ӘОЖ 378. 147: 811. 512. 122(574)

МҰҚАНОВА Қ.Қ.

Семей  қаласының Шәкәрім атындағы

 мемлекеттік университеті, Семей қ., Қазақстан

 

 

ОҚУ ӘРЕКЕТІН БЕЛСЕНДІРУГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН  ӘДІСТЕР

 

                                                             Түйін

         Мақалада оқыту технологияларына талдау жасалып, оқу әрекетін белсендіруге  негізделген жаңа оқыту технология түрлері қарастырылады.

  

         Қазіргі білім беру жүйесі қоғамның даму мақсатына сай халықаралық бiлiм кеңістігінде бәсекеге түсе алатын білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыруға бағытталған.    Бұл ағарту саласында жаңа технологиялық әдістерді енгізуге ықпал ете отырып, оқу үрдісіне үлкен өзгерістер енгізуді, оқыту әдiстемесiн жетiлдiре түсудi көздейді.   Осыған орай білім берудің жаңа парадигмасы қалыптасты.      Бірақ кез келген оқыту технологиясының жемісті болуы оқытушылардың жаңа технологияны қолдана алу дайындығы мен ынтасына, ең бастысы, оқу мекемесінің материалдық-техникалық жабдықталуына тікелей байланысты болатынын естен шығармауымыз керек.

          Оқуды ұйымдастыру, тиімді басқару  формасына сай   оқыту технологияларын төмендегідей топтастырып қарастыруға болады.

1  Оқу әрекетін белсендіруге   негізделген оқыту технологиялары

2  Педагогикалық қарым-қатынасты демократиялық және ізгілік негізінде құру технологиялары

3 Оқу үрдісін ұйымдастыру және басқару тиімділігіне негізделген оқыту технологиялары.

          Осының ішінде оқу әрекетін белсендіруге негізделген оқыту әдістеріне жобалап оқыту әдісін, проблемаландырып оқыту әдісін, дамыта оқыту әдісін жатқызуға болады.

         Жобалап оқыту әдісі

         Жобалап оқыту әдісі - оқушының жеке тұлғалық қабілеттерін заманауи талаптарға сай дамытуға, шығармашылық, танымдық қабілеттерін жан-жақты жетілдіруге  жол ашатын жаңа оқыту түрінің бірі. 

         Жобалап оқыту әдісін жеке тұлғаға бағытталған даралап оқыту формасына да, ұжымдық оқыту формасына да жатқызуға болады. Жобалап оқыту әдісі оқытудың екі формасын да іске асыруға мүмкіндік береді. Өйткені жоба жұмысын оқушы жеке өзі орындауы да немесе топпен орындауы да мүмкін. Даралық сипатта орындалатын жоба жұмысының өзіндік айырмашылықтары бар. Жоба жұмысы орындалу мерзіміне қарай қысқа мерзімді (2-3 сабақтық, 2-3 апталық) және ұзақ мерзімді (тоқсандық немесе жылдық) болуы мүмкін.  Ал мазмұндық сипаты жағынан   ғылыми-ізденіс және қолданбалы-практикалық болып екіге бөлінеді. Көпшілік жағдайда ғылыми-ізденіс жобалары ұзақ мерзімге жоспарланса, қолданбалы-практикалық жобалар қысқа мерзімде орындалады. Жобаның қандай түрінде болсын зерттеушілік пен шығармашылық басты орын алады.  Шығармашылық жұмыстар оқушылардың өз беттерімен іздену, зерттеу, қорытынды жасау іс-әрекетіне түрткі жасай отырып, оларды ғылыми ізденіске жетелейді.

         Жобалап оқыту әдісі оқушылардың ойлау қабілеттерін белсендіруге жеке тұлғаның өзін-өзі шығармашылық тұрғыда жетілдіруге, алған білімдерін іс-тәжірибеде, өмірде қолдана білуге бағытталған. Кез келген жоба нақты бір мәселенінің шешімін оқушының өз бетімен шешуіне  негізделген іс-әрекеттер жүйесі. Сондай-ақ, жобалап оқыту әдісі арқылы оқушылардың сөйлеу тілін, көркем сөйлеу мәдениетін жетілдіруге, көркем ойлауын дамытуға болады. Оқушылар жоба жұмысын орындау кезінде зерттеуші, тілші, жобалаушы, құрастырушы т.б. сияқты кәсіп иелерінің тәжірибесін игеруге мүмкіндік алады.

         Кез келген жоба мақсаты:

-  оқушылардың зерттеу жұмысын жүргізуге, пәнге қызығушылығын ояту;

- оқушылардың топпен жұмыс жасай білу дағдысын қалыптастыруға ықпал ету;

- материалдарды өз бетімен іріктеп,  қорытынды шығара білу дағдысын  қалыптастыру;

- жекелеген тақырыптар мен фактілерді, құбылыстарды өз бетінше оқып, талдай білуге үйрену;

- байқампаздық, есте сақтау қабілеттерін, логикалық ойлауын дамыту;   
-   бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс істеуге дағдыландыру, қатысымдық қабілеттерін дамыту.

         Жобалап оқыту әдісі дәстүрлі әдістен оқушылардың жоба жұмысын өзіндік ізденісі арқылы орындап, мұғалім тек кеңесші ролінде болуымен ерекшеленеді.  

         Жобала оқыту әдісін ұйымдастыру әдістемесі бірнеше кезеңнен тұрады:

1. Жоба жұмысын жоспарлау кезеңі (тақырып бойынша игерген білімдерімен алмасу кезеңі)

- жоба жұмысы бойынша туындаған пікірлерді талқылау;

- оқушыларды қызықтыратын жоба тақырыбын іріктеу;

- жоба тақырыбын нақтылау.

2.Талдау кезеңі (оқушылардың жоба жұмысын зерттеп, жаңа білімді өзіндік игеру кезеңі)

- қойылған мақсат пен міндетті нақтылау;

- арнайы әдебиеттер, интернет желісі, бұқаралық ақпарат құралдарынан және т.б. ақпарат іздеу және жинау;

- басқа адамдармен ақпарат алмасу ( оқушылар, мұғалімдер, кеңесшілер, ата-аналар);

- мәліметтерді талдау;

- алынған міліметттерді салыстыру, ең маңызды, қажетті материалды іріктеп алу.

3. Жинақтап қорыту кезеңі (іріктелген ақпарат пен игерілген білім, білік,  дағдыны ықпалдастыру кезеңі)

- қорытынды нәтижені ұсыну үлгісін анықтау (реферат, конференция, видеотүсірілім, мультимедиялық презентация, презентация, жарнама т.б.)

4. Жобаны ұсыну, қорғау кезеңі (оқушының зерттеушілік қызметіне талдау жасау)

- жоба жұмысының нәтижесімен жұртшылықты таныстыру (презентация)

- жоба жұмысының нәтижесін талқылау, бағалау.

         Қорытындылай айтқанда, жобалап оқыту әдісінде оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына баулып, олардың   танымдық әлеуетін көтеруге, лингвоелтанымдық мәдениетін қалыптастыруға, теориялық тұжырымдар мен қағидаларды орынды қолдана алу дағдыларын дамытуға, өздігінен білім жетілдіру тәжірибесі бар, шығаршашылық белсенділігі жоғары жеке тұлға қалыптастыруға  басымдылық береді.

         Дамыта оқыту технологиясы

       Білім берудегі дамыта оқыту технологиясы оқушылардың потенциалды мүмкіндіктерін пайдалана отырып, олардың танымдық, ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған үрдіс.

       Дамыта оқыту теориясының қалыптасуы оқыту мен дамыту арасындағы байланыс мәселесінің зерттелуімен тығыз байланысты болды. 

       ХХ ғасырдың 30 жылдары неміс психологі О.Зельц оқыту үрдісінің баланың ақыл-ой дамуына тигізетін әсерін анықтау мақсатында эксперимент жүргізді. Ол кезеңде аталған мәселе бойынша үш түрлі көзқарас қалыптасқан болатын. Бірінші көзқарасты жақтаушылар А.Гезелла, З.Фрейда, Ж.Пиаже адам дамуының оқытумен еш байланысы жоқ деп есептесе, екінші көзқарас бойынша оқыту мен дамыту тең дәрежеде қарастырылады. Бұл теорияға сәйкес кез келген оқыту үрдісі арқылы даму үрдісін іске асыруға болады. Үшінші теорияда (К.Коффка) даму үрдісі оқытудың қатысынсыз жүретін үрдіс ретінде  қарастырылғанымен, оқыту мен даму арасында бірін-бірі толықтыратын теңдік бар деп есептейді.

       Л.С.Выготский көрсетілген үш теорияның ешқайсымен де келіспей, оқыту мен дамытудың байланысы туралы өз ғылыми болжамын жасады. Л.С.Выготский болжамы бойынша, оқыту үрдісі мен дамыту үрдісі арасында міндетті түрде байланыс бар, бірақ оларды ешқашан тең дәрежеде қарастыруға болмайды.          Осы болжамды ғылыми негіздеу арқылы Л.С.Выготский адамның психикалық қызметі дамуының негізгі генетикалық заңының маңызын ашып берді. Аталған заң ғалым ұсынған тұжырымның  негізі болды.       Л.С.Выготский бойынша, кез келген жоғары психикалық қызмет бала дамуында екі рет пайда болады – алғашқыда ұжымдық, әлеуметтік іс әрекетте, екінші рет жеке іс әрекетте.

       Л.С.Выготский идеясын  ізбасарлары (А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин) әрі қарай дамытуға тырысқанымен, көптеген жылдар бойы идея тек болжам күйінде қалды. Тек 1930-50 жылдары А.Н.Леонтьев, А.З.Запорожец, С.Л.Рубинштейн сияқты психолог ғалымдар  дамыта оқыту мәселесін шешудің маңызды әдісі ретінде қалыптастыру экспериментін жасады. Ал 1960-80 жылдары дамыта оқыту мәселесі мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш және орта білім беру саласында қарастырылады (З.И.Калмыкова, И.Я.Лернер). Алынған нәтижелер оқытудың бала дамуына тигізетін әсері туралы қағиданы негіздеуге, дамыта оқытудың нақты психология-педагогикалық шарттарын анықтауға негіз болды.

         1950 жылдардың соңынан бастап Л.С.Выготский болжамын одан әрі жетілдіру мақсатында бір ұжымды Л.В.Занков, екінші ұжымды Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов басқарған зерттеу жұмысы жүргізілді. Эльконин-Давыдовтың ғылыми-практикалық ұжымының зерттеулері нәтижесінде Л.С.Выготский болжамы дамыта оқыту теориясына айналды.

        В.В.Давыдовтың «Проблемы развивающего обучения» атты еңбегінде  дамыта оқыту мәселесі жан-жақты қарастырылады. Аталған еңбекте дамыта оқыту мен тәрбиеге қатысты оқушылардың психикалық және тұлғалық дамуы, оқыту мәселелерін дұрыс шешу, оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуына мүмкіндік беретін оқу іс-әрекеті сияқты мәселелер қарастырылады. Ғалым дамыта оқыту қағидасын бүтін бір жүйе ретінде қарастыруды ұсынады. Ғалымның пайымдауынша, оқу қызметі оқу мақсаты мен міндеттерінен, оқыту әдістерінен тұрады. Оқыту әрекетіне оқуды игеру, бақылау, оқылатын материалды меңгеру дәрежесі, ал қабылдау әрекетіне білік, дағды жатады. Сондай-ақ, ғалым сабақта берілетін білім мазмұнын қабылдау үшін оқушыларға тек соңғы нәтиже ғана айтылып қоймай, оның қалай жүзеге асатын жолдары да түсіндірілуі тиіс деп есептейді. Ғалымның пікірінше, дәстүрлі оқытудың мазмұны мен формасы қазіргі кезең талаптарын қанағаттандыра алмайды, теориялық ойлау ұстанымы негізінде құрылған оқыту ғана жас ұрпақтың қалыптасуына, тұлғаның жан-жақты, үйлесімді дамуына мүмкіндік береді. 

       Орыс ғалымы Л.В.Занков дамыта оқыту технологиясын жеке тұлғаны тұтас дамытуға негізделген оқыту технологиясы деп есептеді. Л.В.Занковтың пікірінше, мектеп баланы психикалық тұрғыда дамыта алмай келеді. Сондықтан ол өз зерттеулерінде білім берудің жайы мен оны одан ары дамытудың жолдарын қарастырады. Л.В.Занков жасаған дамыта оқыту жүйесін жеке тұлғаны жеделдете, қарқынды, жан-жақты дамыту жүйесі деп те атауға болады. Оның пайымдауынша, дамыта оқыту технологиясы – белсенді іс-әрекетке негізделген, жеке тұлғаның ерекшелігі мен білім деңгейін ескеретін, жеке тұлғаның барлық қасиеттерін тұтас дамытуға негізделген оқыту технологиясы.

        Дамыта оқыту технологиясының оқытуда қолданылатын негізгі ұстанымы: білімді күрделіден жеңілге қарай меңгерту, яғни қиын тапсырмалар беру арқылы меңгерту болып табылады. Бұл жердегі «қиын» ұғымы жолда кездескен бөгеттерді жеңіп шығумен байланысты берілген. Ғалым Л.В.Занковтың пікірінше, жеңілден күрделіге қарай берілетін білім баланың дамуын тежейді. Өйткені біртіндеп берілетін білім баланы еш ойландырмайды. Ал оқу үрдісін қиын деңгейде ұйымдастыру арқылы баланың дамуына жол ашылады. Оқушы алдына саналы түрде белгілі бір мақсат қойылып, кездескен қиыншылықтарды жеңуге тырысады, ізденеді, ойланады, өзіндік жұмыс атқарады. Осыларға орай Л.В.Занков дамыта оқыту жүйесіне негіз болатын төмендегідей дидактикалық ұстанымдарды ұсынады:

1 Білім ерекше қиындықта берілуі тиіс;

2 Теориялық білімнің жетекші мәнге ие болуы;

3 Оқу материалын жылдам игерту;

4 Оқушылардың білімді саналы түрде меңгеруі;

5 Оқушылардың барлығының жалпы дамуына жүйелі, мақсатты жұмыс жүргізілуі тиіс.

     Сондай-ақ, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға да үлкен мән беріледі. Бұл дамыта оқыту технологиясының негізгі ерекшеліктерінің бірі деп есептеді ғалым Л.В.Занков. Білім меңгертуде дидактикалық ойындар, пікір-таластар, ойлауға, қиялдауға негізделген оқыту әдістерін қолдануды ұсынады. Дамыта оқыту жүйесінде сабақ білім беру үрдісінің негізгі элементі болып қала береді. Бірақ Л.В.Занков жүйесінде оның атқаратын қызметі, ұйымдастыру формасы елеулі өзгеріске ұшырайды:

-         сабақтың мақсаты тек жаңа материалдан хабардар ету мен білік, білім, дағдыны тексеруге ғана емес, жеке тұлғаның басқа да қасиеттеріне бағындырылады;

-         оқушылардың өз бетімен ойлануына негізделген әрекеттер жүзеге асады;

-         оқушы мен оқытушы арасындағы ынтымақтастық жүзеге асады.

       Ғалым Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүйесі бойынша, баланы күштеп дамытуға болмайды, бала өздігінен ізденіп, білім алуға икемделуі тиіс. Сондай-ақ, оқытушы мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында өзара ынтымақтастық қарым-қатынас орнауы тиіс.

        Дамыта оқыту  білім беру барысында бала психикасының жаңа деңгейге, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі, баланы оқыта отырып жалпы дамыту, оқушының еркіндігін қалыптастыру, өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру дегенге келіп саяды.

      Дамыта оқыту технологиясы – оқыту мақсаттары мен міндеттері, әдіс-тәсілдері баланың даму заңдылықтарына сәйкестендірілген оқыту технологиясы. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Полат Е.С. Метод проектов: история и теория вопроса //Школьные технологии. 2006. №6. С.43-46

2. Солопова Н. Шельпова Н. Проектная методика в профильном обучении. . //Школьные технологии. 2005. №3. С.120-125           

3. Оконь В. Основы проблемного обучения. –М.:Просвещение, 1968

    4. Лернер И.Я. Вопросы проблемного обучения на Всесоюзных педагогических чтениях. Советская педагогика, 1968. №7

    5. Махмутов М.И. Проблемное обучение. Оснавные вопросы теории. –М.: Педагогика, 1975

6. Матюшкин М.А. Проблемные ситуации в мышлении и обучении. –М.: Педагогика, 1972
7. Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения. М., 1986.

 

                                                               

 

                                                      Аннотация  

         В данной статье анализируются  образовательные технологии,  рассматривается  виды педагогических технологии обучения   активизирующие  учебные деятельности учащихся.

 

                                                          Summary

         This article considers different kinds of pedagogical technologies in educational process