БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ТІЛ КӨРКЕМДІГІ

 

                         Сейсембай Гүлмира Амангелдіқызы, аға оқытушы

    Ерманова Сания Бөленбайқызы, педагогика ғылымдарының магистрі

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қостанай, Қазақстан

 

«Әдеби шығарма – нұрлы дүниенің сырлы бөлігі. Ол - өмірдің өзі секілді күрделі, бұралаңы көп, қия-қалтарысы мол шытырман шындық. ...Байыптап қарасақ, дүниенің бүтін бір бөлігін күллі тамыр-тереңімен қопарып алып, ажарлы әрі асыл өнер туындысына айналдыру, оның мазмұны мен пішініне жан тебірентер өнерпаздық қасиет дарыту – тек тарлан таланттың  ғана қолынан келетін іс», - деген З.Қабдолов пікірінде терең ой, көп мағына жатыр. [1, 141б.]

         Сәтті шыққан көркем шығарма – бір ғана жазушының жетістігі емес, ол бүкіл әдебиет көлеміндегі кесек құбылыс. Осындай тарлан талант, кесек құбылыс, шұрайлы шығарма туғызушы, ерекше өнер иесі – Бейімбет Майлин.

          «...қазақ әдебиетінің аса көркем үлгілері Бейімбет Майлиннің өзгеше мұрасынан танылатын... Бейімбет әңгімелерінің көп топтары революцияның ең алғашқы жылдарынан бастап, отызыншы жылдардың ортасына дейін Совет дәуірінде қазақ ауылында болған өмірдің ұзақ көркем шежіресі деуге болады», - деген екен М.Әуезов. Бұл қаламгер шығармашылығына ғұлама ғалым тарапынан берілген әділ баға болатын.

          «Образ жасау – тек таланттыға ғана тән әрекет» деп ғалым З.Қабдолов жазушы шеберлігінің шынайы көркем бейне жасаудағы рөлін анық көрсеткен. Бейімбет шығармаларының кейіпкерлер әлемі – бір біріне мүлдем ұқсамайтын, тағдырлары әрқилы, мінез-құлықтары да мүлдем кереғар кейіпкерлер галериясы.

          «Бейімбет Майлин өз шығармаларын жазуда өмірдің өшпес, өңі қашпас өз шындығына сүйенді, соны келістіріп суреттер бейне тапты, соның бәрін ояну, өсу үстіндегі қалың бұқараның дүние тануына, эстетикалық сезінісіне, көркемдік талғамына, тіл кестесіне, образдылық әлеміне сәйкестеп жасады». [2, 79б.]

          «Жазушы өз шығармашылығында қораштыққа басқан жоқ. Қарапайым халықтың өміріндегі, ойындағы, қиялындағы құпия күйде қалып келген мол көркемдікті ашты. Оның көркемдігі замана көркемдігімен нәрленді, қорланды, сол көркемдікке қазына болып қосылып байытты», - дейді Темірғали Нұртазин. [3,151б.]

         Өнердің қай саласын алсаңыз да, шынайы суреткер өзіндік келбетімен, стилімен, өрнегімен, нақышымен танылады.

         Бейімбет Майлин – өз шығармаларында әдеби тілдің әсем үлгісін берген,  көркем сөзді төгілте қолданған «нұсқалы жазушы». Қаламгер туындыларының тілі шұрайлы әрі көркем болып келеді.

         Қаламгердің колхоз тақырыбына жазған әңгімелері: «Ұлбосын», «Сары ала тон», «Сот алдында», «Әліштің пырағы», «Қызыл әскердің үйі», «Таңба», «Қара шелек», «Кенес ағасы Қамила» т.б.

           Алғашқы бес әңгімеде шаруалардың артельге ұйымдасуы, колхоздың біртіндеп туу процесі суреттеледі. Жетіліп туған шығармаларында өзіндік кескін-кейпімен, қимыл-әрекетімен, мінезімен, жаңа құбылысымен дараланған характерлер бар.

      Үй шаруасындағы әйел Шарипаның /«Ұлболсын»/ әңгімесі, мінезінің тігіндегі, жаңалыққа жатырқай қарайтыны, ешкімнің икеміне көнбейтіндігі оқушының назарын бірден аударады. Жазушы Шарипаның психологиясындағы өзгерісті қапелімде ұсақ көрінетін нәрселермен жасалған етіп, нәзік көрсетеді. Әңгіменің тіл кестесі жатық, шебер. Жазушы орнын тауып, қалжыңын да қолдана отырады.

        «Тұқым таппағандарды ит өлмеске айдайды екен...», «Коллективке кірмегендерді «майкет» қылады екен». Бірінші сөйлемде азырақ өзгертіліп қолданылған ескі сөз – «ит өлмеске» жаңа мағына беріп тұр. Екінші сөйлемде «майкет» деп бұрмаланып қолданылған жаңа сөз атымен тосын ұғымды ауыл ортасына әкеліп отыр. Осылай сөйлемге қызғылықты қасиет ұялату әңгіменің әр тұсында ұшырап отырады.

        Троптар да әңгімелер мәтінін жандандырып отырады. «Күніне қырық пышақтасып отырса да, дүниеде содан артық тұрмыс бар деп ойламайды». «Күн түнеріп, тұлданып шарасына сыймай тұрған тәрізді».

         Жазушы стиліне тән назар аударатын тағы бір ерекшеліктердің бірі – логикалық күшті тіркестердің қолданылуы. Мысалы, «Жайылып біткен шырпыдай бет-аузы жүн-жүн болып өңірейіп Жұматай отыр» («Ел күйеуі»), «Дөңбектей болып семірген Биқасап бәйбіше» («Қанды кек») т.б. Осы тәрізді толып жатқан сөздердің мағыналық күші мол.

      «Бейімбет шығармаларындағы теңеулердің табиғаты да бөлек. Өмір бойы мал баққан елде малдың қасиеттерін, кейбір көріністерін характерге жапсыру бар», - дейді жазушы тілінің ерекшелігі туралы пікір білдіруші І.Омаров. [5,213б.] «Талақ» деген әңгімесінде Айдарбектің ашуланған түрін: «Екі көзі құтырған сиырдың көзіндей болып адырайды» деп суреттейді.

     Оның тілдік қолданысы жөнінде Б.Наурызбаев мынадай қорытындыға келеді: «Оның әрбір сөзі, сөйлемі жатық, табиғи, қаламынан ешбір кідіріссіз, тау бұлағындай тоқтаусыз төгіліп отырғандай әсер береді» [6, 172б.]

          Қаламгер шығармашылығын насихаттау, тағылым алу – бүгінгі мен келешектің үлесіндегі мәселе.

 

Әдебиеттер:

1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, «Қазақ университеті», 2006

2. Бейісқұлов Т. Дарын даралығы. Алматы,1994  

3. Нұртазин  Т. Бейімбет Майлин творчествосы. Алматы, «Жазушы», 1966

4. Ысқақұлы Д. Сын өнері. Алматы, 2000

5. Омаров І. Бейімбет хақында бірер сөз. Кітапта: Әдеби толғамдар. А.,1988

6. Наурызбаев Б. Қазақ прозасындағы Б.Майлин дәстүрі. Алматы, «Жазушы», 1967ж.