Педагогические науки/3.Методические основы

 воспитательного процесса

                  Куненова П.С., аға оқытушы, Мағзұмова Р. 4 курс студенті

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан Республикасы

Ұлттық құндылығымыз – қазақ батасының қадір-қасиеті

Белгілі бір этикалық, эстетикалық, педагогикалық жүйемен құрылған тілек-бата – халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар оның рухани өмірінде рухани өмірінде тұтастық бірлігін , салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады. Ұлт тілінің негізгі сөздік қоры, лексикалық байлығы музыкалық әуезділігі келісті көрініс тапқан. Шындығында, шынайы шеберлікпен, терең толғаныспен тоқылған бата сол қауымның адамгершілік-моральдық жаратылысын, ұлттық дәстүрлерін, табиғатқа, қоғамға, дүниеге көзқарастары мен түсініктерін, ырым-наныидарын аңғартады. Бата берудің рәәсімі де әртүрлі болып келеді. Болашақтың тұтқасы, иесі – ұрпағына амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттік, мейірім,өнер – білім, құт-береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеу ежелден адамзаттың асыл мұраты болса керек:

  Айдай  жарқыра,

 Жұлдыздай жылтыра,

Маңдайын ашық болсын,

Дұшпанын қашық болсын!

Көшкенде, мүшел, қоныс тойларда, ұлыстың ұлы күнінде, жаңа киім кигенде, жақсы іс бастарда, үлкендерге құрмет көрсеткенде, кейде қаралы шақтарда да ақ бата беріледі.

Ал, адамшылыққа жатпайтын жат, оғаш, жан түршегерлік қылықтар үшін теріс яки қарғыс баталар да айтылады.

Адамгершілік, молшылық, бақытты болашақ, бейбіт өмір, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» шуақты күн – осынау бата сөздердің көпке шашқан шапағаты.

Бұрама темір сом алтын

Суға салса батпасын.

Тәңір берген несібен

Тепкілесе кетппесін.

Қастық қылған адамың

Мұратына жетпесін.

Айтса-қарғыс, тисе көз

Дарымасын, өтпесін.

Қазақ халқының бата сөздерінен оның тарихи салт-дәстүрі, танымдық ерекшеліктері, тағылымдық сипаттары, әсіресе, этикалық-адамгершілік келбеті, отбасы жарастығын сақтауы, өскелең ұрпағын тәрбиелеуге негізделеген ізгі арман – аңсары жарқын көрініс тапқан. Ғибрат сөздер адам баласының көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, сабырлы, салиқалы, байыпты-байсалды, жайсаң жайдармен, әділетті, тәртіпті, мәдениетті, таза ниетті, қанағатты болуына, тұрмыс-тіршілік кемесінде еркін жүзуіне риясыз ықпал жасайды, ақыл-ойыңды, таным-пайымыңды кеңейтіп  көркейтеді.  Қарын қамың емес, халықтың қамын құнттауға шақырады. Тәрбиелік мәні терең, ғибраты зор. Мысалы, «Аспандай берме, жерден ұзап кетерсің, елден ұзап кетсең, барса келмеске кетерсің» -деген өсиет сөзде қаншама мән-мағына бар. Сан тараптағы тағылымы мол өсиет-тілектер ұрпақтан-ұрпаққа жыры мен нұрын төге берері хақ. Ата-бабаның дұға тілектерімен өсіп, өніп келе жатырған ұрпағымыз. Баһадүр бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығы үшін аянбай тер төкті, болашақ ұрпағының берекелі батысын беріп, өнеге қалдырды. Қазірге дейін үлкен кісілерден: көсеген көгерсің, жасың ұзақ болсын, қатарыңның алды бол деген сияқты игі тілектерді көп естиміз. Санамызда қарияларымыз бен үлкендеріміз осылай болуы керек деген ұғым қалыптасқан. Дегенмен, дәстүрлі тәрбиеден, рухани қайнарлардан сусындамаған кейбір кейінгі толқын өкілдерінен мұндай тілеуқорлық сипатты байқай алмаймыз. Халық арасында кең тараған осынау ізгі дәстүрдің түр қазығы Пайғамбар сүннетінде жатыр.  Өзімізді өзіміз үйретуде, тәрбиелеуде ең алдымен ұлттық салт-дәстүрге сүйенуіміз қажет. Ұлтымыздың рухани санасын оятып, болашаққа деген сенімін күшейтуіміз керек. Бұл – қазіргі ұрпақтың алдында тұрған рухани міндет. Нағыз қазақ ұрпағы болып тәрбиелену, тәрбиелеу үшін 3 үлкен көрсеткіш негіз бар: тіл,дін, діл. Ұрпақ ұлттың тілін таза игеруі шарт, бұдан кейін ата-бабамыз мойын ұсынып қабылдаған асыл дінімізді қастерлеп, діни қағидаларға адал болып, сол арқылы тәрбиелену. Үшінші, діл де ұлттық сана, салт-дәстүрмен тәрбиелеген ұрпақ нағыз қазақ болмақ. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген, егер ұрпағымыздың бойына қазірден ұлттық руханияттымызды сіңіре білсек, онда қазақ еліміздің болашығы жарқын, азаттығы мәңгілік болмақ. . Қазақтың ұмыт болған дәстүрі өте көп. Адам қорланғанда табиғи рухтың күшке айналып сыртқа тебуі – намыс. Жастардың бойына ұлттық рухани мәдениеттің өзегін дарыта білуіміз керек. Бұл қазақ халқының ұлттық құндылықтарының жоғалмауының алғышарты. Сонда ғана қазақ халқының ұлттық мәдениетін көркейте аламыз, дамыған елдер қатарында қазақ ұлты ретінде көш бастай аламыз. Ұлттың болмысын, басқалардан ерекшелендіріп тұратын маңызды рухани табиғатын түсінген Алаш қайраткерлері әрқашан тіл мәселесін ұлттан бөліп қарамаған. Мәселен, А.Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да  себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер, әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек қарнымыз ашпас қамын ойлағанда, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» десе, М.Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл», М.Жұмабаев «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл. Ұлт үшін тілінен қымбат ешнәрсе жоқ» деген құнды ой-тұжырымдар жасайды. Қорыта айтқанда, бір үлкен ғалым айтқандай: «Келешек туралы көп уайымдап, келешекті жасаймын деп әуре болудың қажеті жоқ, келешек біздің ешқандай ісімізсіз-ақ өзінен-өзі келеді, бірақ келетін ертеңді немен толтырамыз, соны бүгін ойлау керек». Өйткені келешек дегенің бүгін басталады. Келешектің түбірі бүгінде жатыр. Ал бүгіннің баюы, рухтануы, нығаюы – кешеге байланысты, кешегіні бүгінге алып келіп, бүгінді байытып, рухтандырса, бізден сұрамай-ақ келетін ертеңді дұрыс мағынамен, мазмұнмен қарсы алуға дайындалуымыз керек». Сонда ғана біз ұлтымыздың алдындағы борышымызды адал атқарамыз.

 

 

Әдебиеттер:

1.     М. Жұмабаев. Педагогика. Алматы, Ана тілі, 1992, 154 б.

2.     Ж.Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. 5-том, Алматы. Ғылым, 1999,301

3.      Жастар: Тәрбие, жауапкершілік, парыз  Ө. Нүрғалиев. -

4.     Идеологиялық күрес және жастар  Исмағүлов. - Алматы: Қазақстан, 1978. - 54 с. - Б. ц.