Бопылова Салима Эрмекбаевна

Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы, №11 «Балдырған» балабақшасының әдіскері

БАЛА ТӘРБИЕСІ БАРШАНЫҢ ІСІ


«Баланың ақылы, сезімі, жігері
тәрбиешінің жігерлі ықпалы арқасында жетіледі».
 Жүсіпбек Аймауытов

Бала бақшада берілетін тәрбие – даналық әліптесі.

Тәрбиеленушілер – бізге ата-аналар қолынан берілген аяулы аманат. Ата-аналар бізге өздерінің болашағы болған балаларына өздері жұмыста жүргенде «көз құлақ» болу үшін ғана тапсырмайды, оларды сәби кезінен тәрбиелеу мектебінен өтсін – деп тапсырады.

Біз, тәрбиешілер, қабылдап алған сәттен бастап тәрбие негіздерімен жұмыс күнін бастаймыз. Алғаш қабылдаған сәттен балалардың үлкендерге «Сәлем беруін» үйретіп, дағдыға айналдырамыз. Қалай сәлемдесуді, қалай айтуды, үйретеміз. Кіші топтағы тәрбиеленушілерден бастап тамақ ішу әдебін, киімдерін дұрыс киіну әдебін, үлкендерді сыйлау әдебін, сөйлеу әдебін үйретіп, санасына сіңіріп барамыз. Себебі халқымыз баланы «дүниеге келген күннен бастап тәрбиеле – деген. Үлкен топтағы балаларға төсек орнын жиюды, достықты, адамгершілік негіздерін тіл табыса білуді күн сайын үйретуді дағдыға айналдырамыз.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Өскелең ұрпақ ел болашағы. Ұрпағымыз қалай тәрбие алса, ел болашағы солай болады» - деген даналық сөзін басшылыққа алып, тәрбиешілер қауымы өздеріне басты бағыт етіп алған.

Сан жастың қамын шертесің,

Тағдырын ойлап, толғанып,

Әр үйдің бір-бір еркесін,

Үйреттің өзің қолға алып – деп ақиық ақын Фариза Оңғарсынова айтқан өлең жолдары қазіргі таңдағы әр тәрбиешінің бет бейнесіндей.

Тәрбиеші болу – мен үшін басты тұлға болып қабылданған кәсіп. Сәби жанын тәрбиелеу, оларға адами қасиеттерді санасына сіңіру арқылы адамилыққа үйрету – мен үшін ең ұлағатты кәсіп болып – жүрек таңдауымды жасағаныма да 19 жылдың жүзі болыпты.

Әр күні атқан таңнан басталатын тәрбие ошағы балабақша – даналықтың әліппесі – деп анам айтқан сөз – есімде мәңгі қалған. Әрине, мектеп мұғалімдері бірінші сыныпқа қабылдап жатқанда «балабақшада болды ма?»- деген сұрақты қоятыны баршаға аян. Себебі балабақшада болған бала – даналық әліппесін игеріп шығатынына көздері жеткен.

Тәрбиеші бала санасына мейірімділікті, бауырмалдықты, кішіпейілдікті, әдептілікті, тазалықты, адалдықты сіңіреді, шыдамдылықты, сабырлықты, төзімділікті бала санасына жастан сіңіреді. Мен өзімнің 19 жылдық тәжірибеме сүйеніп жаңарған заманның заманауи тәрбиешісі қандай болу керек?- деген ойға жауап іздедім. Заманауи балабақша тәрбиешісі:

1. Өз мамандығын жүрегімен таңдаған болуы шарт;

2. Кәсіби білімі жоғары деңгейде болуы;

3. Адамгершілігі терең, өзі тәрбиеші болу үшін, өзі тәрбиеленген адами қасиеттерге бай болуы;

4. Ақпарат құралдарын еркін меңгерген болуы;

5. Көптілділікті меңгерген кем дегенде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне жетік болуы;

6. Өзі дарынды, өнерлі, шығармашылық қабілетті болуы;

7. Мәдениетті киіне білетін, мәдениетті сөйлей білетін, сөзге шешен, ойға көсем болуы;

8. Тілге бай, әдемі дауыс мәнері, мәнерлеп сөйлеу қабілетіне ие болуы;

9.Тәрбиешілерді баурап алатындай ашық мінезді, көңілді, жайдары, болуы;

10. Жүріс тұрысы, сөйлеуі, өзін сымбатты ұстауы;

11. Айтқан тәлімгерлігін сіңіре алатындай әдіскерлігі, шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті болуы;

12. Өнерге жақын, жан-жақты, бала жанын ұғына алатын, баламен тіл табыса алатын, сәби жүрегіне жол таба білетін болуы;

13. Тәрбиеленушілердің ойлау қабілетін дамыта алатын, қабылдау қабілетін, білуге қызығушылығын арттыра алатын қабілетті болуы;

14. Тәрбиеленуші сөз білімін үздіксіз көтере білетін, әлемдік озық тәрбие үлгілерінен тәжірибе ала алатын, жаңашылдыққа жаны құмар болуы.

15. Сәбиге мейірімді, сәби жүрегіне жол табатын, дауыс көтермейтін, қол жұмсамайтын – адамгершілігі өте жоғары тұлға болуы.

16. Баланы армандауға, қиялдауға үйрете білетін, баланың ой еркіндігін бағалай білетін, баланың белсенділігін арттыра білетін, болашақта бәсекеге қабілетті болу негіздерін бала санасына сіңіре білетін ізденімпаз болуы.

Бүгінгі тәрбиеленушілер – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық жемісін көзбен көріп өмір сүрген ата-аналардың балалары. Қазіргі біз тәрбиелеп отырған балалардың ата-аналары жаңа заман жаңарған қазақ елінің азаматтары. Заман қалпын, ақпарат құралдарын жетік меңгерген, тәрбие саласының мақсат міндеттерімен жете таныс – жаңа заманға сай ата-аналар. Олар балаларының талапқа сай тәрбие алуын көздейді.

Елбасымыздың «Мәңгілік ел болу идеясын» оқып танысқан ата- аналар.

Тәрбиеленушілерімізге ана тілімізді ардақтауға, салт-дәстүрімізді, тарихи мұраларымызды Елбасымыз: «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында насихаттаған болатын. Мәңгілік ел ұрпақтарын тәрбиелеу – біз үшін әрі мақтаныш, әрі жауапкершілікті парыз.

Тәрбиеші өз бойына тәрбиешілерге деген сүйіспеншілігімен тәрбие берсе, ол – нағыз тәрбиеші. Ы.Алтынсарин айтқандай: егер балалар бірдеңені түсінбесе, онда тәрбиеші оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлауға тиіс – деген даналық сөзін, әр жұмыс күнінде өзіме ұстаным етіп, балаға берген тәлімімнің бала санасына сіңуі үшін күресемін, еңбектенемін.

Бала тәрбиесі баршаның ісі – олай болса, ата-аналар мен тәрбиешілер жұмыла еңбек етіп, тәрбиеші болу үшін алғыр да аңғарымпаз, өнер білімге құштар, жаны асқақ, жақсылық пен ізгілік нұрын бала санасына сіңіре білетін, Мәңгілік ел қазақ елін көркейтетін ел болашағын өнегелі, тәрбиелі, адамгершілікті, өнерлі, салауатты, бәсекеге қабілетті, дарынды етіп тәрбиелеу жолында барлық әріптестеріме шығармашылық шабыт тілеймін.