п.ғ.к., доцент Ахметов Н.А.

Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы, Қазақстан

 

ЖАС ЖЕТКІНШЕКТЕРГЕ салауАТты өмір салтын қалыптастыру мәселеЛЕРІ

 

Жалпы, салауаттылық проблемасына ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап назар аударылып келеді. Бұл мәселелермен көптеген ғылым салалары: психология, педагогика, медицина, валеология, философия, әлеуметтану және т.б. ғылымдардың өз зерттеу бағыттарын ізденіс салаларына сай өзіндік ұстанымдары бар. Мәселен, психология ғылымы – салауаттылыққа жан-дүниенің қалыптасу ерекшеліктерін зерттесе, философия ғылымы – өмір сүру дүниетанымын, медицина ғылымы – денсаулықты сақтау, валеология ғылымы – салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруды зерттейді.

Осы тұрғыда, бірқатар ғалымдар салауаттылыққа байланысты өздерінің құнды пікірлерін білдірген.

Тұңғыш рет «Салауаттылық» ұғымын психолог И.И.Брехман енгізді. Ол: «Денсаулық жөніндегі білім міндетті түрде барлық ғылымдардың соның ішінде экология, биология, физиология, аксиология және педагогика негіздерінде туындалған интегралды ортасы болуы тиіс» - деген пікірін ұсынды [1].

Валеолог В.В.Колбанов: «Салауатты өмір салты» түсінігін – тек қана аурудың алдын алу, денсаулықты сақтау, нығайту туралы емес, адам өзіне деген көзқарасымен мінез-құлығына, саналы түрде денсаулыққа деген құндылық қажеттілігін қалыптастыру мәселесіне көп көңіл бөлінсе, сонда ғана өмір сүру дағдысы қалыптасады» - дейді [2]. Сонымен қатар ол салауаттылық мазмұнын қарастырғанда, денсаулыққа деген көзқарастарын білім арқылы қалыптастыру мәселесіне де көп көңіл бөлді. Ол меңгеретін білім жүйесінің байланысы, мектептегі білімдер жүйесінің маңыздылығында басым болуына баса назар аударды.

Н.М.Амосов салауатты өмір сүру үшін саналы түрде істеген жеке бастың ынтасымен, қабілетке қарай, өз денсаулығына көңіл бөліп, үнемі шұғылдану қажет екеніне тоқталып, «аурулар туралы көп жазылады, бірақ денсаулықты сақтау жолдары бағытында жұмыстар өте аз» деп, мынадай тұжырым ұсынады: 1) адам жалқаулықтан, қомағайлықтан өзінің қисынсыз қылықтарынан ауырады; 2) медицина адамдарды емдейді, бірақ сауықтырып жібермейді; 3) адам өмірінің ең басты құндылығы – денсаулық, денсаулықты ештеңемен алмастыруға болмайды, - дейді [3].

Психолог А.Н.Леонтьев, өз зерттеулерін негіздей келе, салауатты өмір салтының категорияларын:

1) «Өмір сүру қалпы» – адамдардың табиғаттағы және әлеуметтік ортадағы қарым-қатынас жүйесі, адамгершілік және рухани құндылықтарды пайдалана білуі, өзіне қажеттілікті сезіне білуі мінез-құлықты өзгерте отырып, өмір сүру салтының мәнін түсіне білуі;

2) «Өмір сүру мәні» – өмірдегі қажеттілігін сезіну, өмірді мағыналы сүруге ұмтыла білуі;

3) «Өмір сүру деңгейі» – тұрмыстық жағдайды жақсарту, материалдық және рухани керегін қанағаттандыруы, еңбек және бос уақытын тиімді пайдалана білуі;

4) «Өмір сүру стилі» – рухани жан-дүниесінің әлеуметтік ролінің орындалып қанағаттануында болса;

5) «Өмір тіршілігі» – бұл өмір салтының құрылымдық элементтерінде табиғи-тарихи жағдайда пайда болған адамдардың өмірін толықтырып отыратын іс-әрекеті;

6) «Өмір сүру дағдысы» – санасын, мінез-құлқын әдетке айналдыра отырып, іс-әрекетке дағдыланып, күш-қуатын белгілі мөлшерде жұмсай отырып меңгеруі, - деп бөліп қарастырды.

Салауатты өмір сүру – өмірдегі өз орнын білу, өмір сүруге ұмтылыс жасау, алға қойған мақсатқа жету жолдарынан тұратынын атап көрсетті. Сонда, салауатты өмір сүру үшін өмір сүрудің мәнін, деңгейін, қалпын, стилін жеке ұғынып, күнделікті іс-әрекеті мен әрекетінде қолданылса, дағдыға айналары сөзсіз, - деп тұжырымдайды [4].

Ал, ғалым-зерттеуші А.С.Иманғалиев: «Ең алдымен жасөспірімдерге денсаулықты сақтау, қалыптастыру және қорғау түсінігін жеткізу үшін валеологиялық принцип жағдайын тереңдету керек», - деп денсаулық сақтауды жан дүниесіндегі құндылықтардың адамгершілік тұрғыдағы маңызын ашып көрсетеді.

Жоғарыда аталған осы ғалымдар пікірлерінің түйіні біз көтеріп отырған салауаттылықта ең басты құндылық – денсаулық екеніне саяды. Демек, адамның күнделікті қалыптасқан өмір тіршілігі – денсаулық туралы дұрыс көзқарас қалыптастыру, яғни, оны біржақты түсінбей, мән беру бағытына арналған медицина және валеология ғылымдарындағы жасалған алғашқы қадамдар деп түсінеміз. Бірақ бұл ұстанымдар қоғамдағы өзгерістерге байланысты өзгеріп отыруы мүмкін.

Сонымен, философия, әлеуметтану, психология, педагогика, валеология ғылымдарының салауатты өмір сүруге негіздемелері:

     философия-социология ғылымдары: «Салауатты өмір сүру» – оқушы өмірінің құндылығы, әлеуметтің ықпалы, оқушының сана-сезімінің рухани тазаруына көңіл бөледі;

      медицина-валеология ғылымдары: «Салауатты өмір сүру» – денсаулыққа деген көзқарасты, рухани-адамгершілік дүниесімен жүзеге асырып, жан саулығы мен тән саулығының үйлесімділігін (гармония) іскерлікпен қалыптастыра отырып дағдыға қалыптастыру;

     психология-педагогика: «Салауатты өмір сүру» – жеке адам дүниесі байлығын (адамның ішкі бірлігі, тиімді еңбек, адами қасиет) санадағы құндылық нормаларына сай жүзеге асуын дағдыға қалыптастыру үшін қабілетін дамыту, күнделікті өмірдегі өзіне қажеттілік білім мен білікті санасына қалыптастырып, дағдыға айналдыру.

Психологтар зерттеулерінде, 10-14 жастағы жеткіншектердің ерекшеліктері, осы уақытта баланың қиялы артып, әлем туралы білуге ынтасы жоғарылайды, күнделікті болып жатқан дүниелерге деген қызығушылығы басым болады десе, биология ғылымында, мектеп жасындағы (10-14 жас аралығы) оқушыларда – бұл кезеңде дене дамуындағы айқын жыныстық белгілер пайда болады. Өсу, жетілу қалпында, сондай-ақ дене бітімінде жыныстық ерекшеліктердің қалыптасу кезеңі басталады.

Ал, педагогтар зерттеулерінде осы жастағы (10-14 жас) балалардың ішкі дүниесінде айналамен қарым-қатынас жасауда, үлкендер арасында өзінің алатын орнын түсінуде өзгерістер байқалады. Олар үйде, мектепте түрлі еңбек процесіне қатыса отырып, күнделікті өмірді бақылайды, ой-өрісі кеңейеді. Міне, осылардың әсерінен бала өзін-өзі білімді, тәжірибелі, өз күшімен әрекет жасай алатын ересек адаммын деп есептейді.

Сондықтан, бұл жаста адам кім боламын немесе қандай боламын деп өзіне-өзі сұрақ қояды. Осы кезеңнен бастап өзін қоршаған ортаға, өзіне басқа адамдардың берген бағасына үлкен көңіл бөледі, бойын тезірек есейсем деген құлшыныс жайлайды. Яғни, осы жаста берілген оқу мен тәрбие оқушы санасына сенің тілегің – денсаулық, қайғы-қасіретсіз өмір сүргенің және өмірді бағалай біліп, өмір сүру жолдарын үйренгенің деген қанатты сөздерді дағдысына қалыптастыру.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Брехман И.И. «Валеология – наука о здоровье». - М., 1990.

2. Колбанов В.В. Валология. Основные понятия, термины и определения - СПб., ДЕАН, 1998.

3. Амосов Н.М. Раздумья о здоровье. 3-е изд., доп. перераб. - М., 1987.

4. Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. - М.: Политиздат, 1975. -304с.