Филология магистрі  А.А.Молдабаева

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ

ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

 

                                                             

Қазақ халқының тарихында өшпес ерлігімен қазақ халқының абыройын асқақтатар ұлт батыры атанған, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар майдангер - жазушы Б.Момышұлы шығармашылығы төңірегінде сөз өрбітпекпіз.

Бауыржан шығармалары майдан шебіңде жүріп, көзі көрген өмір тәрбисінен алынған отты жүректің, ыстық қанмен жазылған шығармалар болмақ.

Осыған өзі айтып өткен мына сөздері толық дәлел: «Менің шығармаларым тұтастай және толығымен менің өз басымның естеліктеріне, ерекше делінген эпизоидтар естеліктерінің жиынтығынан іріктеп, екшеп алылған елеулі көріністерге негізделген. Оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан жасалған адамдар да жоқ».

Демек, Бауыржанның шығармалары бастан кешкең, көзбен көрген оқиғаларға толы, әрі әлеуметтік қоғамдық мағынасы басым туындылар болмақ.

Бауыржанның тұңғыш туындысы болатан, қазақ әдебиетіндегі шаттығы биік шығармалардың бірі - «Ұшқан ұя».

Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» еңбегін ұлттық салт - дәстүрімізді, көркем шығармаға мазмұндап берген этнографиялық еңбек деп айтуға толық негіз бар. Шығармадағы негізгі мәселе -Адам, оның кемелдену жолдары болса, шығарма сюжеті осы адамдардын өзара әңгімелесуі, кеңесуі арқылы дамиды.

Ұлттық тағылымның түп төркінін шығарманың бас кейіпкері бала Бауыржанның іс - әрекеті, отбасындағы болмысы, өскен ортасына деген қарым - қатынасы арқылы байқаймыз. Шығармадағы әр жолдың айтар ойы айқын: адалдық, мейірімділік, жомарттық, ұстамдылық, ұят - намысшылдық, ел қамын ойлау.

Шығарманың негізіне айналған осы қасиеттерді автор өз кейіпкерлері арқылы көрсетіп отырады. Автор «Ұшқан ұядағы» оқиғаның түп өзегін әже бейнесі арқылы өрбітеді. Туындының өн бойында әже образы тектіліктің, кемеңгерліктің діңгегі ретінде суреттелген. Отбасының ғана емес, ауылдың ақылшысына айналған әже бейнесін автор аса сүйіспеншілікпен бейнелеген. Әуезді әуенімен әлпештеп, әлдилеп айтқан бесік жыры да, қаламгердің жүрегінде сақталған. Жазушы өз өмірінің темірқазығына айналған тәлім - тәрбиенің негізі ертегі мен көне әңгімелерден қалғанын жас ұрпаққа өнеге етеді.

1942 жылдың ақпанында «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойлар» еңбегін жазуға әрекет етеді. Онда: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжіриебемнен солдаттың бойында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде, халықтың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екендігіне көзім жетті» - деп жазады, демек, Бауыржанның эпистолярлық шығармаларында жазушылық ұстанымның бастау бұлағы ұлттық көріністе жатқаны анық. Сондықтан, Бауыржан жазған эпситолярлық жанр ретіндегі хаттар легі, замана шындығын, қанды майдан үстіндегі жауынгердің ішкі рухын таныту арқылы жастарды, елін, жерін сүюге деген махаббат сезімін оятуда таптырмайтын өмір оқулығындай әсерде қалдырып отырады.

Қаламгердің ендігі бір шығармасы майдан тақырыбында жазылған көркем туынды - «Қанмен жазылған кітап» шығармасы. Б.Момышұлының соғыс тақырыбындағы шығармашылығына бармас бұрын, оның соғыс туралы түсінігін, сондай - ақ «ет пен сүйектен жаралған» адамдар тағдыры туралы ұғымын анық мәнін ашып алуымыз қажет. Ал, бұған тіреуіш болар шығарма ол «Қанмен жазылған кітап» болмақ. Онда, айтылатын ой - соғыс, оның қасіреті, ондағы адам тағдыры, соғыста жеңіске жетудің айла - тәсілі, жауынгер мен командирдің жан дүние иірімдері мен адами қасиет - қабілеттері жайлы тебіреністері болмақ.

Б.Момышұлы: «Соғыста шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту, одан да күрделі» - дейді.

Сондықтан да, Б.Момышұлы өз шығармаларында соғыстың шындығын, ақиқатын айтуға адал болды. Адал болумен бірге ол сұрапыл соғыс әкелген қасіретті өз жүрегінен өткізіп, көркем шығармаларында оның зардабын шынайы баяндаған суреткер. Бауыржанның болмысы, әрі пір ғып ұстанған ұраны -  шындық. Сондықтан да оның шығармалары бастан аяқ осы бір тамаша қасиетке -шындыққа құрылған.

Осындай шығармасының бірі - «Мәскеу үшін шайқас кітабы». Ол бас - аяғы төрт бөлімнен тұратын соғыс шындығы қамтылған туынды. Сонымен қатар бұл шығармадағы оқиғаларға қатысы бар адамдар есімдері өзгертілмей, жанды кейіпкер ретінде көрінеді. Бұл образдар олар қатысатын оқиғалардың шынайылығы мен сенімділігін арттырып және жазушының өз шығармасына қажетті тіректі өмір шындығынан алынғанын көреміз.

Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» туындысында, ержүрек батыл кейіпкерлер өмірде шын болатын табиғи қалпында құралған. Аты аңызға айналған ұлт батыры Бауыржанның шығармалары тереңге тартқан ерлік пен өнегеліктің сарқылмас қазынасы іспетті туындылар. Жалпы,соғыстан кейінгі қазақ әдебиетін Бауыржан Момышұлының шығармаларынсыз қарап, бағалау мүмкін емес. Бауыржан орысша жазса да, қазақша жазса да ұлттық өрнектен айырылмаған қазақ жазушысы.

Б.Момышұлы шығармаларының маңызы - оқиғаларды шыншылдықпен бейнелеуінде, сондай - ақ борыш, ар - намыс, сенім, патриотизм сияқты моральдық - этикалық мәселелерді шешуге құралады. Бауыржан өз шығармалары арқылы адам рухының асқақтығын, оның Отанын сүйген патриоттық рухын аша білді. Сондай-ақ жазушы шығармалары әр кез жастарға бағытталып отыруы да, оның шығармасының жазылуы осы өскелең жастарға аға ұрпақтың ерліктерін паш ету мен арды жоғары ұстаған ұлттық рухтың көрініс алуымен ерекшеленеді.

Жалпы, Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында, қаһармандықтың қайнар көзін ұлттық дәстүрлерден табатыны, бостандық пен тәуелсіздікті бәрінен де жоғары қоятындығы анық байқалады.