен. Ел біледі, география солай.
Сырлытам
(Баршын) мазарында сегіз адамның моласы жатыр. Сыртында балшық
(саз) күмбезден соққан үлкен мола бар. Оны мен Баршын
анасының бейіті болар дедім. Егер сол мазар шынымен Баршын бейіті болса,
оның Алпамыс моласы болуы да ғажап емес. Оны қазба
жұмыстары анықтайды. Мазар кімдікі болса оныкі болсын, ебір-жебір боп
құлағалы тұрған сол мүсінді аяқтап,
қалпына келтіруге тарих институты асығыс түрде кірісер деп
сенемін. Оған 30 мың сом керек.
Әлеке,
сеніңіз, ондай мүсін бүкіл қазақ даласында кем.
Нағыз азаматтық-эпикалық мұра. Осыған
көңіл бөліңіз. Жергілікті басшылардан көмек
күту қиын. Оны сіз де жақсы түсінесіз. Арғы
жағын ел біліп жатар.
Баршындария
туралы пікірлер мұнымен ғана шектелмейді, олар сізге де мәлім
ғой. Денсаулығыңызды күтіп, көп жасаңыз.
Мұхтарды мен екінші Абай десем, сізді екінші Шоқан деймін.
Айтқан пікірлеріңізді жақсы қабылдаймын. Ол
қазақ ғылымы мен мәдениетінің қамы
ғой.
Әлқуат
Қайнарбаев материалдары Академия қорында болса керек, іздестіріп
көрерсіз. Қорқыт жырлары туралы тілегіңізді
Қармақшыда ел басқарып отырған шәкіртіме
жеткізіп, жәрдем беруін өтіндім. Әдебиет, мәдениет
мәселелеріне ділгір жігіт қой, материал табылып жатса
өзіңізбен байланысар деген ойдамын.
Былтыр
ескерткіштер қорғау қоғамына Сырдағы тарихи
мұраларды жөндеуден өткізудің маңыздылығын
ескерткен едім. Ішінде Қорқытқа жаңа белгі салу да бар.
Астанадағы осындай іс-шараларға да құлақ
түре жүрерсіз, ортақ іс қой.
Әуелбек.
14.05.1973 жыл».
Екі
ғалымды да толғандырып отырған қазақ тарихының
өзекті мәселелері. Екеуі екі түрлі деректерге жүгініп,
өз ойларын ортаға салған: Ә.Марғұлан -
Рузбехани, Қарши, Ә.Қоңыратбаев – бүкіл
шығыс жазбаларына ғылыми барлау жасаған В.Бартольд
жазбаларына табан тіреген. Бірақ ойлары мен мақсаттары бір санадан
шығып жатады.
Тағы бір байқайтынымыз, дәл осы
хатында Ә.Қоңыратбаев (1973 жыл) Мұхтар Әуезов - екінші Абай, яғни ойшыл, ал Әлкей Марғұлан -
қазақтың екінші Шоқаны, яғни көрнекті
ғалымы деген пікір сабақтаған екен.
Ә.Қоңыратбаевты
Қорқыт жырлары ғана емес, оның есіміне қатысты
тарихи-мәдени мұра -
ескерткіші де терең толғаныстарға жетелеп отырған. Сонау 70-жылдардан бастап оның
мазарын қалпына келтіру мәселесін көтеріп, оны тиісті
орындарға мәселе ретінде қойып отырғанын мына хатынан
да аңғарамыз:
«В
Республиканское общество охраны памятников культуры!
Недавно Р.Бердибаев побывав в Кармакчинском
районе мне сказал, что в ближайшее время в Алма-Ате может быть заслушан отчет
Чимкентского и Кзыл-Ординского отделений общества по охране памятников культуры.
Как обстоят дела в Чимкенте я не знаю, но у нас никаких особых увлечений
стариной нет. Мы делаем некоторые полезные работы по выявлению и изучению
обьектов зодчества почти на общественных началах (например, я как зав. секцией
археологии). Поэтому при заслушивании докладов желательно, чтобы этому делу был
придан правильный смысл.
1.
Вопрос о реставрации мазара Коркуту, как памятника культуры казахов
доисламского периода, был поднят мной еще в 1972 году в письмах, адресованных
министру культуры КазССР т.т.М.Базарбаеву, Абдукаримову и Бакирову. В 1973 году
облуправление культуры ответило мне, что на это дело может быть выделено 25
тыс. рублей, видимо, из средств общества. М.Базарбаев сообщил, что
инициатива своевременная, созданием
проекта будет заниматься само министерство. Несколько позднее я от
зам.облсовета тов. Кулумбетова узнал, что проект зодчества включен в
перспективный план строительства.
2.
Я также видвигал вопрос о реставрировании уникального мазара Баршын кыз
(Сырлытам), обнаруженного мною на территории совхоза Инкардарья Терен-Узякского
района в оазисе Баршындарьи, лежащей прямо на западе г.Кзыл-Орды в 100 км. В
своей статье от 26.10.1973 г., опубликованной в «Қазақ
әдебиеті», я описал состояние этого гражданского, а не религиозного,
сооружения Х века, выдавая его за мазар Баршына, а развалину - за город
Баршынкент, местонахождение которого было до сих пор загадкой. Вскоре я получил
письмо академика А.Х.Маргулана о том,
что по сведениям древних историков, например, Карши (XIII в.), под мазаром Баршына имеется ввиду памятник
Коккесене (кешен), находящийся на юге Сыгнака (Сунака).Он давно разрушен (ст.
Тумен-Арык).
Коккесене
– остатки строений Кушанского периода. В своей работе «Туркестан в эпоху
монгольского нашествия» В.В.Бартольд указал местонахождение Баршынкента
(Барчинлыгкента, с. 236-237). Я сообщил все это Маргулану в ответ на его письмо
и склонен считать, что Баршынкент найден.
В Яныкурганском районе нет такой дарьи, город находился в кругу развалин
Джента, в 6-фарсах к западу от него, на берегу Баршындарьи.
Это
– зодчество кочевых племен, чисто гражданское, а не религиозное, чудесная
эпитафия доисламского периода Х века, красивейший из всех мазаров Казахстана,
нуждается в срочной поддержке, ибо он на стадии полного разрушения. Было бы неудобно
перед новым поколением, если сооружение, дожив до наших дней, в один прекрасный
день рухнул бы на наших глазах . Это любовное сооружение, где показаны картина
кочевья и девушки, сидящей на коне.
Памятники
носят антиисламский характер. Поэтому в этом деле не может быть места различным
кривотолкам, будто мы увлекаемся «стариной». Кто сеет панику о вредности
уникальных памятников, тот спекулирует. Этому делу нужно придать правильное
направление, запланировав реставрирование в духе решения Верховного Совета СССР
об охране памятников культуры.
А.Конратбаев,
член президиума Кзыл-Ординского облсовета
общества по охране памятников культуры.
г.Кзыл-Орда,пер.Амангельды,39.
7.02.1974 г».
Әрине, ғұламалар
өмірінің ғибраты бұл хаттардың мазмұнымен
ғана шектелмейді. Академик Әлкей Марғұлан әр
жылдары профессор Ә.Қоңыратбаевтың кандидаттық
(1946), докторлық (1971) диссертацияларына ресми сарапшы (оппонент)
ретінде пікір айтып, өзінің оң бағасын беріп отырған.
Сол материалдармен таныса келгенде олардың тығыз
ғылыми-шығармашылық байланыста болып, үнемі сырлас,
пікірлес болғандары анық байқалады.
Алдағы кезде бұл рецензияларды
жариялаудың да кезегі келер. Әзірге біз қос ғалымның Қорқыт
жырларының қазақ фольклоры мен әдебиеті үшін
маңызы, қазақ тіліне тәржімалау, ондағы кейбір
географиялық атаулар төңірегіндегі ой-толғаныстарын
байқататын хат-жазбаларын жариялаумен ғана шектеліп отырмыз.
Соның бәрі «Қорқыт ата кітабының»
қазақ әдебиеті, мәдениеті және тарихы үшін
маңызын аңғартады.