Математика пәнін оқыту барысында оқушыларды өз бетімен білім алу жолдарына бейімдеу

Мугалимжаны Саулеш,

Аманжолова Айгуль Ерубаевна

Қарағанды қаласы

Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, білім беруді ақпараттандыру. Қазіргі кезеңде еліміздің білім беру жүйелерінде қайта құру жүріп жатыр, білім жүйелерінің жаңа ұлттық моделі құрылуда. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгілерінің бірі жалпы білім беретін орта мектепте математика ғылымы негізінен берілетін білімді қайта жаңарту болып табылады.

Осыған орай, математика пәнін тереңдетіп оқытумен бірге, негізгі алған білімді жүйелеуде факультативтік сабақтар жүргізудің әсері зор және әр түрлі деңгейлі сайыстарда өз нәтижесін беріп жүр.

Математика курсының сипаты тек құрылымдық бірліктердің жүйесі және олардың ерекшеліктерімен ғана анықталмайды, ең бастысы осы жүйені біртұтас курсқа біріктіретін қатыстар және байланыстармен анықталады.

Осы көзқарас тұрғысынан мектеп математикасына оқушы көзімен қарайық. Алғашқы бес немесе алты жылда оқушы "математика" деген атпен аталатын пәнмен жұмыс істейді. Мысалы, оқушы бір сабақта көбейту кестесімен жұмыс істейді, келесі сабақта тіктөртбұрыштың ауданын табады. Немесе бір сабақта рационал сандармен амалдар жүргізеді, келесі сабақта үшбұрыштар салады және т.б.

Ол сабақтардың арасында, оқытылған ұғымдар арасында қандай байланыстар бар екендігі оқушы үшін түсініксіз түрде қалады, ол байланыстар туралы ойлауға мүмкіндік жасалмайды.

Жоғары сыныптарда да жағдай осындай. Түрлі математикалық пәндерді бір мұғалімнің бергені болмаса, олардың арасындағы байланыстар оқушыларға белгісіз жағдайда қалады.

Сынып оқушыларының басым көпшілігінде математика туралы біртұтас оқу пәні емес, аз байланысқан шашыраңқы түсінік қалыптасады. Мәселе неде?

Бір себеп, мектеп математикасының ғылым ретінде бірнеше математикалық ғылымдардың жиынтығы түрінде болуы.

Көптеген математиктер түрлі математика салаларын біріктіретін байланыстар мен негіздерді іздестіру үстінде. Математиканың қазіргі кезеңдегі осы жағдайы қалай болса да мектеп математикасына әсер етері сөзсіз.

Дегенмен, елеулі кемшіліктердің бірі - математиканы біртұтас ғылым ретінде біріктіретін оның көптеген идеялары мен әдістерінің мектеп математикасында анық көрсетілмеуінде. Сондықтан мектеп математикасында оның басын біріктіретін идеялар мен негізгі әдістер, оқу бағдарламаларын жасауда басты орынға көтерілуі керек. Іргелі ұғымдар, олардың арасындағы тығыз байланыстар, тәуелділіктер мектеп математика курсының өзегі болуы тиіс. 1970–80 жж. реформа кезінде А.Н.Колмогоров анықталмайтын басты ұғымдардың бірі ретінде жиын идеясын қосқаны мәлім. Осыған орай А. Н. Колмогоров математикамен таныстыруды жалпы түрдегі математикалық структураларды (реттік структура, алгебралық структура (группа, сақина, өpic), топологиялық структура және т.б.) оқып-үйретуден бастауға болады деген ұсыныс айтқан. Жиын ұғымы мектепте оқытылғанмен әлі де болса мектеп математика курсының біріктіруші өзегі міндетін атқара алмай отыр.

Сол сияқты группа ұғымы қазіргі уақытта математиканың әр түрлі бөлімдерінде үлкен маңызға ие болып жүр және математиканың фундаментальды ұғымдарына жатады. Сондықтан, группалар теориясы мектеп оқушыларына қазіргі заманғы математиканың маңызды теориясы ретінде көрсетіле отырып, абстрактілі теориялық-группалық ұғымдар оқушыларға бұрыннан таныс математиканың бөлімдеріндегі соның ішінде геометриялық нақты есептерді шешуде қалай қолданылатындығын әдістемелік тұрғыдан жетілдіру керек. Зерттеу тақырыбымыздың өзектілігі де осы қажеттіліктен туындап отыр.

Қазіргі кезеңде мектеп алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – оқушылардың жалпы білім деңгейін арттыру, өз бетімен білім алу жолдарын үйрету, болашақта алған білімдерін практикалық қажеттіліктеріне пайдалана алатын жолдарға бейімдеу болып табылады. Математикалық білімдерді толықтырудың басты көзі – кітап, ғылыми әдебиеттер. Оқушыларды қосымша әдебиеттермен жұмыс істей білуге үйрету – мұғалімнің басты міндеттерінің бірі.

 

1        Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан, 2003

2                   Әбілқасымова А.Е. Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Білім, 2005

3                   Көбесов А. Орта мектепте математиканы оқыту методикасы. Алматы: Қазақ университеті, 1989