Аметова А.Ж.,  Рахимбаева Б.О.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 

КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ ӘЛЕМІ

 

 Әдебиеттану ғылымының тарихын зерттеу дегеніміз - көптеген ғалым-әдебиетшілердің, сыншылардың көркем әдебиетті, оның тарихын зерттеу саласындағы жүргізген  жұмыстарындағы  көзқарастар  сәйкестігі  мен қақтығысын, әр  түрлі бағыттар мен теориялардан  тұратын  әдіснамалық зерттеу  әдістерінің  ізденістері  мен  іркілістерін  тексеру. Ал, кез-келген  ғылым саласының  туып-дамуы  үшін тарихи алғы шарттар  қажет. Себебі, ғылым  қоғамдық сананың формасы   және  білімдер жүйесінің  жиынтығы  ретінде  адамзат  қоғамының  белгілі бір сатысында нақты практикалық дәлелдеулерден өткен ғылыми зерттеулер нәтижесінде ғана  туу дәуіріне қадам басады.  Бұны қысқаша түрде  тарих  алдындағы кезең деп атаса да болады. Осы тарих алдындағы  кезеңді  әдебиеттану ғылымының  арғы бастаулары, қайнар көзі  санауымыз керек. Европоцентристік  көзқараспен жоққа  шығарылып келген  осы тарих алдындағы  кезеңді ұлттық әдебиеттану ғылымының  бастауларын  алғаш  қарастырған  профессор Т.Кәкішев болды.

«Ел, халық тағдыры осындай тар жол, тайғақ кешулерге тап болып, толқыған тұстарда оның жоғын жоқтап, күйін күйттеген, әділдік, шындық іздеп шарқ ұрған шырғалаңға түскен, алда ағаларымыздың аяулы  бейнелері жұртшылық жүрегінде... Міне, солардың тағдыр-талайы  мен тарихын тірнектеп жүріп тірілткен, өнердегі ғана емес өмірдегі  ерліктерін жарқырата жалғастырушы, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым,  сыншы, әдебиетші Тұрсынбек Кәкішұлының өмір өткелдері де туған халқының тіршілік тынысымен тұтасып жатады»  деген зерттеуші пікірімен үндесеміз[1, 134].

Басқа да қоғамдық ғылымдар секілді қазақтың ұлттық әдебиеттану ғылымының да бастан өткізген туу, даму, қалыптасу секілді кезеңдерге және творчестволық ізденістер мен іркілістерге, ғылыми проблемаларға толы тарихи жолы бар.  Бұл тұрғыдан келгенде қазақ әдебиеттану  ғылымының туу, өркендеу жолын қазақ даласындағы  ұлттық қоғамдық ой-сананың жан-жақты өсуіне орай  сыншылдық-эстетикалық, зерттеушілік мәнге ие бола бастау, әдебиетке байланысты  ұғымдардың қалыптасу, әдеби мұраны жариялау мен зерттеу  процестерін кезеңдерге бөле отырып тексерудің практикалық  та, теориялық та мәні зор. Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келеді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап-талғамының өркендеу процесі уақыт жағынан бір-бірінің ілгері-кейінділігіне қарамастан, өзара байланысты болады. Бұл заңды да. Ал енді көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дәрежесі  қандай болмақ деген мәселеге келгенде, екі себепке, атап айтқанда, субъективтік және объективтік себептерге тоқтала кеткен жөн. Түптеп келгенде, сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігімен өлшенеді.  Сынның кейде социологиялық, кейде эстетикалық таңдауларға ден  қоюының өзі де әдебиеттің қамтыған өмір шындығына белгілі  дәрежеде тәуелді болатын кезін естен шығармау қажет.

Субъективтік себепті сөз еткендер, ең алдымен, сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының  мол-аздығын еске алуы керек. Қай кез болмасын, әдебиеттің өрлеу  кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық  пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай  қалатын шағында да сыншының білім-парасаты мен эстетикалық талғамы санаттан шығып қалған емес. Мұның өзі сын дәрежесін аңғартуға қажетті субъективтік себеп.

Екінші, объективтік себеп – көбіне әдебиеттің жалпы дәрежесіне тәуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық  мәні жағынан көркем бейнелер жасау типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқушыны ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. Сыншы әрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дәлелдерді әдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, әдебиеттің өркендер арнасын анықтайды, әдеби процеске белсене араласады.

Ал, халық ғұмырын қастерлеп, оның өткені мен өткеліне  өзгеше қарап, бүгіні мен болашағы үшін бел шешіп, белсене араласу, жан пидалыққа жақын тұру, қажет жерінде құрбандыққа да қол арта алатын азамат болу – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтіні белгілі.

Белгілі ғалым, профессор Т.Кәкішев қазақ  әдебиеті сынының туу,  қалыптасу жолдарын нақты дәуірлерге бөле отырып, зерттеу барысында сын мен  әдебиеттану  ғылымының  сабақтаса, бірін-бірі  толықтыра  отырып дамитынын ескеріп, үлкен үш кезеңге жіктейді. Бірінші кезеңқазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Қазақ әдебиеті сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезеңқазақ әдебиеті сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану  ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-1937 жылдардың арасын қамтиды. Үшінші кезеңқазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-1985 жылдар аралығы[2, 43].  Осы үш кезеңнің әдебиет туралы ұлттық ғылымының  бастан өткерген  тарихи жолына тікелей  қатысы бар. Себебі, әдеби сын өзінің  туу дәуірінен бастап-ақ ұлттық әдебиеттің тарихы мен әдеби теориялық мәселелері  жайында  пікір  білдірмей тұра алмайды. Қазақ әдебиеттану ғылымын, ондағы әдеби-теориялық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің даму процесін, әдіснамалық мәселелерін ғылыми тұрғыда жүйелі тексерген күрделі ғылыми зерттеу, монографиялық еңбек болмағанмен,  бізде бұл мәселені  арнайы да,  жанама түрде де сөз еткен  мақалалар  мен еңбектер  біршама баршылық. Әдебиет туралы  ұлттық ғылымның туу,  даму жолдары мен тарихының көптеген мәселелерін, келешек зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар беретін соны көзқарастарды  қазақ әдебиеті сыны тарихын зерттеген  еңбектерден  көреміз.

Қазақтың ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңдерін сөз еткенде ғалым Е.Ысмайылов: «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізгі екі кезеңді  бастан кешіргенін байқауға болады. Біріншіүйрену, идеялық-творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Бұл  революцияның алғашқы кезеңінен соғысқа дейінгі дәуірді қамтиды. Екіншісісоғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасу, даму дәуірі» – деп екіге бөле отырып, алғашқы  кезеңде, «өмірдің талап-тілектеріне байланысты дүниеге келуіне» әдеби мұраны игеру процесі мен қазақ әдебиетінің мектептер мен оқу орындарда жүргізіле бастауына сай, алғашқы оқулықтар мен хрестоматиялардың жазылуы түрткі болғанын атап көрсетеді[3, 197]. Ал академик М.Әуезов бұл турасында: «Қазақ әдебиеттану ғылымы бүгінгі жеткен сатысымен, түгелімен Ұлы Октябрь революциясының жемісі болды...  Қазақ әдебиеті тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектептерде оқу құралын жасаудан туды»  деп жазды [4, 107].

Осы жоғарыда келтірілген  пікірлерге қарасақ, ұлттық әдебиеттану ғылымының тарихын кеңестік дәуірден бастап зерттеу керек деген көзқарас негізінен дұрыс болғанмен, бұл ғылым саласының туу дәуіріне дейінгі тарихи бастаулары  назардан тыс қалғаны байқалады. Тарихымыз жаңаша таразыланып жатқан қазіргі уақытта европоцентристік ой-пікір  мен марксизм-ленинизм ілімінің және зерттеу жұмыстарына қате қаулы-қарарлармен үнемі бағыт-бағдар беріп отырған  кеңестік идеология ықпалында айтылып, қағидаға айнала  жаздаған көзқарастарға сыни тұрғыда жаңаша қарау - әдебиеттану ғылымының қалыптастыру тарихын зерттеу мәселелерімен тығыз байланысты.

Қазіргі қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымы дүниеге келген әрбір көркем  туындының идеясын, айтар ойын, эстетикалық өреге қол созғанын, қандай әлеуметтік мәселені көтергенін, нені  насихаттайтынын саралап алуға міндетті. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси-әлеуметтік мәселелермен де тікелей байланысты  болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның социологиялық және эстетикалық  дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.

Төңкеріске дейінгі сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірді  жоққа шығарған  европацентристік көзқарас 40-жылдардағы  қате  қаулылардың   өзегі болып, ғылыми зерттеу жұмыстарын тығырыққа тіреп, әдебиеттің  таптығы,  принципі айрықша дәріптелді. Мысалы: «Қазақ халқының  мәдениет тарихында  әдебиеттану  ғылымының  тарихы  әзірге қысқа. Бұл - жас  ғылым. Ол «Әдебиеттік сын», «Қазақ әдебиетінің теориясы», «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген салаларға бөлініп, енді  дамып келеді. Қазақтағы  әдебиеттану ғылымы  құрылғанда,  ол өзінің  алғашқы  туысымен, бүгінгі  жеткен сатысымен, барлық бас-аяғын    жинағанда  түгелімен  толық мағынасында Социалистік Ұлы  Октябрь революциясының  жеңісі болды. Октябрьден бұрынғы  қазақ тарихында  біз бұл жөнінде  «өскен ғылым» дерлік  мардымды  мұра алғамыз жоқ» [5, 55], - деген секілді ой-пікірлер  қазақ әдебиеттану ғылымы  мен сынының  арғы  бастауларын  зерттеуге  көп уақыт қол байлау  болып келгені  рас.  Қағидаға   айнала  бастаған  көзқарасты   бұзу  оңай  емес. Бұл бағыттағы  ғылыми-зерттеу  жұмыстарға   алғаш  қадам  жасаған  профессор Т.Кәкішевтің еңбегін,  ұлттық тарихи тамырға  қалам тартқан  жылт еткен  бір ой болса «ұлтшылдық»  деп байбалам салып  шыға келетін  кеңестік  идеология  кезеңінде, үлкен ерлік деп  бағаласақ, артық айтқандық емес.

Ғалым көркемдік даму мен сыншылдық-эстетикалық  ой-пікірдің  өркендеу  процесін  сөз ету барысында  ғылыми-зерттеушілік,  әдеби-теориялық сипаттағы  көзқарастардың  ғылыми-бағалаушылық  мәнде  алғаш  айтылу  мәселелерін де  қозғай отырып, ұлттық әдебиеттану  ғылымының бастаулары мен қайнар көздері турасында тың зерттеулерге жетелейтін ойлар білдірді.

         Т.Кәкішұлының еңбегі, ұстаздығы, әдеби-ғылыми шығармашылығы –қазақ әдебиеттану ғылымындағы өзгеше бір байтақ әлем. Тұрсынбек Кәкішұлы құбылысы айрықша азаматтық тұлғасымен еліміздегі мұрағаттар қорындағы бай дүниелерді қолымен ұстап, зерделеп, тексеріп, талдап, халқына ұсынуымен ерекшеленеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.           Смағұлов Ж. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Алматы, Қазақ университеті, 2000

2.          Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. І бөлім. Алматы,  Білім, 2003

3.          Ысмайылов Е. Қазақ әдебиеті. Ойлар. – Алматы, Жазушы, 1968

4.          Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы, Ана тілі, 1991

5.          Кәкішев Т. Кер заманның кереғар ойлары. Алматы, Атамұра- Қазақстан, 1995