БАЯНОВА АКБАЯН БАЯНКЫЗЫ

Е.А.Букетов атын. КарМУ магистранты

МАЖИТАЕВА ШАРА, ф.ғ.д.,профессор

 

 

Ә.Нұршайықов шығармалары тiлiн ЗЕРТТЕУДiң МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ 

 

 

Көркем шығармаға қойылатын бірінші талап – ол тіл шеберлігі. Әрбір жазушының ерекшелігі жазған туындысының тілі арқылы көрінеді. Көркем шығарманың тілі – жалпыға ортақ халықтың тілі болғанымен сезім мен   Көркем әдебиет тілі мен жазушының сөзді қолдану шеберлігін талдау – қазіргі кездегі жалғасын тауып келе жатқан маңызды мәселелердің бірі. Қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістер гуманитарлық ғылымдар саласына бұрынғы тұжырымдар мен қағидаларды жаңаша ой елегінен  өткізуді қажет етіп жатқандығы белгілі.

Сөз зергерлерінің шығармашылық мұраларының тіл кестесі қазіргі қазақ әдеби тілінің шығарма тілі деп аталған саласының даму, қалыптасу жолын айқындап, дәлелдейді. Көркем шығармалар әдебиеттану ғылымында тақырып, мазмұн, идея жағынан талданып танылса, қаламгер шығармаларының лексикасы, сөзжасамы, көрікті сөз қисыны, тілдік қолданыс үлгілері, морфологиялық тұлғалар мен синтаксистік құрылымдары лингвистикалық талдаулар арқылы айқындалады. Жазушы шығармаларының тілін әдеби тіл фактісі ретінде қарастыру арқылы шығарма жазылған тұстағы ана тіліміздің сөздік құрамы, сөз қолданыс ерекшеліктері танылады. 

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары қай кезеңде де, қай уақытта да зерттеліп келеді. Ғылыми зерттеулерге көбіне жазушылардың не бір тұтас туындысы немесе шығармашылығының бір қыры зерттеуге өзек болады. Бұл жұмысымызда қазақтың көрнекті қаламгері, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларының тілін,  сөз қолданыс ерекшеліктерін зерттеуді арқау еттік. Зерттеуімде «Ә.Нұршайықов шығармалары тілінің лингвистикалық-стилистикалық және танымдық сипатын» қарастырдық. 

Ә.Нұршайықов пәк махаббатты жеріне жеткізе жыр етіп сезімтал жазушы ретінде өзін көрсетсе, ХХ ғасыр ортасында ұлы Бауыржан даңқын әлемге паш еткен патриот қаламгер ретінде де ерекше әйгілі.   

Жазушының тілдік ерекшелігін әдеби тілдің даму заңдылықтары тұрғысынан талдап, лингвистикалық тіл табиғатын ұлттық ойлау, таныммен тығыз байланыстыра қарастырып, салыстыруға, жүйелеуге, шығарма тілін лингвистикалық талдау әдеби туындының эстетикалық табиғатын, көркемділік ерекшелігін түсінуге септігін тигізеді. Ал біздің ғылыми  жұмысымыз  «Ә.Нұршайықов шығармалары тілінің лингвистикалық-стилистикалық және танымдық сипаты» тақырыбын зерттеуге арналады.

Кез-келген көркем шығармада халық тілінің бар байлығын қолдануға  тырысады. Халық тілі  сол халықтың шынайы этникалық болмысының көрінісі екені мәлім. Соңғы кезде тілді жаңа ғасыр баспалдағында теориялық-танымдық үдерісте зерттеудің қажеттігі туып отыр. Бұл үдеріс тіл мен адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам санасының жемісі, күрделі ассоциативті-вербалды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде тараушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделеді. Адамзат өзін қоршаған шындықты, әлемдегі сан алуан құбылыстар мен олардың сапа-қасиетін сезім мүшелері арқылы сіңіріп, санамен түйсініп қана қоймайды, оған жауап қайырады, ақпаратты өзінше жаңғыртып, жаңа сапада қайта жасауға саналы-санасыз күйде талпыныс жасайды, өңдейді, қорытады, елеп-екшейді, баға береді, тәжірибеде қолданады, бұлардың тұтас көрінісі ретінде ғаламның тілдік бейнесі жасалады.

Осындай тың мәселелердің бірі – жеке жазушының шығармаларындағы  сананың, танымның, ойлаудың тілдегі таңбасы бүгінгі лингвистикада кешенді зерттеуді қажет етеді. Тілдегі таным көрінісі – таңбаны ғылыми тұрғыдан саралау қазақ тіл білімінде өзекті мәселе болып табылады. Таңба-аталым неден басталады, қандай заңдылықтармен жүзеге асады, белгілері қандай деген сұрақтар, оның дамуы және қалыптасу үдерісін терең зерделегенде, талдағанда ғана шешімін табады. Қазіргі кезеңде «тіл мен этнос» мәселесіне қатысты тіл біліміндегі көптеген зерттеу жұмыстары тілдегі ұлттық сипатты, ұлттық танымды, ұлттық рухты тануға, танытуға негізделген.  Дегенмен халық танымының дерегі ретінде тіл әлі де болса жеткіліксіз қарастырылуда. Осыған орай тілдегі мәдениеттің айқын үлгілері, әсем өрнектері ажарланған ұлттық таңбалар (символдар), соның ішінде  ертегі жанрының болмысын тіл арқылы ашуды осы мәселе айналасындағы зерттеулердің жалғасы деуге болады. Осы жоғарыда аталған жайттарды тоғыстыра отырып, таңдалып алынған тақырыптың өзектілігін айқындайды.

 «Ә.Нұршайықов шығармалары тілінің лингвистикалық-стилистикалық және танымдық сипаты» тақырыбын зерттеу барысында алынған нәтижелер мен тұжырымдар көркем әдебиет тілі мен стилистикасы және де когнитивтік лингвистка, көркем әдебиет стилі бойынша мәліметтермен толықтыруға өзіндік үлес қосады. Себебі Ә.Нұршайықов шығармалары тілі зерттеулерде  қарастырылып келгенімен, танымдық сипаты арнайы зерттеуге арқау бола қойған жоқ. Мұнан зерттеуге алынып отырған тақырыптың қазақ тіл білімінде күн тәртібіне қойылып отырған тың жұмысқа арналғаны байқалады.

Көркем шығарманың тілі, яғни жазушы тілі екі аспектіде қарастырылады: біріншіден, әдеби тіл фактісі ретінде; екіншіден, авторлық даралық стиль тұрғысынан.

Ә.Нұрашайықов шығармаларының тілін осы екі аспектіде қарастырған жөн, өйткені, ол – қазақ әдеби тілін қалыптастырушылардың бірі, сөз қолданысы даралығымен  ерекшеленетін суреткер.

Жұмыстың нақты нәтижелері мен тұжырымдарын осы бағыттағы, атап айтқанда, когнитивтік лингвистика, психолингвистика, әлеуметтік лингвистика, тілдік қатынас негіздері салаларына қатысты ғылыми мақала, дипломдық және диссертациялық жұмыстарға, сондай-ақ оқулық, оқу құралдарын дайындауға теориялық материал ретінде, арнайы курстардың дәріс конспектісі ретінде пайдалануға болады. Бұл аталғандар зерттеу жұмысының ғылыми және қолданбалы маңызын танытады.

Көркем шығарма авторлары жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіріп пайдаланады, өзіндік қолтаңбаларын да жасайды.

Жазушы шығармаларының лексикасы бай, ол ана тілін, оның тілдік құрылым-құрылысы мен заңдылықтарын, дәстүрлі сөз саптау үлгілерін жетік білуімен қатар, «асыл сөздің алтын, жезін ақтарып» керектісін өз кәдесіне өз мәнерінде қолданды. 

Шығарма тілін талдауда сөйлеу әрекетінің аталған аспектілерінің алғашқысы – шығарма  талдаудың өлшемдері мен талаптары ретінде негізге алынса, соңғысы – оның эстетикалық және стилистикалық, прагматикалық табиғаты мен болмысын, сипатын тануда басшылыққа алынады.

Шығармалары тілінің  лексика-грамматикалық құрылымдарының өзгешелігі әр автордың баяндау стиліне өзінше реңк береді. Кез келген шығарманың өзіне тән баяндалу ырғағы мен интонациясы болады және көркем шығарманың эмоционалды-экспрессивтік ұйымдасуына ықпал етеді. Олардың көркем шығарманы түрліше қолданысы оның жанрлық ерекшелігіне де байланысты болады. Осының барлығы шығарманың стилистикалық жағын айрықша ықпал етеді. Шығарманың стилистикалық тоны дегенде туындының жалпы эмоционалды ауаны, шығарманың көңіл-күйі айтылады. Адамның көңіл-күйі сияқты шығарманың да адамға сыйлайтын көңіл-күйі болатыны белгілі. Шығарманың стилистикалық тоны оның интонациясынан, сол арқылы танылатын ырғақтан анық көрінеді. 

Сонымен шығарма тілінің стилистикасының айқындалуы, тілінің көркемдігі, үйлесімділігі мен танымдық сипаты,  шеберлігі онда қолданылған бейнелі сөздерге тікелей байланыстылығы байқалады.

Қорыта келгенде, жазушының шығармаларының лексикасы ана тіліміздің сөздік қоры мен құрамына енген сөздерді қамтиды. Қазіргі қарым-қатынас тілінде қолданылмайтын көнерген сөздер мен түсінігі қиын сөздер Ә.Нұршайықов шығармаларында молынан ұшырасады және осы топтардағы сөздер мен тіркестері белгілі бір мақсатта жұмсалып, шығарманың мазмұны мен көркемдік келбетін аша түседі, стильдік қызмет атқарады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Жанпейісов Е. Қазақ проазасының тілі. –Алматы, 1968.

2. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. –Астана, 2001.

3.Шалабай Б. Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері. –Алматы, 1987.

4.Мажитаева Ш. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі. –Қарағанды, 2007.