Дүйсенбай Арайлым Серікқызы
Қостанай
мемлекеттік педагогикалық институты,
қазақ
және орыс филологиясы факультеті, қазақ тілі мен
әдебиеті
мамандығының
4 курс студенті
Ғылыми жетекші: Бекбосынова Асия Хасанқызы
Филология
ғылымдарының кандидаты, Қостанай мемлекеттік
педагогикалық
институты, Қазақстан Республикасы
Қадыр Мырза Әли
поэзиясындағы эпитет қолданысы
Зерттеуші-ғалым
С.Ғ.Қанапина «Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің
танымдық бейнелілігі (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов
шығармалары негізінде)» атты монографиялық еңбегінде эпитетке
тоқталып өтеді: Академик М.Балақаев өз еңбегінде:
«Суреткердің өз- өзіне тән тіл шеберлігін
сөздің көркемдік қасиетін талдағанда сөз
бен образ арасындағы осы бір стильдік нәзіктікті яғни жеке
сөздердің қолданылуындағы ерекшеліктердің бәрі
жиналып келіп тұтас контекстік мән алатындығы, ойды бейнелі,
нақты, шынайы көрсету үшін эпитетсіз елестету мүмкін
емес» – деп өте ұтымды тұжырым жасаған.
Қазақ
тіліндегі эпитеттер басқа тілдегі сияқты негізінен зат есімнен, сын
есімнен, есімше, көсемше етістіктері арқылы жасалады.
Эпитет туралы
А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты
еңбегінде: «Бір нәрсені көптен айырып, көзге
көбірек түсіретін етіп айтқымыз келгенде ол
нәрсенің атына айқын көрсететіндей сөз
қосып айтамыз, сондықтан айқындаудың өзге
түрі көркейту деп айтылады» – деп эпитетке анықтама берді.
Көркейту дегеніміз – эпитет термині ретінде алынған [1, 43].
Зерттеуші-ғалым
К.Қ.Есіркепова «1960-1980 жылдардағы әйел-ақындар
поэзиясының тілі (Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина,
А.Бақтыгереева, К.Ахметова
шығармалары негізінде)» атты монографиялық еңбегінде
эпитетке тоқталып өтеді: «эпитет
– тіл өрнегіндегі өте жиі көрінетін әрі бояу ерекшелігі
де құбыла құлпырып келетін құбылыс» [2,
87].
Эпитет,
айтарыңды анықтау, әрі нақтылап ерекше, айырма сипат табатын
суретті сөз. «Халықтың
жалпы тілінде болса да, өзіне дейінгі әдебиетте аз
қолданылатын сөзбен сөйлемдерді орнықты, заңды,
басқаша түрде әдебиетке енгізуді жаңалық деп
қарауымыз керек», - деп ғалым Қ.Жұмалиев жазады.
Эпитет жайында
айтылып жүрген теориялық пайымдауларда әлі күнге дейін
бірізділік жоқ сияқты. Мысалы, Л.И.Тимофеев: «Кең
мағынада қандай болса да бір ұғымды анықтап,
айқындап, сипаттап және тағы басқа тұратын
әрбір сөз эпитет болады. Бізде осы уақытқа дейін эпитет
– көркем анықтауыш, реңді, бейнелі және тағы сол
сияқты, ал жай анықтауыш сөз болғанда мұндай
көркемдік болмайды деген есеппен, эпитет деген ұғымды
(көркем анықтауыш) анықтауыш сөз деген ұғымнан
бөліп қарауға жиі ұмтылу бар...бұл бөлу
бұрын ескертілгендей, поэтикалық тілді ерекше, бейнелі деп
қарау талабына байланысты. Біздіңше бұл дұрыс емес», -
дейді [3, 35].
Кез келген сөз
жеке тұрып та не болмаса алдынан, артынан анықтайтын
сөздермен келіп те бейне жасай береді. Олай болса, эпитет – бейнені
айқындап, көріктеп тұратын көріктеу құралы.
Р.Сыздықова: «Эпитет – адамның, заттың,
құбылыстың, бір белгісін, сырын, сипатын, қасиетін атап
көрсететін сөз, бірақ осы қызметте келетін жай
анықтауыш сөзден эпитеттің айырмасы бар. Жай анықтауыш
заттың, құбылыстың, адамның өзіне тән
қалыпты сынын (белгісін, қасиетін, түрін, түсін
т.б.) білдірсе, эпитет өзі
атайтын белгіні бейнелеп көрсетеді, өйткені бұл белгі сол
заттың, адамның, құбылыстың, табиғи
қалыпты белгісі емес», - дейді [2, 87].
Ақын Қадыр
Мырза Әли поэзиясындағы эпитеттің қолданысы
төмендегідей:
Қайсарлық жасап
көрсек те,
Көз жасы болмай
құйылды
Көк аспан өзі
бір сәтке
Қаралы ту болып иілді
[4, 13].
Қаралы ту - «қаралы»
сөзінің мағынасы - азалы, қайғылы. «Ту»
сөзімен тіркесіп, өлген адамның жасына қарай түсі
әртүрлі болып келетін жалау мағынасын беріп тұр. Бұрындары
адамы қайтыс болған үйдің шаңырағына
қарала белгі тағу, қаралы ту байлау дәстүрі
болған. Ол ерсілі-қарсылы өткен жолаушылардың да
назарын өзіне аударып, олар сол үйге соғып көңіл
айтқан, көмек көрсеткен, құран
оқыған, асы беріліп жатса, дәм татқан.
Тұлпар жүрек
бір ысып, бір суынып түршігіп,
Тулағанда кеудеде,
аунап түсті тіршілік:
Төмендеп кеп
көк аспан, қайта кетті биіктеп,
Түсті орнына
қара жер, көк аспанға бір шығып! [4, 32].
Тұлпар
жүрек - қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде
«жүрек» сөзіне мынадай анықтама берілген: «Жүрек. 1.
Бойға қан жүргізуші басты орган. 2. Ауысп. Кісінің жан
дүниесі, рухани сезімі». Ал тұлпар болса асқан жүйрік, дүлділ жылқы. Ақынның
бұл жерде «жүрек» пен
«тұлпар» сөздерін тіркестіріп,
ішкі жан дүниесінің тебіріністен,
толғаныстан, жүрегінің тұлпар тәрізді жылдам, әп сәтте бірде ысып, бірде суынып, енді бірде
аспанға шығып, бірде қайта жерге түскендей болып лезде
басылатынын осы тіркес арқылы ұтымды жеткізген.
Тентегің де туламай,
Түрген жырға
құлақты.
Ақ батасын ұлы
Абай
Саған берген
сияқты [4, 5].
Ақ бата - біздің данагөй
бабаларымыз: «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер», - деп
айтып кеткен ғой. Бата сөзіне түсіндірме сөздікте былай
ден түсінік беріледі: қайтыс болған адамға
бағыштап оқытылатын дұға; Құранның
бірінші сүресінің аты; игі тілек, алғыс; Ал ақ
сөзі болса қазақ танымында тазалықпен, адалдықпен
байланысты ұғым болып келеді. Содан ақ бата тіркесі де
қазақ халқының ғұрпында адал ниет,
жақсы тілек білдірудің бір түрі болып есептеледі. Халық
ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол
ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақта ежелден-ақ
қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына
шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата
алуға құштар болған.
Көзді
қойшы
Көздің
жасы құрғайды
Баукеспе уақыт
бәрін еппен ұрлайды.
Әйткенменен
жоғалмайды бір құса,
Әйткенмене жоғалмайды
бір қайғы!.. [4, 26].
Баукеспе ұры - түсіндірмелі сөздікте
баукеспе сөзіне берілген анықтама кәнігі ұры, яғни әбден
машықтанған, нағыз ұры. Ал уақыт
сөзінің мағынасы өзіміге белгілі бір мезгіл, мерзім.
Ақын уақыт пен баукеспе сөздерін тіркестіру арқылы
уақытты ұрыға теңеп, оның епті ұры
сияқты бәрін алып кетеді, бірақ сонда да қайғы,
құса, қасірет, уайымы жоғалмайды, қалып
қояды деп өкінішін білдіреді.
Сонымен, ақын
Қадыр Мырза Әлидің поэзиясында эпитеттер молынан
пайдаланылған, олар ақын өлеңдерінің
көркемдігін одан сайын аша түскен.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Қанапина С.Ғ. Қазақ тіліндегі
мақал-мәтелдердің танымдық бейнелілігі
(Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде). –
Қостанай. ТОО «Центрум», 2010. – 180 бет
2.
Есіркепова К.Қ. 1960-1980 жылдардағы
әйел-ақындар поэзиясының тілі (Ф.Оңғарсынова,
М.Айтқожина, А.Бақтыгереева, К.Ахметова шығармалары негізінде). – Қостанай. ТОО «Центрум»,
2010. – 153 бет
3.
Ахметов З. Поэзия шыңы - даналық. -Астана:
Фолиант, 2002.
4.
Қ.Мырзалиев «Көкейкесті». - Алматы: Атамұра,
2003.