БИОЛОГИЯ САБАҚТАРЫНДА ЖАҢА
ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Тортаева А.С.,
№11 Қоскөл орта мектебінің биология
пәні мұғалімі,
Ұлытау ауданы, Қарағанды облысы
Қазіргі уақытта елімізде әлемдік білім
кеңістігіне бағыт алған жаңа білім беру жүйесі
қалыптасуда. Осы бағытта Назарбаев зияткерлік мектептері мен
Кембридж университетінің бірлесе отырып, білім жүйесіне
жаңалық енгізудегі жұмыстары осының дәлелі. Осы
бағдарламамен оқытуда оқушылардың өзін-өзі
бақылау, бағалау, сөйлеу, тыңдау
қабілеттерінің артқаны байқалды. Сыни
тұрғыдан ойлау стратегиялары өте көп. Бұл
стратегияларды қолдану оқушыларға жан-жақты ізденуге,
өз-өздерін бағалауға, топтық тапсырмаларды бірге
орындауға, ізденуге, өз ойын еркін жеткізуге көмектеседі.
Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру 3 айлық
курсының ІІ деңгейі бойынша мектептегі тәжірибе
кезеңіндегі осы бағдарлмамен өткізген сабағымды
сіздерге ұсынып отырмын.
Мектептегі тәжірибе кезеңінде
бағдарламада қамтылған 7 модульді тізбектелген сабақтар
топтамамда мүмкіндігінше қолдану алға қойған
мақсаттарымның бірі болды. Осы мақсатты жүзеге асыру
мақсатында «Пияз тұқымдастары» тақырыбындағы
3-сабағымды жаңа технологиялық әдіс-тәсілдер
диалогтік оқыту, сыни тұрғыдан ойлауға үйрету,
АКТ-ны пайдалана отырып, топтық жұмыстар арқылы
өткізуді жоспарладым.
Сабағымды Блум таксономиясы бойынша, яғни
жеңілден күрделіге қарай ойластырып отырып
құрдым. Кіріспе бөлімінде оқушыларды шеңбер
бойына тұрғызып, амандасып болған соң, қасындағы
жолдастарын есімдерінің алғашқы әріптерінен басталатын
сын есімдермен таныстыруын өтіндім. Бұл әдіс «Мен сізді
таныстырғым келеді...» деген атпен өтті. Оқушылар
өздерінің сыныптастарын 2-3 сын есім қосып таныстыру
арқылы бір-бірлерін жақсы қырларынан көрсете білді.
Бұл тәсіл оқушыларды жақындастыра түсті деп
ойлаймын. Негізгі бөлімде, яғни «Білу» бөлімінде «Тайм-аут»
ойыны арқылы өткен сабақты қалай білетінін тексердім.
Жаңа сабақтың тақырыбын интербелсенді тақтадан
жасырылған жұмбақтарды шешу арқылы оқушылар
өздері тауып алды. «Түсіну» бөлімінде интербелсенді
тақтадан слайдтар арқылы жаңа сабақты
түсіндірдім, оқушылар өздеріне қажетті
мәліметтерді дәптерлеріне түртіп алып отырды. «Қолдану»
бөлімінде жаңа тақырып бойынша бірінші топқа пияз, оның
түрлері, пайдасы, екінші топқа сарымсақтың
түрлері, пайдасы туралы шағын әңгіме жазу тапсырылды.
Бұл жұмысты қолданудағы мақсатым –
оқушылардың өз ойларын жүйелі түрде
құрып, жүйелі түрде дәлелдей алу
қабілеттерін дамыту болатын. Ал «Талдау» бөлімінде оқушылар
пияз тұқымдастары туралы алған білімдерін «БББ немесе
Маркировка кестесіне» орналастырып шықты. «Жинақтау»
бөлімінде сабақты қорытындылау мақсатында интербелсенді
тақтадан жаттығулар мен тест тапсырмасын орындатқыздым.
«Бағалау» бөлімінде оқушыларды бағалау үшін
олардың алдарына алдын ала бағалау критерийлері жазылған
парақшалар таратқан болатынмын. Ол критерийлерді ескере отырып,
оқушылар өздерін және бір-бірлерін бағалады.
Рефлексияны «Ойлаудың алты қалпағы» әдісі бойынша
жүргіздім. Алты түрлі қалпақ иесі болған
оқушылар бүгінгі жаңа сабақты, яғни пияз туралы
өз ойларын айтып шықты. «А» оқушым Тоқтар қызыл
қалпаққа ие болып, пияз туралы ойын, бүгінгі
сабақтар алған әсерін эмоциямен жеткізсе, «В» оқушы
Арай – жасыл қалпақ иесі, бүгінгі сабақтағы
шығармашылық ойлар, жаңа идеялар туралы айтып өтті. Ал
көк қалпақ иесі «С» оқушым – Асылхат алты түрлі
қалпақ киген оқушылардың айтқанын бағалап,
ойларын қорытындылады. Ал қалған оқушылар келесі
сабақтан не күтетіндіктерін тілек түрінде стикерге жазып,
тақтаға ілді. Осындай топпен өткізілген сабақтар
арқасында оқушылардың пәнге деген
қызығушылықтары мен сабақтағы белсенділіктері
арта түседі.