М.Мағауиннің
«Тазының Өлімі» хикаятының
Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің
қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті,
ф.ғ.к.А.О. Тоқсамбаева
Аннотация
Бұл мақалада әр
жазған тақырыбы өзекті мәселені қозғайтын
М.Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаятының
этникалық сипаты жөнінде баяндалады. Суреткердің
ғасырлық дәстүрдің тереңінен тартқан
бұл шығармасы этникалық сипаттың бірнеше факторын
қатар дамытуымен ерекшеленетіні туралы айтылып, нақты мысалдармен дәлелденеді.
М.Мағауин туралы пікір білдірген зерттеушілердің еңбектерінен
мысалдар келтірілген мақала қазақ әдебиетін
оқытатын мұғалімдерге, ЖОО студенттеріне арналады.
Резюме
В этой статье повествуется об этническом облике
повести «Тазының өлімі» М.Магауина который пишет актуальные проблемы. В этом произведении
писателя которое продолжает традицию века выделяется развитие нескольких
факторов этнического облика и доказывается точными примерами. Статья в которой
приведены примеры из работ иследователей которые высказали мнение о М.Магауине
предназначена учителям казахской литературы, студентам ВУЗ.
Қазіргі кезеңде этномәдени құндылықтарға құштарлық ішкі және сыртқы ғылым аясында артып отыр. Оның себептері көп. Тәуелсіздік алған ел өзінің мәдени құндылықтарын түгендей бастаса, екінші жағынан бұрынғы КСРО құрамынан бөлініп шыққан республикалардың өз ұлттық байлықтары бар екеніне назар аударған әлем олардың табиғатын бар қырынан тануға ұмтылыс жасауда. Осы бағдарда, ғалым әрі суреткер Мұхтар Мағауиннің ғылыми еңбектері мен көркем шығармаларына назардың ерекше ауа бастауы кездейсоқтық емес.Мұхтар Мағауиннің бұрын жазғандары да, бүгінгі таңда жазғандарымен қатар қазір де өзекті. Өйткені суреткердің қай шығармасы болмасын этникалық сипатымен ерекшеленеді. Ал, бұл көркем шығармада ерекше маңызды фактор, дәстүр жалғастығы. Генезисі эпостық жырларда жатыр. «Қазақ эпосының этникалық сипатын» зерттеген ғалым Тынысбек Қоңыратбай бұл мәселе туралы былай дейді: «Тақырыптың маңыздылығы этникалық танымға ерекше мән беріп, ұлттық сананы қалыптастыру, этномәдени құндылықтарды игеру мақсаттарынан туындайды»(1,3). Этникалық таным бүгінгі таңда көп халықтарда қызыл кітапқа жазылатын сирек құбылысқа айналып бара жатқан кезде, Мағауин шығармалары халықтың этнотанымының мәні іспеттес. Мәселен, осыдан отыз жеті жыл бұрын жазылған «Тазының өлімі» хикаяты туралы осыны айта аламыз. Әдебиеттану ғылымы ұлттық қасиет мәселесін зерттеген кезде осы суреткер шығармашылығына қайта-қайта әлі неше мәрте соғары хақ. Суреткер сырттан суреттемейді. Сол өмірдің ішінде өзі жүреді. Өйткені, көшпенділердің барлық этникалық қасиетін бойына жиған рухы биік қазақ халқының тарихын тереңнен біледі. Жоғарыда аталған «Тазының өлімі» шығармасында осы ерекшелігі аса айқын көрініс тапқан. «Лашын» атты тазының иесінен айрылған сәтін былай суреттейді: «Кенет тазының санасын найзағай қамшысы осып өткендей болды. Оған ғаламат құпия – осы уаққа дейін өзіне беймәлім боп келген сыр ашылған еді. Бұл сырдың қорқыныштылығы, алапаттығы соншалық, тазы құлағы түрілген, етекке көз тіккен күйі мелшиіп тұрып қалды. Тоқпақ жілікті кеміріп бітетіндей уақыт өткен соң ғана есін жиды. Сол-ақ екен, буын-буыны қалтырап, арқа жүні тікірейіп, төбе құйқасы шымырлап кетті. Тазы шоқиып отыра бере тұмсығын көкке созды. Ауыз еріксіз ашылып, ар жағынан үрейлі үн шықты. Сілтідей тынып тұрған тау-тас күңірене жөнелді. Тазы ұлуын күшейте түсті. Оның көзі алдынан енді қайтып келмес бақытты күндері тізіліп өтіп жатты... (2., 149).
Суреткердің ғасырлық дәстүрдің
тереңінен тартқан бұл шығармасы этникалық
сипаттың бірнеше факторын қатар дамытуымен ерекшеленеді.
Тазының, сол арқылы аңшының бейнесін дәл береді.
Тазының ұлуы иесін жоқтауы. Ол ғасырлар бойы
қатар егіз өмір сүрген халыққа етене таныс.
Тазының дәл осы жерде ұлуы орынды еді, басқа
жағдайда ұлыса
«басыңа көріңгір» деген сөз естуші еді иесінен. Кім
біледі онда ақылды тазы ұлымайтын да ма еді. Тазы арқылы
аңшылық дәстүрді де ерекше суреттейді. Түлкі мен
Тазының айлалы алысы, Тазының түлкіні алуы мейлінше шынайы
суреттелген: «Өкшелеп келе жатқан тазыны біржола адастырам деп
айналған. Бірақ қулығы өз түбіне жетті:
құтылдым деген дұшпаны қарсы алдынан шыға келді.
Түлкі ажал тырнағына ілінгенін білді, әйткенмен
жандәрмен бұрыла сала кейін қашты. Сәл-пәл
тынығып қалған тазы енді оны екі аттатпай-ақ қуып
жетті. Жеткен бойда шұбатылған ұлпа
құйрықтан ала түсті. Түлкі лып етіп артына
қайрылып, тазыны бетінен қапты. Сұлу аңға
әлденендей қастандық жасау ойында жоқ тазы етіне тіс
тигеннен кейін әбден ызаланды. Босаған соң қайта
қаша жөнелген, өзімен салыстырғанда шүйкедей
түлкіге бір-ақ қарғып жетті де, таңынан алып
көтеріп соқты, кеуде сүйектерін күтірлете азуды
басып-басып жіберді; сол бетімен түлкі өлі денеге айналғанша
жұлмалап талай берді»(2,166). Тазының ірілігін сол тазының түлкіге берген бағасы «шүкедей» арқылы
дәл айқындайды, ал күш-қайратын «кеуде сүйектерін
күтірлете ауызды басып-басып жіберді» деу арқылы берген. Ұлы
даладағы дәстүрдің бірі аңшылық болса,
екіншіден кең дала осы аңдар мен жануарлардың да мекені еді.
Мына жарық дүние үшін олар да қанша
шайқасқа түсті десеңізші. Олардың арпалысында да
белгілі бір әдіс, «дәстүр» қалыптасқан. Суреткер
осы бейнелі суретті дәл бере білген:
«Қасқырды Маңқасқалар мен Бөрбасарларға
қарсы қолданатын әдістерінің бірімен ғана
жеңу мүмкін екенін аңғарған тазы енді ұрыс
әдісін өзгертті. Ретін
тауып оңтайлы жер: құлақшеке мен алқымның
бірінен қаппақ оймен қатарласа берді. Қашып
құтылмасын білген қасқыр бой салып жүгірген
жоқ. Итті жазым етіп қана жан сауғалайтынына көзі
жеткен. Тазы да қасқырдың от шашқан жанарынан
оның ештеңеден тайынбайтынын ұққан»(2,179).
Суреткердің бұл суреттеуі Абайдың «Қансонарда» өлеңіндегі
детальдарын еске түсіреді. Әрине онда бүркітшілік. Ал
мұнда ит қосу. Бірақ, біз хакім Абай айтқан екі
түз тағысының айқасын айтамыз. Абайдың шеберлігін
Әуезов былай береді: «Шындыққа, нақтылы деректілікке
ерекше мән берген ақын реалистік дәстүр бойынша,
өз шығармасының барлық бұйымын, барлық
тұрманын тұтас ету керек. Соның белгісін бұл
шығармада Абай өз сөздігінен де айқын танытады.
«Сонар», «қағушы», «қайтқан із», «бүркіттің
қайқаң қағып аспанға шығуы.
«Түлкінің көре тұра қалуы», «үйірімен
үш тоғыз» десу – бәрі де аңшылықтың
өзіне тән тілі»(3,105). Осы сияқты, Мағауиндегі «құлақшеке
мен алқымның бірінен қаппақ», т.б. тіркестер сол
дәстүр жалғасы екені белгілі. Ал, тазының
қақпанға түскендегі арпалысын суреткер қандай
дәлдікпен бере білген:
«Әу
баста бойын үрей буып, ышқына секірген. Темір қышқаш
қалмады, қоса көтерілді. Екінші қайтара секіргенде
қақпанға жалғанған кере құлаштай
шынжырдың ұшына бекітілген шойын қырқаяқ
сопаң етіп қар бетіне шықты. Бірақ ауыр салмақ алдыңғы
аяқтан тартқан тазы екпінін баса алмай, тоңқалаң
асып түсті. Кәріжілік бел ортасынан морт сынды. Көзіне
қан толған тазы тұра сала қақпанға салды
ауызды. Жеңіл тот басқан сұрғылт болат
шақыр-шұқыр етті. Әйткенмен, тазының аузынан
ыққан жоқ, сол сірескен қалпынан жазбады. Тазы жансыз
темірді қарш-құрш шайнай берді. Сәлден соң
қақпанды да, қар бетін де қып-қызыл қан
басып кетті. Алайда, темір құрсау жұмсармады, қайта
бұрынғыдан да нығызырақ қыса түскен
тәрізді. Ақыры қалжыраған тазы қар үстіне
сылқ құлады. Талмаусырап ұзақ жатты»(2,189).
Ит жеті қазынаның бірі. «Лашын» ерекше
тазы болса, оның иесі әйгілі аңшы еді.
Соңғылардың сарқыты болатын. Тазы мен иесін суреттеу
арқылы, үлкен бір кезеңнің өткенін суреттесе,
«түлкі тымақтардың» орнын басқан «малақайлар»
арқылы тегі басқа адамдардың келуін жазушы өткір бере
білген. «Малақайлылардың» мінезі де басқалау еді. Тазының
асқақ, азапты өлімін, иесі өлімін беру арқылы,
одан иесінің ауылдастарының киім киісіндегі өзгерістерді беру
арқылы ұлы дала дәстүрінің қайсы
факторларына сурекер нүкте қояды: «Осы қабірдің
дәл іргесінде қыран тазы Лашынның да қаны
төгілген-тін. Бірақ оны ешкім де білмейді. Тазыдан
қалған жалғыз белгі – ауыл еркектерінің басындағы
түлкі тымақтары да көп ұзамай тозып бітті.
Олардың орнына елтірі тымақтар мен арзан малақайлар басты.
Өйткені Лашын осы өңірдегі асыл нәсілді ең
соңғы тазы еді»(2,193). Лашын асыл нәсілді болса, иесі текті
адам еді. Тектілігін суреткер былай береді:
«Ауызданып алған соң тазы
түлкіні қынадай қырды. Ат жетер жердегі еркек кіндікті тегіс
жаңа түлкі тымақ киген. Бәрі де риза. Әсіресе
Омар ақсақал. «Жаман елтірі бөріктен басым тоңушы еді,
кішкентай Әділдің арқасында көзім ашылды ғой,
айналайын, өркені өссін, оқуы бестен түспесін,
тең құрбысының алды болсын, атағы алты
алашқа жайылсын», - деп, Қазының үйіне келген сайын
қауқылдап, алғысын жаудыратын да отыратын. Таяу
маңдағы қыстаулардағы малшы, күзетші
ағайындар не түнделетіп келіп, не біреуден сәлем айтып
жіберіп, тегіс түлкі алғызған. Ферма бастығы
Бекқали тіпті екі тымақ істетті: бірін ауыл арасына, бірін колхоз орталығына,
не ауданға барғанда кимек. Түлкі байланбаған – сатушы
Есенжол ғана. Қазы: «Елді шоттан жегенін тоқтатсын,
жалақорлығын қойсын!» депті-міс»(2,167).
Жемір, жегішпен күрескен текті азаматты
жұтқан соң, шаңырақ ортасына түседі.
Алаштың алыптары айдауға кеткенде, соның зарын білетін
тектілерге заман азған кезеңде қоқай көрсеткендер
көп болды. Тұтас ел өзінің этникалық сипатынан
айырыла бастады. Сондай күрделі кезеңде Мұхтар әуезов
ғылымда да , өнерде де өзінің дара тұлғасымен
көрінді. Сонда адамшылықтан азғындаған Есенжол мен Кәмиланың
құлдыраушылығына саналы-санасыз болса да шығармада асыл нәсілді ит қарсы
шығады:
«Қанша ұйықтағанын
білмейді, ыңырсыған үннен оянды. Шам сөндірілмепті.
Дастарқан жинаусыз. Табақ түбінде бір шөкім ет
көрінеді, шөлмек босап қапты. Лашын қайтадан
қалғи бергенде ыңырсыған дауыс тағы естілді.
Кәмиланың даусы. Төргі бөлмеден шығады.
Өзін біреу буындырып жатқан сияқты. Ұйқысы шайдай
ашылған тазы столдан қарғып өтіп, төргі
үйге жетіп барды. Ауызғы бөлмеден түскен жарық
сәулесімен бірден көрді: төсек үстінде Кәмиланы
Есенжол тұншықтырып жатыр екен. Умаждап астына басып алыпты.
Көмекке ұмтылған тазы бірінші қарғығанда
олардың үстіндегі көрпені жұлып түсті. Келесі
сәтте ұзын, өткір азулар қорғансыз май
құйрыққа бойлай кірген еді. Ойбайлаған дауыс
шықты. Апыр-топыр екеуі де атып тұрды. Тазы Есенжолға
қайта бас салған сәтте анасынан жаңа туғандай тыр
жалаңаш Кәмила көмектесудің орнына Лашынның
өзіне ұмтылды. Бірақ қолында ештеңе жоқ
екен, көзіне қан толып кеткен ит ыға қоймады.
Ақыры Кәмила Қазының төсектің аяқ
жағында тұратын таяғын алып, Лашынды сыртқа қуып
шықты. Сол күні тазы өмірінде бірінші рет далаға
түнеді»(2. 185-186). Иттің осы ерлігінен соңғы ерлігін
жазушы былай бейнелеген:
«Осыдан былай қарай Лашынның
тұрмысы жан төзгісіз боп кетті. Кәмила арнап тамақ
құймайды»(2,186).
ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарындағы серпілісті
кезеңде даралық стилімен көрінген Мұхтар Мағауин
болды. Ғалым ретінде, суреткер ретінде биіктен көрінгенін аудармашы
П.Косенко өзінің «Адамгершілікті талап еткен әлем» атты
мақаласында терең талдап айтқан: «Убетительно показывает
М.Магауин культуру чувств «простых людей», их доброту, человечность...Надо
сказать хотя бы несколько слов об анималистических вещах М.Магауина.(«Гибель
борзого», «Судьба скакуна» и др.). Эти вещи – в русле традиции, начатой в
казахской литературе «Серым Лютым» М.О.Ауезова. Звери в них – это настоящие
звери, а не аллегории, поведение животных, «психология» собаки или лошади
показаны в них выразительно и убедительно. И в то же время это, конечно, и о
людях. Не только потому, что вокруг четвероногих персонажей действуют
лаконично, но ярко выписанное персонажи людей аула и города, но и потому, что
судьба зверей заставляет нас задуматься о человеческой морали»(4,290). Міне,
бұл пікірлер, Мұхтар Мағауиннің ар ілімі биігіндегі,
этномәдени құдылықтарды тереңінен білетін
суреткер екенін көрсетеді. «Тазының өлімі» қазақ
прозасының тарихынан орын алған мәңгілік
шығармалардың қатарында деп айта аламыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.Қоңыратбай Тынысбек.
Қазақ эпосының этникалық сипаты. Филол. ғылым.
докторы ...диссертацияның Авторефераты. Алматы, 2002, -50 бет.
2.Мағауин Мұхтар. Шығармалар
жинағы: Он үш томдық. 1960 -2002ж. –Алматы:
Қағанат – ҒМО баспасы, 2002 –Бірінші том. Әуелгі
әңгімелер. Тазының өлімі. Қара қыз. Көк
мұнар. Бір атаның балалары. 1960 -1973. -549 бет.
3.Әуезов. М. Абай Құнанбаев.
Мақалалар мен зерттеулер. –Алматы: «Ғылым», 1967,-391бет.
4.Косенко.П. Мир требовательной
нравственности.-290стр.//В книге: Магауин М.
Гибель борзого. –Москва.: Русская книга, 2003. -304с.