Айнекова З.Ө.

Қарағанды облысы, Бұхар-жырау ауданы, Көкпекті ауылы жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі

Бастауыш мектептің оқу процесінде ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі

Бүгінгі білім беруді жаңарту жағдайында оны ақпараттандыру басым мәнге ие болып отыр. Жалпы бүгінгі күні әлемнің барлық елдерінің қоғамдық даму негізі болып білім, ақпарат және ақпараттық технологиялар болып табылады. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезіндегі қазіргі заманғы педагогика теориясы мен практикасындағы көкейкесті мәселелерге ақпараттық технологиялар негізінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділіктерін арттыруды  жатқызуға болатындығын әлеуметтік және педагогикалық зерттеулер көз жеткізіп отыр. Білім беру жүйесіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық белсенділігін дамыту, саналы деңгейге көтеру - бүгінгі күнгі күрделі мәселе. Білімді жеке тұлғаға бағыттау, оқушының өзін - өзі тануы, өзін - өзі тәрбиелеуі, ақыл - ойын дамытуы, яғни,  жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу мұғалімдер алдына тың міндеттерді жүктеп, жаңашыл іс - әрекетке жетелейді.

Бұл кезекте ақпараттық технологияның атқарар ролі ерекше. Осы негізде ақпараттық технологияларды қолданудың маңыздылығын саралап көрсетуге болады:

- ақпараттық технологиямен оқытудың маңыздылығы бұл ғылымның тек ЭЕМ–дерді пайдалану мүмкіндіктері  мен олардың жұмыс істеу принциптерін түсіндіріп қана қоймай, қоғамдық өмірде және адамдар арасында ақпараттарды кеңінен тарату заңдары мен тәсілдері туралы түсініктер береді;

- ақпараттық технологияларды пайдалану белгілі бір ақпаратты жинау, дайындау және өңдеу жұмыстарын оңайлатып, жобалау және ғылыми зерттеу жұмысын жылдам жүргізуге мүмкіндік береді;

- ақпараттық технологияларды пайдалану белгілі бір мәдениет иесі болуды талап етеді, яғни ол мәдениеттіліктің белгісі болып саналады. Ол үшін ЭЕМ-нің негізгі мүмкіндіктерін жақсы білу қажет, олар - мәселелерді айқын түрде қоя білу, оларды шешудің жоспарын жасау және түсінікті түрде жазу, қажетті мәліметтерді айқындай білу мен алынған нәтижелерді талдау мәселелерін әрбір адамның жетік меңгеруі болып табылады. Мұндай мәдениеттілікті игеру логика мен информатика заңдарын білуді көздейді.

Оқу жүйесіндегі ақпараттық технологиялар (АТ) - компьютерлік техника мен программалық құралдардың көмегімен оқушыға ақпаратты дайындауды және беруді жүзеге асыратын процесс. Оқу жүйесіндегі ақпараттық технологияларда ақпаратты беріп үйренуде екі нәрсені бөліп айтуға болады: техникалық құралдар, оған компьютерлік техника, байланыс жолы, және әртүрлі жүктеме бойынша берілетін программалық құралдар (ПҚ). Оқытушы компьютердің көмегімен берілетін сабақты өңдеуде оның функционалдық мүмкіндіктерін және жоғарыда аталған компоненттердің әрқайсысын қолдану шартын білуі тиіс. Техникалық құралдардың да программалық құралдардың да өз ерекшеліктері бар және оқу барысына айтарлықтай әсерін тигізеді.

Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен-күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Мектептің білім беру саласында ақпараттық құралдарды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, мектептің педагогикалық процесін интенсификациялау мен модернизациялаудың тиімді тәсілдерін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бастауыш мектептің оқу-тәрбие процесінде компьютер оқып-үйрену объектісі ретінде, сонымен бірге оқыту, тәрбиелеу, дамыту мен оқытудың мазмұнын меңгеруді диагностикалау құралы ретінде әрекет етеді. Мұның өзі ақпараттық құралдарды пайдаланудың екі бағыты бар екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Бірінші бағыт тұрғысынан алып қарасақ, ақпараттық технологиялар білім, білік, дағдыны игеру үшін қажетті ресурс болып табылып, оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына жаәдай жасайды, ал екінші бағыт тұрғысында ақпараттық технологиялар оқу-тәрбие процесін ұйымдас-

тыру тиімділігін арттырудың қуатты құралы болып табылады.

Бүгінгі іргелі жаңалықтар мен ақпараттық технологияға толы ақпараттық қоғамда маңызды әлеуметтік мақсат - бұл жаңа ойлау стилін қалыптастыру болып отыр. Интеллектінің аса үдетпелі дамуы бастауыш мектеп жасында жүзеге асады және зейін ерікті болып, ойлаудың көрнекі - бейнеліктен сөздік логикалыққа ауысуы жүреді, қабылдау талдамалы,  дифференциалды сипатқа ие болады. Соған сәйкес бастауыш сынып оқушылары жоғары сынып оқушыларына қарағанда қазіргі ақпараттық технологияларды тез және жеңіл меңгереді, өйткені олардың ойлауының стереотипі қалыптаспаған.

Бүгінгі күні бала компьютермен мектепке дейін - ақ  танысады, яғни оқу дағдысын меңгермей тұрып-ақ ол компьютерден ақпарат алады. Сол себепті де бастауыш мектепке келген бала компьютермен жұмыс нәтижесінде өзіне пайдалы нәрсе ала білуі өте маңызды. Соның ішінде керектісін алып, керек емесін алып тастай білу дағдысына ие болуы аса қажет.

Білім беру саласындағы көп қолданыста жүрген АКТ құралдары:

-       Интерактивті тақта;

-       Мультимедия;

-       Интернет кеңістігі;

-       Электронды оқулық.

Интерактивті тақта - топтағы оқушылардың барлығын оқыту үшін құнды құрал. Бұл оқытушы жаңа материалды өте қызықты және қарқынды етіп түсіндіруге көмектесетін көзге көрінетін құнды құрал. Оның ақпаратты түрлі мультимедиялық ресурстар көмегі арқылы танысуға мүмкіндігі зор. Ол сызбаларды түсіндіруді жеңілдетіп, қиын мәселелерді шешуге көмектесе алады. Оқытушылар өздерінің жаңа ойларын, идеяларын әсерлі, тартымды етіп көрсету үшін осы тақтаны қолданса мақсаттарына жетеді. Бұл тақтада оқытушылармен жаңа материалдарды бірігіп талдауға мүмкіндігі зор.

Заман ағымына қарай күнделікті сабаққа видео, аудио қондырғылары мен теледидарды, компьютерді қолдану айтарлықтай нәтижелер беруде. Кез-келген сабақта электрондық оқулықты пайдалану оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай, логикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды.

Электронды оқулықтар оқушының бiлiм сапасын бақылау жүйесiн өзгертуге мүмкiндiк жасайды. Дәстүрлi оқытуда әр оқушы оқытушы тарапынан бақылау өте жиi болмай қалуы да кездеседi, ал электронды оқулықтың көмегiмен оқыту үрдiсiнiң әр кезеңін бақылай алады. Тiптi кейде тапсырманың дұрыс орындалуын ғана қадағалап қоймай, қате орындаған жағдайда оқулықтың тарауына, керектi тақырыбына немесе қажет ақпарға сiлтемелер берiп отырады. Бұл оқушы үшiн, бiрiншiден үлкен көмек, жеңiлдiктер туғызса, екiншiден, сол материалды автоматты түрде бақылап, әдiл бағасын беруге, оқушыға қажетiне қарай кеңес беруге, сол жайында барынша мәлiмет алуға мүмкiндiк жасайды.Қазіргі таңдағы электронды телекоммуникациялық конференциялар гипермәтінге немесе Web-тің басқа да технологияларына альтернативті болып есептелінбейді, тек оларды пайдаланудың ерекше тәсілі болып табылады. Бүгінде Web-тің барлық ең жаңа технологияларын, әсіресе динамикалық гипермәтінді беттерді құру технологияларын табысты пайдалану арқылы конференцияларды өткізу технологиялары пайда болуда. Сондықтан бұл мәселелер бірін-бірі жоққа шығармайды, керісінше толықтырады.         

Қорыта келгенде оқыту үрдісінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте – мөте қажет» деп, ел Президенті атап көрсеткендей, ақпараттық технологияларды оқыту процесінде тиімді пайдалану – жаңа білім берудің бірден–бір шарты.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға

арналған Мемлекеттік бағдарламасы. - Астана, 2010. - 52 б.

2.     Жаңа педагогикалық технологиялар (оқу құралы) Алматы, 2006. - 58 б.

3.     Медешова А.Б. Бастауыш сынып оқушыларының оқу икемділігін ақпараттық технология арқылы дамытудың педагогикалық шарттары. - пед.ғыл.канд. ...автореф. - Алматы, 2008. – 22 б.