ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ОҚУ ПРОЦЕСІНДЕ ҚОЛДАНУ

Жолдикенова Аягоз Калиевна

Абикенова Адия Еркиновна

Үміткер орта мектебі, Қарағанды қаласы, Үміткер ауылы

 

Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, білім  беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынас пайда болуда. Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде оқытушылардың инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі маңызды мәселелердің бірі.

Оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар көкейкесті мəселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі əдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады. Осыған орай кез-келген студенттің қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тəрбиелеуді жүзеге асыратын заманауи инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылуы керек.

«Қазақстан – 2050» бағдарламасында тіл саясатына елді біріктіруші басты фактор ретінде басымдық бере отырып, Елбасы: «Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін. Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек» -деп айқын мақсат қойды.

Қазіргі таңда кез-келген маманның кем дегенде үштілді меңгеруін қоғам талап етіп отыр. Ғылым мен техниканың барлық саласында қарқынды дамып жатқан ақпараттық-технологиялық үрдістер бəсекеге қабілетті маман даярлаудың жаңа үлгісін ұсынды. Осы үдеден шығу мақсатында білім беру жүйесіне де алуан түрлі заман талабына сай амал-тəсілдер енгізілуде. Бүгінде кеңінен қолданыс тапқан «инновация» сөзіне ғалымдар бірнеше анықтама берген: «Инновация – белгілі бір топқа жаңа болып табылатын идея» немесе «Инновация – арнайы өзгеріс». Ал елімізде «Инновация» ұғымына тұңғыш рет зерттеуші Н. Нұрахметов анықтама берді. Зерттеушінің пікірінше: «Инновация дегеніміз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды жасау, меңгеру, қолдану жəне оларды таратуға қатысты қызметі». Инновация білімнің мазмұнында, əдістемесінде, технологиясында, оқу үдерісін ұйымдастыру барысында айқындалады. Қазіргі таңда оқу үдерісіне «жаппай» енгізіліп жатқан инновациялық технологиялар баршылық. Əрине, инновация көкейкесті мəселелердің тоғысында пайда болып, оқу үдерісіндегі əдістемелерге жаңаша тұрғыдан қарап, оны үздіксіз жаңғыртуға бағытталады.

Ал жалпы инновацияны модификациялық, комбинаторлық, радикалдық деп үш түрге бөлуге болады .

Модификациялық инновация – бұл бұрын қолда барды дамытумен, түрін өзгертумен айналысу. Бұған В.Ф. Шаталовтың математикаға жазған тірек конспектісі жэне оны көптеген мұғалімдердің пайдалануы мысал бола алады. Комбинаторлық модификация – бұрын пайдаланылмаған, белгілі әдістеме элементтерін жаңаша құрастыру. Бұған пәндерді оқытудың қазіргі кездегі әдістемесі дәлел.

Радикалдық инновация  – білімге мемлекеттік стандарттарды енгізу жатады. Мемлекеттік стандарт білім беруде, негізінен, мөлшерлерді, параметрлерді, деңгейлік және сапалы оқытудың көрсеткіштерін қалыптастырады.

Қазіргі таңда оқу орындары ұсынып отырған көп нұсқалыққа байланысты өздерінің қалауына сәйкес кез-келген үлгі бойынша қызмет етуіне мүмкіндік алды. Бұл бағытта  білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылымға және тәжірибеге негізделген жаңа идеялар, жаңа технологиялар бар. Сондықтан әртүрлі оқыту технологияларын, оқу мазмұны әрбір білім алушының жас және жеке дара психологиялық ерекшеліктеріне орай таңдап, тәжірибеде сынап қараудың маңызы зор.

Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пəндердің мəнін тереңдетуге, оқытушының кəсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға жəне шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған. Мұндай технологияларды қолдану – біріншіден, оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пəнге деген қызығушылығы артады, екіншіден, оқушы ұтады, себебі оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан əдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек .

Ғылым мен техниканың қарқынды дамып, ақпараттар ағыны заманында білім алушылардың тұлға ретіндегі өзіндік ой-пікірлерін қалыптастырып, қабілетін, талантын дамыту барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінің басты міндеті болып табылады. Оқу үдерісіне қоғамның жаңа қажеттіліктеріне сəйкес инновациялық тəсілдерді енгізу, оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісін талап етеді. Осыған орай кез-келген студенттің қабілетіне қарай білім беруді, оны дербестікке, ізденімпаздыққа, шығармашылыққа тəрбиелеуді жүзеге асыратын заманауи инновациялық технологияны меңгеруге ұмтылу керек. Себебі мемлекеттік білім стандартына сəйкес оқу үдерісін ұйымдастыру жаңа педагогикалық технологияларды, білім алушылардың білімін қадағалаудың инновациялық бақылау-өлшеу құралдарын енгізуді жүктейді.

Жаңа технологияны енгізу барысында оқытушы-профессорлардың зияткерлігі мен парасаттылығы, белсенділігі, шығармашылық ізденісі, шəкірттерінің білімін бағалауы шешуші роль атқарады. Қазіргі таңда білім беру үдерісінде кеңінен қолданылып жүрген бірнеше инновациялық технологияларды атап көрсетуге болады:

-                     проблемаға бағытталған оқыту;

-                     топтық бағытталған оқыту;

-                     рөлдік ойындар;

-                     презентациялар;

-                     пікірсайыстар;

-                     кейс-стади;

-                     миға шабуыл əдісі;

-                     сұрақ-жауап ойындары;

-                     іскерлік ойындар;

-                     мамандық саласына байланысты конференциялар;

-                     көкейкесті мəселені талқылауға арналған онлайн, вебинарлық конференциялар.

Білім алушылар əлемнің кез келген аумағында білімін əрі қарай жетілдіруге, еңбек нарығында сұранысқа ие қызметтерді атқаруға жəне жаңа технологияларды меңгеруге қабілетті, аса белсенді болуы тиіс. Оқу үдерісінде өріс алған интерактивтік оқыту əдістері де студенттердің белсенділігін арттыруға орасан зор ықпал етеді. Мұндай əдісті қолдану барысында білім алушылар өзінің өмірлік тəжірибесіне, жеке ой-пікіріне, біліміне сүйенеді. Ғылыми-техникалық прогрестің қарыштап дамуы, маман даярлауға да заманауи талаптар қояды. Қоғамның мүддесінен шығатын, еңбек нарығында бəсекеге қабілетті маман даярлау кез келген жоғары оқу орнының ең басты міндеті екені айқын. Бұл орайда оқытушы-профессорларға үлкен сеніммен қатар, орасан зор жауапкершілік те жүктеледі. Студенттерді əлемдік білім беру стандарттарына сəйкес оқыту қажет. Маман дайындаудың жаңа бағыттағы өзгерістері шығармашылық тынымсыз ізденісті, ұтқырлықты талап етеді.

Инновациялық оқыту технологиясын меңгеру үшін кəсіби біліктілікті мамандардың тəжірибесін жұмылдыру қажет. Яғни, оқытушы өзінің кəсіби мамандығын педагогикалық шеберлікпен жəне шығармашылықпен ұштастырып, іскерлік дағдыны қалыптастыруы тиіс. Кез келген ұстаз заманауи инновациялық технологияны меңгеру барысында өзін-өзі дамытады жəне өзін-өзі қалыптастырады. Студенттерді кез келген жағдайға бейімделіп, инновациялық жаңа əдіс-тəсілдерді қолдана алатындай деңгейде тəрбиелеу қажет.

Түйіндей келе  айтарымыз, білім беру саласын жаңаша жаңғырту-еліміздің өркениетті негзіде дамуына зор жетістіктерге жетіп алдыңғы қатарлы салауатты бір тұтас мемлекетке айналуына, қоғамдық , саяси, әлеуметтік-экономикалық өрлеуге жеткізері сөзсіз.