Абдықадыров А.О.-аға оқытушы

Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы қ., Қазақстан

 

 БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ САБАҚТАРЫНДА БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

   

Жас ұрпақты туған жерін, өскен елін жанындай сүйетін, өлкенің келешегі үшін аянбай тер төгіп  қызмет атқаратын  азамат етіп тәрбиелеуде  эстетикалық тәрбиенің алатын орны ерекше. Адам өмірінде эстетикалық көзқарас әрдайым қуатты рухани күш ретінде көрінеді. Балаға балғын бөбектік кезеңнен бастап әсемдікке ұмтылу тән нәрсе. Балалардың өз еңбек іс-әрекеті тиімді және сапалы болуы үшін оның ұйымдастырылуы толысып, тамаша нәрсені қабылдау деңгейіне жеткені жөн. Адамды және оның шындыққа қатынасын қалыптастыруды көздейтін өнер өмір құбылысын, оған адамдардың қатынасын бейнелейді, құбылыстың мәнін анықтауға ұмтылдырады. Эстетика адамның өмірі, әрекеті, тәжірибесімен тығыз байланыста болып келеді. Бастауыш сатыдағы білім берудің приоритетті мақсаты – оқу әрекетін қалыптастыру, айналадағы дүниемен белсенді әрекеттестік, этикалық, эстетикалық қарым-қатынасқа дайындау.

Бастауыш сыныптарда эстетикалық тәрбие міндеттерін шешуде бейнелеу іс-әрекетінің маңызы зор, өйткені өзінің сипаты жағынан ол көркемдік іс-әрекет болып табылады. Бейнелеу өнері сабақтарының   балалардың  эстетикалық көзқарасын  тәрбиелеуге  ықпалы мол.  Кескіндеме, мүсін сызықтық  суреттер, сәулет  өнері туралы құралдарымен бірге өмір, табиғат және қоғам әсемдігі  өрнектеледі. Бейнелеу өнері шығармалары әсемдік үшін  күреске  шақырады,  адамдар мұраттарына, күнделікті  өмірдегі  тәртібіне  үлкен  ықпал  жасайды. Бейнелеу әсемдікті түсіну мен  нәзік сезінуі, алған  әсерлерін бейнелеу,  сызықтық сурет салу сауатын меңгеру жеке балаларда кескін, мүсін сызықтық  суреттерде  әсемдікті  жасау  қабілеті олардың өзіндік іс-әрекеті бейнелеу өнерін тану барысында  қалыптаса  бастайды.

Оқушылардың бойында қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты, әсемдікті көріп, сезіне білуді, көркемдік талғам мен шығармашылық қабілетін дамытуды тәрбиелеу маңызды.

Табиғат – біздің өміріміздің сәні. Ол бізді мол шаттыққа кеңелтеді. Кең байтақ далаға, айнадай жарқыраған су айдынына, ұлы тауларға қарап, сүйсіне ләззат аламыз. Табиғат адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сондықтан да оқушылардың эстетикалық танымын қалыптастыруда қоршаған ортаның әсері мол.

Төменгі сынып оқушыларын эстетикалық тәрбиеге баулу туған табиғатты бейнелейтін көркем сипаттама мен көріністерді жақсы түсінуге негіз салады, оқушыларды суретке, қиып жапсыруға баулу, түстердің, сызықтардың тамаша келісті үйлесімділігін таңдай білу қабілетін дамытуға жәрдемдеседі.

Бұл, әсіресе, тақырыптық сурет салу мен сәндік бейнелеу, безендіру, құрастыру әрекеттерінде көрінеді. Бастауыш сыныптардағы тақырыптық сурет салу алдын-ала байқау жүргізілгеннен кейін, көз алдына елестету арқылы сурет салудан тұрады.

Тақырыптық сурет салу үдерісінде балалардың құрылым, көлем, затты кеңістікте дұрыс орналастыру, сәуле түсіру, түстерді таба алу дағдыларымен бекітіледі. Ең маңыздысы, оқушылардың сурет салуда алғашқы біліктілігі қалыптасады. Мұғалім балалардың тақырып бойынша сурет салуда, тақырыпты дұрыс таңдағанына көңіл қойып, олардың сурет арқылы өздерінің ойларының құрылымдық, эмоциялық, көркемдік жағынан дұрыс немесе бұрыс шешілгендігіне назар аудару қажет.

Баланың тақырыптық сурет салуда шығармашылық ой - өрісін, оның қиялдарын асыра бағалаудан да сақ болу қажет. Ойлау үдерісінде сурет салушы заттар мен құбылыстардың жалпы заңдылық байланыстарын байқайды, ой абстрактілі үдеріс болғандықтан, тікелей сезім мен қабылдауға аталған байланыстар көрінбейді. Ойлаған затты көз алдына елестету сурет салуға дейінгі үдеріс. Сурет салу барысында салыстыру, жалпылау, абстракциялау т.б. үдерістер қатар жүріп жатады. Сонымен, бейнелеу өнері ойлаудың, байқаудың сенсорлық сезгіштігін дамытып, қалыптастырады. Аталған қабілеттерді көз алдына елестете білу мен біріктіру көркем ойлаудың негізін құрайды.

Бейнелеу өнерінің әр кезде де эмоциялық өңделуі жоғары болады. Оның осындай болуына тек болмыс туралы әсерлер әсер етеді. Эмоциялық бастауды дамытпай, адамға нағыз қажет талғампаздықты, қиялдауды, көз алдына елестетуді, армандай білуді, шығармашылықты қалыптастыру мүмкін емес.

Қоршаған болмысқа деген байқағыштықты, зеректілікті қалыптастыру көркемөнерлік материалдарды жылдам қабылдауға үйретеді. Бала сурет салуда бейнелеу іс- әрекеті арқылы жас ерекшелігіне сай, қоршаған ортаны өзінің бейнелеу тәсілдерімен суреттеуге талпынатыны мәлім.

Бала қоршаған ортаға деген саналы қарым-қатынасын адамдар арасындағы қатынастарға, табиғатқа, жануарлар әлеміне қатысты өз ойларын сөзбен не болмаса сурет түрімен бейнелеуге тырысады. Мұғалім өз сабақтарын құрғанда, оқушыларды қоршаған ортаның әсемділігінің, пішіні мен түсінің қарапайымдылығын, заттардың әдемілігін бағалау қабілеттерін арттыруға бағыштайтын тәсілдерді қолданғаны жөн.  

Күнделікті көріп жүрген, балалардың өміріне жақын нәрселерден, құбылыстардан бастау тиіс. Мектептің міндеті: алдымен төңіректегі нәрселерге қызықтырып, баланың қызығушылығын арттыру. Ондай оқу баланы жергілікті өмірмен жақындастырады. Балаға ең қымбат - туған жері: туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі  өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, бала махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйренеді, жолығатын мәселелерді жеңіл шешетін болады, білгенін өмірде де пайдаланатын болады. 

Туған жердің әсемдігін көру, түстердің ғажап әлемін ашу, суретші құралдарымен (графикалық, кескіндемелік) беру, әрбір қимылды мұғалімнің тыңдатқан музыкалық үзінділерінен есту - бейнелеу өнерінен сабақ берудің негізгі мақсаты  оқушының әсемдік, шығармашылық қабілетін дамыту. Тек қана қоршаған табиғатты қабылдау үдерісінде емес, сонымен қатар шығармашылық жұмыстарды талқылағанда да астарласып жүріп жатуы керек.

Сонымен, бастауыш мектептегі бейнелеу өнері сабағында оқушылардың өнердегі әсемдік пен әдемілікті түсіну, байқай білу қабілетін дамыту үшін көптеген  ұжымдық жұмыстар жүргізілсе, сабақ барысында ойындар мен көрнекіліктер   тиімді қолданылса, оқушылардың табиғат сұлулығын, көркем өнер шығармаларын эстетикалық мәнде қабылдаулары күшейіп, сабақ сапалық жаңа деңгейге көтеріледі. Сапалы сабақтарды жүргізу нәтижесінде  бастауыш мектеп оқушыларының эстетикалық танымы, білімі, талғамы артып қана қоймай, олардың әрбір жұмысы шығармашылықпен ұштасып отырады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Ұзақбаева С.А. Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрі.      –Алматы, 1990 ж.

2. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. –Алматы, 2000.

3. Экологическое  и эстетическое воспитание школьников./ Под ред. Л.П.Печко     -М., 1984.

4. Островская О.В. Уроки изобразительного искусства в начальной  школе. Гуманизация образования и новое педагогическое мышление. – М., 2003.