ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ГЕНДЕРЛІК ЗЕРТТЕУЛЕР

 

Қосымова Гулбану Сейлханқызы,

ф.ғ.д., профессор

Калиольдинова Мадина Куантаевна,

 Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Филология институты

Жалпы тіл білімі кафедрасы

 2 курс магистранты

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

 

Аңдатпа

Бұл баяндамада  қазақ тіл біліміндегі гендерлік зерттеулер сараланып, қазақ тілінің гендерлік қырының лингвистикалық пайымы талданды.

 

       Кез келген халықтың гендерлік болмысы ғасырлар бойы қалыптасады, дамиды. Қазақ халқының гендерлік болмысы да ғасырлар жемісі.

      Қазақ тіл білімі қалыптасқанға дейін, қазақ тіліндегі гендерлік бірліктер (единицалар) бірден гендерлік лингвистикалық сипат алған жоқ, халықтану бағытында − қазақ халқының этнографиясы мен ауыз әдебиетін, мәдениетін зерттеушілер тарапынан гендерлік мәнбір (факт) ретінде хатқа түсті, екі жыныс орайында қазақы ерекшелік ретінде сөз болды.

      Қазақ тіл білімінде гендерлік факторлар бұрын да назарға іліккен, атап айтқанда, қазақ ағартушы, зиялылары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин т.б. ғылыми, ғылыми­этнографиялық еңбектерінде ескеріліп отырған.

      Ағартушылық мәдениеттегі негізгі тетік − адам. Шоқан Уәлиханов сыртқы әлемге "дала адамын" түсіндіруді көздеді. Осы мақсатпен ол қазақ және қырғыз халықтарының аңыздарын, салт­дәстүрін, діні мен тілін зерттеді. Ғалым бұрыннан қазақтар арасында кең тараған тәңірлік дін мен шамандықтың маңызын көре білді, мұсылмандықтың мәдени­тұтастық қызметіне назар аударды. Оның "Қазақтардағы шамандықтың іздері", "Қашқария туралы жазбалар", "Сахарадағы мұсылмандық туралы" т.б. ғылыми­этнографиялық еңбектерінде қазақ және басқа түркі халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау жасалған. Солардың ішінде жыныстың мәдени­әлеуметтік мәнін айғақтайтын тілдік деректер мол. Мәселен, әйел тілінің дәстүрленуін ол былай түсіндіреді: "Қазақтарда от − үйдің киесі, шамшырағы, сондықтан да жаңадан түскен жас келіншек үлкен үйдің отына тағзым етуге (сәлем етуге) тиіс. Бұл салт (жаңа түскен жас келіншектің отқа тағзым етуі) моңғолдарда неке қию үрдісінде жасалады. Моңғолдарға қарағанда, қазақтарда отқа табыну үрдістері ұмытыла бастағаны сезіледі.

     Жаңа түскен жас келін әуелі өз отауына кірмес бұрын, атасының үйіне кіріп, тағзым етуі тиіс, содан соң қалыңдық атасының отына бір қасық май тамызуы керек. Бұл ырым­кәдені "отқа май құю" дейді. Жас келін сәлем еткенде, "аруақ риза болсын" деп тізе бүгіп, еңкейіп "От ана, Май ана, шапағатыңды тигізе көр!... дейді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің жанындағы әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды.

      Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, осы кезде отағасы ошақ жақтағы тулақты нұсқап, жас келінге отыр деген белгі беріп: "иін қандырып илеген тулақтай, мінезің жұмсақ болсын қарағым" деп батасын береді" [1, 158 б; 43, 177 б.].

       Ш. Уәлиханов зерттеулерінде гендерлік атаулар да кездеседі: "Рухы бар, жоталы әйелдерді Елті деп атайды (олар өзінің сиқырлық өнерімен, адамдарды еліту, ұйыту − бар сана­сезімін билеп алушы, өзіне бағындырушы). Елті сөзінің тегі қазіргі тіліміздегі еліту, олар да − "бақсы", − дейді [1, 158 б.]. Осы тәріздес ғылыми­этнографиялық бағалы мәліметтер Ыбырай Алтынсарин еңбектерінде де кездеседі. Ол өзінің біраз еңбектерін қазақ халқының салт­дәстүрлік ерекшеліктерін зерттеп, этнографиялық очерктер жазуға арнады.

       Ы. Алтынсариннің "Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі" мен "Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері" атты еңбектері бастан­аяқ гендерлік фактор ескеріле отырып жазылған [2, 91­99 бб.]. Ол қазақтардың өлген адамдарды жерлеу дәстүрін сөз еткенде, өлген кісінің әйелі, қызы, анасы, апа­қарындастарының дауыс айтып жоқтауы, бейіт тұрғызу (бейіттің ауыл төңірегіндегі ең биік қыраттау, суға жақын жерге тұрғызылатыны, еркектердің моласының төбесіне найза, әйелдердің моласына бақан немесе пішпек қою) рәсімдерін т.б. баяндаған.

       Ал "Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі" еңбегінде баласына қалың беріп, құда болғысы келген адамның ел аралап, қызы ұнаған үйдің керегесіне қамшысын қыстырып кететінін, ол құдалықтың бастапқы белгісі екенін, мұнан кейін көп кешікпей жаушы (елші) жіберіп, қыздың әке­шешесінен ризашылық сұрайтынын, құдалар келіп қалың малға келісім жасайтынын, қалың малдың мөлшері қыздың жасауы мен әке­шешесінің әл­ауқатына байланысты қырық жеті немесе отыз жеті қара мал болатынын, ал кедей адамдар құда болғанда, ірілі­уақты жиырма жеті, он жеті мал беретінін сөз етеді.

      Қалың малмен қоса бас жақсы туралы да келісетінін, олар қыздың сәукелесі, алтын жүзік, сырға, мақпал шапан, жорға ат пен күміс ер­тоқым сияқты асыл заттардан тұратыны айтылады.

      "Күйеу қайындап барғанда, − дейді Ыбырай, − мүмкіндігінше жақсы киінуі, ер­тұрманы таза күмістелген болуы керек. Күйеу басына бетін көрсетпейтін оқалы тымақ кию қажет. Ілуге әкелген малдарын қайын жұрты көріп, егер оны азырқанса немесе мал басынан кемістік тапса, күйеуді ауылға түсірмей, қайтарып жібереді. Күйеу қайын атасына оның көңіліндегідей ілу әкелуге тиіс. Тек сонда ғана ол құрметпен қарсы алынады" [2, 95 б.]. Бұл еңбекте қыз аулында болатын "Қынаменде", "Қызқашар" ойын­сауығы, күйеу жігіт пен қалыңдықты кезіктіруде берілетін кәделер ("желі аттар", "ит ырылдатар", "кемпір өлді", "отқа салар", "қол ұстатар", "шаш сипатар", "көрпе қимылдатар" т.б.) түгел дерлік сөз болады.

      Гендердің дәстүрленуінің бастауы да ерте замандардан бері сақталып келе жатқан салт­дәстүрлер, әдет­ғұрыптар мен мәдени­тілдік құндылықтар. Ыбырайдың қазақ халқының салт­дәстүрлерін зерттеудегі мақсаты дәстүрдің озығы мен тозығын ғылыми түрде талдап, өзінің көзқарасын білдіре отырып, мән­мағынасын ашу, озық дәстүрді тәрбиенің құралы ету еді. Сонымен бірге тілімізге Ы. Алтынсарин еңбектері арқылы енген гендерлік мақал­мәтелдер де жетерлік. Атап айтқанда, "Ерлер көп болса − отын жоқ, әйелдер көп болса − су жоқ", "Жан жолдасың − жарың",  "Ер −бас, қатын − мойын", "Ұятсыз қатын тұзсыз ас секілді", "Сұлу  − сұлу емес, сүйген − сұлу" т.б.

      Тағы бір атап өтетін жайт: Қазақстанда қыздардың арнайы оқу орнында бөлек оқытылуы ХІХ ғасырдан басталады және бұл Ы. Алтынсарин есімімен тікелей байланысты. Ол қыздар мектебін ашу жөніндегі ойын                         В.В. Катаринскийге жазған бір хатында мәлімдеген: "Губернатор несколько сомневается в успехе женского киргизского интерната... а ведь если не начинать такого полезного дела, то ведь никогда ничего и не будет. Да, я уже и уверен, что в Иргизе дело это пойдет хорошо..." [2, с. 375].

      Әрбір болыста мектеп ашудың қажеттігі жөнінде 1886 жылы жазылған "Қазақтың болыстық мектептері туралы записка" атты жазбасында жан­жақты негізделген. Көп ұзамай Ырғызда қазақ қыздарын оқытатын арнайы мектеп ашылды. Бұл қазақ халқының өміріндегі үлкен оқиға болды. Кейіннен Ыбырай патша әкімшілігіне қыздар училищесін ашу туралы да ұсыныс жасады. Тек екі жыл өткеннен соң ғана, яғни 1891 жылы Торғайда, одан кейін 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақ поселкесінде, 1896 жылы Ақтөбеде ашылды. Аталған 5 училищеде 1896 жылы 211 қыз білім алды (оның 70­і қазақ қызы, қалғаны − орыс қоныстанушыларының қыздары).

       Әрине, мұндай деректердің гендер мен тіл байланысын ашып көрсетуде мәні өте зор.

Қазақ тілінің гендерлік қырының лингвистикалық пайымы. Тіл ғылымында гендерлік бағыт бірден пайда болмағаны сияқты қазақтың гендерлік лингвистикасының тырнақалды белгілері қазақ тіл білімі аясында ХХ ғасырдың алғашқы жартысында пайда болды. Қазақы гендерлік бағытты қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов ғылыми мұраларын зерттеп-зерделеудің өзіндік орны бар.

А. Байтұрсынұлы еңбектерінде бұрынғыдай гендерлік атаулар емес, ер мен әйел тіліне тән гендерлік ерекшеліктер, атап айтқанда, "ғұрып сөзі", "қалып сөзіне" байланысты ашып көрсетілген. Соның ішінде жар-жар, беташар, жоқтау, бата (ғұрып сөзі), бесік жыры (қалып сөзі) т.б. турасындағы пікірлері гендерлік тұрғыдан пайымдалады. Ғалым "ғұрып сөзі" ғұрып сарынымен, яғни ғұрып бойынша істелетін істерге байлаулы сөздер айтылған. Қалып сөзі тұрмыс қалпында болатын істер сарынымен айтылады. Мәселен, "жар-жар − қыз ұзатар үйде айтылатын, қызды жұбату үшін айтылатын өлең" [3, 426-433 бб.], − дей келіп, үнемі қайталанып отыратын бастапқы екі жолды (нұсқасымен) бөліп көрсетеді:

                    Бір толарсақ, бір тобық санда болар,

                    Қырық кісінің ақылы ханда болар, −

немесе:

                    Алып келген базардан қара насар,

                    Алтын құйрық сәукеле шашың басар.

Жауаптағы айтылатын екі жол:

                    Есік алды құба тал майда болсын,

                    Ақ бетімді көретін айнам болсын, −

дегеннің орнына:

                    Жазғытұры ақша қар жаумақ қайда,

                    Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, −

деп те айтылады [3, 427 б.]. 

      Қазақ қызының гендерлік бейнесін сипаттайтын мұндай өлең түріне байланысты А. Байтұрсынұлы зерттеулерінің орны ерекше.

      Ғалым зерттеулеріне сәйкес, салт-дәстүр жырларының бір тобы әйелдер ғана жырлайтын бесік жыры мен жоқтауөлең болса, енді бір тобы (беташар, бата) ерлердің үлесінде. Мәселен, "жоқтау − өлген кісіні жоқтап сөйлеу. Жоқтау көбінесе белгілі адамдарға айтылады. Өлген адамның қатыны, иә қызы, иә келіні зарлы үнмен өлген адамның тірідегі істеген істерін, өлгенінше бастарына түскен қайғы-қасірет, күйіктерін шағып, жылағанда айтатын жыр түріндегі сөз; Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз; батаны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар басы бар табақты тартуға алып келгенде, асты жеп болғанда да бата қылады" [3, 428-433 бб.].

      Әйел мен ер тілінің бұрынғы іздері қазір де байқалады, ол әлеуметтік, экономикалық, діни факторлардың, салт-дәстүрлердің т.с.с. әсерімен сақталып келеді. Олар тіл жүйесінде өзіндік көрініс береді.

      Ал Қ. Жұбанов − жалпы тіл білімі мәселелерін ана тілі негізінде өрбіте отырып, әр қилы мәселелерді сан алуан тіл өрнектерімен өре білген ғалым.

Қ. Жұбанов еңбектеріне жан­жақты зерттеу жүргізіп, әсіресе оның гендерлік лингвистикалық пайымдауларына алғаш  назар аударған Б. Хасанұлы: "Жалпы тіл білімінде "еркектің тілі", әйелдің тілі" деген ұғым берік орныққан. Оларға көңіл аударған бірлі­жарым ғалымдар да жоқ емес" [4, 74 б.], − дей келіп, дей келіп, қазақ әйелдерінің тілдік ерекшелігі туралы Қ.Жұбанов еңбектерінде алғаш гендерлік тұрғыдан сөз болғандығын атап көрсетеді [5, 18­23 бб.].

      Гендерлік бірлік, белгілер ХVІІІ ғасырда антропологтар, ХІХ ғасырда этнографтар зерттеулерінде аз­кем сөз болғаны, ХХ ғасырда Қ. Жұбанов еңбектерінде гендерлік лингвистикалық белгі бергені анық.

      "Тіл адам баласының барлық табыстарын білдіреді. Адам баласының өрлеу жолындағы ізінің тілге бедері түскен. Қазақтың "балам" деуі патриархат заманының қалдығы, өйткені бұл сөз ру деген сөзге байланысты: ұру-ұрық-ұрығ-ұру; Бұл хасыл (асыл) – тек. Көрінген баланы "балам" деуі некесіз заманнан қалған мұра. Ол заманда әйелдің жасы үлкені ана, апа болған. Бұлар да ру аты сияқты аталған. Еркектің үлкені ата болып аталған, қыз – кішкене әйел дегенді білдіретін сөз, оны моңғолша – кеукім дейді екен. Мұндағы ­кін – "ботақан" дегенді  ­қан; ­қан"кішкене" − деп көрсетеді. Сол сияқты "...көне түріктер бұрын бала деген жалпы атауды ұғлан деп қолданып, реалистік мәнін ашу мақсатында ер ұғлан, қыз ұғлан деп жыныстық ұғымды айырып атаған", − дейді Қ. Жұбанов [6, 115-124 бб.].

      Тіл мен адамның жыныстық айырмасына байланысты тіл қолданыс ерекшелігін Қ. Жұбанов әйел тілінің өзіндік белгілері арқылы көрсетеді: "Күншығыста әйелдер тұрмысы ерекше жағдайда болғандықтан, әйелдерге арнаулы түрлі әдет-ғұрып өзгешеліктері мұнда жиі ұшырайды. Сол әдет-ғұрып өзгешеліктерінің бірі – осы күнге шейін Кавказда армян, грузин, түріктер арасында сақталған әйелдердің ым тілі. Жаңа түскен келіншек қай жерде бір айға, қай жерде бір жылға шейін ата-енесімен дыбыстап сөйлеспейді, ымдап сөйлеседі. Бұл тілді армяндар “нашнауар” дейді. Нашнауар сондай бай, сондай ұшталған тіл. Мұнымен әйелдер сумаңдатып ала жөнелгенде дыбыс тілінен еш кемдігі жоқ сияқты", − дей келіп, әр түрлі халық әйелдерінің өзіне тән мимикалық тілі болатынын түсіндіреді [6, 41 б.].

      Қазақ әйелдерінің тілдік ерекшелігі туралы Қ. Жұбанов еңбектерінде алғаш гендерлік тұрғыдан сөз болады: "Әйелдерге ғана арнаулы, жүйелі болмаса да, әйел тілінің өзгешелігі қазақта да жоқ емес. Сол өзгешеліктердің бірі әйелдерде ғана болатын "ернін шығару" (кеміткенде), "бетін шымшу" (ұятсынғанда), "аузын шылп еткізу" (таңданғанда), аузын быртылдату (кекеткенде). Міне, мұның соңғы екеуінде үнсіз ым ғана емес, дыбыс шығару да бар. Бірақ дыбыс айырынды (членораздельный) емес" [6, 41 б.]. Ғалым әйелдердің ат атамауын бұрынғы кездегі "бір нәрсені не жаман, не жақсыға санаса, ол затты айтпастан одан бұрын басқа бір сөзді айтатын болған" әдетімен түсіндіреді де, бұрын "атты ру басы қойған не көсемнің аты қойылған", − деп, ат атамауды содан қалған әдет ретінде пайымдайды [6, 54 б.]. Ол жынысқа тән сөздердің қызметін былайша түсіндіреді: "Үнемі өзгеріс үстінде болатын тіл жүйесі кенжелеп қалып отырады, оның мағынасынан гөрі де формасы өте баяу өзгереді, бұған әйел жынысты, еркек жынысты сөздер дәлел бола алады. Бұл категорияның қазіргі міндеті − екі сөзді қиыстырып, бір­бірімен байлау ғана" [6, 41 б.]. Қ.Жұбанов пікірінше, "дүниеге көзқарас арқылы да нәрсеге ат қойылады. "Бір кездерде дүниедегі заттың біріне пассив, екіншісіне актив деп қарағанбыз. Рама бұрын әйел жынысты сөз емес, пассив болған", − дей келіп, − "аналық дәуірде женский род, аталық дәуірде мужской род пайда болған", − деген тұжырым жасайды. [6, 41 б.].    

       Қ. Жұбановтың кейбір сөздердің этимологиясына байланысты айтылған пікірлері де гендерлік лингвистикалық зерттеулерге негіз болары сөзсіз. Мысалы, "Қазақта ескі кездегі шамандарды "абыз" деп атаған. Ру құрылысы дәуірінде олар ру бастықтары болғандықтан, рудың ақсақалы болғандықтан "абыз" сөзі барлық үлкендіктің аты болып кеткен. Әйелдің үлкенін де қазақтар − абысын, татарлар − абыстай, ағаны − абзи дейтіндер сол "абыз" ұғымынан шыққан сөздер" [6, 284 б.]. "Грузиннің кали, швили деген сөзіндегі шв ұл, бала деген сөз екен; осы мысалдағы шв – қыпшақ сөзіндегі ­шық; осы кішірейткіш -шықбала-шаға деген қос сөздегі -шаға сыңарына тең; Қырым татарлары, әзірбайжандар бала деген сөзді шаға  дейді. Қазіргі тілімізде ұғлан сөзі көтеріңкі немесе асқақ стильде қолданылатын лексема. Ол оғыл-оғлан-оғлақ-ұғыл-ұл деген нұсқасымен бірге ер бала, ұлан дегенді білдіреді. Бұл сөз қыз эпитетімен бұл күнде қолданылмайды" деген [6, 115­124 бб.]. Ғалым қыз сөзімен түбірлес қызалақ сөзі жөнінде былай дейді: "...несомненно, образована путем прибавления к основе қыз слова олақ, употреблящегося по сей день в языках Западной Сибири в значении "дитя", мальчик" [6, 436­437 бб.].Тағы бір атап өтерлік, ғалымның "қатын" сөзінің мән-мағынасына байланысты гендерлік сипаттамасы "қатын" деген сөз ерте замандарда ханның әйелдеріне ғана арналған атау болған, кейін келе ханның уәзірлерінің әйелдерін де солай атаған, ақыр соңында байға тиген барлық әйелдерді қатын деп атап кеткен" [6, 93 б.].

Ғалым гендер саласындағы сөз бен жұрнақ деңгейінде де зерттеу жүргізген. Мысалы, ­дай жұрнағының арғы төркіні тек сөзінен шыққан деген пікір айтқан. "Казахский суффикс сравнения ­дай (­дей, ­тай, ­тей), звучащий у современных уйгуров и узбеков как ­тек, ­дек, и ­дақ, а в орхонских надписях в одной только форме ­тег (тәңіртег − подобно небу), восходит к слову тег (род, происхождение)" [6, 444 б.].

      Қ. Жұбанов "Диуани хикмәтті" талдаған еңбегінде де гендер факторын ескеріп отырған. Ол әсіресе Хожа Ахмет Яссауидің әйел хақында түйген пікірлерін ерекше атап көрсетеді: "Біздің түсінігімізше, Хожа Ахмет әйелді өте ардақтайды. Оның әйелді ардақтаушылығы – адамгершілік ретінде, ұждан ретінде, сезімшілдік ретінде әйел затына аяушылық еткен тәрізді. Толғауда: "Ардақталып өскен есіл ғана сәулелерім-ай! Қайтейін, жаудан қорыққанынан жүректерің ұшып кетті-ау!” −  деген сөздер мен "Жанымнан артық көрінген жан сәулелерім-ай! Қайтейін, дінсіздердің қолына түсіп қор болдыңдар-ау!"− деп іші-бауыры елжіреп, ұлдардан айрықша жаудың қолына түскен қыз бен әйелдерді шын жүрегімен есіркеуі – сол 12 ғасыр кезіндегі түркістандық азаматтардың – халық ерлерінің әйелге деген бірден-бір көзқарасын көрсетеді", − дейді ол [6, 304-305 бб.].

       Жалпы әйел мәселесі жөнінде Қ. Жұбановтың өз пікір-байламы бар. Мәселен, "ертедегі ата-бабаларымыздың ескі салт, көне дәстүрінде әйелдерге кемсітушілік көзбен қараушылық болмаған тәрізді. Күні кешеге дейін, әйелдер правосы совет заңы бойынша ерлер правосымен бірдей болғанға дейін, ел аузында: "әйелдердің жолы үлкен" дейтін үлгілі сөз болатын және сонымен әйелдердің "аң байланарлық" правосы да сақталып келген болатын. Осымен қатар, әйел мен еркек бір көлікке мінгесу керек болғанда "әйелдің жолы үлкен" деген ескіден келе жатқан ата дәстүрі бойынша көліктің алдына әйелді отырғызатын заң да сақталып келді. Міне, осылардың бәрі қазіргі қазақ халқының ата-бабаларының ежелгі салтының жұрнағы еді" [6, 306 б.] − деп келеді. Қ. Жұбанов тұжырымы: "Тіліміздің сонау ұзақ жолда қандай өзгерістерге ұшырағанын білу керек. Бұрынғыны білу жәй әшейін мақсат емес, тілді меңгерудің бір амалы. Біз тілді меңгеріп болғанымыз жоқ, толық меңгерсек қана оны дұрыс бағытта өзгерте аламыз" [6, 119 б.]. "Біздің мақсат − тілді дұрыс бағытта дамыту, сол үшін де гендерлік зерттеу керек", − дейді                 Б. Хасанұлы [5, 23 б.].

      Н.И. Ильминский, Г.Н. Потанин, А.Н. Самойлович, Н.И. Гродеков,        Н.А.Баскаков еңбектерінде де тиым салынған сөздер, табу, эвфемизмдермен қатар ат тергеу салтымен байланысты әйел тілінің ерекшеліктері сөз болады.    Бұл жөнінде Ә.Ахметов еңбектерінде кеңінен талданады [7, 37­43 бб.]. "Қазақ тілін тұңғыш зерттеушілердің бірі Н.И. Ильминский [8, 191 б.] қазақ келіндерінің халықтың берік қалыптасқан ат тергеу салтын бұлжытпай сақтайтынына назар аударып: "Келінге күйеуінің туыстарының есімдерін ашық айтуға болмайды. Күйеуінің іні­қарындастарына ол өз тарапынан: төрем, шырақ, жарқын, шырайлым, бикеш сияқты ат қояды. Егер күйеуінің туыстарының қайсыбірінің есімі кейбір заттың атауына сәйкес келсе, келін ол затты да өз атымен атай алмаған, бірақ оған лайықтап әрі басқаларға да түсінікті болатындай, жанама атау ойлап табатын болған", − дейді.

      Н.И. Гродеков келтірген деректерге қарағанда, қазақ пен қырғыздың ізетті әйелі тіпті қыз күнінде­ақ, болашақ күйеуінің жеті атасына дейінгі қыз алыспас туыстарының есімдерін атауды ұятқа санап, оларды тергеп, басқаша атаған.

      А.Н. Самойлович  Мұстафа Шоқай жинаған деректерге сүйене отырып, оның өзі шыққан рудың, атап айтқанда, қыпшақтың,қыпшақ ішінде торы­айғыр немесе торы,торының ішінде шашты,шаштының ішінде бошай,бошайдан тарайтын жанайдың ішінде қалай сақталатынын анықтайды. Мәселен, сол кездерде жоғарыда аталған аталардан жанайдан бастап, шаштыға дейін бір­бірімен қыз алыспапты да, әйелдер ат тергеу салтын сол аралықпен шектеген. Ғалым деректерінде қазақтағы торы руының келіндері аталарының атының бір буыны кетіп қалмасын деген мақсатпен торғай деген сөзді тергеп, оның орнына шымшық, шөже немесе жау шөже деген эвфемистік атауларды қолданған. Ал жылқыайдарлардың келіндері "жылқы" деген жалпы есім мағынасындағы сөзді де тергеп, оның орнына мінгіш немесе туар сияқты эвфемизмдері пайдаланылған . Ат тергеу салты Ы. Алтынсаринде де аталған: "Бір қазақтың бес ұлы болыпты. Олардың аты: Көл, Қамыс, Қасқыр, Қой және Пышақ екен. Бір күні келіні суға барса, көлдің аржағында, қамыстың бержағында қасқыр қойды жеп жатыр екен. Сонда келіні жүгіріп келіп: сарқыраманың аржағында, сылдыраманың бержағында маңыраманыұлыма жеп жатыр, тезірек жанығыш пен кескішті жеткізіңдер" [9, 256 б.] − дейтін ақылды келіннің атасына айтқан астарлы әңгімесі бұл күнде табу мен эвфемизмге қойылған ғажайып ескерткіштей, әлемдегі ең салиқалы басылымдардың бірі − Британия энциклопедиясының төрінен орын алып, дүйім дүниеге танымал болды дейді   Ә. Ахметов [7, 37 б.]. Ол: "Әлем халықтары, оның ішінде кейбір түркі халықтарының мәдениетіне де тән, адам есімдерімен байланысты тиымдардың және бір ерекше түрі кездеседі. Бұл тиым магиялық тиымдардан ептеп өзгешелеу. Өйткені ол тиымдар негізінен адамдардың жыныс айырмашылығына байланысты тек әйелдерге тән немесе тек ер адамдарға ғана салынады", − дей келіп, табудың жыныспен байланысты түрлерін зерттеген      Э. Краулей деректерін түркі тілдері соның ішінде қазақ тілі материалдарымен салыстыра көрсетеді.  Олай болса, қазақ тіліндегі гендерлік факторды зерттеу тарихи сипат алуы тиіс. Екінші мәселе, жыныстық айырмаға байланысты тіл саласында пайда болған өзекті мәселелерді шешу жолдарын іздестіру қажет.

      Ендеше, қазақ тілі негізіндегі гендерлік лингвистикалық зерттеулер тарихын үш кезеңге бөліп қарауға болады:

1. Жеке­дара деректерге негізделген, тіл мен жыныстың байланысын белгілеген гендерге дейінгі зерттеулер;

2. Тіл мен жыныстың байланысына негізделген, гендерлік белгі алған зерттеулер;

3. Гендерлік лингвистикалық сипат алған зерттеулер.

      Қазақ тілінің гендерлік қыры, оның гендерлік лингвистикалық сипаты. Тәуелсіздік тұғырында тілдік егемендік пайда болды. Тіл өмірлік маңызды мәселелердің алдыңғы шебіне шықты. Соның бірі − гендерлік лингвистикалық зерттеулердің көрініс беруі. Отандық гендерлік лингвистикалық зерттеулер жаңа ғасыр тіл білімінің еншісіне тиесілі болды.Тіл өмірдің барлық саласын қамтиды, соның бірі гендерлік сала болса керек. Демек, гендердің тілдің барлық деңгейін қамтуы заңды құбылыс. Олай болса, гендерлік лингвистика тіл мен гендердің өзара байланысқан реттерін толық қамтуы шарт. Әлбетте, әлемдегі күллі тіл атаулыға байланысты гендерлік сипаттама болатыны анық, бірақ оны түгел қамту мүмкін емес, сондықтан әлемдік лингвистикадағы зерттеулерді жинақтап, оны қазақ тілі материалымен салыстыра, салғастыра талдау керек. Әлемдік гендерлік лингвистиканы салыстыру мен дамыту әрбір ұлт тілі негізіндегі теориялық тұжырымдар арқылы жүзеге аспақ.

     Қазақ тіл білімінің гендерлік бағыты ХХ ғасырдың соңғы жылдары, нақты айтқанда, ХХІ ғасырдың басында жекелеген ғалымдардың қазақ тіліне байланысты зерттеулерінде, қазақ тілінің кейбір гендерлік мәселесі бойынша арнайы жазылған мақалаларында, конференцияларда белгі бере бастады. Соңғы жылдары жарияланып жатқан еңбектердің көпшілігі тіл білімінің гендерлік лингвистика саласына деген қызығушылықтың артып келе жатқандығын көрсетеді. Гендерлік тілдік белгілер арнайы зерттеу нысанына айналды, бірнеше ғылыми мақалалар жарияланып, диссертациялық жұмыстар орындалуда. Солардың ішінде гендерлік лингвистика, әйел тілі, қыздың сөйлеу әдебі, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының гендерлік сипаты т.с.с. мақалалар жариялап, баяндамалар жасаған, гендер мәселелері бойынша диссертациялық жұмыстарға жетекшілік еткен Б.Хасанұлы, гендерлік қарама­қарсылықтардың тілдегі көрінісін зерттеген З.К.Сәбитова, қазақ концептосферасына енетін ана концептін контрастивтік­лингвомәдениеттанымдық (ана/мать) қырынан қарастырған Н.М. Жанпейісова, қазақ, орыс, ағылшын тілдері морфологиясы бойынша гендерлік салғастырмалы зерттеулер жүргізіп жүрген З.Ж. Түйебекова еңбектерін атаған жөн. Осы қатарға З.М. Нұржанова, Г.Б. Мамаева, В.Д. Нарожная, О.Л.Сохацкая, Г.К. Исмағұлова  т.б. зерттеулерін де қосуға болады.

       Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми­зерттеулер институтында жүргізіліп жатқан зерттеулердің тіл білімінің гендерлік бағытын дамытуға қосып келе жатқан үлесі қомақты.

     ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап гендер мәселесі қазақ тілі мен өзге тіл біліміндегі зерттеулер негізінде тіл теориясы тұрғысынан арнайы зерттеле бастады. Ол Б. Хасанұлы еңбектерінен бастау алады. Ғалым: "Гендерлік фактордың көрінісі тілдің барлық деңгейінде зерттелуі шарт", − дей келіп, қазақ тіл білімінде гендерлік бағытты қалыптастырудың жолдарын атап көрсетті:

1. Салыстырмалы және салғастырмалы гендерлік лингвистика (мысалы, морфология деңгейінде адамның есімі мен тегіне, әкесінің атына белгілі бір жұрнақтың, жалпы жұрнақ атаулының бір түрінің қолданылу­қолданылмауы; тек (род) категориясының қазіргі тілде, оның тарихында болу­болмау белгісі т.б.).

2. Гендерлік паралингвистика. Бұл бағыт қазақ тіліндегі ым­ишара белгілері негізінде қалыптасуы тиіс. Қазақы гендерлік паралингвистика тұрғысынан жүргізілген зерттеулердің өмірдің көптеген салаларын (өнер, көпшілік алдындағы сөз т.б.) дамытуға септігі тиер еді.

3. Гендерлік лексикография. Бұл бағыт қазақ тілі мен өзге тілдердің негізінде жүзеге асуы тиіс.

4. Гендер және тіл игеру. Бұл бағыттағы зерттеулер тілді жоспарлау ісіне аса қажет [48, 287 б.].

      Ілгеріде атап өткеніміздей, Б. Хасанұлы қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым Қ. Жұбановтың ғылыми мұраларын гендерлік қырынан зерттеп, бірнеше еңбек жариялады [5; 58]. Сол сияқты ғалым зерттеулерінде қазақ әйелінің сөз саптау ерекшелігі, оларға байланысты қолданылатын тілдік бірліктер т.б. арнайы қарастырылған. Ол: "Қазақ халқының менталитеті гендерлік тұғырда дараланады: қызын − ар деп, ұлын − нар деп білген. Қыз деген − басына үкі тағып, үлпілдеп өсіп, ерке күн кешкен, өзге босағаны аттамаған, етегін жел ашпаған бүлдіршін. Қызға тән сөздер, оған байланысты қолданылатын сөз өрнектері, ым, ишара түрлері, қыз атынан тұратын эпоним атаулар да тілімізде молынан кездеседі (мысалы, Қыз Жібек т.б.). Оларды гендер − жыныс ұғымына байластырып, гендерлект,гендерлема деп белгілеуді ұсынамыз", − дей келіп, − "қыз тілі (қыздың сөйлеу әдебі) − қызға тән сөз бен сөйлеу (вербалды тілдік бірлік) және ым мен ишарат (бейвербалды бірлік) түріндегі атаулар, тек қана қыз балаға қатысты және солармен қарым-қатынаста қолданылатын сөз саптау әдебі" деген анықтама береді [10, 107 б.]. Ал әйел тілінің гендерлік ерекшелігін сипаттайтын "Әйел тілі − тілдің әлеуметтік жыныстық жіктелу көрінісі" атты еңбегі екі тілде − қазақ, орыс тілдерінде дайындалған.

     Гендерлік лингвистиканың нысаны, пәні, әдіснамалық негізі мен зерттеу әдіс­тәсілдерін баяндау арқылы гендерлік лингвистиканы қазақ тілі негізінде басқа тілдердің материалдарын пайдалана отырып, толық сипаттауға, дамытуға, қажетті, өзекті мәселелерін белгілеуге болады. Әрине, гендерлік лингвистиканың өзектілігін алдымен айту керек. Сонымен қатар гендерлік лингвистиканың болашақта зерттелуге тиісті проблемалары да аталуға тиіс. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, гендерлік лингвистиканың теориялық базасы − гендеризм тұжырымдамасы (И. Гоффман), билік (М. Фуко) және қоғамның жыныстық жіктелімінің мәдени байланыстылығы тұжырымдамасы (М. Мид). Еркек пен әйелдің мінез­құлық ерекшеліктері тек биологиялық жынысқа қатысты деген көзқарастың қате екендігі дәлелденді. Бір мәдениетте еркектік, әйелдік деп танылған гендерлік белгілердің екінші бір мәдениетке тән еместігі айқындалды. Дегенмен барлық мәдениетте жыныстар арасындағы айырмашылықтар сақталады. Жыныстар әрекетіндегі мәдени және әлеуметтік шарттылықтар гендеризмнің негізі ретінде ұғынылады. Патриархат мәдениетінен кейінгі кезеңде де жыныстар мәртебесінің тең болмауы лингвистикалық зерттеулерде билік теориясына назар аударуды қажет етеді. Биліктік қатынастар және олардан туындайтын бағалаулар мен ұғымдық анықтамалар тілде белгіленіп отыратындықтан, андроцентризм деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, Батыста феминистік бағыттың қарқынды дамуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Тіл біліміндегі гендерлік зерттеулердің ендігі бір тобы пәнаралық сипатта дамып келеді. Мәселенің маңыздылығы мен күрделілігі, ауқымдылығы ғалымдар назарына іліккен. Сонымен бірге гендерлік белгілердің тіл деңгейлеріндегі көрінісін сипаттау, "жыныс" ұғымының концептуалдануын сипаттайтын тілдік тәсілдерді анықтау, "әлемнің гендерлік тілдік бейнесін" (гендерлік концепт, гендерлік таптаурындар) белгілеу және соларға сәйкес, мәдениетаралық салыстырулар жүргізу гендерлік зерттеулерде өзекті мәселелер қатарында қарастырылады. Тілді гендерлік қырынан зерттеудің аксиологиялық және этномәдени ерекшеліктерін ескере отырып, мәдени доминанттар рөлін танып­білудің де маңызы зор. Мәдени доминанттарды зерттеу (басқа ғылым салаларының мәліметтерін пайдаланса да) алдымен лингвистикалық білімді игеруді қажет етеді (лексикалық, фразеологиялық бірліктерді жинап­теру, сөздіктерден, мақал­мәтелдер жинағынан, көркем әдебиеттен, бұқаралық ақпарат құралдарынан қажетті мәтіндер жинау). Сол сияқты психолингвистикалық тәжірибелердің нәтижесі ретінде ассоциативтік сөздік материалдарын (әсіресе жаңа функционалдық сипаттағы талдауларға) пайдаланудың тиімділігі басым [11, 79­81 бб.]. Қазақ тіл біліміндегі гендерлік бағыттың қалыптасуы мен дамуына себеп болған факторларға тоқталуға болады. Айталық, саяси­әлеуметтік фактор қоғамдық сананың гендерлік парадигмасының ауысуына және еліміздің дамуындағы саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге себепкер болуда. Ал лингвистикалық фактор тілдің әлеуметтік қызметін дамыту, әлемдік лингвистикада өріс алған бағыттардың кең таралуына тікелей әсер етеді. Олай дейтініміз, әлемдік психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, когнитивті лингвистика, гендерлік лингвистиканың қарқынды дамуы қазақ тіл біліміне өз әсерін тигізе бастады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Валиханов Ч. Следы шаманства у киргизов // Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах.  АлмаАта: Каз. сов. энциклоп., 1985.  Т. 4.  460 с.

2. Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогикалық мұралары.  Алматы: Рауан, 1991.  144 б.

3. Байтұрсынов  А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу / Құрастырған Р. Нұрғалиев. Алматы: Жалын, 1991.     464 б.

4. Хасанұлы  Б. Ана тілі − ата мұра (Қазақ тілінің жер жүзі тілдері жүйесіндегі алатын орны).  Алматы: Жазушы, 1992.  272 б.

5. Хасанұлы Б. Қ. Жұбановтың гендерлік жіктелімдер жөніндегі  пайымдаулары // "Жұбанов тағылымы":  халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары.  Ақтөбе, 2005. 1524 б.

6. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. 450 б.

7. Ахметов Ә. Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер.  Алматы: Ғылым,  1995.  176 б.

8. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского наречия.  Казань.  1861.

9. Алтынсарин Ы. Таңдамалы шығармалар / Құрастырып, баспаға   дайындаған Б.С. Сүлейменов.  Алматы: Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1955.  415 б.

10. Хасанұлы Б. Қыздың сөйлеу әдебі − ана тілінің ажары // "Қазақ қызы:      өткені, бүгіні, ертеңі: халықаралық ғылыми-практикалық конференция   материалдары.  Алматы, 2003.  1том. 

11. Кирилина А.В. Гендер: лингвистические аспекты.  М.: Институт  социологии РАН, 1999.  189 с.