Мырзахмет Ғ.К., Түгелбай А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТІМІЗ ХҮ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХИ ЖАЛҒАСЫ

 

Төл тарихын білмеген халық қазіргі уақыттың бағасын да, қадірін де терең ұғынбайды. Тарихымызды тану – уақыт талабы, заман сұранысы. Ал, қазақ елінің тарихы Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, бірігу мен азаттық үшін күрес тарихы болып келеді. Кешегі тарих пен бүгінгі Тәуелсіз ел болған жарқын күн арасындағы тарихи сабақтастық бәрімізге белгілі. Қазіргі кезеңдегі азат ел болған қазақ халқының өзін-өзі тануға, өткеннен сабақ алуға ұмтылуы заңды құбылыс. Ұлт тарихында орны бөлек, екі мың жылдан астам ежелгі Тараз жерінде, қасиетті Жамбыл өңірінде мемлекетіміз бен халқымыз үшін аса қастерлі танымдық және рухани шара өтті.

2015 жылы Керей мен Жәнібектің қазақ халқының дербес мемлекеттік бірлестігін – Қазақ хандығын құрғандығына 550 жыл толуы аталып өтті. Қазақ хандығының құрылған кезін мерейтой ретінде атап өту қазақстандық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына септігін тигізді. Қазақстан – біздің аумағымызда дәуірлеп өткен сақ, үйсін, ғұн және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдардың мұрагері. Аталған мемлекеттік құрылымдардың бәрі де қазақ мемлекеттілігінің тарихының бастауы екені даусыз.

2015 жылдың 11 сәуірінде Тәуелсіздік сарайында  өткен «Елбасымен бірге – жаңа жеңістерге» атты жастар форумында  Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мен ұлттың ұясы – Ұлытауда тарихымыз ғұндар заманынан тамыр тартатынын айтқан едім. Ол Еуразияны ен жайлап, еркін билеген Түркі бабалармен, кейін Алтын Орда дәуірімен жалғасады. Биыл ел болып 550 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ хандығы да – ұлы дала шежіресінің жарқын беттері. Біз мыңжылдықтар тоғысында жаңа мемлекет құрдық. Батыр бабалардың арманын ақиқатқа айналдырдық. Тарихымыздың қай кезеңіне көз салсақ та, ол – бірліктің жылнамасы. Қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірліктен күшейген. Бірлігі бар қазақты ешкім жеңе алмаған, жеңсе бір-біріне айдап салып жеңген. Бұл – тарихтың бізге берген тағылымы»,-деп айта келе, қазақтың тәуелсіздік жолындағы тарихы-бірігу жолындағы күрес тарихы екендігін атап көрсетті.

Осыдан 550 жыл бұрын Шу өңірі мен Қозыбасы шоқысы бөктерінде құрылған Қазақ хандығы мемлекетке жалғасып, қазір еңсесі биік, өркендеп келе жатқан елдердің қатарында келеді. Ата-бабамыз қасық қаны қалғанша аянбай күресіп, жау аяғын елімізге басқызбай ұрпаққа ұлан-ғайыр даланы мирас қылып қалдырды.

2015 жылдың 11 қыркүйегінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тарихы сонау тереңде екендігін атап өтіп, тәуелсіздіктің қазақ халқы үшін құндылығына тоқталды. Президент: «Тәуелсіздік Қазақстанның өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары және ірі елді-мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай, Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері оқу орындарына беріле бастады. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды»,- деп атап көрсетті.

Қазақ хандығының дүниеге келуі туралы нақтылы дата жалғыз бір тарихи дереккөзде айтылған. Бұл Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» атты атақты еңбегінде Керей мен Жәнібек билігі Хижраның 870 жылы басталды делінген. Бұл құнды дерекке сенбеуге негіз жоқ.

Тәуелсіз Қазақстанның ең жарқын жетістіктерінің бірі мемлекеттің Елордасын ауыстыру жобасы болғаны сөзсіз. Бұл Қазақстанның саяси-экономикалық тұрғыдағы ең батыл әрі тәуекелді шешімі еді. Елбасының өзі бас сәулетші ретінде танылған осы үлкен жұмыстардың нәтижесінде Есілдің ен бойында жаңа елорда орнығып, Сарыарқаның төсінде Астана бой көтерді. Бүгінде тәуелсіздігімізге тірек болған Астанамыз күн санап сәулеті де, дәулеті де өркендеп, өсіп келеді.

Біз Қазақстанды әлемдегі ең қуатты елдердің қатарына қосуды көздейтін ұлы мақсат биігіне қарай жол тарттық. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформа» аясында еліміздің дамуының шешуші кезеңіне қадам бастық.

Біздің халқымыздың өткен сара жолы қашан да бірігу мен топтасудың тарихы болғаны – ғасырлар қойнауынан ұрпағына жеткен тарих шындығы. Ұлттық тарихымыздың даңғыл жолын, өшпес ізін жоғалтпай жеткізуде ақиқат тарихтың, шынайы тарихтың – жолы мәңгілік!

        

Әдебиет:

1.    Мухаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди.- Алматы, 2003.

2.    Кәрібаев Б. Б. Қазақ хандығының құрылу тарихы.- Алматы: «Сардар»  баспа үйі, 2014