Арынова Г.Ғ.

Абай атындағы ҚазҰПУ, п.ғ.магистрі, аға оқытушы

 

Дене мәдениеті, оның бөлімдері

 

Дене тәрбиесінің, спорттың ілімі мен әдістемесі пәнінің әлеуметтік орнын анықтау алдында біз одан да кең ұғымдарды зерттеп білуіміз қажет. Ол «дене мәдениеті» деген  ұғым.

Дене мәдениеті жалпы мәдениеттің бір саласы. Адамзат баласы жаратылғаннан бастап рухани дами келе, осы мәдениет салаларын өз қолымен жасап келе жатыр. Ал адамзат  баласын, табиғатты, тау, өзен, көлдерді, жан-жануарларды ұлы күш, ұлы ақыл иесі жаратты. Адамзат баласы сана берді. Санасы, жаны, рухани жетілгені себепті адамзат баласы үйлер, сарайлар, керемет архитектуралы қалалар салды. Ғылымды игерді, қосмосқа ұшты, техниканы, экономиканы дамытты. Осының бәрін адам өз қолымен жасаса, сол адамды мәдениеттендіріп, денесіне, санасына әсер етіп тұрған дене мәдениеті. Адамның денесі, бүкіл ағзасын жаттықтыратын, шынықтыратын, денсаулығын нығайтатын, қимылын, әрекетін әдемілендіретін, кеңістікте дұрыс, үйлесімді қозғалуға үйрететін, дене қуатын жетілдіріп, жоғарғы спорттық көрсеткіштерге жеткізетін - «дене мәдениеті».

Адам мәдениетінің барлық салаларын қолдан жасаса, оның денесіне, ағзасына әсер етіп, оны осы салаларды өркендеуге  мүмкіншілік беріп отырған  дене  мәдениеті  болып  табылады.

Дене мәдениеті - адамдардың  дене, мүсін сұлулығын, қимыл, қозғалыс үйлесімділігін, әдемілігін, дене қуатын жетілдіруге қолданылатын мемлекеттің, қоғамның  материалдық  және рухани байлығын құрайтын халықтың жалпы мәдениетінің бір саласы. Материалдық байлықтар - спорт сарайлары, стандиондар, бассейндер, спорт залдары, түрлі спорттық ғимараттар, құрал  жабдықтар. Рухани байлықтар - дене тәрбиесі мен спорт саласындағы арнаулы білім, ғылыми зерттеулер, озық  тәжірибелер, әдістемелер, идеялар.

Дене мәдениетінің бағыттары: негізгі дене мәдениеті, спорт, сауықтыру, қолданбалы  дене  мәдениеті.

Негізгі дене мәдениетінің міндеттері – біріншіден адамдардың өмірге керек қимылының ептілігі мен дағдысын қалыптастыру, дене қуаты қасиеттерінің деңгейін дамыту, екіншіден осы жинақтаған қасиеттерді адамдардың қалап алған мамандықтарына (кәсіптік, спорттық т.б.) қолдану. Негізгі дене мәдениеті жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, оқу-тәрбие мекемелерінде дене тәрбиесі сабақтары, әр түрлі жаттықтыру түрлерінде жүргізіледі. Ол еліміздегі ересек адамдардың дене қуаты дайындығы деңгейін арттыруға, денсаулықтарын нығайтуға, жұмысқа ынтасын, төзімділігін дамытуға көмектеседі.

Дене мәдениетінің бір саласы спорт, әр түрлі жаттығулардың көмегімен  жоғары  жетістіктерге  қол  жеткізуге  бағытталған өнер түрі. Ол адамның психикасының, дене қуатының жетілуін қамтамасыз етеді. Спорттық әрекеттің негізгі мақсаты, спорттың бір түрінен биік жетістіктерге жету, сол арқылы  адамның  қабілетін, жақсы қасиеттерін  дамыту.

Қолданбалы дене мәдениеті кәсіптік және әскери деп екіге бөлінеді. Ол өмірге, келешек мамандыққа өте қажет кешенді қимыл- әрекеттерді игеру, дене тәрбиесі арқылы өз мамандықтарын (әскери, азаматтық) жақсы меңгеру, терең түсінуге бағытталады.

Сауықтыру дене мәдениеті: емдік және денсаулық нығайту дене мәдениеті деп бөлінеді. Емдік дене мәдениетінің мақсаты адам ағзасы мүшелерінің  ауырып, уақытша жоғалтып алған қызметтік мүмкіншіліктерін дене жаттығулары арқылы қалпына келтіру. Емдік дене мәдениеті кабинеттері еліміздің поликлиникаларында, емханаларында, спорттық дәрігерлік жұмыс істейді. Денсаулық нығайту дене мәдениеті - денсаулықты нығайтуға, жаттығушылар ағзасының жұмыс істеу қабілетін арттыруға қызмет етеді. Сабақ  арасында, жұмыста (сергектік сәттері, өндірістік гимнастика, дене жаттығулары) күнделікті тұрмыста (таңертеңгі бой жазу, өз бетімен  жаттықтыру  сабақтары, серуендеу, саяхат, жорық т.б.) қолданылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ақпаев Т.А., Адамбеков Қ.І., Тастанов Ә.Ж. Балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі жүйесін қалыптастыру негіздері. Оқу құралы: - Алматы, 2006. 

2.Уанбаев Е.Қ., Уанбаев Е.Ж. Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі. Оқу құралы: - Өскемен, 2006

3.Матвеев А.П. Методика физического воспитания в начальной школе. -М., ВЛАДОС-ПРЕСС, 2003.