Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығы

 

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ.

филология ғылымдарының кандидаты, доцент Акатаева Ш.Б.,

Мірәсіл Динара  ГМУ-21к тобы студенті.

 

Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық әдебиеттің жетекші саласы ‑ прозаның проблемалары, көркемдік даму тарихы, ондағы бағыт‑бағдар, стиль мәселелері үнемі зерттеу нысанына алынып келеді. Әдебиет ‑ дүниетанушылық ғылымдардың ең жоғарғысы, бұл ‑ адам өмірі мен қоғамды көркемдік тұрғыда зерттеу деген сөз.

Қазақ әдебиетінің кәсіби кемелденіп, түр жағынан байып, өмір шындығын бейнелеуде ізденіс жағынан толысқан кезеңі XX ғасырдың 1960-1980-жылдары еді. Бұл кездегі қазақ прозасы тақырып аясының кеңдігімен, образдар жүйесінің нақтылығымен, оқиғалар желісінің шымырлығымен, кейіпкерлердің мінез‑қасиеттерінің даралығымен, қаламгерлердің эстетикалық мұратының айқындығымен ерекшеленді.

Уақыт пен әдебиет арасында күрделі ұғымдық байланыс бар. Дарынды суреткердің шынайы туындысы қажеттілікке қарай туып, сол кезеңнің рухани талаптарына жауап береді. Шынайы болмыспен етене араласып, уақыттың көшіне ілеседі. Әдебиет ‑ заманның рухани, адамгершілік моральдық сипаттарын бейнелейді. Яғни, әдебиет қоғамның өсуі мен өзгеруінің, кері кетуі мен кемелденуінің таразысы.

Әдебиет ‑ сөз өнері. Ол өзінің ішкі даму заңдылықтарына бағынады. Көркем әдебиет ‑ адамзат баласының мәдени өркендеуінде ерекше орын алады. Әдебиет немесе жазушы шығармашылығы туралы айтқанда, оларды қоғамдық және идеологиялық салалардан бөліп тастауға болмайды. Әлемдік жазушылық практика көркем әдебиеттің ар жағында орасан зор адамзат әлемі, терең ой, сезім, құштарлық пен үміттің болатындығын көрсетті. Мұны ешбір ғылымның түрі алмастыра алмайды. Жазушы әр уақытта өмірдің терең тамырына үңіліп, оның барша қайшылығын, күрделілігін өзгерісін, танып біледі. Қоғамның алма‑кезек ауысқан жаңалығын ой елегінен өткізеді, саралайды, қорытынды жасайды. Сол ой түбіне шөккен, танымында орныққан дүниелерден көркем шығарма тудырады. Осы тұрғыдан келгенде жазушы да өсу, толысу үстінде болады.

Өткен ғасырдың орта тұсында әдебиетке келіп, проза, публицистика жанрында белсене еңбек еткен зертеуші, ғалым, қаламгерлердің бірі ‑ Ақселеу Сейдімбек.

Әдетте, туындының көркемдік сапасы, идеялық бітімі, әлеуметтік мәні оның тақырыптық салмағынан аңғарылады. А.Сейдімбек‑ көп ізденген, ел, халықтың этнографиясын, әдебиетін жете таныған қаламгер. Сол дарыны жазушының сюжет құру, шығарманың композициялық, стильдік бітімін сомдау, кейіпкерлер жүйесін құру, кеңістік пен уақыт үндестігін бейнелеу ерекшелігінен байқалды. Қаламгер үлкен мәні бар, кезеңдік оқиғаны шығармасына арқау етіп, тарихилық сипатқа бой ұра бермейді. Керісінше, адамның жан дүниесіне үңіліп, ондағы сезім‑күйлерге, адами асыл мұрат‑мақсаттарға ден қояды. Адам баласының әрқайсысына тән болып келетін құпия‑жұмбақтарға бойлайды. Сөйтіп, қазіргі әдебиеттануда талдау өзегіне айналып жатқан адамның оқшау, дара болмысын ашуға тырысады.

А.Сейдімбектің көркем туындылары негізінен, оны көркем шығармаларының өзегі, іргетасы болып табылады. Жазушы өмір шындығын ерінбей, жалықпай халық ішінен тауып, білгірлікпен танып, өз туындыларына өзек ете білген. Қаламгер прозаның шағын жанрына  өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Әдебиетке адал қызмет жасаған қаламгер үнемі ізденіс үстінде болды. Әрбір жаңа деп тапқанын шығармашылығына енгізуге тырысты.

Жазушының прозалық шығармаларында адам бейнесінің ішкі байлығы сезіліп, табиғи қаз қалпында беруілуімен ерекшеленеді. Негізінен қаламгердің хикаят-әңгімелері тізбекті сюжеттерді құрайды. Ондағы көтерілген басты мәселе - адамның табиғи болмысы, табиғатпен, атамекенімен етене үндестігі. Осы шығармалар арқылы түйгеніміз - адам болмысы өзі туған мекеннің тағдырымен, тарихымен тікелей байланыстылығы, ата-баба дәстүрінің беріктігі, адамның қарапайым тілек, аңсарының арқасында елі, жері, табиғаты, жарық дүние мен бүкіл әлем тағдыры жайлы ойлана алатындығы. 

А.Сейдімбек қазақ халқының өмірін, тұрмыс-салтын, дәуір тынысын толық аңғартады. Бұл ретте автордың халықтың салт-ғұрпымен қатар, жер жайын, мал шаруашылығының, аңшылық, саятшылық кәсіптің  қыр-сырын аса терең білетіндігі аңғарылады. Автордың “Аққыз”, “Күзеуде”, “Атамекен”, “Ақиық”, “Қыз ұзатқан” хикаяттары далада еркін ғұмыр кешкен адамдардың мінез-сипаты, дәстүр салтты көзінің қарашығындай қорғауы, адами  қасиеттері, әр түрлі сезім-күйлері беріледі. Яғни, қаламгер шығармаларының негізгі нысаны - адам өмірі, оны қоршаған орта екенін байқайсыз.

Жазушы көркем бейне жасауда жалпылама логикалық тұрғыдан келмейді, нақты болмыс арқылы дәл құбылыстан алып сомдайды. Себебі, әрбір қаламгер әуел бастан болашақ туындысының идеялық сұлбасын жасап, керекті материалдарды сұрыптап алады. Ой, танымына қозғау салған мәселелерді көркемдікпен байытады.  Жазушының жалпы қоршаған ортасына деген көзқарасы нақты бір құбылыстарды зерделеп алуға, жанама дүниеден негізгі мәселені даралауға көмектеседі. Сөйтіп, жазушы идеялық‑шығармашылық тұжырымын болмыс құбылыстарын бақылау үстінде бекітіп алады. Осы қасиеттер қаламгер А.Сейдімбек шығармашылығына да тән. Жазушының туындыларын талдау үстінде оның қаламгерлік шеберлігінің өзгеше өрілетінін байқаймыз.

А.Сейдімбек - адам бейнесін көркем әдебиетте сомдаудың өзіндік тәсілін меңгерген суреткер. Әрбір жазушы адам‑кейіпкер бейнесін жасауда аса шетін, мұқият болады. Себебі, адам өмірінің әр сәтінде, әр күнінде түрліше көңіл‑күйге түседі, алуан түрлі әрекеттерге барады, кездейсоқ жағдаяттарға кездесіп жатады. Егер жазушы осы құбылыстарды сараптамай, сүзгіден өткізбей, сол қалпында берсе, біз ретсіз, бейтарап, түсініксіз сюжет пен тартысқа тап болар едік. Сондықтын да жазушы шығармасына жинаған материалдарды саралап, талдаған соң, қажеттілерін бөліп алады.

Қаламгер А.Сейдімбек шығармасында адам болмысымен қатар, хайуанаттардың әлемі, бейнесі қатар суреттеледі. Ол қалыпты түрдегі табиғаттың, жаратылыстың құбылысы ретінде емес, шығармашылығының  мәнді бір арнасын құрайды. Қаламгердің прозалық шығармаларында қыран құстың, жүгірген дала тағысының болмыс, әрекеті, тіршілікке құштарлығы, күресі, яғни тірі жан иесіне тән есті өмірі бейнеленеді. Олардың адамның, аңшының әдепкі ермегі емес, жаратылыстың бір иесі ретіндегі тіршілік-жайы суреттеледі. Туындылардағы бұл сипат көркем бейне тудырудағы қаламгердің даралығын  айғақтайды.

Білгірлікпен жазылған көркем туынды оқырманның санасына тұтас бір құбылыс ретінде орнығады. Ондағы ішкі бірлік, көркемдік биіктік әр кезде жазушының басты мұраты болмақ. Қаламгердің шығармашылық ойының негізіне бәрінен бұрын шындықты бақылауы, одан алған әсері, өмірлік дәйектер, оны қорытып, жинақтауы, көркемдік тұрғыда бейнелеуі жатады. Жазушының өмірмен байланысы бәрінде бірдей болмайды. Ол қаламгердің өміртанушылық сипатына, өмірлік тәжірибесіне, шығармашылық қалып‑дағдысына байланысты. Алайда, бәріне ортақ мұрат‑мақсат болады. Ол ‑ халық алдындағы азаматтық парызы. Қаламгер А.Сейдімбек өзінің шығармашылық, ғылыми зерттушілік жолында осы парызын жоғары ұстап өткен қаламгер.

Тәуелсіз кезең қазақ әдебиеті үшін еркін шығармашылық кезең болды. Еркіндік орнап, бостандық баянды болғаннан кейінгі кезде қазақ жазушыларының шығармашылық ізденістері жан-жақты өрістей түсті. Ал, қай кезеңде болса да қаламгерлер үшін мәңгілік жасампаз тақырып адам болды. Адам мен қоғам, табиғат пен жаратылыс болды. Адам ғұмыры несімен бағалы, мәні неде деген сауалдар шығармашылық иелерін ұдайы толғандырып отырды. Мұндай маңызды мәселелерді өзек еткен шығармалар туған халқының рухани дүниесіне айналды.

Қаламгер А.Сейдімбектің шығармашылық мұрасының да қадір‑қасиеті уақыт озған сайын тереңдей бермек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1             Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. - Алматы: Жазушы, 1974.

2              Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1969. - 123 б.

3              Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. - Алматы: Білім, 2003.

4              Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Мектеп, 1976.

5             Сейдімбек А. Аққыз. Повестер мен әңгімелер. - Алматы: Атамұра, 2002.

6. Ақсұңқарұлы С. Алаштың Ақселеуі. Орталық Қазақстан. - 1992.-қазан -2 .