Асанова М.А.,
Абай
атындағы ҚазҰПУ
Филология институты
Жалпы тіл
білімі кафедрасының
2-курс
магистранты
ҮНДЕСТІК
ЗАҢЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Үндесім
құбылысының қазақ тіліне тән екені белгілі.
Алайда үндесім құбылысы көпке дейін тек
фонетикалық құбылыс ретінде қарастырылып келді.
Ғылыми грамматикаларда болсын, оқулық және
оқу-құралдарында болсын үндесім құбылысы
«үндестік заңы», «сингармонизм заңы» немесе «дауыстылар (буын)
үндестігі» (гармония гласных) деген атпен жеке тақырыпша ретінде
ғана ескеріліп, фонетика бөлімінің ең соңына
тіркеліп отырды. Соның нәтижесінде қазақ (түркі)
тіліндегі үндесім құбылысы көпке дейін зерттеушілер
назарынан тыс қалып, оның фонологиялық рөлі мен артикуляциялық (жасалым),
акустикалық (айтылым), перцепциялық (естілім) табиғатына
мән берілмей келді. Тіптен үндесім құбылысы тек
фонетикалық деңгейдегі бірлік (единица) дәрежесінде
ғана ескерілетін болды. Оның үстіне дыбыстардың
арасындағы кейбір үйлесім (ассимилятивные модификациии)
үндесім құбылысының қатарына жатқызылып
келді.
Сингармонизм құбылысы,
жалпы, түркі тілдерінің бірегей белгісі болып табылады.
Үндесім құбылысының өз фонологиялық
мәртебесінде ескерілмеуінің салдарынан қазақ
(түркі) тіліне тән көптеген фонетикалық
(дыбыстық) құбылыстар аңғарылмай қалып
отырды. Оларға тән ұғымдардың басы
ашылмағандықтан, олардың өзіне тән атаулары
болмады. Мұның өзі қазақ фонетикасының
ғылыми зерттелім аппаратының жұтаң болуына себеп болды.
Теориялық зерттелімі дамыған өзге (мысалы, үнді-европа
тілдері) тілдердің табиғатында жоқ, бірақ
қазақ (түркі) тілінде бар дыбыстық
құбылыстардың тілдегі қызметі мен
артикуляция-акустикалық көрінісінің фонологиялық та,
фонетикалық та атаулары болмады.
Үнді-европа
тілтанымының ықпалымен қазақ тіліндегі көптеген
бірегей дыбыстық құбылыстар үнді-европа терминдерімен
аталып, сол тілдердің заңдылықтарымен түсіндіріліп
келді. Сөйтіп қазақ тілтанымында ұғым мен атау
қайшылықтары пайда болды.
Қазақ тіліндегі
үндесім құбылысына тән тілдегі фонологиялық
қызмет сөздік екпінге таңылды. Қазақ (түркі)
тілінің сөздіктерінің құрамындағы
сөздерде жаңсақ екпін орны белгіленді. Үндесім
құбылысының басы ашылмауы салдарынан оқу-әдістеме
саласында кемшіліктер мен жетіспеушілік орын алды.
«Сингармонизм» – қазақша «үндестік», олай болса, фонеманы сингармема, синема деп алғаннан гөрі «үндеспе» деп атау
орындырақ. Индоевропа
тілдерінен түркі тілдерінің
құрылымдық
жүйесі
қаншалықты
алшақ болса, фонемадан
үндеспе де соншалықты бөлек. Мәселен, орыс
тілінде сөз ішінде,
тіпті буын ішінде жуанды-жіңішкелі дыбыстар қатар
тұра береді.
Бұл қазақ тілінің табиғатына жат.
Осыдан-ақ бұлардың мән-мағынасын,
қызметін
аңғаруға
болады.
Лингвист-мамандар түркі, оның ішінде қазақ тіліндегі
үндесім (сингармонизм) құбылысына әрқашан
көңіл бөліп отырған. Тілдік құбылыс ретінде
оның фонетикалық (артикуляциясы) және фонологиялық
(қызметі) сипатына қатар көңіл бөліп
отырған. Фонетикалық теориялардың даму деңгейіне лайық
фонетикалық сипаттамасы беріліп, тілдегі қызметі жайлы пікірлер
қорытылып жатты. Жалпы түркі тілінің басты ерекшеліктері
ретінде өзге ғылым мамандары да көне жазу ережелерінің,
әсіресе оның әліпби құрамының
соншалықты дәл және нақты жасалғанын атап көрсетеді.
Мысалы, тарих маманы В.В.Бартольд өзінің лингвист емес екенін атай
отырып, сонда да болса көне түркі жазуының өте
ыңғайлы жасалғанын атап өткісі келетінін білдіреді.
Ғалымның «Турки, по-видимому, не только заимствовали готовый
алфавит, но прибавили к нему некоторые новые знаки... Сверх того, алфавит был
приспособлен турками к фонтичесим особенностям своего языка, особенно к закону
звуковой гармонии; вследствие этого самый старый из турецких алфавитов в то же
время должен быть признан самым совершенным из алфавитов, когда либо
употреблявшихся турками» [1, 9] деп түйіндейді
өзінің ойын. Өз кезінің әмбебап зерттеушісі
болған В.В.Бартольд түркі жазуының дыбыс құрамы
тілдің ішкі заңдылықтарымен өте тығыз
қабысып жатқандығын, сөйтіп сөздің дыбыс құрамын
өте дәл көрсететінін алға тартады. Көне түркі
жазуының жетілген жазу екендігіне қарап, сол кездегі халық
мәдениетінің жоғары болғандығын болжайды. Ол
туралы ғалым «Слог и выражения надписей заставляют полагать, что
состояние культуры народа было не так низко, как можно было бы ожидать по
обстановке кочевой жизни» [1, 10] деп жазады өзінің түркі
жұртының тарихына арналған белгілі еңбегінде. Көне түркі
жазуынан қалған деректер – тілдің сол тұстағы
айтылым қалпын жазудың айнытпай көрсететінінің
айғағы. Сингармонизмге құрылған көне
түркі жазуы түркі сөздерінің о бастағы
үндесім айтылым үлгілерінің беріге дейін бұзылмай келе
жатқандығын дәлелдейді. Түркі
сөздерінің үндесім айтылымы жайлы сөз болғанда ол
заңдылық жайлы басты деректерді XIX ғасыр
ғалымдарының еңбектерінен іздеуге тура келеді. Себебі
жоғарыда айтылғандай сол кездегі ғалымдар өздерінің
еңбектерін «тірі» тілді («живой язык» деген
мағынада) бақылау арқылы жазды. «Тірі» тілді деп отырғанымыз ол ғалымдар ел аралап,
халықтың ортасында жүріп, «қалай естісе, солай жазып
алып» отырғаны белгілі. Халық тілінің жазумен
бұзылмаған, ең таза көрсеткіші ретінде осы деректерді
қабылдау керек болады. Ондай деректер И.И.Ильминский [2], В.В.Радлов [3; 4], П.Мелиоранский [5] т.б.
еңбектерінен табылады. Аталған ғалымдар қалдырған
жазба мұраларда қазақ сөзінің үндесім
айтылым үлгілеріне қатысты өте қызықты
материалдар табуға болады. Қазіргі кездегі жазу ықпалымен
өшіп бара жатқан қазақ сөзінің
үндесім айтылым үлгілерінің о бастағы төркін
дыбысталуын өзара салыстырып қараудың маңызы зор
болмақ. Сонда ғана тілдің дыбыс құрамы мен дыбыс
жүйесіндегі өзгерістерді анық байқап, тілдің
болашағы жайлы болжам жасауға болады. Өткенді білу бүгінгіні дұрыс зерделеу үшін қажет.
ХХ ғасырдың екінші жартысында орыс
патшалығы
қазақ даласын
отарлауды аяқтап, орыс шаруаларын жаппай
қоныстандыруды қолға алды. Мұның өзі
қазақ халқының тілін, дінін, тұрмыс-тіршілігін,
салт-санасын білуді бұрынғыдан да жандандыра түсуге мәжбүр етті. Осы мақсатпен орыс
оқығандары бірсыпыра зерттеу жұмыстарын жариялады.
Олардың ішінде күні бүгінге дейін ғылыми маңызын
жоймаған құнды
еңбектер де бар. Алғашқы қазақ газеттері дүниеге келіп, қазақ тілінде
кітап шығару жандана бастады. Қазақ тілі
жөніндегі тұңғыш пікір, зерттеулер,
қазақша-орысша
және орысша-қазақша сөздіктер де осы тұста
дүниеге келе бастады.
Бұларда қазақ сөздері орыс графикасымен (жазуымен)
жазылды. Тілдің дыбыстық
құрылымын, айту, жазу нормаларын зерделеу үшін, араб жазуымен
салыстырғанда мұның маңызы зор.
Қазақ сөздерін алғаш орыс графикасымен жазған миссионер Николай Ивановия Ильминский (1822-1891) еді. Ол
1860 жылы Қазанда «Материалы к
изучению киргизского наречия» деген 162 беттік еңбегін
жариялады. Оның 140 беті – қазақша-орысша сөздік.
Сөздіктің бас жағында автордың қазақ
тілі, оның дыбыстық, грамматикалық жүйесі жөніндегі пайымдаулары баяндалған.
Араб жазуын орыс жазуымен алмастыру жайында алғашқы пікір айтылған.
Н.И.Ильминский қазақ тілінің шешендік, сұлулығына
сұқтанады, көне
түркілік сөздер көп кездесетініне назар аударады. Н.И.Ильминский
қазақ тіліндегі дыбыстардың айтылуына, өзара үндесуіне,
дыбыс алмасуларына да назар аударады. Сингармонизм құбылысы тіл
ерекшелігі ретінде сол кезде-ақ зерттеушілер назарына ілінген.
Мысалы, Н.И.Ильминский «үндесім
(үндестік) заңы» деген атпен оған арнайы
тоқталған және үндесім заңдылығын
бүкіл түркі тілдеріне тән құбылыс ретінде атайды:
«Закон созвучия по которому и известном слове, сколько бы оно длинно ни были,
все гласные и согласные должны быть либо толстые, либо тонкие, - закон общий
всем языкам тюркского семейства, существует и в киргизском наречии» [2, 14]. Бұл
жерде сингармонизмнің түркі тілдерін топтаудың белгісі
ретінде қабылданғанын көреміз.
Сонымен, үндесім құбылысын тілдік белгі
ретінде алған ғалым қазақ тілін осы белгісіне
сүйеніп түркі тілдерінің қатарына жатқызып отыр.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Бартольд В.В. Тюрки. –
Алматы: Жалын, 1998. – 192 с. 2. Ильминский Н.И. Материалы к изучению киргизского
наречия. – Казань, 1860.
3. Радлов В.В. Фонетика северных тюркских языков. Лейпциг, 1882 (неміс тілінде).
4. Радлов В.В.
Опыт словаря тюркских наречий. В 4-х томах (8-и книгах).
Санкт-Петербург, 1888-1911.
5. Мелиоранский П.М. Краткая грамматика
казак\киргизского языка. Фонетика, этимология. Ч. І. СПб., 1894.