Гүлзия Пірәлі,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
«Әуезов үйі» мәдени-ғылыми орталығының бас
ғылыми қызметкері, ф.ғ. докторы, профессор
М.Әуезовтің
кітапханасындағы қолтаңбалардың зерттелу мәселесі
Әдебиеттану
ғылымында жиі кездесетін жанрдың бірі-автограф. Шағын
мәтінді қолтаңбаны ғылыми мәселе ретінде арнайы
зерттеу әлі күнге дейін күн тәртібіне
қойылған емес. Әдеби дерек, ғылыми факт ретінде оларды
қарастыру әрине назар аударуды қажет етеді. Өзінің
жүрегінен шығып, жұртшылыққа жолданған
туындыларын автор ең бірінші кімге ұсынды,оның ішіндегі
парасатты ойларды кім парақтады? Оймақтай ойдың ордасы
іспетті жазушы жүрегінен жарып шыққан шуақты ойлар,
жылы лебіздер келесі жүрекке қалай жеткізілді? Суреткердің өз кітабының
сүйінші данасына қуаныштың қарлығашындай
болған қолтаңбасын қойып, ұсынған жаны кім
болды екен? Ол бақытты жанның қаламгердің өміріне
қатысы қаншалықты деген қаптаған
сауалдардың қызығушылық тудыруы да табиғи
нәрсе. Төл әдебиеттануымызда зерттеле қоймаған
тың тақырып автографтар
әлемін әлбетте әлемдік деңгейдегі көрнекті
суреткер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің
қолтаңбаларын жинап, жүйелеп, зерттеуден бастау қисынды.
Сондықтан алдымен автографтың анықтамасы мен оның
өмірге келу тарихы туралы түсініктерімізді толықтырып
алғанымыз абзал .
«АВТОГРАФ» — грек. (Autos
– өзім және crapho – жазамын) 1 адамның өз
қолымен жазған қолы, мыс., жазушының
оқырманға берген қолтаңбасы; 2) автордың
өзі жазған қолтаңбасының мәтіні. А.
арқылы шығарманың канондық мәтіні
анықталады, ол жазушы, ғалым немесе тарихи қайраткер
шығармашылығын зерттеу кезінде бағалы материал бола алады. А-тарды
жинау және сақтау мәселесімен архивтер, кітапханалар
және музейлер айналысады. А-тарды жеке адамдар да жинайды.» (К.Камзин.
«Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1 том. А-Ә.
«Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы.Алматы,1998.-720
бет-69 б.). Сондай-ақ,«Толковый словарь Ожегова», «Словарь иностранных
слов, вошедших в состав русского языка» (Чудинов А.Н.1910), Дальдың
сөздіктерінде де автографқа осы мазмұндас анықтама
берілген.
Бүгінгі таңда кез келген
құжатты толтыру мен маңызды келіссөздерді жүргізу
барысында адамның қолтаңбасы маңызды рөл
атқарады. Тіпті, адамның қолтаңбасынсыз ресми
құжаттардың өзі заңсыз болып есептеледі.
Әдетте қол қою барысында, адамдар
құжаттардың маңыздылығына мән бергенде өздері жайлы ақпарат беріп
отырғанын байқамайды. Мәселен, ресми құжатқа болсын,
құттықтау парақшасына болсын, мейлі ол бір
сурет-бейненің бұрышына қойылған қолтаңба
болсын, ол иесінің табиғатынан түсінік береді.Оймақтай
болса да салмақты жүк артылған автографтан автордың
бүкіл болмыс-бітімі, жан-дүниесі,ешкімге ұқсай
бермейтін мінез-құлқы да байқалады.Ал, ол әлем
жұртшылығы қызығып оқыған, талай
ұрпаққа рухани азық болған атақты «Абай
жолын» жазған М.Әуезовтің қолымен, қаламымен
қойылған қолтаңба болса ше?. Әлем таныған Әуезовтің әрбір
қолтаңбасы сонысымен құнды. Жалпы
қолтаңбаның екі түрі бар. Олар 1) ресми
қолтаңба – төлқұжаттарға қойылатын
қолтаңба 2) бейресми, яғни ол кітаптарға,
журналдағы жарияланған мақалаларына және
құттықтау қағаздарына қойылатын
авторлық қолтаңбалар. Мұхтар Әуезов те кейбір
шығармаларына әлде асығыстықтан, әлде бір
өзге себептерден де болуы мүмкін тек подписін (қолын)
ғана қойып беретін сәттері болған. Соңғы
жылдары психолог ғалымдардың зерттеулері бойынша әрбір
әріптің, қолтаңбалардың қағазға
түсірілуі сол сәттегі көңіл-күйді , тіпті адамның
мінез-құлқы, тағдыры
мен табиғи болмысы жайлы көп ақпарат беретін басты белгілер
ретінде қарастырылып жүр. Олай болса
Мұхтар Әуезовтің автографтары, олардың тарихтары,
қойылу сәтіндегі суреткердің
көңіл-күйлері
қазақ әдебиетіне қатысты талай құнды
деректердің табылуына тікелей себепкер болуы да ғажап емес. Әдетте,
автограф 3 түрлі мағынаға ие – біріншіден, ол
құнды құжат, екіншіден реликвия, үшіншіден
сөз өнері үшін өзіндік стилі, тілі, тағдыры, тарихы
бар ерекше жанр.
Авторлық
қолтаңба белгілі бір адамдардың өз қолымен
жазған хаттары мен шығармаларының қолжазбаларынан орын
алады. Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдар мен көрнекті
жазушылардың, ғұлама ғалымдардың, мемлекет
және қоғам қайраткерлерінің
қолтаңбалары қашанда
әдебиет зерттеушілері мен жалпы оқырман қауымды
қызықтырып келген.
Әсіресе
тарихи тұлғалардың өмірбаяндары мен туындыларына
қатысты құнды тарихи құжаттар мен ғылыми
фактілерді, шығармашылық зертханаларды зерттеуде таптырмас дерек
көзі болатын автографтар оқырманына көптеген маңызды
мәліметтер берері мәлім. Әлем әдебиеті тарихында
автографтардың макроавтограф, микроавторгаф, төлтума,
қолтаңба, радиоавтограф, қолжазба, стереоавтограф,
фотоавтограф деген баламалары
бар.
Тарихи
тұлғалардың қайталанбас қолтаңбасы ежелгі
дәуірден бері ерекше
қастерленіп, жиналып келеді. Мәселен, ХҮІ ғасырда атақты
адамдардың қолтаңбасын тәбәріктей тәу етіп,
тарихта қалдыру, жинау зиялы
қауым арасында сәнге айналып, қалыптасқан. Алғаш
рет Францияда ғылыми мақсатпен жиналған автографтар тарихи
құжаттарда көрініс тауыпты. ХҮІІІ ғасырда
автографты жинауды таза коллекционерлік дағдыға айналдыру да қолға
алына бастайды. Сол кезеңдерде автографтарды сауда затына және
фальсификацияға айналдыру да жүзеге асады.1801 жылы Парижде
автографтың алғашқы аукционы ашылса, 1822 жылы Парижде
каталогы өмірге келіп, 1842 жылы көрмесі
ұйымдастырылған. Автографтың
шынайылығы нақтылануы үшін факсимиленің
жинақтарын да жариялау дәстүрге енеді. Оны мына
еңбектер дәлелдейді. (Delarue, Isographie des hommes
célèbres, 1843; The autographic mirror, 1864–1866; Weigel,
Autographie — Prachtalbum, 1858; Deutsche Dichter u. Denker der Gegenwart, 1885,
и др.). Сондай-ақ әлемдік рухани кеңістікте автографтарды
жинайтын коллекционерге арналған бірнеше мерзімді баспасөз
өнімдері жұмыс жасаған. Олар: Парижде — «L’amateur des autographes»; Дрезденде — «Mitteilungen für Autographensammler»; Лондонда — «The Archivist»; Нью-Йоркте — «The Collector», т.б деген
басылымдар.
Әлемдік
әдебиеттану тарихынан белгілі болғандай автографтардың
ең көп жиналғаны Париждің Ұлттық
Кітапханасы мен Лондондағы Британ музейі болса, Россияның
көпшілік кітапханасы мен Ленинградтағы ғылым Академиясы,
Ленин атындағы СССР көпшілік кітапханасы, Толстой музейі,
Мәскеудегі тарих музейі,тағы басқаларда көрінеді.
Әдебиеттегі
ерекше бір жанр болып табылатын автограф мадригалдарға арналған
«қолтаңбасымен альбом» болып Россияда ХІХ ғасырдың
алғашқы жартысында кеңінен дамыған. Ал нағыз
ғылыми маңызды мәселе ретінде қарастырылуы сол
ғасырдың соңына сай келеді. Атақты адамдардың
автографтарын жинау, оны коллекционерлік дәстүрге айналдыру
әлі де жиі кездесетін ғұрып. Өйткені жазушының
жеке архивінде сақталып,өзінің қолтаңбасымен
қалдырылған құнды қолжазбалар қашанда
өзінің бағасын жоғалтпаған. Автограф қаламгерлердің өмірі мен
шығармашылығында қандай да бір
құндылыққа ие.Олардың әдебиет тарихы мен
әдебиеттану ғылымы үшін де
маңызы ерекше.Өзіндік тарихы бар бұл
жанрдың стильдік ерекшеліктері,
әдеби трафареттік тәсілі, көркемдік қасиеті бар.
Мұхтар
Әуезовтің мұрағаты мен жеке кітапханасында
өзінің және көптеген ақын-жазушылар мен
ғылым, өнер, қоғам қайраткерлерінің
жазушыға сыйға тартқан кітаптарында авторлық
қолтаңбалары бар. Қаламгердің шығармаларына
қатысты қолтаңбалары да өз алдына арнайы талдауды,
зерттеуді қажет етеді.
Әр ғасырдың
шежіресі болған кітаптың өз тарихы бар. Әлемдік руханият
кеңістігінде танылған тарихи және шығармашылық тұлғалардың
кітапханасындағы кітаптар мен өзге де ақпараттық
мәні бар басылымдардың толық тізбесін бөлек басып
шығару, оларға түсірілген қолтаңбалар мен
белгілерді зерттеп, жүйелеп, жариялау үрдісі жақсы қалыптасқан.
Алайда, қазақ әдебиеті тарихында жеке
шығармашылық тұлғалардың КІТАПХАНАСЫ,
ондағы АВТОГРАФТАР әлемі әлі әзірге арнайы
зерттеле де, жариялана да қойған жоқ. Бұл екі үлкен
мәселенің, ондағы әдеби, тарихи деректердің
ғылыми мәні өте зор.
Автографтар
адамдар арасындағы өте қызықты әлем. Ол сыйлаушы мен қабылдаушының жеке
тұлғалық қасиетін жете тану үшін таптырмас бай
материал. Көптен күткен кітаптың шыққан
күні мен сыйлаған сәттің датасын анықтайтын да
осы автографтар әлемі.
Орыстың
ойшыл ақыны А.С.Пушкиннің:
«Всякая строчка великого писателя становится драгаценной для потомства. Мы с
любопытством рассматриваем автографы, хотя бы они были не что иное, как отрывок
из расходной тетради или записка к портретному об отсрочке платежа. Нас
невольно поражает мысль, что рука, начертавшая эти смиренные цифры, эти
незначащие слова, тем же самым почерком и, может быть, тем же самым пером
написала и великие творения, предмет наших изучений и восторгов»», – деген
даналық сөзі автографтың маңызын нақтылай түседі.
Әрбір
автограф арқылы айқындалар әдеби фактілер мен көркемдік әлем бір
ғасырдың , бір халықтың, бір ұлттың
ғана құндылықтары емес, ол бүкіл адамзаттың
,ойшыл оқырманның ортақ қазынасы. Әлемдегі
озық ойлы ойшылдардың қасиетті қолдарының табы
бар, даналықтың дәнегі , бір сәттік көңіл
күйлерінің сәулелері түскен, бүкіл
адамзатқа рухани азық болған
ақыл-ойы, сөз мәйегі сақталған бұл
қолтаңбалар ,сөз жоқ,біздің ортақ
мұраларымыз. Ұлттық әдебиеттің шеңберінен
шығып, халықаралық деңгейде орныққан
автографтар әлемдік шығармашылық үрдістің,
әріптестер арасындағы достықтың , қаламгерлік
қарым-қатынастың белгісі, мәңгілік символы.
Әдебиеттегі автографтар әлемі өте
қызықты. Кейде бір ғана сөзден тұратын, бірақ
соңынан талай сырларға ,ойларға жетелейтін
қолтаңбалар құпиясы немесе кей шығармашылық
тұлғалардың шабытты шағына дөп келетін кездердегі
көсіліп,төгілген
өлең шумақтарындағы небір асқақ
ойлы, құйтырқы қалжыңдар, ұшқыр экспромттар,
мықты метафоралардан тұратын автографтардан небір асыл ойлы
альбомдар, құнарлы ойларға толы тіркестерден тұратын
тұтас энциклопедиялар да құрастыруға болар еді.
Сыйланған кітаптардағы қолтаңбалар құпиясын
зерделесек, қаншама толқын талантты тұлғалардың
достығының тарихын түзуге, қазақ
дүниетанымындағы аға мен іні ізеттерінінің, қарым-қатынастарының
үздік үлгілері мен қалтарыс-қатпарларын
айқындауға, олардың көркемдік әлемін зерделеуге,
қанатты қиялдың, шабытты шумақтардың
төресін де тануға мүмкіндік туар еді.
Отандық
әдебиетте кітап сүйер
қауымды қызықтырар автографтарды зерттеу, жариялау - кітап
шығару ісінде әлі қолға алынбауы өкінішті .
Бұл, біріншіден шығармашылық тұлғаның
өмірі мен өнеріне қатысты құнды
құжаттар тізілген туынды болуымен қатар кітап
әлеміндегі экзотика да. Өте сирек кездесетін және
көпшілікке жариялана бермейтін, кейде тіпті жеке шығармашылық
тұлғаның сезімдер шуағы төгілген мөлдіреген
мәтіндер шағын жанрлы дүниелердің шырайын да ендіреді .
Оймақтай ойлардан , шашылып түскен тіркестерден, не болмаса жылт
етпе сезімдерден, асығыс түскен ақпа жолдардан, не болмаса
жүректен шыққан жылы лебіздерден жинақталған
жұп-жұмыр жинақ қай кезеңнің оқырмандарына
да қызықты. Автографтарда арнайы жарияланымға арналмай жеке
адамға бағытталғандықтан да субьективті пікірлер мен
сезімдер басым болуы кәміл. Алайда шығармашылық
тұлғаның әрбір туындысы мен оның әрбір
қолтаңбасының тағдыры туралы толғанған әдебиетші үшін автограф
әлемі тың тақырып. М.Әуезовтей ұлы
суреткердің әрбір мәтіні қазақ әдебиеті
үшін айтып жеткізгісіз құнды мұра. Жоғарыда айтып
өткеніміздей, А.С.Пушкиннің
: «Всякая строчка великого писателя становится драгаценной для потомства» – деген
атақты сөзін біз де, әрбір ұрпағымыз да
ұмытпағаны абзал. Автограф мәтіні неғұрлым
қысқа болғанымен соның өзінде
көңілдегі көрікті ойлар орын алып, көп
мағынаға ие болады . «Теңіз дәмі тамшыдан танылады»
дегендей титтей тіркес кейде адам тағдырынан, оның өміріндегі
мағыналы бір мезеттерінен сыр тартуы да әбден кәдік.
Сондықтан автографтың авторлар тағдыры мен жеке адамдар
өміріндегі өзіндік мән-маңызы ерекше.
Автографты
да екінің бірі емес, белгілі шығармашылық
тұлғалар, танымал өнер иелері ғана сыйлайтыны белгілі.
Әдетте автографтар әлемінде сол кезеңнің иісі, рухы,
үні, психологиясы танылып тұрады. Әр кезең мен
уақыттың рухынан , саяси, қоғамдық,
мәдени-әдеби, тарихи құбылыстарынан хабар беретін де осы
автографтар әлемі. Мұхтар
Әуезовтің өз заманында кімдерді оқыды, қай
замандасын зиялы, адал дос ретінде сыйлады,
қай әріптесін әспеттеді, қай қаламгерге
құрметпен қарады, не үшін, оларды рухани
жақындастырып тұрған нендей құдірет еді деген
түрлі сипаттағы сауалдарға ой жүгіртуге
мәжбүрлейтін қолтаңба мәтіндері шынында да арнайы
зерттеп, зерделеуді қажет етеді.
Біздің
ұсынып отырған автографтар сол алдағы уақытта арнайы
ғылыми, әдеби тұрғыдан зерттелетін
жұмыстарға кіріспе, соған сапарнама, соларға
бағыт беруші көрсеткіш, ой қосушы нұсқа,
дәнекер боларлық дәйекті дүние.
Және
мұндай мағлұматы мол мәтіндер жеке
тұлғаның шығармашылық өмірбаянын
толықтыруға, зертханасын түгелдей, тұтастай
жүйелі түрде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сыйға тартылып, талай сыр түйген
қолтаңбалар әр кітаптың тағдыры мен
оның насихатталуына да, оқылуына түрткі болады.
М.Әуезовтің
жүрек қалауымен жазылып,
сыйға ұсынылған кітаптарындағы автографтар замандастары мен әріптестерінің
кім екендігін, олармен қарым-қатынасының
қаншалықты ресми, шынайы, адал, ізгі ілтипат екендігін
анықтайды. Және жазушы өмірінің белгісіз
тұстарынан там-тұмдап сыр ашып, бұрын беймәлім
болған тарихи, өмірлік фактілердің анықталуына себепші
болуы да мүмкін.
Қаламгердің
өзіне ұсынылған кітап, журнал, газеттер, авторефераттар,
сурет, құттықтау парақшалары секілді көңіл
білдіретін барлық басылым түрлерінде бар автографтар
мұражайдағы кітапханада молынан кездеседі. Бұл қолтаңбалар
арқылы М.Әуезов кезеңінің, әсіресе оған
деген замандастарының достық пейілі, кейбірінің пендешілік
парқы пайымдалады. Біздің бүгінгі мақсат- жазушы
кітапханасындағы қолтаңбаларды жүйелеп, ұсыну.