Морфемаларды ажыратудың жолдары

 

Түркітану мамандығының

2 курс магистранты

Токсеитова Айдана

Әрбір сөздің өзіне тән тұлға –тұрпаты болады. Сол тұлға –тұрпаттың арқасында әрбір сөз бір бүтін тұлға (единица) ретінде қызмет етеді. Ал,сөздің тұлға –тұрпаты (құрылымы) оның лексикалық және грамматикалық сипаттарымен байланысты. Осы себептен сөздер морфологиялық құрылысы жағынан әрқилы болып келеді. Ал, сол әрқилылық, әрине, сөздердің құрамдарының әр түрлі болуына байланысты да, сөздің құрамының түрлі-түрлі болуы оның бөлшектеріне байланысты.  Бірер мысал алып, сөздің құрамы деген ұғымды анықтап көрейік.

Ғашықтың тілі-тілсіз тіл (Абай) деген сөйлемдегі тіл,тілі,,тілсіз деген сөздері сөйлеу қажетіне қарай өзгертіліп қолданылған. Ал ол өзгеріс сол сөздердің тіл, тілі,,тілсіз дегендегі сыртқы тұлға-тұрпаттарынан айқын көрініп тұр. Бұлардың үшеуіне де бірдей ортақ форма,әрине, тіл деген түпкі бөлшек. Ал, сонымен қатар, қолдануда біреуіне –і бөлшегі (тіл-і), біреуіне –сіз (тіл-сіз) қосылған. Сөйтіп, бір сөздің өзі үш түрлі формада қолданылған (тіл,тілі,тілсіз).

Бұл сөздің сыртқы формасының осындай үш түрлі болу ерекшеліктеріне қарай, олардың өзара мағыналық өзгешеліктері де бар. Мұндағы тіл деген түпкі бөлшек сөздің  негізгі лексикалық мағынасына ие. Ал, тілі дегендегі –і бөлшегі сол құралды үшінші (бөгде) адамға (ғашыққа) келіп тұрса, -сіз бөлшегі (тілсіз) сөзі жоқ тіл деген мағынаны білдіріп тұр.

Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін осындай бөлшектері морфемалар деп аталады.

Морфеманың да өзіне тән мағынасы (мазмұны) және өзіне тән сыртқы дыбыстық жамылышы (формасы) болады. Ендеше,морфема деп сөздің өзіне тән мағынасы бар ұсақ бөлшегін айтамыз.

Сөздің морфологиялық құрамындағы морфемалардың мағыналары мен қызметтері, әрине,бірдей емес. Морфемаларды ең алдымен түбір морфема және қосымша морфема деп екі салаға (түрге) бөлуге болады.

Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі. Бұл түпкі негіз сөздің құрылысының да, мағынасының да негізгі ұйытқысы  болып есептеледі. Өйткені түбір  морфема сөздігі негізгі лексикалық мағынасын білдіреді. Түбір морфема қатыспаса, қосымша морфеманың бірде біреуі  яки бірнешеуі қосылып та ешқандай мағынаны білдіре алмайды және сөз де бола алмайды. Ендеше, түбір морфема ең негізгі морфема болып саналады. Түбір морфема өздігінен жеке тұрып  семантикалық жағынан да, өызметі жағынан да  дербес сөз бола алады.  Мұндай жағдайда түбір морфеманың мағынасы мағынасы мен сөздің мағынасы бірдей болыа шыға береді. Мысалы, бас,тіл,жол,кел,жүр морфемаларын алсақ,олардың әрқайсысы әрі түбір морфема,әрі жеке сөз бола алады. 

Ал бастық,тілші,келісім,қолтықта деген сөздерді алсақ, олар – құрамында түбір морфемалары да, қосымша морфемалары да бар сөздер. Бұларда түбір морфемаларының мағынасы мен сөздің мағынасы бірдей емес, өйткені олардың құрамдарында түбір морфеманың негізгі мағынасы да, оның үстіне де қосымша морфемалар арқылы жамалған үстеме я қосымша мағыналары бар.

Түбір морфема дара түрде де, қосымша морфеманы қосып  алып та жеке сөз ретінде қолданылатыны сияқты,қайталанып та (тау-тау,қора-қора), басқа түбір морфемамен қосарланып та (тау-тас,қора-қопсы), бірігіп те (белбеу,басқұр), тіркесіп те (он екі, қара сұр) жеке сөз ретінде жұмсала береді. Сонымен қатар, ондай қайталанған, біріккен, тіркескен түбір морфемаларға қажетінше қосымша морфемалар жалғанып қолданыла береді

Қосымша морфемалар өз ішінде жұрнақтар, жалғаулар және қосалқы сөздер деген үш топқа бөлінеді.Бұл қосымшалардың жұрнақтар деп аталатын түрі жалаң сөздерді жасау үшін қолданылады да, қосалқы деп аталатын түрі сөз тіркестері мен құранды сөздерді жасау үшін қолданылады.Ал, жалғаулар деп аталатын түрі жұрнақтар мен қосалқы сөздер арқылы жасалған жалаң және күрделі сөздерді бір-бірімен байланыстыру үшін қолданылады.Қосалқы сөздер жайындағы мәліметтер әрбір сөз табының тұсында айтылып отырылады.Қосымша морфемаларда мағыналық дербестік те,тұлғалық дербестік те болмайды. Өйткені қосымша морфемада жеке тұрғанда өзіне тән арнаулы дербес мағына болмайтындықтан, ол (қосымша) түбірдің қатысынсыз жеке-дара қолданылмайды. Сондай-ақ қосымша морфема жеке-дара қолданылмай, тек түбірге тұлғасы жалғанатын түбір морфеманың әуеніне еріп, өзгеріп, түрленіп отырады. Осы себептен бір морфеманың дыбыстық бірнеше түрі (варианты) болуы мүмкін. Мысалы, атты кісі, сүті сиыр, сауулы інген, елеулі мәселе, малды шаруа, білімді адам дегендегі –ты, -ті, -лы, -ды, -ді бөлшектері- бір морфеманың әр алуан түрлері.

Жалпы морфема атаулыға, онан қала берді, олардың түр-түрлеріне тән сыр-сипаттар келіп шығады. Ол сыр-сипаттар мынадай:

Біріншіден, түбір морфемалар мен қосымша морфемалар бір-біріне парықсыз емес; олардың қарым-қатынастары белгілі бір заңдарға сүйенеді; олар өзара бір-бірімен талғап тіркеседі. Қосымша морфемалар түбір морфемалардың грамматикалық қасиеттері жағынан біріңғай, біркелкі болып келуін қалайды да, олардың белгілі-белгілі топ-тобына ғана жалғанады. Мысалы, -па; -саң (жақпа, жақсаң) морфемаларын тек етістіктерге ғана (жатпа, айтпа, жақсаң, айтсаң) тікелей жалғасақ, -м; -да; -дан (жолы, жолда жолдан) морфемаларын тек есім сөздерге ғана тікелей жалғай аламыз, керісінше жалғай алмаймыз.

Екіншіден, қай қосымша қосылса да және қанша қосымша қосылса да, түбір морфема тұлға жағынан өзгермейді, үнемі бір қалыпта сақталып отырады. Ал, қосымша морфемалар, жоғарыда айтылғандай, тұлға жағынан тұрақсыз, демек, түбір морфеманың ерекшеліктеріне қарай орайласып, өзгеріп отырады. Мысалы, айтылады, айтылар, айтылғандықтан, айтылмақшы, айтыңдар, айтылар, айтасыңдар, күтіле, күтеледі, күтілгендіктен, күтілмекші, күтіңдер, күтісіңдер т.б.

Үшіншіден, бір түрлі қосымша қай түбірге (сөзге) және қанша түбірге (сөзге) жалғанса да, олардың әрқайсысына әр түрлі мағына үстемейді, олардың бәріне де жалпы бір түрлі ғана мағына үстейді. Мысалы, жоғарыдағы жат, сат, айт, қақ, шақ тәрізді етістіктердің, сол сияқты, жол, ауыл, асу, қалам, майдан тәрізді есімдердің түбірлері де, мағыналары да басқа-басқа бола тұрса да, оларға жалғанатын бір түрлі қосымша морфеманың әрқайсысы тек өзіне тән жалпы бір мағынаны ғана жамайды. Демек, айтса, сатса, оқыса, жатса, шақса дегендегі –са морфемасы осындағы түбірлердің қайсысына болсын бір шарттық мағынаны үстесе, жолым, аулым, қаламым, асуым дегендердегі –ым морфемасы олардың бәріне де тек бірінші жаққа тән тәуелдеу (меншіктеу) мағынасын ғана жамайды.

Төртіншіден, бір түбір морфемаға қажетіне қарай бірнеше қосымша морфема жалғана береді.  Бірақ ондай жағдайда қосымша морфемалар бірінен  соң бірі, қалай болса солай қосыла бермейді, тілдің ішкі заңдарына лайық, белгілі бір жүйе бойынша рет-ретімен тіркеседі. Мысалы, сауыншыларымыздағы деген есім сөздің түбір морфемасы сау, оған әуелі –ын, екінші –шы, үшінші –лар, төртінші –ымыз, бесінші –да, алтыншы –ғы морфемалары қосылған. Сондай-ақ, көрінбегенбісіңдер деген етістік сөзде көр түбір морфемасы болса, оған да бір-бірінен соң бірі тіркескен алты түрлі қосымша морфема (ін+бе+ген+бі+сің+дер) қосылып тұр. Осы екі сөздің сондай-ақ, өзге сөздердің де қосымша морфемаларының орындарын ауыстырып (айтайық, сау+шы+ын+ымыз+лар+ғы+да тәріздендіріп), тіркестіруге болмайды, өйткені қосымша морфемалардың да әрқайсысының өзді-өзінің білдіретін тиісті мағынасы,алатын тиісті орны, атқаратын тиісті қызметтері бар.

Сөйтіп, түбір морфема мен қосымша морфеманың мағыналарындағы ең негізгі айырмашылық мынау: түбір морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі нақтылық (конкреттілік), әрі дербестік тән болса, екіншіден, сол мағына тікелей түбірдің өз бойында болады; қосыша морфеманың мағынасына, біріншіден, әрі тым жалпылық (абстрактілік), әрі дербестегі жоқтық тән болса, екіншіден, сол жалпы (абстрактілік) мағына тек сөздің құрамында ғана тиянақты болып анықталады.Осыған сәйкес, түбір морфема тілдің өзіне тән мағынасы бар тұлғасы (единицасы) ретінде жеке-дара тұрып қызмет етсе, қосымша морфема тілдің мағыналы тұлға (единица) есебінде жеке-дара жұмсалмайды, тек сөздің құрамында ғана қолданылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1967.

2.С.Исаев. Қазіргі қазақ тілі.А., «Өнер»,2007

3. К.Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993.