Қабул О.Қ.

Л.Н.Гумилев  атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты

 

ЖАСТАРДЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚ БАҒДАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан – әлеуметтік бағдарланған нарықтық экономикасы бар егеменді мемлекет. Қазіргі мемлекетіміздің қалыптасуының экономикалық қиындықтары аз болған жоқ,  алайда егемен ел болу үшін басты мақсаттар қатарынан саяси-рухани мәселелерді де көре аламыз. Олардың ішіндегі даралап айтып кетер сала жастардың ой санасы мен құндылықтар жүйесінің, бағдарларының қалыптасуы.

Жас ұрпақтың дүниетанымындағы өзгерістердің мәнін ой елегінен өткеріп, зерделеу теориялық міндеттер тұрғысынан қалай зәру болса, өмірлік мақсат-мүдде де солай маңызды. Қоғам дамуының жаңа арнаға түсуі, яки еліміздің егемендік алуы – тәуелсіздігіміз қаншама құндылықтарға жол ашты. Қоғамның күллі бағыт-бағдары, ізгі мұраттары, қажеттіліктері мен себеп-салдарлары түбегейлі өзгерді, мұның өзінің жастардың ой-санасына, өмірлік ұстанымдарына әсер-ықпалы болмай қалған жоқ. Жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы, әрі әлемде өзіне баса назар аударатын халықаралық жастар қауымдастығының бір бөлшегі болып табылады.

Жастар Қазақстан халқының жартысынан артығын құрайды және қоғамның бұл өзгермелі, белсенді және «тәжірибесіз» бөлігі ел болашағында шешуші рөл атқарады. Н.Ә.Назарбаев осы мәселеге ерекше назар аудара отырып: «Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр буынның өзіндік тағдыры бар. Сіздерде де ол өздеріңіздікі. Сіздерге осындай уақытта өмір сүру үлесі тиді. Сіздер елді көтере аласыздар... Қуатты күш болғандықтан Қазақстан Республикасы кері бағытта жүргісі келмейтіндігін нық жариялай отырып, жастар жүргізіліп жатқан реформалар бағдарын қолдай алады» [1]. Тиімді әрі пәрменді әрекет ету үшін жастарда әрі озық, әрі еліміздің түбегейлі мүдделеріне сәйкес  құндылықтар жүйесін қалыптастыру міндеті айқындалып тұр. Бұл істі әлеуметтік стихияға беріп қою дұрыс емес. Өйткені бос қалған орын міндетті түрде толтырылады.

«Қандай қиын қыстау жағдайда да адамдар үшін өзекті болып қала беретін даусыз құндылықтар әрдайым болған және бола береді. Қоғамның адамгершілік деңгейін анықтайтын рухани байлық пен мәдениет осылардың қатарына жатады. Мүмкін осы қиындыққа толы қым-қуыт жылдарда өзіміздің құндылықтарымызды сақтап қала білгендігіміз біздің басты жетістігіміз болар» деп елбасымыз [2] айтқандай құндылықтар объективті жүріп жатқан  процестің даму үрдісінің мән-мағынасы мен бағыт-бағдарын айқындап отырады. Ол адамның қоғамда қалыптасқан адамгершілік, салт-дәстүр, мінез-құлық қағидаларын адамзат жасаған өмірлік құндылықтар мен талғамдарды, рухани байлықтарды бойына сіңіріп, меңгеруді талап етеді. Соның нәтижесінде адам өзінің мінез-құлқын, жасаған іс-әрекетін басқа адамдардың мінез-құлқымен салыстыру, соған байланысты баға беру, сөйте келе өзінің кім, қандай екенін түсіну, яғни адамның өзін-өзі танып білу қабілеті жетіледі. Адам қоғамнан өз орнын табуға, оған пайда келтіруге тырысады.

Қоғам  өміріне қажетті әрі озық игіліктерге жол аша келе, олардың дәстүрлі мәдениет пен отандық тарихтан алынған өмір үлгілерімен қосылу тетіктерін зерттеу күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселеге жатады. Көп ұлтты қазақстан қоғамында әр түрлі этникалық қауымдастықтардың арасында бірлік пен татулық болса, елдің экономикалық және әлеуметтік салаларын жөндеуге, дағдарыстан шығуға мүмкіндігі болады. Бұл бағыттағы ұтымды жастармен жүргізілетін тәрбие жұмысындағы ұлтаралық құндылықтар жүйесін үйлесімді ету үлкен маңызға ие болады.

Көпэтникалық Қазақстан үшін саяси құндылықтардың қалыптасуы, дамуы, таралуы процестерінің үлкен маңыздылығы бар. Өйткені құндылықтар өзінің ішкі қабілеті бойынша не оң, не теріс бағытта өрбуі, қоғамды біріктіруге, не болмаса ыдыратуға септігін тигізуі мүмкін. Бұл жастардың қатысуына, мінез-құлқына тікелей әсер ететін құбылыс. Сондықтан Қазақстан жастарының құндылықтарын зерттеу мәселесі тек теориялық жағынан ғана емес, мемлекеттік тұрғыдан, практикалық жағынан маңыздылығы бар мәселе.

Қазіргі жастарымыздың жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін оларға бүгінгі нарықтық экономикаға тән жаңа құндылықтарды меңгерту, сондай-ақ, олардың жан-жақты кемелденіп жетілуінде мектеп пен отбасының, әлеуметтік ортаның ықпалы сияқты объективті және субъективті факторлардың маңызы зор. Социология ғылымында бұл факторларды «әлеуметтендіру» үрдісі деп атайды. Зерттеушілердің пікірінше, адамның әлеуметтенуі белсенді түрде өтетін процесс болғанымен, ол бүкіл өмір бойына созылмайды. Ол тек жеке бастың мінез-құлық комплекісінің нормалық нысандарының жиынтығы ретіндегі тұрақты орнығу, әлеуметтік ой-пікірлері мен дүниеге көзқарасы, яғни адамның өзіндік жеке басының адамдық кескін-келбетінің қалыптасуына керекті уақытқа ғана созылады. Ол шамамен орта есеппен алғанда 22-29 жасқа дейінгі аралық [3].

Жастарды әлеуметтендіруде айрықша маңыздылыққа ие болатын тағы бір мәселе, ол жастардың дүниеге ғылыми көзқарасын қалыптастыру болып табылады.

Оқу-ағарту жүйесі үш түрлі функцияны: білім-беру, тәрбиелеу және жетілдіріп дамытуды атқарады.

Білім беру – ақыл-ойдың дамуына тікелей әсер ете отырып, адамның дүниеге жүйелі көзқарасының қалыптасуына ғылыми негіз болады. Ал дүниеге ғылыми көзқарасы адамның толыққанды қалыптасуының ең негізгі арқауы. Сондықтан республикада жастардың дүниеге көзқарасын қалыптастыру оларды оқытудың, тәрбиелеудің және жетілдіріп дамытудың бөлінбес бөлігі ретінде оқу процесі бойынша жүзеге асырылса дұрыс болар еді. Білім – жеке тұлғаның әлеуметтік-мәдени көзқарасын дамытып, дүниетаным аясын кеңейтетін маңызды факторлардың бірі. Ол жеке тұлғаның әлеуметтік статусын айқындауда, сондай-ақ қоғамда келісім мен ішкі тұрақтылықты орнықтырып, мәдени құрылымды дамытуда үлкен рөл атқарады.

Білім – біздің қоғамымыздың ХХІ ғасырдағы басым бағыттарының бірі. Білімсіз Қазақстанның қоғамдық рухани жүйесін  дамыту мүмкін емес.

Білім – мемлекеттің күш-қуатын анықтаушы. Қай кезде де адамзат қоғамының білім деңгейі аса маңызды мәселе болды.  Көрнекті ғалым Э.Дюркгейм білім берудің негізгі міндетін қоғамда үстемдік етіп отырған мәдени құндылықтарды ел арасында тарату деп тапса, американдық социолог – Н.Смелзер білімді институционалдандырылған процесс, яғни қоғамда қалыптасқан белгілі бір құндылықтарды жеке адам, топ, қауымдастық арасында орнықтыруды жүзеге асыратын құрал ретінде анықтайды [4]. Бұл ыңғайда қос ғалымның да ой-пікірі бір арнада тоғысып жатыр.

Сонымен, аталмыш міндеттерді негізінен іске асырушы рухани мәдениеттің қайнар көздерінің бірі – жоғары оқу орындары. Ол елдің ұлттық интелектуалдық потенциялының жас буынын қалыптастыратын орын. Оның мақсаты егеменді елімізге ұлттың қамын ойлап, жоғын жоқтайтын өнегелі, өрісі биік азаматты дайындап, тәрбиелеу десек, екіншіден ол – білім ордасы. Жастардың бойындағы талантты ашып, жетілдіріп дамыту, белгілі бір маман өнеріне үйрету әрбір жоғарғы оқу орнының міндеті. Келешек маман иесін толыққанды тәрбиелеуде білім ордалары жастарға тек қана белгілі бір кәсіпті үйретіп қана қоймай, сонымен қатар сол мамандықтың кәсіби ой жүйесін, сананың кәсіби этикасын, кәсіби мәдениетін қалыптастыру шарт. Сондай-ақ жастарға қоғамдағы және бүкіл адамзат өркениетіндегі ортақ рухани  құндылықтар тұрғысынан да жүйелі білім беру қажет. Мұның болашақ мамандықтың кәсіби ой-өрісін кеңейтуде, саяси бағдарын қалыптастыруда маңызы зор. Бұл жайында белгілі ғалым Э.Дюркгейм қоғамдағы халықтың барлық мүшелеріне ортақ құндылықтар қоғам өмірін реттеуде үлкен рөл атқарады деп көрсеткен. Ол адамдардың мінез-құлқында ортақ нормалар мен ұстанымдарға (принциптерге), идеалға айналады. Ал, бұлар құықтық және адамгершілік тұрғыда беделді әлеуметтік күш қызметін атқармақ. Осындай күш бүкіл экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени және қоғамдық-саяси тіршіліктің тұтқасы, өлшемі болмақ. Мұндай құндылықтар болмаған жерде адам мінезінде әртүрлі ауытқулар мен тұрақсыздықтар орын алуы мүмкін.

Орта ғасырлық ойшыл Ж.Баласағұн «Құтты білік» еңбегінде: «Мемлекеттік ойлауды қалыптастырудың басты шарты – білім немесе әмірші заңдар арқылы қанша мықты бола тұрып, ғалымдарсыз елді басқара алмайды»- дейді [5].

Ендеше, мемлекетіміз өз бағытын айқындаудың стратегиялық мақсат-міндеттері қатарына жас ұрпақтың білімі мен тәжірибесін алға шығаруы – заңды құбылыс. Ел Президентінің халыққа жолдауындағы басты  басымдылық: «Осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетінің одан әрі өркендеуі» [6].

Жалпы кез келген жастың жоғарғы оқу орнын бітіргенде игеруге тиісті негізгі жеке қасиеттері, адамгершілік өлшемдері мен гуманитарлық бағдарлар жиынтығы ретінде мыналар танылады:  философиялық даярлық (өйткені дүниетану мен түйсінудің негізін құрайтын да, өмірдің мәнін іздегенде құндылық бағдар беретін де осы философия); нарықтық экономиканың әлеуметтік бағытталуы туралы қазіргі түсініктердің негізінде қалыптасатын экономикалық біліктілік; әлемдік өркениет тарихындағы неғұрлым мәнді идеялар мен тұлғаларды білу; мәдениеттің негізі кезеңдеріне түсінік беру; әлеуметтік-мәдени даму заңдылықтарын түсіне отырып, тарихи жылнамаға талдай жасай білу; қазіргі өркениет жолдарын пайымдау қабілеті; қоғамдағы институттардың құрылымы мен функциялары жайында нақты түсініктің болуы; тарих субъкетілері, оның ішінде осы заманғы әлеуметтік күштер, қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымы туралы кең ауқымды түсінік, әлеуметтік технологиялық даму мәселелерінде еркін бағыт бағдар ұстау [7] - деп білім жүйесін ізгілендірудің мақсат-міндеттері айқындалған.

Демек, жеке тұлғаның үздіксіз даму, қалыптасу, кәсіби жетілген танымның болуы үшін ең алдымен, адам факторының тек өндірісте ғана емес, өмірдің барлық саласында алдыңғы қатарға шығуын талап етеді.

Қазіргі қоғамдық сұраныс – өз ісіне мығым, жұртшылықпен араласуда жеке басындағы барлық шынайы жағымда қасиеттерін байқата алатын жеке тұлғаны тәрбиелеуді талап етеді. Сол себепті жастардың өз бойында қоғамдық құнды қасиеттерді әдетке айналдыру бейімділігін дамыту, оған бөгет болатын факторларды өз бетімен жеңе білуге үйретуге бағытталған рухани мәдениетке баулу қажеттілігі туындап отыр.

Рухани әлеуметтену процесі индивидтің бүкіл өмір бойы жалғасады. Рухани әлеуметтену ең алғаш отбасынан басталады. Ал, бұл процесс біздің қоғамымызда қалай жүріп жатыр? Меніңше өте баяу. Себебі, көптеген ата-ана балаларымен Қазақстан, мемлекеттік рәміздер, олардың мәні мен мағынасы туралы, мемлекет басшысы және оның жүргізіп отырған саясаты жөнінде әңгімелеспейді. Пікір алмаспайды. Тіпті, кейбір үлкендердің ойынша балаларға бұл мәселені білу ертерек екен. Шынымен де, жаңағы кейбір ата-аналар жоғарыда аталған жәйттерді баланың санасына кішкентай кезінен сіңіріп өсіргенде ғана жас ұрпақтың бойында біз жағымыз талмай айта беретін патриоттық, отан сүйгіштік сезімдерді қалыптастыратынын білмей ме, әлде білгісі келмей ме?... Ал олар баланы іште жатқаннан тәрбиелеу керектігін және оларды санасына жоғарыда аталған құндылықтарды енгізу қажеттігін түсінбейді. Мәселен, бүлдіршіндердің қоршаған ортаға деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде болады. Олар әр нәрсені көріп, қызығып не екенін білуге ұмтылады. Ал, кейбір ата-аналар баласының сұрағына жауап беруі, оның ақ-қарасын ажыратып көрсетуі парызы екенін ұмытып кетеді.

Жас ұрпақтың құндылықтық бағдарларын қалыптастыруда патриоттық тәрбиенің мәні зор. Қазақ халқы «Отан», «Тәуелсіздік» ұғымын бала бойына ерте сіңіруге тырысқан, 13-те отау иесі яғни отбасына  ел-жұртына қорған бол дегенді санасына сіңірген. Қазақ баласы үшін отан – отбасынан, ата жұртынан, туып өскен топырақтан басталады. Бұны қазақ халқының мына мақалынан айқын аңғаруға болады. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы». Осылайша халық ар-намысты жоғары қойған. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінің ең бір биігі – ата-анасын, үлкенді құрметтеу т.б. ұғымдар қабысып отаншылдық, елжандылық ұғымдарына алып келеді. Мұндай ұғымдар негізінде тәрбиеленген патриоттық сезім қалыптастыратындығы анық. Бүгінгі ұрпаққа адамзат тарихында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы патриоттық тәрбиені, отаншылдықты, елжандылықты, жас ұрпақ бойына дарыту бүгінгі күннің көкейкесті мәселесінің бірі болып отыр [8].

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2030 – стратегиялық бағдарламасының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде – еліміздің тұтастығын, оның тыныштығын яғни мемлекетімізге қауіп төндіретін қандай да болмасын ішкі және сыртқы күштерден сақтау міндетінің өзі, жастарымызды отаншылдық, елжандылық, патриоттық рухта тәрбиелеуді жүктейді. Қазақ халқының бір туар ұлдарының бірі, Б.Момышұлы: «Патриотизм Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке байлыныстығын сезіну, әр адам өзінің мемлекетке тәуелді екендігін, олай болса мемлекетті нығайту жеке адамдардың күшейту екендігін мойындау», - деген болатын. Міне, жас ұрпақ бойында патриоттық сананы қалыптастыру, ол үшін патриоттық іс-әрекет ұйымдастыру, бұл шараны іске асыру үшін оқу-тәрбие процесінде патриоттық тәрбие беру қажеттігі туындап отыр. Олай болса, жастарға патриоттық тәрбие беруде – өткені мен бүгінгі күнде және болашағын байланыстыру қажет. Осылайша, жастар бойында «ұлттық патриотизмді» қалыптастыруға болады. Ұлттық патриотизм – жеке адамның өз халқына деген сүйіспеншілігі, ерекшелігі, тегі, территориясы, тарихи дәстүрі т.б. жағынан дербес белгілеріне байланысты. Міне, осы рухани ерекшеліктерді білу, оны қалыптастыру бүгінгі тәрбиенің негізгі мақсаты. Патриоттық сезім тәрбие арқылы қалыптасып, ол жетіліп патриоттық сана түріне айналады. Сонда ғана жеке адам өз ұлтына тән ерекшеліктерді түсініп, сезініп, өз ұлтының бабаларының қасиеттерін бойына сіңіреді

Қазіргі кезде өтпелі кезеңдегі халықтың әл-ауқатының төмендеуінің салдарынан патриоттық сезім, рухани сананың төмендеуі айқын байқалуда. Дегенмен, бұл өтпелі кезеңнің уақытша қиындықтары екендігін түсініп, болашақ  ұрпақты өркениетті елдердегі ойлау мен рухани мәдениет деңгейіне сәйкестендіріп тәрбиелеуіміз қажет.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Назарбаев Н.Ә. Жастар – Қазақстанның нұрлы болашағы //Егемен Қазақстан, 2005ж., 6 қыркүйек.

2. Назарбаев Н.Ә. Рухани байлық және мәдениет – қоғамның басты құндылықтары. //Егемен Қазақстан, 2000ж, 18 ақпан.

3. Тұрғынбаев Ә.Х. Социология. Алматы: Білім, -2001ж, 76 б.

4. Смелзер Н. Социология. -М.: фенникс, 1994. -687с. (гл 14).

5. Исаев Ә.Ү. Саяси білім – жастардың саяси мәдениетін қалыптас-тырушы фактор. //Вестник КазНУ. Серия культуралогия. -2004ж, №2, 22б.

6. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаң-ында». Ел президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. 2006ж. 2 наурыз 7б.

7. Қазақстан Республикасының гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. -Алматы: Қазақстан, 1994. 40б. /14/

8. Саханова А. Жастар тәрбиесіндегі – патриоттық тәрбиенің қоғамдағы алатын орны. //Ақиқат, -2005ж.  №4. 182б.