Қудайберген М., Саламаткызы Н., Рышкен Ә.

Е.А.Букетов атындағы ҚарМУ, КО-41 тобы

 

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ҚАЗАҚ ТIЛ БIЛIМIН ДАМЫТУДА АЛАТЫН ОРНЫ

Ғылыми жетекші:  ф.ғ.д., профессор Мажитаева Ш.

Адамзат дүниеге келген сәттен бастап қажеттілік түсінігі қоса туды. Адамға өмір сүру үшін қарым-қатынас керек. Осы себептен барып тілге деген сұраныс туындайды. Тілдің өміршеңдігі, оның мәңгілік болуы дейтін мәселелер адамзат санасын жиі мазалады. Ал тіл бірден пайда бола қоймағаны, оның жүріп өткен жолы біраз эволюцияны қамтығаны анық.

Тіл қашан да – халықтың жаны, рухы, тілім барда мен де жоғалмаймын, ұлтым да жоғалмайды деген ұстаныммен өмір сүрген, өмірін осы жолға сарп еткен тұлғаларымыз да аз болмады. Тіл мәселесі сөз болғанда, оның ішінде қазақ тіл білімі жайлы сөз болғанда ойымызға орала кететін, тіл деген ұғыммен егіз ұғымға айналған, қатарластарынан оза шапқан, тіл – ол менің өмірім деп ұрандаған ұлы тұлға – Ахмет Байтұрсынов атамыз.

Кез келген дүние бірден пайда бола бермейді. Оған уақыт керек, еңбектену керек, ізденіс керек, шыдам мен төзім қажет. Әрине бұлардан соң нәтиженің шықпауы да мүмкін емес. Сол жұмыстардың нәтижесі бүгінде болашақ тіл ғалымдарына таусылмас азық болып жүр.

Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тіл біліміне қосқан сүбелі еңбегі жайында бір мақала көлемінде шектелу – шығармашылықта өмір сүретін, өнерді сүйетін адамды тар шеңберге қамап қойғанмен тең. Бұл ғалым жайында жазылған көлемді ғылыми жұмыстар да жеткілікті.

ХХ ғасыр бас кезінде қазақ тіл білімінде маңызды мәселелердің бірі ретінде әліпби, жазу мәселесі алдынғы шепке шықты. Араб әліпбиінің  қиындығы, қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толық бере алмайтындығын байқаған Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары оған реформа жасап, қазақ тіліне икемдеді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ араб дыбыстарының белгілері, әріптері алынып тасталды, керісінше, араб алфавитінде жоқ әріптер қосылды. Бұлардың барлығы да қазақ тілінің сингармонизм заңын басшылыққа алып жасалынды. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ бұл мәселелер баспасөз беттерінде қызу талқыланып жатты [1, 239].  А.Байтұрсынов реформалаған қазақ графикасы ресми түрде тек 1924 жылы ғана Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш құрылтайында қабылданады. Бұл тәжірибені өзге түркі халықтарының біразы қолдап, өз жазуларына өзгерістер енгізе бастайды.

 Алайда «Байтұрсынов жазуы» деген атпен белгілі  жазу түрін «ескі» деп санап, жаңашылдыққа бой алдырғысы келген бір топ өкілдер шықты. Сөйтіп ендігі мәселе – араб әліпбиінен латын әліпбиіне ауысу болды. Нәтижесінде тіл жанашырлары екі топқа бөлінді: бірі – араб жазуын тастап, латын әліпбиін негізге алып, жаңа алфавит жасау керек дейтіндер (латыншылдар-жаңашылдар); екіншісі – араб жазуын қалдырып, оның кемшін тұстарын түзеп, жөндеуге болады деушілер (арабшылдар – ескішілдер).

1924 жылы ғана Орынборда өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде қазақ жазуының негізіне қандай алфавит қолайлы деген мәселенің төңірегінде айтыстар қыза түседі. Съезде алфавит жайын қозғап, баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлының «...жаңа әріпке көшеміз, латын әрпін аламыз деген әңгімені біржола доғару керек» - деген үзілді-кесілді ұсынысынан кейін латын әліпбиіне көшу мәселесі біразға дейін көтерілмеді.

Ал 1926 жылы Бакуде Бүкілодақтық түркологиялық съезд өтеді. Тіл мәселесі, оның ішінде жазу мәселесі төңірегінде қызу айтыс, талас-тартыс болады. Араб алфавитін қолдаушы  Қазақстаннан барған өкілдер: А.Байтұрсынов, Елдос Омаров, Біләл Сүлеев, Әзиз Байсейітов, татар ғалымдары Алпарұлы мен Ә.Шараф. Араб пен латын әріптерін салыстырып артық-кем жақтарын сипаттап көрсетіп, арабтікін тастап, латындікін алуға түк себеп жоқтығын айтқан, жан-жақты жасалған баяндама Ә.Шарафтікі болды.

Ахмет Байтұрсынұлы съезде бірнеше рет сөз кезегін алып, өзінің ширек ғасырдай күш жұмсап, тер төккен бұл еңбегін яғни реформаланған қазақ жазуын қорғап, бұл жазу қазақтың мәдени талатптарын әбден өтей алады деген пікірін дәлелдеді [2, 178].

Арабшылдардың келтірген дәлелдеріне қарамай, латын әліпбиіне көшуді үкімет орындары белсене қоолдағандықтан, съезд көпшілік дауыспен латын жазуына көшуді ұсынды. 3-4 жылға созылған республика баспасөзі бетіндегі айтыстың нәтижесі 1927 жылы әуелі Ташкентте, одан соң Қызылордада өткен жазу мәселесіне арналған конференцияларда талқыланды.

Жалпы қазақ жұртын жаңа алфавитпен таныстыру мақсатында үкімет комиссиясы осы конференция материалдарын жинақтап, «Әліппе айтысы», «Жаңа әліппе жолында» деп аталатын жеке кітапшаларды 1927 жылы бастырып шығарады. Бұл еңбекте Ә.Байділдаұлының «Қазаққа араб әліппесін тастап, латын әліппесін алу керек» деген баяндамасы мен оны жақтап, не оған қарсы шығып сөйлеген адамдардың сөздері жинақталған. Бұл жинақтар араб графикасымен басылғандықтан оқырманға қиындық келтіретінін ескеріп, «Әліппе айтысы» деген кітапшаны қазіргі графикаға аударған – филология ғылымдарының докторы, біздің киелі шаңырағымыз – ҚарМУ-дың профессоры Мажитаева Шара.

Кітаптың мазмұнына қысқаша шолу жасайтын болсақ, екі жікке бөлінген топ өкілдерінің баяндамасы бірінен соң бірі беріліп отырады. Яғни, алдымен латын жазуын қолдайтындар болса, келесі баяндама арабшылдардікі болды [3, 89].

Арабшылдардың араб графикасын жаңа түркі (латын» графикасымен салыстырғанда пайдалы жағы деп келтірген дәлелдері мынадай:

-        араб графикасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін дәл бере алады;

-        оқуға жазуға, сауат ашуға қолайлы;

-        өнер құралдарына орнатуға қолайлы;

-        көзге көркем көрінеді;

-        қол сағат тілінің бағытымен бірдей оңнан солға қарай жүреді;

-        жазу машинасына, баспа машинасына орнатуға араб алфавитінің жаңасы латындікінен анағұрлым артық.

Ал латыншылдар болса араб әрпі сауат ашуға, оқуға, жазуға қиын, себебі:

-        бір әріптің 4 түрі бар;

-        көбі бір түсті;

-        жазу оңнан ослға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай жазылады. Бұл баспа жұмысында қиындық тудырады;

-        ғылыми кітаптарда пән белгілерін жазуда араб әрпі жарамайды;

-        нотаны да жазуға келмейді;

-        баспахана жұмысында қымбатшылдыққа әкеп соқтырады.

А.Байтұрсынов қанша бұлжымас дәлелдер келтірсе де латын әліпбиі жеңіске жетті. Алайда Ахаң – қазақ тіл білімінің алғашқы негізін қалап бергені белгілі. Сондай-ақ А.Байтұрсынов «терминжасамның атасы» деген есіммен де белгілі. Бүгінде біз қолданып жүрген терминдердің көпшілігі – А.Байтұрсыновтың тапқырлығының жемісі. Қазақ тіл білімінің әдістемесіне өлшеусіз үлес  қосқан кесек тұлға. Әдебиеттегі орны – бір төбе.

Бүгінде қазақ тіл білімінің іргесі қаланып, негізі мықтап орнаған шақта қазақ тілін жан-жақты зерттеп, қаншама қиындықты, азапты күндерді бастан кешірсе де бізге мұра ретінде осындай құнды дүниелерді қалдырғаны үшін әрі тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлына алғыстарын жаудыруға міндетті.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Исаев С. Қазақ әдеби тілінің тарихы – Алматы: Ана тілі, 1996. -304 б.

2.Әбілқасымов Б., Мажитаева Ш. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХХ ғғ.).               – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2009. – 242 б.

3.Мажитаева Ш. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілі. – Қарағанды: ҚарМУ, 2004. -189 б.