Филологические науки

 

Рапишева Жанат Дабылвона, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті

Боранғазы Фариза, филология факультетінің студенті, Қазақстан

 

ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕРДЕ ТЕРМИНДЕРДІҢ БЕРІЛУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазіргі жаһандану дәуірінде ғылыми жұртшылық әртүрлі салада еңбек ететін көпшілік қауымның қажеттілігін қанағаттандыру үшін ғылым мен техника, өнер саласына байланысты қазақ терминологиясының сөздіктерін жетілдіру, әртүрлі шаруашылық саласындағы кәсіби мамандыққа, әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа қатысты халықтық сөздерді жинап, лексикографияның нысанына айналдыру, бұрын жасалған фразеологиялық, ономастикалық т.б. сөздіктерді әлі де жетілдіру, тарихи, этимологиялық, сөзжасамдық сөздіктер, кейінгі кезде енген жаңа сөздер мен сөз тіркестерінің сөздігін және т.б. жасау тілші ғалымдар мен әртүрлі сала мамандарының бірлескен әрекетін қажет етеді және тіл мамандарына терминография теориясына байланысты зерттеулерді жетілдіру міндетін жүктейді.

Белгілі бір тілдегі ғылым мен техника саласындағы арнаулы атаулардың мағынасын түсіндіретін сөздік терминологиялық сөздік деп аталады. Терминологиялық сөздік – әртүрлі арнаулы сала ұғымдарының атаулары болатын терминдерді қамтып, олардың мағыналарын түсіндіретін, жүйелік байланысын, аудармаларын, қолдану ерекшеліктерін т.б. сипаттарын көрсететін сөздіктің түрі. Терминологиялық сөздіктер түрлі мақсаттарды көздей отырып, түрлі тілді тұтынушыға (языковая ориентация) немесе мамандық иесіне (предметная ориентация) арналып жасалуы мүмкін.

Терминдер топталып бір сөздік түрінде де, белгілі бір ғылым саласына байланысты жеке-жеке кітап болып та шығады, Мәселен, 1931 жылы шыққан «Атаулар сөздігі», 1936 жылы шыққан «Қазақ тілінің терминдері», 1948, 1950 жылдары шыққан «Терминология сөздігі» ғылым мен техниканың жеке бір саласына ғана арналмаған еді. Бұларда Қазан төңкерісінен бергі кезеңде тілімізге енген термин сөздерді барынша жинақтап, жұртшылыққа ұсыну мақсаты көзделді [1, 13].

Елуінші жылдардан бергі кезеңде экономика мен мәдениеттің, техника мен ғылымның дамуына байланысты әрбір ғылым, техника саласының терминдерін өз алдына жеке сөздік етіп басып шығару мәселесі күн тәртібіне қойыла бастады. Осындай мақсатта С.Арзымбетовтың «Орысша-қазақша ауылшаруашылық терминдерінің сөздігі» (1952, 1955) жарық көрді.

Қоғамның әртүрлі саласына қатысты терминология сөздіктер жайлы сөз қозғағанда төмендегі сөздіктерді айта кетуіміз қажет. 1976, 1979, 1990 жылдары тілші ғалым А.Әбдірахмановтың құрастыруымен «Атаулар мен терминдер» сөздігі, 1996 жылы Б.Қалиев пен Ш.Құрманбайұлының «Орысша-қазақша және қазақша-орысша терминдер сөздігі», Р.Сыздықтың жетекшілігімен «Жаңа атаулар» сөздігі (1999), 2002 жылы Т.Алпысбаев пен А.Әбдірахманов құрастырған «Терминологиялық жинақ» жарық көрді. Осы аталғандардың қатарына 1998 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан Б.А.Жұбановтың 25677 сөзді қамтитын көптілді (ағылшын, неміс, орыс және қазақ тілдері бойынша) «Химиялық сөздікті», Т.Момынов пен А.Рақышевтың 1999 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген орысша-қазақша «Медициналық сөздікті» және т.б. көптеген сөздіктерді жатқызуға болады [2, 19-21].

Лингвистикалық терминологиялық сөздіктерге А.Салқынбай мен Е.Абақанның авторлығымен «Сөздік-словарь» баспасынан 1998 жылы шыққан «Лингвистикалық түсіндірме сөздікті», Э.Д.Сүлейменованың редакторлығымен 2001 жылы шыққан «Тіл білімі сөздігін», Ғ.Қалиевтің «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі» (Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. – 440 б.) жатқызамыз.

 2000 жылы «Рауан» баспасынан жарық көрген 31 томдық салалық терминологиялық орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздік қазақ терминологиясына, жалпы қазақ ғылымына қосылған үлкен үлес болды.

2004 жылы Ш.Құрманбайұлы мен С.Сапинаның Мемтерминком бекіткен «Орысша-қазақша – қазақша-орысша терминдер мен атаулар сөздігі» жарық көрді.
   2009 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының әр жылдары бекіткен терминдері жинақталып, кітап болып жарық көрді (Бекітілген терминдер сөздігі. Қазақша-орысша, орысша-қазақша (15 мыңға жуық термин). – Алматы: Дайк-Пресс, 2009. – 328 б.).

«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» (29.06. 2011 ж.) қазақ тілінің реттелген терминологиялық үлесін кезең-кезеңмен арттыру міндеті қойылып отыр. 1990 жылдан бері шығып жатқан терминологиялық сөздіктер саны жылдан-жылға көбеюде. Соңғы ресми деректерге қарағанда, жалпы таралымы 720 мың дана 10 түрлі сөздік, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үш тілді 8 салалық терминологиялық сөздік жұртшылыққа ұсынылған [3, 25-27].

«Терминологиялық сөздіктер арнайы бір ғылым саласына қатысты терминдерді барынша жинақтап, қамтып беруге тырысатын анықтағыш қызметін атқарады. Сондықтан да оның жүгі ауыр болуы, әрі терминологиялық сөздікті шығару барысында мамандардан үлкен сапа, сол сапаның жоғары деңгейде болуын қамтамасыз ете алатындай жауапкершілік талап етілуі тиіс» [4, 85] деген сөз әлі де өзектілігін жойған жоқ, демек, терминдерді үйретуші, қолданушы оқытушылар қауымы мен мектеп, арнаулы орта, жоғары оқу орындарының білім алушылары үшін сапалы оқу-терминологиялық сөздіктер жасау әлі де өзекті мәселелердің қатарында саналады. 

Терминографияда қарастырылатын терминологиялық сөздіктер оқыту мақсаты мен тілді меңгерту құралы ретінде ерекшеленеді. Терминологиялық сөздіктердің негізгі үш қызметін атап көрсетуге болады: терминдерді жүйелеу, оларға анықтама беру және оқыту. Басқа сөздіктермен өзіндік ұқсастықтары мен айырмашылықтары болуымен қатар оның өзіне ғана тән мақсат-міндеті де бөлек. Тілді үйретуге арналған сөздіктің бір түрі ретінде терминологиялық сөздік лексикалық қорды оқу мақсатына сәйкес кешенді түрде сипаттайды. Терминологиялық оқу сөздіктерін түзуде терминологиялық лексикалық жүйені оқытудың әдістемелік аспектілері де ескеріледі. Атап айтқанда, оқыту кезеңі, жас ерекшелігі, білім деңгейі, мамандығы т.б. Бұл сөздіктің көлеміне, сөздік бірліктердің берілуіне, сипаттаманың әдіс-тәсілдеріне өз деңгейінде әсер етіп отырады [5, 22].

Тақырыптық үлгідегі терминологиялық оқу сөздіктерінде кез келген лексикалық бірліктер беріле бермейді. Онда нақты бір тақырып бойынша ұйымдасқан, шоғырланған мағыналы сөздер ғана түзіледі. Әр тарау өз ішінен тақырыпшалар мен шағын тақырыптарға жіктеледі. Тақырыптық микрожүйе құрастыруда сол тақырыпқа сәйкес сөзжасам модельдері, сөзжасамдық ұялар ескерілуі тиіс. Сөздерді топтастыруда оның жүйелі сипаттары толық ескерілуі керек. Идеографиялық сөздік құрастыруда сөздердің тақырыптық және лексика-семантикалық байланыстарының маңызы зор. Сол себепті идеографиялық оқу сөздіктерін түзуде мағынадан тұлғаға қарай функционалдық-семантикалық бағыт пен тілдік бірліктердің семантикалық жүйелілігі ұстанымына ерекше назар аудару қажет.

Терминологиялық оқу сөздіктеріндің негізгі мақсаты белгілі бір ұғымды термин арқылы жеткізу үшін қажетті тақырыптық сөздерді таңдауға көмектесу болып табылады. Прагматикалық тұрғыдан зерттегенде, тілдік бірліктер маңызды компонент ретінде қарастырылады, ол жалпы жағдаятты, адресанттың әлеуметтік белгілерін ескере отырып, тілдік бірліктерді қатынас құралы ретінде қолданушы адамның ерекшеліктерімен байланысты болып келеді. Сөздіктегі тілге жасалатын функционалдық, коммуникативтік, прагматикалық сипаттама өзара тығыз байланысты әрі бірін-бірі үнемі толықтырып отырады [6, 19].

Тіл арқылы қарым-қатынас жасау барысында сөздікті түзуші прагматикалық, коммуникативті кеңістікті анықтайтын тілдік әрекеттердің субъектісі ретінде көрінеді. Ол коммуникативтік қызмет барысында тілді тұтынып, осы қатынастарды атап, көрсетіп, білдіреді, ал адресат осы мағыналарды қабылдап, талқылайды.

Қазақ тіл білімінде терминологиялық сөздіктер, тақырыптық сөздіктер арнайы зерттеу нысанына айналмаған, тың мәселелердің қатарында. Мемлекеттік тілді үйрету, қазақ тілін басқа тілді аудиторияларда оқыту ісінде мұндай сөздіктердің берері мол. Сол себепті тақырыптық үлгідегі  терминологиялық сөздіктерді құрастырудың, олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап, зерттеудің маңызы зор.

Әдебиеттер тізімі:

1. Жұбаева О. XX   ғасырдың  басындағы  терминологиялық сөздіктер және ондағы негізгі ұстанымдар // Қазақ терминографиясының өзекті мәселелері. – Астана, 2004. – Б. 80-95.

2. Малбақов М. Қазақ лексикографиясының тарихы. Фил. ғыл. кандидаты диссертациясы. Алматы, 1992. – 118 б.

3. Мұсаева Ж. Қазақ лексикографиясында қолданылатын атаулардың метатілдік табиғаты: фил.ғыл.канд. авторефераты. – Алматы, 2006. – 24 б.

4. Әбдірәсілов Е. Қазақ тіл білімі терминдерінің жайы // Салалық терминология: бүгіні мен болашағы: Республикалық ғылыми-практикалық семинардың материалдары. – Астана, 2003.  – Б. 80-89. 

5. Әділова А.С., Еркебаева Г.С. Оқу-терминологиялық сөздік жөнінде // Қарағанды университетінің хабаршысы. – 2010. №4. – Б. 56-62.

6. Баянизова Ж.Т. Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері. Канд...дис.автореф. – Алматы, 2008. – 25 б.