Қарағанды қаласы, №101 мектеп лицейінің

бастауыш сынып мұғалімі

Шокенова Қаршыға Қасымбековна

Қарқаралы ауданы, Қ.Смайылов

атындағы №43 орта мектебі

Шокенова Светлана Қасымбековна

Дидактикалық ойындар арқылы оқушының белсенділігін арттыру

Жас ұрпақты қоғамдық өмірге және еңбекке араласуға дайындау міндетін іске асыруда, баланың жеке басын қалыптастыруға әсер ететін тәрбие, қоғамдық, әлеуметтік орта және тұқым қуалаушылық. перзент сүю - ата-ананың бақыты, олардың қоғам алдындағы табиғи борышы. Балаға тәрбие мен білім беруде балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отыру қажеттігін педагогика ғылымы ерте кезде-ақ көрсеткен еді. Ал белгілі педагогтер Я.Коменский, Ж.Руссо тәрбие беру кезінде бала табиғатын, оның қабылдау, ойлау ерекшеліктерін еске алып отыруға үндеген болатын. Қазіргі педагогика және психология ғылымдары балалар мен жеткіншектердің дамуындағы биологиялың фактордық рөлін айрықша көрсетеді.

Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуын үнемі қозғалыс үрдісі ретінде қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады.Өйткені, адам жасының табиғи негізі - жас сатылары немесе биологиялық жетілу сатылары. Дидактикалық ойындар балалардың білімін кеңейтіп және бекіту мақсатындағы жоспарлы және мақсатты педагогикалық тәсіл. Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды. Ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы. Сондай-ақ ойын баланың болашақ өміріне есік ашып, оның іздемпаздық, тап-қырлық қабілетін оятады. Осы тұрғыда баланың байқағыштық, зерттеп-салыстыру, сезім қабілетін дамытуға, баланың заттарды белгілері бойынша тану, түйсіну қабілетін ұштап қана қоймай, сонымен қатар сөздік қорын молайтуда дидактикалық ойындардың орны ерекше болып табылады.Ойын көп жоспарлы, күрделі педагогикалық процесс болғандықтан мектепке дейінгі жастағы балаларды оқытудағы ойындық әдіс болып табылады. Оқыту формасы балаларды жан-жақты тәрбиелеудегі негізгі құрал болып есептеледі.

 Дидактикалық ойын оқытудың әдістерінде 2 жолмен қарастырылады. Ойын сабақтар және дидактикалық тапсырмалар не болмаса автодидактикалық ойындар. Өз тәжірибемде ойындық сабақтардың көмегімен балаларға білім беріп қана қоймай, оларға қалай ойнауды да үйретемін. Бір мезетте оқытушы және ойынның мүшесі ретінде де балаларды ойнатуға талпындырамын, ал балалар ойнай отырып үйренеді, сондай-ақ ойын өзіндік ойын әрекеті нәтижесінде де қалыптасады. Тапсырмаларымды балалар өз беттерімен орындап және ойынды ұйымдастырып бір-біріне әділ баға беруге үйренеді.

Ойынның мазмұны бірнеше элементтен құрылады: Дидактикалық тапсырмалар, мазмұны, ережесі және ойынның орындалуы, мұнда басты элемент-дидактикалық тапсырмалар болып табылады, ал қалған элементтер осы тапсырмаға және оның орындалуына көмектеседі. Тапсырмалар әртүрлі болады (табиғат, жануарлар және өсімдіктер әлемі, адамдар, еңбек т.б.) және қарапайым математикалық ұғымдарды бекітуге байланысты. Ойын ережелерге сүйенеді, ережелер әр баланың ойында не істеу керектігін, қалай істеу керектігін, мақсатқа жетудің жолдарын көрсетеді және ақыл-ой қабілеттерін дамытады, әсіресе, кішкентай топтағы балалар өзін-өзі ұстауға, өздерінің мінез-құлықтарын қадағалауға үйренеді. Сонымен бірге, психологиялық жағдайларын жақсартады: көңіл аударғыштығын, байқағыштығын және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді. Көптеген дидактикалық ойындар балалардың жеке-дара ойнауына арналған (мозаика, пирамида), олар баланың дербестігін, аңғарғыштығын, өздігінен еңбек етуін жетілдіреді. Кейбір ойындар 4-6 баламен ойналады, сандық лотолар сан үйрету үшін өте қолайлы қызықты.

Ал, дидактикалық ойынды қолдану үшін үлкен педагогикалық шеберлік қажет. Ойынды таңдап алған соң, ойынның көмегімен қандай тапсырманы орындайтынын анықтаймын және ойынды өткізу үшін алдын-ала дайындаламын, сонымен қатар балаларға ойын түсінікті, анық, жас ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Баланың рухани жетілуі мен табиғи өсуінің, денесінің дамуы мен ой дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді.Баланың өзін-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу-тәрбие жұмысының барысында сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету - тәрбиешінің басты міндеті. Тәрбиеші баланың білімге, өнерге қызығушылық ынтасын, спорт ойындарына құштарлығын анықтайды, өзін-өзі тәрбиелеуге жүргізілетін жұмыстардың тақырыптарын ақыл-ой, құлық, еңбек, эстетикалық тәрбиесімен ұштастырып алады. «Ойын ойнап ән салмай өсер бала болар ма»,-дегендей ойынның қай түріне болмасын зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, одан мәнді де мағыналы істер туындап өрбитінін байқаймыз. Өйткені алдымен ненің болсын бастамасы, жол бастар қайнар көзі болатыны белгілі, демек біз ойынды бар өнердің бастауы деп білеміз.

 

Пайдалынған әдебиеттер тізімі

1        Диваев Ә. Асыл мұра. – Атырау, 2000.- Б. 21-23.

2        Қалиев С.Қ.  Қазақ этнопедагогикасының тарихы (кеңестік дәуір – 1920-1990ж.). – Алматы: Білім, 1999. - Б. 45.

3        Выготский Л.С. Проблемы развития психики // Собр. Соч: В 6 т. - М.: Педагогика, 1982.  – Т.2. – С. 5-361.