Кенжебекова Гульвира Айтыкеновна (мұғалім),

Уатаева  Гульнур Казахстановна (8 Д сынып оқушы)

№81 Жалпы білім беретін орта мектеп, Қарағанды қ., Қазақстан

 

МҰХТАР ӘУЕЗОВ – АБАЙТАНУ ІЛІМІНІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

 

ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы абайтанудағы келелі мәселелердің қатарында сөз зергерінің ақындық мектебін қарастыру болды. Аталған кезеңде ұлт руханиятын игеру мен зерттеудегі түрлі саяси-идеологиялық кедергілерге қарамастан, М.Әуезов қазақ әдебиеттануында Абайдың ақындық мектебі мәселесін тұңғыш рет ғылыми негізді зерттеуде маңызы зор болып табылатын игі қадамдар жасады. Атап айтқанда, «Абайдың ақындық айналасы» (1934) мақаласы ақынның әдеби мектебі, ақын шәкірттері сияқты өзекті проблема көтеруімен абайтанудағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің тың бағыт-бағдарын айқындап берді. Ғалым «Енді бұл уақытқа шейін ақынның айналасы» деген тақырыпты сөз қылғанда біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік.

Бірақ ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе – Абайдың «өзгеге берген нәрі турасында» деп ақын нәр алған рухани арнаны ғана емес, ендігі кезекте Абайдың өз айналасына, яғни ақын шәкірттеріне дарытқан өнерпаздық ықпалын нақты қарастырады. Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім сынды  ақындар  Абайдың нағыз толық мағынасындағы шәкірттері екенін айта келіп, олардың шығармашылық тұлғасына тән мынадай сипаттарды екшейді: «Абайдан аталық, ағалық,  ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлең мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы, тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған». 

Сонымен қатар ақындық мектеп мәселесін көркемдік дәстүр және жалғастық сияқты мәселелермен сабақтастықта, тығыз бірлікте алады. Мәселен, «Әдеби мектеп деген ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған тақырыпты ғана тебіндей беруде емес. Сол басшы ақын берген екпін бағыт, негізгі күйлерінің бетімен тың жол іздей өсуде. Ұстаз ақынның өзі айтып айтуға үлгермеген немесе заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдеп үңгіп, бірталай өріске апарып тастауда». М.Әуезовтің Абайдың ақындық мектебін қарастырудағы маңызды ізденіс өрісін дамытуда алғаш қадам жасаған әдебиетші ғалымдардың бірі Е.Ысмайылов болды. 1940 жылы М.Әуезовтің жауапты редакторлығымен жарық көрген «Әдебиет теориясының мәселелері» атты еңбегінің «Әдебиет мектебі» тарауы Абайдың ақындық мектебіне негізделіп жазылды.

Зерттеуші әдебиет мектебіне: «Белгілі дәуірде асқан әйгілі жазушының төңірегіне бірнеше ұсақ жазушылар өзінен өзі жиналып соның әсерінде болады, себебі ірі талантты жазушылар өзінің ұлы көркем шығармаларының әсерімен төңірегіне басқа жазушыларды тартып алады. Сол талант иесінің маңына жиналып, содан үйренеді, басшы ұлы ақынды дәріптеп көтереді, шығармаларын жұртқа жайып таратады. Бірнеше ақын-жазушылардың бір әйгілі ақынның айналасына стихия түрінде жиналып, соның стилінен үйренушілікті әдебиет мектебі дейміз» деген әдеби-теориялық анықтама береді.

Орыс поэзиясындағы Пушкин мектебін, оның өкілдерін айта келіп, олардың көркемдік ізденістеріне тән жетістіктермен қатар негізгі олқылықтарын да назардан тыс қалдырмайда. Мысалы: «Бұлардың көпшілігі Пушкин айналасында біріккенмен, оның реализм методын толық өсіре алмады. Лазиков, Баратынскийлер Пушкин жасаған тамаша лириканың форма жағын қуалап, оның дәуірлік идеясын ала алмады... Рылеев Пушкин лирикасындағы халық өмірін, халық тілегін жырлаушылықты тереңдетіп, форма жағын ала алмай қалды.

Бұлардың қайсысы болсын Пушкин жасаған халықтық әдебиеттің түрлі кесек жанрларын, роман, поэма, шекспирлік драмасына құлашы жете-жете алмай ұсақ лириканың маңында қалды».

Ғалым әдебиет мектебінің атап айтарлық қасиеті «жас таланттар сол ірі ақынның маңында мәпеленіп өсіп шығады» деп түйеді. Өз кезегінде қазақ әдебиетіндегі әдебиет мектебі мәселесін талдау нысанына алғанда Абай шығармашылығын, ақындық мектебін нақты мысалға ала отырып ғылыми тұрғыда саралайды. Атап айтқанда, «Қазақ әдебиетнің тарихында Абай төңірегіне құрылған әдебиет мектебі бар. Абай өзі үлкен реалист ақын ақын бола отырып, өзі тұстас халық ақындарын, өзінен жас ақындарды айналасына жинап жақсы өлеңдер жазуға, оқып үйренуге, көп білуге шықырып, тәрбиелеп отырған» деген пікірімен М.Әуезов концепциясын нығырлай түседі. Ол біріншіден, ұлы ақын мектебінің болғандығын дәлелдеу мен шәкірттері кімдер деген мәселеге қатысты болса, екіншіден, ақын шәкірттерінің көркемдік-эстетикалық, тақырыптық-идеялық ізденістерінің аясын айқындаудан айқын танылады.

М.Әуезов ХХ ғасырдың 18-20 жылдарынан бастау алған Абай өмірін, шығармашылығын зерттеудегі ғылыми ізденістерімен ұлттық әдебиеттану ғылымындағы абайтану ілімінің негізін қалаудағы тарихи міндетін атқарып шықты. Ұлы жазушы өмірден өткен жылдарға дейін абайтану ғылымында ірлелі еңбектер жазып, мол ғылыми мұра қалдырды. «Абайдан соңғы ақындар» (1918) атты мақаладан бастау алған ғылыми ізденіс М.Әуезовтің «Абай Құнанбаев» (1959) атты монографиясына дейінгі ұзақ сонар белестен өтті.

М.Әуезов зерттеулерінің негізгі қорытындылары есебінде абайтанушы ғалымдар мынадай басты ғылыми мәселелерді атайды:

Біріншіден, Абайдың толық ғылыми өмірбаянын жасау. Бұл жұмысты ол 20-жылдардан бастап, елуінші жылдардың аяғына таман аяқтады. Бірнеше нұсқасын (архивінде төрт нұсқасы сақталған) жасап, оны жариялап (1933, 1940, 1957) толықтырды. Соңғы редакциясы 1957 жылғы ақын шығармаларының жазушының өзі басқарған басылымында берілді.

Екінші, Абай өлеңдері мен поэмаларын, қарасөзін кең талдаған зерттеу жасады. Бұған ол ұзақ оқыған «Абайтану» курсының лекцияларын негіз етіп алды. Бұл еңбек Абай шығармаларын хронологиялық принциппен алып, олардың жазылу жағдайларын, идеялық-көркемдік мазмұнын, ақын шеберлігін талдайды.

Үшінші, ұзақ жылдар Абай өлеңдерін жинап, баспаға дайындай жүріп, ақын шығармаларының текстологиясына байланысты үлкен жұмыс жүргізді. 1933 жылғы басылымнан бастап, оларды хронологиялық жүйеге түсірді, әр өлеңнің жазылу мерзімін анықтады, ақынның жаңадан табылған өлеңдерін сұрыптап, талғап қарады. Соның нәтижесінде Абай шығармаларының конондық тексті қалыптасты (Абай, 1995, №1-2).

М.Әуезұлының осы сипаттағы ғылыми маңызы мен мәні зор еңбегінің барысында Абай шығармашылығын зерттеу, әдеби мұрасының ұлт руханиятындағы асқақтығын айқындауда, орнықтыруда, текстологиялық зерттеуде әдеби-тарихи құндылығы ерекше болып табылатын ауқымды істер атқарылды.  Мәселен, Абайдың 1933 жылы жарық көрген тұңғыш толық жинақта М.Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянын алғаш рет жүйеледі. Ақынның бұрынғы жинақтарына енбей қалған 62 өлеңі, бітпей қалған «Әзім әңгімесі» мен «Вадим» (М.Ю.Лермонтовтан аударма) тыңнан қосылды. «Жаңадан кірген өлеңдердің көбі  әркезде әркімдерге арнап айтқан сөздері еді. Абыралы, Көжекбай, Күлембай, Дүтпайдай «мұңлы, жылмаң пішінді кезек киіп, ел жиған» атқамінерді, «сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа құдай құмар қылып қалжыратқан» әсіре пысықты, сөзінде бәтуә, ісінде байлау жоқ болыс-биді түйреп шығарған ащы ажуа-сықақтары алғаш рет жарық көрді» (Р.Мұсаұлы).

М.Әуезұлы Абай өлеңдерін жариялау жүйесін өзгетіп, бұған дейін кітаптардың қай-қайсысы да Кәкітай, Тұрағұлдар салған ізбен «Халық туралы», «Өлең туралы», «Ой туралы», «Сұлу ұрғашы туралы», «Аңшылық туралы» деген деген сияқты бөліктермен шығып келген болатын-ды.

М.Әуезұлы ақын шығармаларын жазылған уақытына қарай топтап, жыл жүлгісімен жариялауды қолға алды. «Инемен құдық қазғандай аса қиын, аса жауапты бұл жұмысты Абай ауылында туып, жасынан Абай сөзін зерделеп өскен, Абай мектебінің зиялы тәлімін көре қалған ұлы Мұхаң ғана жасай алған. Өз көрген-түйгені телегей иеңіз бола тұра, Көкпай, Тұрағыл сияқты ақынның көзі тірі шәкірттерінің куәлігіне, көмегіне көп жүгінеді. Осылайша жыл жүлгісімен жасалған бөліктер Абай шығармаларын жариялауды дұрыс арнаға түсіріп, содан бергі басылымдарында негізге алынып келеді» (Р.Мұсаұлы).

Абайдың ақындық дәстүрін, ақындық мектебін зерттеу, Абай және әлем әдебиеті сынды ділгір тақырыптар да алғаш М.Әуезұлы тарапынан қолға алынды. Абай шығармаларының халықтық сипаты,  көркемдік әдіс, ақындық айналасын зерттеуде де ғалым бармаған арна кем де кем. Алғашқы мақаласынан бастап, күрделі монографиялық зерттеулеріне дейінгі аралықты үнемі абайтану мәселелерін шыңдаумен болды.

«Абайдан соңғы ақындар», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», «Абай ақындығының айналасы» сынды ғылыми мақалалары, «Әдебиет тарихы» сынды ұлттық әдебиеттану ғылымында үлкен мәнге ие ғылыми мұрасы да кешегі идеологиялық қысым дәуірінде ғылыми айналымнан тыс қалғанын да назардан тыс қалдыра алмаймыз.

1930 жылдардағы қысым, «Ашық хаты», 1940-50 жылдардағы кезекті саяси зобалаң толқындары М.Әуезұлын қаншалықты қажытса да, О.Сүлейменов атап өткеніндей, «Ол өз өзінен бас тартты. Бірақ Абайды сатқан жоқ».

Мұхтартанудағы «ақтаңдақтар» мәселесін айтқанымызда М.Әуезұлы және Алаш қалам қайраткерлерінің арасындағы шығармашылық қарым-қатынас, ұлттық мүдде жолында атқарған тарихи ерен істерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Абай ұрпақтары Кәкітай, Тұрағұл, ақынның немере інісі Ш.Құдайбердіұлымен рухани арнадағы  тығыз байланысын айтпағанда, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы өзге де ұлт зиялыларымен мұрат-мақсат бірлігі де М.Әуезұлы тұлғасындағы отаншылдық қасиеттердің тамыры тереңде екенін аңғартады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы. 1968.

2. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы. 1959.

3.Әуезов М. Қазақ халқының ұлы ақыны. Кітапта: Абай. Энциклопедия. – Алматы, 1995.

4.Әуезов М. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. - Алматы. 1988.

5. Әуезов М. О. Абай Құнанбаев: монографиялық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Санат, 1995. – 320 б.

6. Абай: энциклопедия / ред.Нұрғалиев, Р.Н./ Қазақ энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1995. – 719 б.

7. Абай мұрасы – тілдік өрістің негізі: Халықаралық ғыл.-теор. конф. материалдары. – Алматы, 2005.

8. Абай тағылымы. – Алматы. 1987.