Экономика /Банки и банковская система/

Капанова Шолпан Аманжоловна

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы

Әсілбек Жәнібек Әбілқасымұлы

Фин-17-5 оқу тобының студенті

 

АҚША - НЕСИЕЛІК РЕТТЕУДІҢ МӘНІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН СУБЪЕКТІЛЕРІ

 

Экономикалық оқулықтарда берілген анықтамалар бойынша «Ақша-несиелік реттеу – мемлекеттің Орталық Банктің қатысуымен   айналыстағы ақша массасы мен несиелердің көлемін, пайыздық ставкалардың деңгейін  және  ақша айналысының өзге де көрсеткіштері мен несиелік капитал нарығын реттеу стратегиясын және  жүзеге асыру тәсілдері мен құралдарының жиынтығын білдіреді». Интернетте (wikipedia-тәуелсіз энциклопедия) берілген анықтама бойынша «Ақша-несиелік реттеу - мемлекеттің макроэкономикалық үдерістерге (инфляция, жұмыссыздық, экономикалық өсу) ықпал ету мақсатында  ақша-несие айналымын  реттеуге қатысты саясатын білдіреді». Экономиканы ақша-несиелік реттеу бірнеше  мақсатты көздейді. Олардың негізгілері мынадай:

- Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету (инфляция деңгейін төмендету);

- Экономикалық өсуге қол жеткізу;

- Жұмыссыздық деңгейін төмендету;

- Ішкі ақша нарығында проценттік ставканың тұрақтылығын қамтамасыз ету;

- Ұлттық қаржы нарығының жекелеген сегменттерінде тепе-теңдікті қамтамасыз ету;

- Ішкі валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Ақша-несиелік реттеудің объектілері болып келесі элементтер саналады: ақшаларға деген сұраныс пен ұсыныс, айналыстағы ақша массасының  көлемі мен құрылымы,  ақшаның айналыс жылдамдығы, несиелердің көлемі, ақша мультипликаторы, ұлттық ақша бірлігінің курсы. Аталған  элементтердің  ішінде  ақшаларға деген сұраныс пен ұсыныс реттеуді аса қажет  ететін элемент болып саналады. Себебі айналыстағы ақшалардың шектен тыс өсуі - инфляцияның қарқынды өсуіне  және  ұлттық ақша бірлігінің  құнсыздануына  ықпал ететін аса жағымсыз  факторлардың бірі  болып саналады. Ақшаларға деген сұраныс экономиканың қарқынды өсуімен, өндірістің өркендеуімен, банк секторының  ақша нарықтарындағы тиімді іс-әрекеттерімен  байланысты болуы тиіс. Жоғары  пайызбен несиелер беріп пайда табу үшін  ақшаларға деген сұраныс  өсетін болса  онда  бұл  ақшалардың алып-сатарлығын  білдіреді және ақша массасының  экономикалық қажеттілікпен қамтамасыз етілмеген орынсыз қампаюына алып келеді. Сондықтан мемлекет  ақшаларға деген сұраныс пен ұсыныстың  экономикалық  заңдылы  мен негіздігін  реттеп отырады. Ақшаның айналыс заңы бойынша:

 

M V  =  P *Q ; немесе  М = (P Q): V;  мұнда (P Q) = номиналды ЖІӨ болғанда М = ЖІӨ : V;

 

Мұнда: M - айналыстағы ақшалардың саны немесе ақша массасы;   V - ақшалардың айналыс жылдамдығы;  Q – өндірілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің көлемі.  P – тауарлар мен қызметтердің бағасы;  Тепе теңдіктің сол жағы сұранысты, оң жағы ұсынысты білдіреді. Ақшаның  айналыс  заңының  басты  шартыақшаға  деген  сұраныс  пен  айналыcтағы  ақша көлемінің  арасындағы  тепе-теңдіктің  сақталуы. 

Ақшаларға деген сұраныс пен ұсынысты, ақша массасының көлемін реттеу үшін ҚР Үкіметі мен  Ұлттық Банкі  экономиканың  және  ақша параметрлерінің стратегиялық даму жоспары мен болжамын жасап ақша-несиелік қатынастарды реттеуге  ықпал ететін экономикалық және  құқықтық  тәсілдерді  анықтайды.  Кейін нақты нәтижелер мен жоспарлы/болжанған параметрлер арасындағы алшақтық зерттеліп,  реттеу шаралары мен тәсілдері қолданылады. 

Ақша массасы ақша  айналымының  негізгі  өлшемі  (параметрі)  болып  саналады  және  оның  қажетті  өлшемінің  сақталуы  экономиканың  өркендеуінде,  бағаның  тұрақтылығында,  тауар-ақша  айналымының  тиімді  болуында  аса  маңызды  роль  атқарады.

Ақша  массасы  - тауарларлар  мен  қызметтер  айналымына  қызмет  ететін  ақшалардың  жиынтығын  немесе  айналысқа  қажетті  ақшалардың санын,  көлемін білдіреді. Айналыстағы ақша массасының  нақты  көлемі мен құрылымы ақша агрегаттарының көмегімен анықталады.  Ақша  агрегаттары -ақша массасының құрамындағы  ақшалардың  сандық  көрсеткiштерi.  Олар  өтімділік қабiлетiне  қарай  келесі ретпен орналасады:

М0 айналыстағы нақты ақшалар (банк  жүйесінен  тыс);

М1 -  М0 + заңды және жеке тұлғалардың талап еткенге дейiнгi депозиттерi;

М2 - М1+заңды және жеке тұлғалардың мерзiмдi депозиттерi;

М3 - М2+заңды және жеке тұлғалардың валюталық депозиттерi;

М4 - М3 +… .

Ақша массасының құрылымын реттеу нақты ақшалар мен несиелік ақшалардың эмиссиясын, олардың арақатынасын қадағалау арқылы және белгілі бір тетіктерді қолдану арқылы ықпал ету жолымен жүзеге асырылады.  Солардың біріақша мультипликаторы. Банктiк   мультипликатор    - депозиттер  негізінде  пайда  болатын  несиелік  ақшалардың немесе  несиелеу нәтижесiнде депозиттердiң еселену дәрежесін  анықтайтын  көрсеткіш.

Ақша айналымының тиімділігі көп ретте ақшалардың айналыс жылдамдығымен байланысты болады.  Айналыстағы ақшалардың жылдамдығы неғұрлым жылдам болса, ақшатауар айналымы соғұрлым тиiмдi болады және ақшалар айналысқа   аз шығарылады. Айналыстағы ақшалардың жылдамдығы  төлем құралдарының дамуымен, тауарлардың өтімділігімен байланысты.

ХВҚ-ның келісімінің баптары бойынша Қазақстанда теңгенің айырбас курсының еркін қалқымалы/өзгермелі режимі (де-юре режимі) қолданылады. Де-юре режимісұраныс  пен  ұсынымның  ықпалымен  еркін  өзгеріп  отыратын,  бірақ  валюталық  нарықта  Орталық  Банктің  валюталық  интервенция  жүргізуі  арқылы  түзетіліп/корректировка  отыратын  курс. Мысалы, теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбас курсының өзін өзі ақтамайтын ауытқуын болдырмау үшін ҚР Ұлттық Банкі ішкі валюта нарығында интервенцияны жүзеге асырып отырады. Интервенцияның негізгі валютасы - доллар болып табылады.

Ақша-несиелік реттеудің субъектілері болыпбанктер және қаржылық институттар саналады. Екінші  деңгейдегі  банктер және қаржылық институттар ақша айналымының басты қатысушылары болғандықтан  олардың  қызметі және ақша-несие нарықтарындағы іс-әрекеттері  мемлекет және ҚР Ұлттық Банкі тарапынан  заңдармен және классикалық экономикалық тәсілдермен   реттеліп отырады.  Ақша-несиелік реттеуге елдің Орталық Банкі жауапты болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Банковское дело. У.М. Искаков. Учебник . – Алматы: Экономика, 2011

2. Устойчивость банковской системы и развитие банковской политики : монография / коллектив авторов ; под ред. О.И. Лаврушина. — М. : КНОРУС, 2016 — 280 с.

3. Усоскин В. Современный коммерческие банк. Управление и операции. ЛЕНАНД.2014

4. www.nationalbank.kz ресми сайты