Қашырбекова Ғалия,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Филология институты

Жалпы тіл білімі кафедрасы

 2 курс магистранты

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ҚАЗАҚ ОРФОГРАФИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

 

 А.Байтұрсынов 1895-1909 жылдары ауыл мектептерінде бала оқытып жүрген кездерінде оны араб әліпбиінің қазақ сөздерін дұрыс жазуға келгенде үйлесімсіздігін, онда қазақ тілі үшін қажетсіз, яғни қазақ сөздерінде келмейтін дыбыстардың әріптері бар, бірақ қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне қажет ерекше дыбыс таңбаларының жоқ екендігі, олардың қажеттігі ойландырады. Ойлана жүріп қолданыстағы араб графикасын қазақ тілінің фонетикалық қалыбына салып, реформалайды. Қазақ тілі үшін қажеті жоқ артық таңбаларды ығыстырады, олар жуан дауыссыз деп аталатын араб тіліне тән дыбыс таңбалары болатын, кейбір таңбалардың жуан-жіңішкелік оппозиттерін білдіретін тәсілді ұсынады, ол үшін дәйекші деген белгіні ойлап табады. Байтұрсынов бұл проектісін «Жазу тәртібі» деген көлемді мақала етіп «Айқап» журналының 1912 жылғы 4-5 сандарында жариялайды. Қазақ тілінің әліпбиін түзу үшін алдымен оның фонетикалық жүйесін талдап береді. А.Байтұрсынов мұрасын тарихи-лингвистикалық зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, оның бұл жұмысы – нағыз ғылыми, ғылыми аргументтері күшті, тіпті бүгінгі күннің талабын да өтейтін еңбек болып табылады. А.Байтұрсынов бұл ізденістерінде қазақ тілінің фонологиялық табиғи белгісі – сингармония заңдылықтарына сүйенеді. Бүгінгі фонетист ғалымдар А.Байтұрсынов дыбыстар жүйесін сингармофонемалар ретінде дұрыс таныды дейді. Сондай-ақ қазақ алфавитін түзуде (жасауда) болсын, грамматикалық (морфологиялық) категорияларын зерделеуде болсын, А.Байтұрсынов тіл біліміндегі парадигмалық жүйені ұстады. Парадигматилық жүйе дегеніміз – тіл бірліктерінің (дыбыстардың, морфологиялық көрсеткіштердің, емлелік тәртіптердің т.б.) екі түрлі типін бір-бірінің қарсысына қойып жүйелеу. Сондықтан қазақ әліпбиін түзуде дыбыстардың дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке, қатаң-ұяң сияқты оппозиттерін негізге алған. Бұл бүгінгі ғылым биігінен (жетістіктерінен) қарағанда өте дәлелді, дұрыс ұстаным болып саналады. Ғалым араб жазулы (таңбалы) қазақтың өз алфавитін (әліпбиін) жасап, ғылым-білім дүниесіне ұсынады. Жүйелілікпен түзілген бұл әліпбиін Ахмет Байтұрсынов тәртіпті жазу деп атаймыз деді: «Тәртіпті жазу дегеніміз тілдегі бар дыбыстың бас-басына арналған белгісі (әрпі) бар болса» деп анықтайды. 1912 жылғы «Айқаптың» 9,10,11-сандарында «Шахзаман мырзаға» деген көлемді мақала жариялап, өзі көп ізденіп, іс жүзінде, мектепте балалардың сауатын ашу процесінде тәжірибеден өткізіп түзген алфавитін нағыз ғылыми-теориялық негізде дәлелдейді [3, 86 б ].

Ахмет Байтұрсынов енгізген «Жазу тәртібі» термині «Қазақ жазба дүниесіне қажет алфавит» деген ұғымды береді, яғни қазақ тілінің табиғи фонетикалық құрылымына сәйкес тілде бар дыбыстардың жеке таңбасы (әрпі) болуы, сондай-ақ жазуда қазақ тілінің үндестік заңдарының сақталуы қажет екендігін ескертті. Бұл пікір-ұсынысқа қарсы шыққандар да болды, олар «түркі тілдеріне ортақ» бұрынғы жазу (емлеге қатысты) үлгісін сақтауды ұсынды. Демек, А. Байтұрсынов және бірқатар зиялылар қолданып келе жатқан араб әліпбиіне қазақ жазбалары үшін өзгеріс енгізу, яғни реформалау принципін ұсынды. Ол: «бір жөнменен жазылатұғын жазу жоқ», жазғанымыздың қате, дұрыстығын айтарлық емле жоқ, оның жоқтығы қазақ тіліндегі дыбыстарға ашып-арнаған әріптер жоқ» - деп жазғанда, қазақтарға қажет тек алфавит мәселесі ғана емес, соған тікелей қатысты емле мәселесін де көтерді, оның әлі күнге жоқтығын айтты. Бұл пікірсайысты «Айқап» журналынан «Қазақ» газеті іліп әкетті. А. Байтұрсынов қазақ жазуы үшін жасаған әліпби жобасын қостай отырып, Міржақып Дулатов (Азамат Алашұлы деген лақап атпен) жаңа әліпбиге ф мен х таңбаларын енгізуді ұсынады. Бұл да тұңғыш пікілердің бірі болды. Қазақ жазуының орфографиясы ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларында тұңғыш рет сөз болды. Оның қажеттігі мен рөлі ғана дәлелденіп қойған жоқ, алғашқы ережелері іспеттес тәртіп жүйесін ұсынды. Ахмет Байтұрсынов қазақ жазуының емлесі туралы ой-пікірлерін өзі редакторы болған «Қазақ» газетінің беттерінде әрі қарай жалғастырып, пікірсайысқа жол берді. Емле мәселесіне келгенде, «Айқап» пен «Қазақ» газеттері қарама-қарсы екі түрлі бағытта болды. «Айқап» бұрынғы дәстүрлі әліпби жүйесі мен емлені қолдаса, «Қазақ», әрине, А. Байтұрсыновтың әліпби реформасы мен жаңа емле принциптерін жақтады [1, 98 б ].

Сөйтіп, ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ мәдениеті, жазба тілі үшін графика (әліпби) мәселесі мен қазақ жазуы емлесі жайындағы әңгіме баспасөз беттеріндегі пікірталастар түрінде әлеуметтік үнге ие болды. Бұл – қазақ рухани-мәдени дүниесінің едәуір көтерілгенін, ұлттық проблемаларға бара алатын зиялы топтың, мәдени күштің жетіле бастағанын танытты. Қазақ жазбасы сан ғасыр бойы қолданылып келген, ХХ ғасырдың басында реформаланып, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне лайықталған, кезінде үлкен ғалымдар (Поливанов, Яковлев т. б.)  «Байтұрсынов жазуы» деп, ал А.Байтұрсыновтың өзі «Қазақ жазуы» деп, кейінгі зерттеушілер «Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы» деп аталған араб таңбалы жазуды ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан бастап латынға ауыстыру науқаны басталды. Бұл қарекет, әрине, жеке-дара қазақ мәдениетінде емес, түріктер мен әзірбайжандарда басталып, Ресей қол астындағы түркі халықтарының (татар, қазақ, өзбек, қырғыз, ноғай т. т.) барлығының саяси-мәдени өмірінде белсенді түрде орын алғаны белгілі. Бұл құбылыстың алдыңғы кезеңдердегі алфавит, соған сәйкес жазу тәртібі – орфография мәселелерінің қойылуынан өзгешелігі сол – бұл кезеңде (1924 – 1929 жылдары) графика мен орфография үлкен саяси-әлеуметтік үн алды. Конференция, жиындар өткізілді. Бұл проблемаларға арналған ғылыми-практикалық негіздерге сүйенген баяндамалар жасалып, үлкен пікірталастар орын алды, қазақ ағартушылары мен ғалымдары арабшылар – латыншылар болып айқын екі жікті құрады. А.Байтұрсынов, М.Дулатовтар бастаған «арабшылар» (реформаланған араб жазуын ұсынушылар) азшылық болды [1, 98 б ]. Сол кезеңнің саясатына қарай өзге түркі халықтары өкілдерінің көпшілігі латын жазуын жақтап, Кеңес Одағына қараған түркі халықтары үшін латын жазуына көшу ұйғарылды.

Жазудың бұрынғысы реформаланған немесе жаңасы қабылданған кезінде оған қоса көтерілетін үлкен мәселе – сол жазуға сай келетін, яғни сол графикасымен сауатты жазуды жүзеге асыратын орфография мен пунктуация мәселелері қоса көтерілетіні белгілі, бұл әрекет әр кезеңде әр түрлі қарқында болып келді. Латын жазуын қабылдау туралы ұйымдастырылған жиын-конференциялар мен баспасөз беттерінде емле мәселелерімен қатар пунктуация жайы да кеңірек айтылды. Жазба мәтіндерде тыныс белгілерінің ережелерін түзу (жасау) және оны пайдалану проблемасы қазақ мәтіндерінде ХІХ ғасырдың соңғы онжылдықтарында көтеріліп, ХХ ғасырдың басында дұрыс, сауатты жазу үшін пунктуация өте қажетті проблема екендігі орнықты. Араб таңбалы жазуда тыныс белгілерінің жоқ болғандығы, бас әріп таңбасының жоқтығы мәтінді дұрыс жазуға, түсініп оқуға кедергі келтіретіндігі сөз болды. Әсіресе «Түркістан уалаяты» мен «Дала уалаяты» газеттері жарық көре бастағанда, тыныс белгілерін қолдану әрекеті басталды. «Синтаксистік тұтастық» (период) деп аталатын мәтін сегменттерін (бөліктерін) айырып азат жолдан (абзацтан, жаңа жолдан) бастап жазу да осы кезде көрінді. А.Байтұрсыновтың оқулықтары мен еңбектерінде, ХХ ғасырдың басында шығып тұрған «Қазақ», «Айқап» газеттерінде кеңінен орын алды. Араб жазуымен ұсынылған мәтінде орын алмаған (және орын алуы мүмкін де емес) мәселе – бас әріптің қолданылуы болып қала берді, сондай-ақдефис пен сызықшаның қолданысы, оқшау сөздердің сөйлемдегі өзге сөздерден тыныс белгілерімен, көбінесе үтірмен бөлектетіліп көрсетілуі сияқты пунктуацияның жеке тұстары да әлі айқындалып, тұрақталмағандығы көрінді. Сөйтіп, нағыз ғылыми дәлелдермен орын алған үлкен тартыстан кейін 1929 жылы қазақ халқы сан ғасыр қолданып келген араб жазуынан жаңа жазу – латынға көшті. Оның қолданылу тәртібі – орфографиясы 1929 жылы жеке талқыланып (Қызылордада өткен конференцияда), осы кезден бастап іс жүзінде қолға алынды: мектептер мен баспасөз және баспа орындары енді латынша жазуға көшті [4, 56 б ].

Қазақ мәдениетінде латын жазуынан кейін орыс жазуы қолданысқа енді. Орыс жазуына (кириллцаға) көшу процесі негізінен латынға көшкендегідей бүкілодақтық үлкен жиын-конференцияларсыз, ғылыми негізді пікірталастарсыз, көп дайындықсыз өтті, КСРО-ны мекендеген түркі халықтарының жазуы латыннан кириллицаға көшсін деген үкімет қаулысы алынды да, 1940 жылы күзде қауырт жаңа әліпбиді қолдануға жарлық шықты.

Жаңа «орыс жазуы» кеңінен таралып, игерілуін үлгермей жатқанда, қоғам тіршілігін кілт өзгерткен Ұлы Отан соғысы басталды. Төрт жылға созылған соғыс жылдарында жазу мен оның емле ережелеріне мұқиат үңіліп, қырнай түсетін іс-шаралар жүргізетін мүмкіндіктер де бірінші кезекте тұрмады, дегенмен 1940 жылдың соңынан басталған жаңа «орыс жазуын» қазақ мәдениеті: оқу-ағарту саласы, мерзімді баспасөз, баспалар ісі тегіс пайдалануға кірісті. Соғыс аяқталар тұста бұл жазу да дағдылы құбылысқа айналып үлгірді: Халық жаңа әліпбимен жазып, жаңа жазулы басылымдарды біршама еркін игеріп кетті. Дегенмен о бастан, жаңа графика қабылданып, оның алғашқы емле ережелері түзілген кезден бері қолданыста қиындық келтіріп келе жатқан, ала-құлалыққа жол беріп отырған емле ережелерін айқындап, түзетулер енгізу керектігі көрінді. Олар төл сөздердің жазылуында ы, і әр позициядағы қолданысына қарап (топрақ/топырақ, рас/ырас, ру/ұру, сиыр/сыйыр, жинау/жыйнау, силау/сыйлау т. т.); ә әрпінің екінші, үшінші буындарда жазылуына (Жәлилә/Жәмила, Күлаш/Күләш, күман/күмән т. т.), сөздердің бірге, бөлек жазылуына, орыс тілі арқылы келген сөздерге қазақ тілінің қосымшаларын жалғауына т. б. қатысты болды. Кириллицамен жазудағы бұл қиындықтар тек 1957 жылы (әрине, ұзақ пікірсайыстардан кейін) ғана біршама жинақталып, түзетулер енгізіліп қазақ тілінің орфографиялық ережелерінің жаңа редакциясы қабылданды. Бұл ережелер кодексі де, алдыңғылар сияқты ресми түрде қабылданды, яғни Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы Указымен 1957 ж. 5-маусымда бекітілді, одан кейін де бұл ережелерге түзетулер мен толықтырулар енгізілген, жаңа редакциясы да 1983 ж. 25-августа Қазақ ССР Жоғарғы Совет Президумының Указымен бекітілді. Күні бүгінге дейін емле ережелерінің бұл соңғы редакциясы азын-аулақ түзетулермен қолданылып келеді. Осы ережелердің негізінде Қазақ тілінің үлкенді-кішілі бірнеше орфографиялық сөздіктері жарық көрді [5, 34 б ].

Орфография да тарихи, «жанды» құбылыс. Қоғамның әлеуметтік-саяси өмірінің дамуы ол пайдаланылып отырған жазба тілдің, әсіресе оның сөздік қазынасының толығуы, реттеле түсуі (нормалану процесі) сияқты қозғалысына орай оның жазба тәжірибесі де, жазу тәртіптері – емле қағидалары да азды-көпті өзгерістерге ұшырап отырады, өңделе, қырнала түсіп реттеледі. Сондықтан өткен ХХ ғасырдың 80-жылдарының бас кезінде соңғы рет ресми түрде қабылданған, яғни осы ережелер бойынша жазу міндеттелген орфографиялық ережелерге кейінгі, 20 жылдан астам мерзім ішінде де ғылыми-практикалық мәні бар пікірлер айтылып келеді. Бұл пікірлер мен ұсыныстар әсіресе қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесі (статусы) берілгеннен кейін тіпті жандана түсті. Әңгіме көбінесе орыс сөздері мен интертерминдерді жазуға (олардың дыбыстық тұрпатын қазақша сындырып жазуды, қазақ, араб, парсы сөздерінің екінші, үшінші буындарында еріндік үндестігін сақтап жазуды (құдұқ, құлшұлұқ) ұсынған өзгерістер енгізуге қатысты болып келеді, сондай-ақ қазақ сөздерінің бірге және бөлек жазылатын сәттерін әлі де айқындай түсу, адам, жер-су аттарын дұрыс жазу (яғни бұзып жазуға бет алған ағымға тойтарыс беру) тәрізді жеке тұстары да айтыла бастады.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.                 Байтұрсынұлы А.Тіл тағылымы. – Алматы: Білім, 1992. 236 б.

2.                 Оразалы Ш., Нұртазин М. "Тілге де тірек керек". Астана. 2003 ж.

3.                 Балақаев М., Серғалиев М. "Қазақ тілінің мәдениеті". Оқулық. Алматы, 2004 ж.

4.                 Серғалиев М. «Көгілдір экраннан айтылар сөз немесе осы төңіректегі кейбір ойлар». Халық кеңесі, 1994 ж, 5 наурыз.

5. Р.А.Будагов «О предмете языкознания» 1972 ж, Москва.