Ә.С. Жаманбаева
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ТУЫНДЫ СӨЗДІҢ СӨЗЖАСАМДАҒЫ РӨЛІ
Қазіргі
қазақ тілінің жалпы мәселелері шешімін
тапқанымен, әлі де зерттелуі тиіс дүниелер жеткілікті. Сөзжасамның
кейбір қырлары әлі де зерттеуді қажет етеді. Әртүрлі
заттардың әртүрлі белгілерінің
ұқсастығына қарай аталып, көпмағыналылық пайда болады.
Ал, бұл бір тұлғаның бірнеше мағына беруі,
сөз мағынасының алуан қырлануы сөзжасамның
тиімді тәсілі болып табылады. Қай тілде де сөзжасам ертеден келе
жатқан тілдік құбылысқа жататыны белгілі. Сөзжасам тарихы түркiтануда
өте ертеден басталады. Түркi тiлдерiнiң сөзжасам
мәселесiн алғаш рет М.Қашқари «Диуани лұғат
ат-түрiк» (ХI ғ.) еңбегiнде көтерiп, сөз
жасауға қатысқан бiрнеше аффикстердi көрсеткен болатын.
Көне жазба ескерткіштер тілінде негізгі түбір сөздермен
қатар осы туынды сөздер
болғаны белгілі. Олар:
туынды түбір, күрделі сөз, бір сөздің бірнеше
мағынада қолданылуы түрінде кездеседі. Басқаша
айтқанда, көне жазба ескерткіштер тілінде жаңа сөз
жұрнақтар арқылы (тір-іг, біл-іг), сөздердің
тіркесуі арқылы жасалған (күнтүз,
Темір-қапығ, Қара-құм, йеті йуз), сол
сияқты бір сөздің бірнеше мағынада қолданылуы да
сол кездің сөзжасам жүйесіне жатады. Бұл
келтірілген мысалдар қазақ тілінің қазіргі сөзжасамдық
жүйесінің түп негізі түркі халықтарының
ең көне заманынан бастау алғанын көрсетті. Ал түркі
тілдерінде қазір көне түркі жазбаларындағы
сөзжасам жүйесі сол қалпында қалмағаны
түсінікті. Өйткені түркі тілдерінің, оның ішінде
қазақ тілінің қазіргі күрделі
сөзжасамдық жүйесі көне түркі тілінен бастау
алғанымен, содан бері үнемі дамудың нәтижесінде
қалыптасқан. Сондықтан қазіргі қазақ
тілінің күрделі сөзжасам жүйесі ұзақ
уақытта қалыптасқан, ол тіл дамуының нәтижесі. Тілдің сөзжасам жүйесі тілдің даму әрекетінен
де тыс қала алмайды. Сондықтан сөзжасам жүйесінде де
өзгеріс болып тұрады, бірақ ол ете баяу болады және ол,
көбіне тілде бар үлгілердің белгілі бір кезеңде
белсенді қызмет етуі арқылы, ол қызметтің
бәсеңдеуі арқылы, не сөз мағынасының
кеңеюі, кейбір сөзжасамдық түрлердің
қолданудан шығуы сияқты т.б. өзгерістер ретінде болады.
Мысалға көне жазба ескерткіштер тіліндегі туынды сөздер саны
мен қазіргі тілдегі туынды сөздер саны бір емес, қазіргі тіл
туынды сөздерге өте бай. Тілдің туынды сөздермен толығуының
тілден тыс жағдайларға қатысын былай қойғанда,
оның сөзжасам жүйесіне де тікелей қатысы бар.
Сөзжасамдық жұрнақтардың тілге
қосылғанын өте көне жазба ескерткіштер тілі мен
қазіргі тілді салыстыру арқылы көру жеңіл, осы екі
арада талай ғасырлар өткенін еске алсақ, олардың
әр кезеңінің тілдің сөзжасам
жүйесінің қалыптасуына да, сөздік қордың
баюына да үлесі болғаны анық көрінеді. Сөйтіп,
тілдің сөзжасам жүйесінің толығып отыруы,
сөзжасамдық заңдылықтардың
тілде орнығып қалыптасуы баяу болса да, тіл дамуында үнемі
болып отыратын құбылыс екені даусыз. Бірақ ол ерекше
жылдамдықпен болатын құбылыстарға жатпайды. Жаңа
жұрнақтар арқылы сөзжасам жүйесінің баюы,
толығуы тез болып тұратын кұбылыс емес. Қазіргі
тілдің сөзжасам жүйесінің өте, әбден
қалыптасқан екені талассыз тәсілі белгілі тілдік
нұсқаларға негізделетінін естен шығаруға
болмайды. Олай болса, тілдің сөзжасам жүйесіне сөзжасам
нұсқалары да жатады. Тілде сөз жасауға қатысатын
нақтылы тілдік нұсқалар бар. Сөз жасау әрекеті
тілде бар нұсқалардың негізінде ғана болады.
Сөзжасам единицалары деп сөзжасамды жүзеге асыратын тілдік
бірліктер аталады. Тілдік нұсқаларға сүйенбей,
жоқтан ешбір сөз жасалмайды. Ол жөніндегі ғалымдар
пікірі бойынша да және түрлі тілдердің сөз жасау
тәжірибесінде де жоқтан сөз жасау кездеспейді. Сол
сияқты түркі тілдерінің, қазақ тілінің
сөз жасау тарихы жаңа сөз тілде бар тілдік нұсқалардың
негізінде ғана жасалатынын дәлелдейді. Қазақ тілінде
сөз жасауға қатысатын тілдік нұсқаларға
түбір және сөзжасамдық жұрнақ жатады. Түбір
сөз тілде түрлі жағынан қаралып жүргенімен, дәл
сөз жасаушы негізгі нұсқалардың бірі ретінде
толық зерттелді деуге келмейді. Ал түбірсіз ешбір сөз
жасалмайды, сондықтан ол - сөз жасамдағы негізгі
тұлға. Түбір сөздің сөзжасам жүйесінде
өзіндік белгілі қызметі бар. Алдымен түбірлердің
сөз жасаушы негізгі нұсқаның бірі ретінде танылуы
оның жаңа сөздің мағынасын белгілеуде
атқаратын қызметіне байланысты. Сөзжасам ісіндегі
түбірдің негізгі нұсқа болып саналатын себебі
түбір сөздің лексикалық мағынасы жаңа сөздің
лексикалық мағынасына арқау болады, негіз болады, өйткені
тілде бір лексикалық мағына екінші
лексикалық мағынаның негізінде жасалады. Сөздің
лексикалық мағынасының негізінде туынды сөздің
жаңа мағынасы жасалады: Үй,
үй-лі, үй-шік, т.б. Келтірілген туынды сөздің бәрінің мағынасында
байланыстылық бар, себебі олардың бәрінің мағынасының
жасалуына үй деген бір сөз негіз болып тұр. Міне,
ол осы 3
туынды сөздің мағынасына арқау
болғандықтан, оларда мағына ұқсастығы,
жақындығы бар, олардың мағыналық байланысы
көрініп тұр. Сөйтіп, түбір сөздің
мағынасы мен ол арқылы жасалған туынды сөздің
мағынасы өте тығыз байланысты және ол кездейсоқ
құбылыс емес, сөз жасауда үнемі сақталатын
заңдылық. Оның сөзжасамда атқаратын қызметі
өте күшті. Бұлардың барлығы жеке-жеке
тоқталып, қарастыруды қажет етеді. Ғылымда туынды
түбір атаулы толық зерттелді деп айтуға болмайды, ал
зерттелгендердің өзі тек сөзжасамдық
жұрнақпен байланысты ғана зерттелген. Ал туынды түбір
сөздің мағынасы тек жұрнаққа байланысты
емес, туынды сөздің құрамына қатысты.
Сондықтан бұл әлі де зерттеуді, ізденуді қажет етеді.
Әдебиет:
1.
Оралбай Н. Қазақ тілінің
сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2.
Н.К.Дмитриев Строй тюркских языков. М., 1962.
3.
М.Балақаев, Т.Қордабаев. Қазіргі
қазақ тілі. -Алматы, 1961.