Қ.Ү. Сыбанбаев

                       философия ғылымдарның  кандидаты,

 доцент

 

ӘЛЕУМЕТТІК  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  ҚОҒАМДЫҚ   ДАМУДЫҢ  ФАКТОРЫ       РЕТІНДЕ

 

Қоғамдық өмірді өзгеру, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту, қашанда, бүкіл бұқара  халық қолға алып, белсене ат салысқанда жүзеге асады. Ол қалыптасқан қоғамдық қатынастарды сол тарихи кезеңге сай терең өзгертуді талап етеді. Өйткені, қалыптасқан қоғамдық қатынастарды өзгертпейінше, елді тоқырудан шығару мүмкін болмайды.

Табиғат – қоғамның өмір сүруінің және дамуының шарты екені баршаға мәлім.  Адам табиғаттан өзін бөліп шығарып, оған белсенді әрекет етеді. Оның белсенділігі табиғат заттарын өзгертуге бағытталған заттық іс-әрекет үрдісінде көрінеді. Адамзат тарихының басталуымен бірге, сол заматта, оның қоршаған әлемге шығармашылық қатынасының тарихы басталды деуге болады. Адамның табиғатқа әсер ете, оны өзгертіп, сонымен қатар, өзінің табиғатын да өзгерту толық түсінікті табиғи үрдіс. Өйткені, адам  өзінің әрекетімен табиғат заттарына өз қалауымен форма беріп, белгілі қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, табиғат құбылыстарын өзгерте, өзінің мәнін «заттандырады» жасап шығарған заттарына өзінің ерікін, білімін, санасын, қабілетін бейнелеп қалдырады. Осылайша, адам өзінің еңбек әрекетімен табиғат заттарын шығармашылық тұрғыдан өңдеп қана қоймай, сондай-ақ, өзін, өзінің қоғамдық қатынастарын мақсатқа сай өзгертеді.  Осылай әсерлесуде тарихи үрдіс алға жылғып отырады.

Шығармашылық іс-әрекет өзінің мәні жағынан әрқашанда тарихи болған. Сондықтанда, біздің пайымдауша, шығармашылықты дұрыс түсінудің маңызды бір шарты проблемаға тарихилық тұрғыдан келу болып табылады. Бұл тарихилық көптеген эмпирикалық фактілермен проблеманы қайнату емес, шығармашылықты  болған тарихилықпен байланыста түсіну немесе тек осындай жолмен оны жалпыға ортақ логикалық өлшемде ашуға болады.[1].   Қоғам  адамның іс-әрекеті арқылы өмір сүріп дамиды. Белгілі қоғамдық формациядағы адамның іс-әрекетін, оның қоғам дамуындағы ролін  зерттеу шығармашылық проблемасын тарихи практика тұрғысынан  қояды. Өзінің дамуы үшін қажетті нәрселердің барлығы табылатын тек өркениетті қоғамда адам түпкілікті шығармашылық иесі болып табылады.  Тек сол кезден бастап адамдар өз тарихын толық саналы түрде жасай бастайды.  Адам қажеттілік патшалығынан  еркіндік патшалығына қарай  қадам басады.  Танымал философ, академик Ж.М.Абдильдиннің пайымдауынша, өткен дәуірде өмір сүрген барлық қоғамдық-экономикалық жүйелер өзінің табиғатынан соңы бар, өйткені ондағы  еркіндік, адам белсенділігі  ең тәуір болғанда, адамның заттық іс-әрекетінің  формасында емес, оның мазмұнына қатынасында өзін табады. [2]. Егер, адам өзінің еркіндігін, шығармашылық потенциалын көрсетсе, табиғат заттарын мақсатты қалыптастыру үрдісінде, тек табиғатқа ғана қатысты болды; өзіне өзі қатынаста, өмір сүру формасын мақсатты таңдау қатынасында  бейтарап, әлсіз, өзі табиғаттың формасы ретінде  көрінді.

Алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдардың іс-әрекеті шығармашылықтың тек табиғатқа ғана қатысты тарихи бастауы болды. Бұл кезеңде адам табиғаттан өзін бөліп шығарып, табиғатқа белсенді әсер ете, қарапайым еңбек құралдарын түрін өзгертіп, жасай бастады. Ал, адамдардың алғашқы қауымдығының өзіндік дамуы  оған  байланыссыз, мақсатқа сай болмады. Олар бір-бірімен белгілі қатынаста болғанымен өздерінің қоғамдық қатынастарын өз қалауына сай өзгерте алмады.

Таптық қоғамның шығуымен, материалды өндірістің ары қарай дамуымен қоғамдық қатынастар күрделене түсіп, таптар арасындағы қайшылықтар шиеленісіп, осыдан іс-әрекеттердің жаңа түрлері шыға бастады. Әрине, осы үрдістер қоғамның шығармашылық потенциясының көтерілуіне әсерін тигізді. Алайда, қоғам дамуының осы кезеңіндегі  таптық антагонизмі  қоғам дамуы үшін еңбекшілердің өндірістік іс-әрекетімен жүзеге асқан объективтілік пен  материалдық игіліктерді өндіру үрдісіне қатысушылырдың өздері үшін оның маңыздылы арасында қарама-қайшылық тудырады.[3]. Адамдық іс-әрекеттің өзінің мәні бойынша, қандай қоғамдық-экономикалық жағдайда жүрмесін, оның әрдайым шығармашылық сипаты болады. Өндіріс әрқашанда, қоғам дамуының негізі. Шығармашылық еңбектің туа біткен мәні болғандықтан, еңбек барлық формацияда өзінің шығармашылық сипатын сақтайды. Таптық қоғамда тарихи-прогрессивті қозғалыс жаттанудың әртүрлі формасында болып жатты.

Осылайша, таптық  қоғамда еңбек табиғатты өзгертуде, өндірісте өзінің шығармашылық мәнін сақтағанымен, алайда, еңбекшінің өзі үшін еркіндік бола алмайды. Адам еркіндігінің барлық мүмкіндіктері  олардың өздерін  еркіндіктен  айыратын    құралға айналады. Мұнда адамдардың тек өздері шығарған  күштер оған жатаң болып қалмай, сонымен бірге, оның өзі де өзіне жат болып қалады. Олардың еңбек нәтижесі жаттанады және олардың өзі үшін еркіндіктің көрінісі болмай, оған капитал формасында қарама-қарсы тұрады. [4]. Жұмысшы өзінің еңбегінің  жемісіне  бөтен зат ретінде қарайды.  Сондықтан эксплуататорлық қоғамда адам тек саналы жан иесі болғандықтан өзінің тіршілік әрекетін, өзінің мәнін тек тірі жүруін сақтайтын  құралға айналдырады.

Алайда, еңбектің жаттану жағдайында бұқара халықтың  дүниені өзгеруге шығармашылық мүмкіндігі толығымен жоқ деп  айтуға болмайды.   Ол бұқара халықтың   таптық күрестерге, әсіресе революцияға қатысуында  көрінеді.  Адамзат  еркіндігін толығымен жүзеге асыру үшін,  адам өзінің туа біткен мәнін көрсету үшін басты орынға адамды қойған дамыған, өркениетті қоғам болу керек. Тек осындай қоғамда ғана адам өзінің шығармашылық қабілетін табиғатқа ғана емес, өзінің өзіне қатынасында жан-жақты көрсете алады.

Тарихи дамудың әртүрлі кезеңдерінде халық бұхарасының әлеуметтік-тарихи шығармашылық үрдісіне қатысуы бірдей емес, қайшылықты сипатта болды. Бірде белсенді көтерілсе, бірде төмен құлдырап отырды. Әсіресе, революциялық ахуалдарда халықтың белсенділігі, шығармашылық  табиғаты жарқын көрінді.  Жаңа экономикалық саясат қоғам дамуында үлкен бетбұрыс болды. Кооперация мен сауда дамуы, халыққа еркіндігі мен құқығын кеңейту, еңбекшілерді экономикалық қызығушылыққа баулу елде шығармашылық кеңістікті тудырды. Бұқараның шығармашылық инициативасын дамытуға жол ашылды. Азық-түлік салғыртын салықпен ауыстыру, еркін сауданы дамыту, крестьян шаруашылығының еркін кооперациясы – халықтың белсенді дамуына әкелді. Адамдарда – шығармашылықтың негізі – өз шаруашылығына иелік ету, қызығушылық сезімі оянды.

Қоғамда осындай жағымсыз құбылыстарды жою, адам факторын белсендіру, инициативаны ояту, іске шығармашылық тұрғыдан келу, қоғамдық өмірдің барлық салаларын жаңарту  қажеттіліктері пайда болды.  Сондықтан елде басталған қайта құру, ең бірінші, қоғамдық өмірдің барлық салаларын жаңалауға және адамдардың шығармашылық белсенділігін дамытуға бағытталды. Сонымен бірге, әкімшілік басқаруды еңбекшілердің әлеуметтік шығармашылығын оятудың қажетті шарты болатын экономикалық өзіндік басқаруға ауыстырды. Осы аспектіде қайта құру өзінің мәні жағынан, қоғамдық, өндірістік қатынастарды және адамның өмірлік әрекеттерінің басқа да формаларын саналы, мақсатқа сай өзгертетін  әлеуметтік шығармашылықтың формасы ретінде көрінді.  Қайта құру нәтижесі оған халықтың белсенді қатысуына тікелей байланысты болды.  Сонымен бірге, бұқараның әлеуметтік шығармашылығының дәрежесі қайта құрудың жетістігіне байланысты болды. Тарихи тұрғадан, сол кездегі әлеуметтік шығармашылық халық бұқарасының кеңі көлемде ат салысып, жаңа қоғамдық қатынастар мен мекемелерді мақсатқа сай жасап шығаруы болды. 

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап халқымыздың ой-санасында, мәдениетінде, тұрмыс салтында жаңа көзқарас, жаңа дүниетаным  қалыптаса бастады деуге болады. Кеңестік  тоталитарлық жүйенің қыспағынан  босап, өзінің төл әдебиетіне, саяси бұрмаланған сан ғасырлық тарихына,  салт- дәстүрі мен діліне жан-жақты терең мән бере бастады.

Еліміздің  басты мақсаттарының бірі қоғамдық өмірдің барлық жақтарын түбірлі өзгерту, оны шешуге бүкіл қазақстандықтарды жұмылдыру қажет болды. Ата-бабаларымыз қаншама жылдар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге қол жеткенде, объективті жағдайлар өзгеріп, әрбір адамнан шығармашылық белсенділікті, өз ісіне деген инициативалық қатынасты, жеріне, еліне иелік етуді талап ете бастады.  Қоғамдық өмір салтында  үлкен бетбұрыстар болып, дінімізге, салт-дәстүріміз бен  басқа да құндылықтарымызға  жаңаша қарау өріс алды. Өткен тарихи оқиғаларды бағалау, саяси және адамгершілік өзіндік санаға көзқарас өзгерді. Тілімізді, ділімізді, әдеп-ғұрпымызды саралап, қайта жаңғыртуға кірістік. Міне, осы объективті жағдайлар, әлеуметтік шығармашылыққа жарқын жол ашып, адамдардың белсенділігі оянып, болашақ ұрпақ үшін, ұлтың келешегі үшін ұлағатты істер жасала бастады.

1991 жылдың  16 желтоқсанынан бастан Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет атанды. Сол жылдың 10 желтоқсанында бүкіл халық сайлаған Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның  тұңғыш Президенті болып, қызметіне кірісті. Сол кезден бастап елімізде экономика, саясат және рухани өмір салаларында көптеген прогрессивті өзгерістер болып, қоғамымыз жан-жақты дами бастады. Қазақстанды Туркия мемлекеті бірінші болып тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Бүгінгі таңда егемендігімізді көптеген еуропалық, батыс мемлекеттері мойындап, олармен дипломатиялық, экономикалық және мәдени қатынастар орнап,  еліміздің  абыройы күн санап артып келеді. Халықаралық деңгейде мемлекетіміздің беделі нығая түсуде.

Қазақ халқының ұлттық санасының жаңғыруының белгісі болатын іс-шаралар жасалына бастады. Бірте-бірде ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлеріміз, ойындарымыз, діни мейрамдарымыз     қайта жаңаданып, орныға бастады. Бұған бүкіл халқымыз, зиялы қауымдар белсенді ат саласты. Адамдардың әлеуметтік шығармашылығын тудырды. Шұбарланып бара жатқан қазақ тіліміздің мәртебесі көтеріліп, мемелекеттік тілге айналды. Тарихи кезеңдерде, тар жол тайғақ кешуде жазықсыз жапа шегіп, репрессияға ұшыраған азаматтарымызды ақтау басталды. Елдің ұлттық санасы оянып, болашаққа деген сенімі арта түсті. Патриоттық сезімдер ұялап, ұрпақ үшін, халықтың келешегі үшін белсенді  идеялар туындап, жаңа, тың бастаулар жасала бастады.  Бұл, шын мәнінде, адамдардың шығармашылық іс- қимылдарының    өрістеуіне  жасалынған жағдай жасалынған жаңа дәуір болды.  Тың идеялар беріп, халықты жаңа өмірге бастап, елді белсендікке шақыра осы ігі істердің басында тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың өзі жүрді. 1992 жылы 3 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына кірді. Шет елдердегі ата-бабасының туған жерінен алыстап кеткен қандастарымыз Қазақстанға қайта орала бастады. Елімізде арнайы көші-қон бағдарламалар жасалып, оларды орналастыру, үй-жай, жұмыспен қамтамасыз ету үшін орасан жұмыстар жүргізілді. 

Елбасы  айтқан, «әуелі экономика, содан соң саясат» салиқалы сөзін басшылыққа ала, еліміздің тәуелсіздік жылдарында алдымен экономикада күрделі өзгерістер жүргізілді. Мемлекеттік сектордағы щаруашылықтар жекешелендіріп, бұл үрдіс ауыл шаруашылығында да жалғасын тапты. Мақсат адамдарды өз шаруашылығына, мекемесіне иелік еткізу, оны дамытуға оған еркіндік беру, табыс табуға қызығушылық туғызу т.б. Мұның бәрі, бір сөзбен айтқанда, адамдарға әлеуметтік шығармашылықпен айналысуға жол ашу болып табылады. Тек осы жол ғана, бүкіл қоғамымызды дамытып, тәуелсіз еліміздің экономикасын нығайтатын айқын жол болды. Қазақстанның экономикасын дамытуға аса ірі шетелдік инвесторларды тарту қолға алынды.  Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен болашық ұрпақ үшін жаудан қорғап  қалған кең байтақ жеріміз байлыққа, шикізатқа толы болды. Жеріміздің бұл байлығын   бұрынға кеңес дәуірінен қалған ескі технология, техникамен игеру мүмкін болмады. Сондықтан дамыған шет ел компанияларымен келесімге тұрып, олардың заманға сай жаңарған технологияларымен  тез арада игеріп, ол шикізаттарды әлемдік нарыққа шығарып, еліміздің экономикасының тұғырын нықтап алу қажет болды. Бұл істер өз нәтижесін беріп, халқымыздың әл-аухаты жақсарып, қоғамымыз тұғырықтап шығып, дами бастағаны мәлім болды. Республикада еліміздің төл валютасы – теңге  айналымға еңгізілді. Өзіміздің ұлттық теңгеміздің айналымға енуі сауда-саттық қатынастың аймағы кеңейіп, экономикамыздың тұрақталып келе жатқанының айғағы болды.

Экономикалық жүйені реформалау, нарықтық қатынастарға өту өндірістік демократияны жаңа деңгейге көтеретін өндіріс орындарына толық дербестік  беруді талап етеді. Бұл тенденция экономиканың интенсификасиясының талабымен негізделген және де халықтың әлеуметтік шығармашылығының дамуына үлкен импульс береді. Егер,  әрбір мекеме мен ұйымдарға дербестік, бастама  және кәсіпкерлік еркіндігі берілмесе, онда қоғам шығармашылық қатынаста алға жылжи алмайды. Қоғамда неғұрлым дербестік пен еркіндік жоғары болған сайын, соғұрлым оның шығармашылық потенциалы, шығарушылық мүмкіндіктері жоғары, жемісті болады.

Қоғамды өзіндік басқару концепциясы туралы, нарықтық қатынасқа өту туралы ғылыми білімдерді игеру әлеуметтік шығармашылықтың дамуының маңызды теоретикалық-методологиялық алғы шарты болып табылады. Өмірдің өзі көрсеткендей, әлеуметтік шығармашылықтың дамуы өте қайшылықты үрдіс.  Ортаның өзгергеніне, әлеуметтік субъектінің объектіге белсенді әсер етуіне қарамастан тоқырау кезеңіндегі жылдар бойы қалыптасқан қоғамдық қатынастардың формалары  жақсы жағына қарай ақырын қозғалуда. Оның себебін күні өтіп бара жатқан қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік субъект сұранымының  өсуі арасындағы қайшылықтан көруге болады. Бүгінгі таңда осы осы қайшылықтарды  шешу әлеуметтік шығармашылықтың дамуының маңызды шарттарының бірі болып тұр.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1. Сейтахметов Н.К. Логика и творчесво // Диалектика  свободы как творчесвтва. – Алма-Ата: Наука, 1989. – С.211.

2. Абдильдин Ж.М. Свобода как творчество общественых отношений // Диалектика  свободы как творчесвтва. – Алма-Ата: Наука, 1989. – С.113.

3.  Қараңыз: Коршунов А.М. Отражение, познание, творчество  // творчество и социальное познание. – М.: МГУ, 1982. – С.12.

4.   Батищев Г.С. Деятельная сущность человека как философский принцип // Проблема человека в современной философии. –М.: Наука, 1979, - С.116.