Педагогика

 

Нуржанова Марал Толеуовна

Қарағанды қ. №61 ЖББОМ бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстан

Абдыкаримова Гүлшат Халитовна 

Қарағанды қ. «Жұлдыз» балабақшасының тәрбиешісі, Қазақстан

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ОЙЫН АРҚЫЛЫ АУЫЗША СӨЙЛЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ

 

Мақалада бастауыш сынып оқушыларының қазақ тілі сабағында ойын арқылы ауызша сөйлеу дағдыларын дамыту мәселелеріне арналған. Мақала авторлары ойын әдісінің түрлерін айқындай отырып, олардың сабақ барысындағы орны мен қызметін, тілді дамытудағы рөлін өз тәжірибелеріне сүйене отырып көрсетеді. Сондай-ақ қазақ тілін үйрету кезінде негізге алынатын бірқатар принциптерді анықтайды.

 

Кілт сөздер: бастауыш сынып, қазақ тілі, ойын, ауызша сөйлеу дағдысы, сабақ, оқу үдерісі.

 

Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың білім деңгейін арттыру мен әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігін дамытуда, ең алдымен олардың жеке тұлға болып қалыптасуын ескеру қажет. Әдіссіз оқыту процесті жүзеге асыру мүмкін емес. Сол себептен баланы қазақ тіліне үйрету үшін, қазақ тіліне қызығушылығын арттыру үшін, қазақ тілі сабағында ойын технологиясын қолдану керек. Жалпы, бала ойын әлемінде дамиды, өмір сүреді, ойын баланың мінез-құлығын қалыптастырады, психикалық процесс кезінде гармониялық жетілуіне әсер етеді.

Қазіргі уақытта қазақ тіліне үлкен мән берілетіні бәрімізге де мәлім. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқанындай,   «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде». Сондықтан болашақ ұрпағымызды білімді, мәдениетті, саналы, жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеуіміз керек.

Қазақ тілін үйрету процесінде ана тілі басты рөлді атқарады. Егер бала өз тілінде жетік сөйлемесе, оның ерекшелігі мен айырмашылығын, дыбысталу жүйесін білмесе және түсінбесе, қазақ тілін меңгеруі қиын болады. Қазақ тілін үйрету сабақтарын құру және оны оқыту мағынасын іріктеу кезінде бірқатар принциптерді ескеру қажет. Басты принциптердің бірі – тәрбиелеу мен оқытуды бірыңғай жүйеге біріктіру. Қазақ тілі – әлеуметтік, рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің қайнар көзі. Балалардың сөйлеу мүмкіншіліктерінің дамыту барысында қазақ тілінің оқыту мен тәлім-тәрбие берудегі рөлі күннен-күнге арта түсуде. Қазақ тілін (кез келген басқа да тілді) сөздерді, сөйлемдерді, диалог, монолог үлгілерін механикалық қайталай беру жолымен емес, жалпы белсенді түрде сөйлеу арқылы үйрету керек. Сонымен қатар қазақ тіліне үйреткенде бастауыш буынның жас ерекшелігін ескеру әдіс-тәсілдерді таңдаумен сай келеді, сабақ өткізгенде бірінші орынға ойын және ойын түрлері қойылады. Адам мәдениеті ойын арқылы дамиды, демек,  балалық шақтан бастап, қартайған кезге дейін адамды ойын жетелеп отырады.

Ал бүгінгідей, динамика ғасырында, оқу процесінде ойын алдыңғы орында, яғни, ойын технологиясы арқылы баланың оқу ынтасын арттыру жеңіл болмақ. Ойын дегеніміз не? А. Макаренконың айтуынша: «Ойынға бір жақты көзқарас қате. Педагогикалық үрдісте ойынды дұрыс пайдалану сабақтың тиімділігін арттырады, балаларға қуаныш сыйлайды. Ойын бала үшін жаңа ортаға тезірек бейімделуіне мүмкіндік береді. Жаңа ортаға, оқу үрдісіне өту үйреншікті өмір сүру әдістерін өзгертуді қажет етеді»- десе, жалпы пікірлер бойынша, ойын – қоғамдық  тәжірибені қалыптастыру бағытындағы іс-әрекеттің бір түрі, яғни тәртіпті, өзін-өзі басқаруды жетілдіреді. Адам тәжірибесіндегі кең тараған дамыту ойынның қызметі: ойынға тарту, рахат беру, демалдыру, қызығушылығын тудыру. Пән бойынша басты мақсатым мен міндетім- қазақша сөйлей білуге үйрету, ауызекі сөйлей білу, игерілген білімдерін қолдана білу,белгіленген талаптарды игеру. Балаларды қазақша сөйлей білуге үйретуде мынадай талаптар қоямын:

1. Әр сөзді тұрақты түрде есінде қалдыру.

2. Сөз балаларға таныс заттарға байланысты болу керек.

3.Әрбір сөз үнемі пайдаланылып, қайталанылып отыруы тиіс.

4. Сөздік қорды молайтып отыру.

5. Қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс айтуға дағдыландыру арқылы дұрыс сөйлеуге үйрету.

6. Мақал-мәтелдерді, жаңылпаштарды оқу, жаттау.

Бұл талаптарды орындау үшін әр сабақ қызықты құрылып, сабақтың әр кезеңі әдістемелік талапқа сай жүргізілуі тиіс. Тіл үйрену баланың ойлау қабілетімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың ойлау дағдысын жан-жақты дамытып, кеңейтіп отыру қажет. Балалардың сөздік қорын молайту жөнінде оларды дұрыс сөйлеуге үйрету жолында өзімнің іс-тәжірибеме сүйеніп, мынадай тәсілдер қолданамын:

– сөздік жұмыс (әңгімелесу, жұмбақтарды шешу, ребустар құру, салыстыру, қайталау, сұрақ-жауап, суретпен жұмыс, оқу, көркем сөз т.б.);

– көрнекі құралдар қолдану (сурет, ойыншық);

– ойын (дидактикалық, сергіту, жарыс, сюжетті-рөлдік, логикалық,т.б.).

Бала ойнай отырып, тілдік материалды меңгеру мақсатында сөздерді жаттайды.  Сабақ баланың ақыл-ойына күш түсірмей, ойын түрінде өткізіледі. Балалардың логикалық ақыл-ойын, эмоциялық еркін, зейінін, ынтасын дидактикалық ойындар арқылы арттыру барысында ойындарды түрлендіріп, күрделендіріп отыруға болады. Ойынның әр түріне уақыт саналы түрде бөлінуі қажет. Бұл –  сабақтың тартымды, қызықты болуының шарты, әрі балалар онда сабақты зейін қоя тез ұғып алады.

Ойындар грамматикалық, фонетикалық, лексикалық, орфографиялық болады. Олардың барлығы тілдік дағдының қалыптасуына әсер етеді.  «Сөз жарысы» ойынын кез келген тақырыпты өткен кезде, нәтиже сабақта ойнатуға болады. Мысалы, «Азық түлік»тақырыбын өткен кезде үш оқушы тақтаға шығып, сөздер жазады. Бір оқушы сүт тағамдарын жазады, екінші оқушы азық түліктерді жазады, үшінші оқушы ет тағамдарын жазады, кім бірінші болып жазып бітірсе, сол оқушы жеңімпаз болады. «Сандард сөйлет» ойыны оқушылардың сөйлеу дағдылары дамиды, оқушылар қызыға ойнады. Бұл ойынды «Жыл мезгілдері», «Қазақстан Республикасының мерекелері» тақырыптарын өткенде ойнатуға болады. Сандарды кеспе қағаздарға жазып, бір-бір оқушыдан тақтаға шығып сөйлем құрастырады. Мысалы, 365, 12. Бір жылда 12 ай бар, бір жылда 365 күн бар, 8-наурыз –  Халықаралық әйелдер күні. «Кім көп біледі?» деген дидактикалық ойынды сөздер айту, сөз тіркестерін, сөйлем құрастыру арқылы ойнатамын. «Шешуін тап» ойындарында қазақ тіліне тән дыбыстарды меңгеріп алғаннан кейін, оларды әбден бекіту мақсатында жұмбақтар, жаңылтпаштар, олардың сипаттамасын жатқа айтқызамын.

Ойынның түрлері өте көп. Ойынның тағы бір түрі – тілдік ойын. Тілдік ойындарға ситуациялық, рөлдік, іскерлік ойындар жатады. Бұл ойындар оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытады, оқушылардың қызығушылықтары артады. Тіл үйренуді ойын түрінде жүргізу оқу мотивациясын арттырады; оқушының кейіпкер сөзін, іс-әрекетін қабілетіне қарай қайталап (рөлдерде ойнап), қарым-қатынасқа түсу әсері жоғары болады; оқушының түсіну және түсіндіру қабілеті дамиды. Рөлдік ойын лексикалық материалды бекіту мен жандандыру үшін пайдалы. Ең бірінші, сөйлеу іс-әрекетінің тыңдау-сөйлеу түрлері негізге алынады. Оқушының танымдық белсенділігі, ойын жүйелі жеткізу дағдысы, яғни, білімге деген жан-жақты терең қызығушылығын, дербес белсенділігін туғызады.

Айта кету керек, ойын әдісінің өте тартымды әрі тиімділігіне қарамастан, сезімді шектей білу керек, әйтпесе, ойын оқушыларды жалықтырып жіберуі  және эмоцианалды әсерді жоғалтуы мүмкін. Ойын оқушының жеке ерекшеліктерін ашуға мүмкіндік береді, мысалы, өзара көмек, бірін-бірі қолдау, жолдастық сезім, сондай-ақ, бірқатар психикалық үдерістердің: есте сақтау, ойлау, көңіл бөлу, сөйлеу, пайымдау т.б. дамуына әсер етеді. Ойын бастауыш сынып оқушыларының топта жұмыс істеу арқылы ұжымдасуына көп көмегін тигізеді. Егер ойын сабақтың басында өткізілсе, балалар қалған уақытта тамаша жұмыс істейді, нашар оқитын оқушылар жеткілікті дәрежеде белсенділік танытады, сабақтың ортасында да, соңында да сабаққа қызығушылығы артып, назар аударуы жоғарлайды.

Қорыта айтқанда, бастауыш сынып оқушыларының оқыту үдерісіндегі ойлау іс-әрекетінің маңыздылығын арттыру, олардан үнемі әрекетті, ізденісті және оқуға деген қызығушылықтың жоғары деңгейін талап етеді. Әрбір оқушыға білім бере отырып, оның жан-жақты дамуына жағдай жасау – қазіргі мектептің міндеті. Жас ұрпақ –  өмірді жалғастырушы, еліміздің тірегі, ертеңгі болашағы. Сондықтан оның тұлға ретінде дұрыс дамуына бағытталған әдіс-тәсілдерге ерекше мән беруіміз керек.

         

 

                                             Әдебиеттер:

1. Құдайбергенова А.М.  Ойындар    коммуникативтік компетенциясын қалыптастыру  құралы // Қазақ тілі әдістеме, 2009, №8.

2. Елбасының 24.12.2012. жылғы Халқына жолдауы.

3. Әбенбаева С.Ж. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. – Алматы, 2004.