Педагогические науки/Методические основы воспитательного процесса
Бастауыш сынып
мұғалімі Хожахмедова М.Б.
Ғ.Мұратбаев атындағы
мектеп-гимназиясы, Қазақстан, Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы
педагогикалық ғылымдар магистрі,Уразбаева
М.Н.
М.Х. Дулати
атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан
Отбасының ұлттық тәрбиедегі ролі
Ұрпақ тәрбиесімен айналысатын әрбір оқытушы
өз тәрбие жұмысының негізгі мақсатын от
жүрегі «Отан» деп соғатын жастар
тәрбиелеу деп алса, ұлт болашағына, ел
тыныштығына сеніммен қарауға болады. Тәрбие ісі
адамзаттың бүкіл даму тарихымен қатар жүріп келеді.
Тәрбие – бір ұрпақтың өмір сүру
тәжірибесін екінші ұрпаққа жалғастырушы
үрдіс.
Қазіргі кездегі тәрбиенің басты мақсаты - ұлттық сана-сезімі оянған,
мәдениетті, рухани ойлау дәрежесі биік, шығармашылықпен
қызмет атқара алатын, қоршаған табиғи
ортаға, әлеуметтік ортаға икемді, үйлесімді
дамыған тұлға қалыптастыру.
Өз заманында М.Жұмабаев бұл мәселе жөнінде
былай деп ой түйеді:«Әрбір ұлттың балаға
тәрбие беру туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі
баяғыдан бері сыналып, көп қолданып келе жатқан сара
жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ
ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір
ұлттың баласы өз ұлтының
арасында, өз ұлты үшін қызмет атқаратын
болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт
тәрбиесімен тәрбиелеуге
міндетті».
Бүгінгі жалпы білім беретін мектептердің
оқулықтарының мазмұны қазақ
халқының өмір тәжірибесіне,
әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүріне, рухани
қазынасына, саяси-әлеуметтік, экономикалық ерекшеліктеріне
ыңғайланып жасалуда. Бұны біз ұрпағымыздың бойына
ұлттық құндылықтарымызды, қасиеттерімізді
сіңірудің қажеттілігінен туындаған жағдай деп
түсінуіміз керек.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте үлкен жауапкершілікпен
қараған.
Тіпті жазу-сызу мәдениеті қалыптаспаған
дәуірдің өзінде де ұшы-қиырсыз жазира дала
тұрғындары өздерінің тарихында жас буынға
тәлім-тәрбие берудің басқа ұлтқа
қайталанбайтын бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік
салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін
дүниеге әкелді. Олардың әрқайсысы өзіндік
ерекшеліктерімен бала тәрбиесіне өте үлкен ықпал
жасайды.
Қазақ халқы бала
тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған ерекше
көңіл бөлген. Мысалы, отбасында баланың болуын
және көп болуын тілеген. Оған халқымыздың мынадай
даналық сөздері дәлел: “Бесіксіз үйде береке
жоқ’’, “Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар’’,
“Бір баласы бардың шығар шықпас жаны бар, көп баласы
бардың үйінде жанған шамы бар”, “Бала - адамның бауыр еті”, “Артында қызы бардың
көзі бар, ал ұлы бардың өзі бар’’, “Ата өліп,
бала қалса – мұратына жеткені, бала өліп ата қалса –
арманда кеткені’’.
Халқымыздың ұғымында
баласыз өмірді қараңғы түнмен теңеген.
Баласы жоқ адамдар “қу бас’’ атанудан қорыққан.
Осы атақтан арылу үшін олар өте жақын
ағайындарының, туған-туыстарының балаларын асырап
алатын болған. Ол дәстүр жақсы адамгершілік
қасиет деп саналып, дәріптеліп келген. Осындай ата-аналар асырап
алған балаға аса мейірімділікпен қарап, оған
жақсы тәрбие беруге тырысқан. Ол бала тәрбиелі,
жақсы азамат болып өскен.
Бала дүниеге келісімен оған
ерекше қамқорлық жасалған: жаңа туылған
нәрестені күту, ол туралы келіндерге ақыл-кеңес беру,
жаңа босанған әйелге қуатты тамақ беру,
сәбиді тұзды сумен шомылдыру және денесін мал майымен сылау,
егер сәби шала туылса оны түлкі тұмаққа салып
асырау, оған бие сүтін беру және т.б.
Қазақ отбасында баланы ұлттық
салт-дәстүрлер аясында тәрбиелеген. Бала тәрбиесіне
байланысты құрсақ тойы, жарыс қазан, шілдехана,
сүйінші, қырқынан шығару, бесік тойы, бесік
тәрбиесі, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке
отырғызу және басқа салт-дәстүрлер
жүйелі түрде
өткізілген және сақталған. Сондықтан
қазақ халқында баланы тәрбиелеуде отбасы басты
рөл атқарған, ұлы Мұхтар Әуезов
қазақтың отбасы тәрбиесін ерекше бағалап: “Ел
болам десең, бесігіңді түзе’’ деген сөзі соған
дәлел.
Ана мен әке және әже мен
ата – отбасының басты тәлімгерлері. Қазақта
отбасындағы бала тәрбиесінде ана мен әкенің алатын орны
мен рөлі ерекше болған. Ана балаға өмір сыйлаумен
ғана жақын емес, ол өзінің бар мейірімділігімен,
жүрегінің жылуымен, сүйіспеншілігімен оған өте
жақын. Ана – баласын халықтық салт-дәстүрлер
негізінде тәрбиелеуші және оны өмір сүруге даярлаушы.
Жақсы мінез-құлық, іс-әрекет ана бойынан
балаға сіңіріледі. Ана - адам
баласын жаратушы да, оның ұрпағын мәңгі
жалғастырушы да. Сондықтан бұл дүниеде анадан
артық, анадан ардақты, анадан құдіретті ешнәрсе
жоқ. Сол құдіретті “Ана’’ сөзі әрқашан да
табынып өтетін бір тәңірідей естілетіні де содан.
Мұсылман халқында “Анаңды Мекеге үш рет арқалап
апарсаң да, оның ақ сүтін өтей алмайсың”, -
деген даналық сөзі дәл айтылған.
Әке – отбасын асыраушы, оның
мүшелерінің тірегі, қамқоршысы және
тәлімгері. Әкенің мінез-құлқы,
өзгелермен қарым-қатынасы, өнері, білімі - баланың
көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған
қарап өсетін нысанасы. Сондықтан қазақта ата-ана
туралы өнегелі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер
көп-ақ. Мысалы, “Әке бәйтерек, бала жапырақ”,
“Әкеге қарап бала өсер”, “Әке балаға үлгі”.
Қазақта біреудің баласы
жақсы, өнегелі азамат болып өссе: “Оның әкесі
жақсы кісі еді, өнегелі жерден шыққан
ғой”,-дейді. Бұдан әкесі жақсылардың балалары да
жақсы болмақ, ал әкесі жамандардың балалары – сондай
болмақ деген қорытындыдан аулақпыз. Баланың жақсы
– жаман болуы шыққан тегіне ғана емес, ол оның
тәрбиесіне тікелей байланысты. Осыны ерте сезген халқымыз:
“Баланың тентек болмағы
үйінен,
Жігіттің тентек болмағы
биінен”
немесе
“Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз”, - деген.
Қазақ халқында
әкелер өз өнерлерін балаларына үйретіп, оларды
өздеріндей қолөнерші, күйші, әнші, мерген,
аңшы, құсбегі етіп тәрбиелеуге ерекше көңіл
бөлген. Осыдан келіп ата өнерін баланың қууы, оны мирас
етуі дәстүрге айналған. Мысалы, қазақ
халқының өмірінде жеті атасына дейін күйшілік,
әншілік, аңшылық, ұсталық өнерлерді
қуып өткен адамдар жиі кездеседі. Содан “Атадан бала тумас болар
ма, ата жолын қумас болар ма”, “Әке көрген – оқ жонар”
деген нақыл сөздер пайда болған. Сонымен, әке отбасында
– қамқоршы, ақылшы, үлгі-өнеге, тірек,
ұстаз, тәрбиеші.
Қазақта
баланың әке-шешесі оның ата-әжесі тұрғанда
“бала менікі” деуге бата алмаған, ал балалар оларды
“аға-жеңге” деп атаған. Осы жақсы дәстүр
ата мен бала, әже мен келін арасында шынайы сыйластықты, татулықты,
ынтымақтастықты, отбасындағы жақсы
қарым-қатынасты қамтамасыз еткен. Ерте уақытта
қазақта әке-шешеден бірдей айырылған жетім балаларды
әжесі мен атасы асырап өсіріп, оларға жетімдік
көрсетпеген. Ертеде және қазір де әжелер мен аталар
отбасында бала тәрбиесінде басты орында.
Әжелер мен аталар отбасында немерелерін тәрбиелеуде бала
күтушінің жұмысын істеген, балалар солардың
қасында өскен. Балаларды түрлі өнер мен еңбекке
үйреткен. Балалардың бойына
адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу үшін аңыз-әңгімелер,
ертегілер, мақал-мәтелдер, жырлар, жұмбақтар тағы
басқа ауыз әдебиетінің үлгілерін кеңінен
пайдаланған.
Әжелер мен аталар ұлы адамдарды
тәрбиелеуде ерекше қызмет жасаған. Мысалы, Абай, Ыбырай,
Шоқан, Мұхтар және басқа ұлы тұлғалар
соған дәлел. Әжелер мен аталардың
мінез-құлқындағы жағымды қасиеттер:
олардың ұстамдылығы, төзімділігі, сабырлылығы,
қиыншылықтарға төзімділікпен қарауы балаға
ерекше әсер етеді.
Адам тәрбиені, алдымен, отбасынан
алады. Тәрбиелі адам, адамгершілігі
жоғары отбасынан өсіп шығады. Кейін ол тәрбиені
балабақшада, мектепте, университетте, толықтырады, санамен
бекітеді. Кейінгі ұрпақ тәрбиені алдыңғы
ұрпақтан алады. Олай болса, алдыңғы ұрпақ
өкілдері тек өзін ойлап қана қоймай, кейінгі
ұрпақ соларға қарап өсетінін естен
шығармай, «олар менен не үйренеді» деп ойлап жүргені
жөн. Дұрыс азамат тәрбиелеу арқылы ата – ана
қоғамның дамуына өзінің қомақты
үлесін қосатыны анық.
Сонымен, қазақ отбасында
баланың басты тәлімгерлері анасы мен әкесі және
әжесі мен атасы, туыс-туғандары екен. Сондықтан
халқымыздың бала тәрбиелеудегі ерекшеліктері – бала
тәрбиесі құрсақтан басталып, бесікте, қыз бала
мен ұл бала, келін мен ер жігіт жеке – жеке ұлттық әдет
– ғұрыптар мен салт – дәстүрлер негізінде
үздіксіз тәрбиеленеді екен.
Өркениетті елге қажетті ұлтжанды азамат
тәрбиелеу – негізі міндетіміз. Жалпы алғанда егеменді ел болып,
бүкіл дүниежүзінде белгілі болып отырған шақта
біздің Отанымызға қалай болғанда да білімді де
тәрбиелі азаматтар қажет. Өз еліне, қоғамына
жанашырлықпен қарайтын жас буынды тәрбиелеу керек.
Әдебиет:
1. Жарықбаев Қ., Жандосов
Ж., Сайранбаев Т., Тәжікеев М.
Ұлттық тәрбиеге кең өріс. //
Қазақстан мұғалімі. 1992 ж.
2. Тұрғынбайқызы Н.
Жанұя әдет ғұрыптары. // Қазақстан
мұғалімі. 1992 ж.
3. Жарас Сейітнұр. Мүдде мен
міндет ұштассын. // Ақиқат 2008 ж.
4. Қоңыратбаева Т. Қол
қусырып отырмайық. // Қазақстан мұғалімі
1992 ж.
5. «Егемен Қазақстан» 2007 жыл 21 қараша.
6. Бөлеев
Қ. Қазақ этнопедагогикасы. –Алматы: Нұрлы Әлем,
2001.
7. Қалиев
С. Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі.
–Алматы: Мектеп, 1987.
8. Қазақстан
мектебі 11 желтоқсан 2007.
9. Қалиев
С., Оразаев М., Смайлова М. Қазақ халқының
салт-дәстүрлері. –Алматы: Рауан, 1994.