Бердібек  Соқпақбаев  шығармаларындағы   ұлттық мінез

Тоқсамбаева А.О

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, ф.ғ.к

Жумаханов Б.

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлкеттік университеті,

Қазақ филологиясы факультетінің ІV курс студенті

 

Аннотация

Мақаланың негізгі мақсаты – Б.Соқпақбаев  шығармашылығындағы  образдарды даралап қарап, сарапқа  салып, өзіндік  баға беру. Әдеби  тұрғыда талдамалар жасау. Жазушы  шеберлігін  таныта  түсу. Жазушының «Менің атым –Қожа», «Балалық шаққа  саяхат» т.б. повестерін  әдеби-ғылыми  талдау.Ұлттық мінезді  суреттеудегі  балалар  бейнесінің  өзіндік өрнегін  айқындау. Б.Соқпақбаевтың шығармашылығындағы  ұлттық  мінез ерекшелігін саралау,ұлттық мінезді  бейнелеудегі суреткерлік  шеберлігін таныту. Қазіргі балалар, жасөспірімдер шетелдік балалар жазушыларын оқуға мәжбүр. Ондағы оқиғалар мүлде басқа, жат болмыс, мінез-құлық. Сондықтан қазіргі қазақ  балалар әдебиетінің хал-жағдайы, ондағы ұлттық мінез  зерттеуін  күтіп тұрған  мәселе. Мақаланың өзектілігі – Бердібек Соқпақбаев  шығармаларындағы   қазақи мінез-құлық, ұлттық сипат белгілерін тұтас құбылыс ретінде қарастырыла отырып талдау.

Кілт сөздер: Б.Соқпақбаев, жазушы, қазақ әдебиеті, «Менің атым-Қожа» ұлттық мінез, қазақы болмыс.

 

Аннотация

Основная цель статьи - рассмотреть индивидуальные образы в творчестве Б.Сокпакбаева и дать им самостоятельную оценку. Сделать литературный анализ. Показать мастерство писателя. Литературно-научный анализ произведении писателя: «Меня зовут Кожа», «Путешествие в детство» и другие повести. Изображение национального характера в образах детей. Проявить национальный характер в творчестве Б.Сокпакбаева и показать мастерство в описании героев. Современные дети и подростки вынуждены читать зарубежных детских писателей. События в них совсем другое, чужое бытие и характер. Поэтому в современной казахской детской литературе исследование национального характера приоритетная задача. Актуальность статьи заключается в том, что характеры казахского народа, национальные признаки в произведениях Бердыбека Сокпакбаева рассматриваться в целом как единое явление.

Ключевые слова: Б.Сокпакбаев, писатель, казахсакя литература, «Меня зовут – Кожа», национальный характер, казахское бытие.

 

Annotation

The main purpose of the article - see individual images in the works B.Sokpakbaev and give them self-assessment. Make a literary analysis. Show mastery of the writer. Literary and scientific analysis of the work of the writer: «Менің атым –Қожа», «Балалық шаққа  саяхат»  and other stories. The image of the national character in the children's images. Wink national character in the works B.Sokpakbaev and show skill in describing the characters. Today's children and young people are forced to read the foreign children's writers. Events in them is quite another, someone else's existence and character. Therefore, in modern children's literature Kazakh national character research priority. The relevance of the article is that the characters of the Kazakh people, national features in the works Berdybek Sokpakbaev considered as a whole as a single phenomenon.

Keywords: B.Sokpakbaev, writer, kazakh literature, «Менің атым –Қожа», national character, Kazakh existence.

 

Көркем характердің, характерлер типологиясының ішіндегі өзгеше құндысы – ұлттық характер. Академик Зәки Ахметовтың басшылығымен жарық көрген «Әдебиеттану. Терминдер сөздігінде» бұл категорияға мынадай анықтама берілген: «Ұлттық характер – шығармадағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық және ойлау, сөйлеу өзгешелігі».[23.92]

Ұлттық мінез мәселесі – қазіргі әдебиеттану ғылымындағы аса маңызды мәселе болып табылады. Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің негізгі тірегі, табиғаты аталмыш мәселені қарастыру арқылы ашылмақ.[21.35] Біз сондықтан қазақ халқының тарихы, дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-салты және өнері мейлінше кеңінен қамтылған суреткер туындыларын ұлттық мінез мәселесі тұрғысынан қарастырып, талдау жасауға тырыстық.

   Бердібек Соқпақбаевтың  шығармаларын  оқып отырсаңыз, оның  ар жағынан шын жүректен, ағынан жарылып әңгімелеп отырған  жазушыны көресіз. Әрбір оқырманға жайдарлы қуаныш сыйлайтын жазушының шығармаларының бірі «Менің атым – Қожа». Ол туралы жазушының  өзі: «Өмірде адам басында болатын жайттарды, қиын-қыстау оқиғаларды тағдыр қабырғасы қатпаған қаршадай кезімнен аямай-ақ үстіме үйіп-төкті. Сегіз жасымда, бірінші сыныпта оқып жүргенде, шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы қиын жылдары болатын. Содан соң басымнан кешкендерді ойлай бастасам, осы күннің өзінде жүрегім қақ айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым, осы күнге қалай жеттім?! «Өзім туралы повесть» осы толғаныстан туған дүние. Кейін оның аты «Менің атым – Қожа» болып өзгертілді. Алыстан арбалап материал тасымаймын, архивтің шаңын жұтпаймын. Жақыннан  өз басымнан кешкенді, өзім байқап-түйгендерімді, өз айналамды дорбалап жинаймын. Бір сөзбен айтсам: өзін жазатын жазушымын. Мінез-құлык жағынан Қожа өзге емес, менің өзіме ұқсайды» дейді. Дегенмен жазушының балалық шағының ащы көріністерін бұл шығармадан гөрі «Балалық шаққа саяхат» кітабы толығырақ көрсететін секілді. Онда жазушының  қабырғасы  қатпай-ақ, ауыр тірлікке араласуы, аштыққа төзуі, шешесінен айрылып, тұл жетім қалуы, әр үйде жүріп, мектепке баруы бәрі-бәрі асқан шеберлікпен баяндалған. Бір жазушының айтқаны бар емес пе: «Үлкен жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деп. Бердібек Соқпақбаевқа оқырманмен соншалықты шыншыл болуды балалық шақтың сол кермек дәмі үйреткен сыңайлы. Егер жазушының шығармаларын оқымасаңыз, оқыңыз, балалық шаққа саяхат жасап, бір жасап қаласыз.

Қожа – қанша  қиқар  болғанымен, жаны таза, арманшыл  бала. Төртінші  мен бесіншіде  жүргенде – ақ  ақын болуды, ақынға  жақын болуды  арман  ете  бастайды. Оның  бұл  үміті  елін, жерін, өлке  табиғатын жанындай  жақсы  көретін  ұлттық  ұшқыр  сезімдерімен  тоғысып  жатады: «О, ата мекенім, қазақ  жері! Сенің  шет-шегіңе  қиялдан  өзге  не  жетіп  үлгереді? Сол  алып  өлкенің  бір пұшпағын  ыстық  көзбен, бар  адал сезіммен  аймалап,  елеусіз бір перзентің мен  келе  жатырмын. Мынау асқар  тау, жасыл  жазық, мөлдір  өзен, қалықтаған  анау  ақша  бұлттар, тұнық  аспан осының  бәр- бәрін, егер  құшағым  жетсе, ең  қымбат, аяулы  анамдай  аймалап  құшар  едім, сүйер едім. Япырмай, неге сонша  ыстық  болдың, туған жер!

Мен  табиғатты  сүйемін. Мен шынайы  поэзияны  сүйемін. Абай  мен Қасымды қанша оқысам  да менің  сусыным  қанбайды. Қайталап  оқи  бергім келеді, оқи бергім  келеді. Мен Құрманғазы  мен  Дәулеткерейдің күйлерін  тыңдағанда,  өзімді  өзім  ұмытып  кетемін. Махамбет  жырының  әр  сөзінің астынан  ат дүбірін,  қарыш- құрыш  сілтескен  қылыш  үндерін естігендей  болам. О, қасиетіңнен  айналайын, қазақ жері! Осының  бәрі  сенің  топырағында өсіп-өнген кереметтер  емес  пе?» [1.48]- деп  толғанады Қожа.

Жас  кезінен  Отан  жайлы  ойлануы – баланың  ұлттық  тәтті сезімінің ояна  бастағанын байқатады.

Сұлтанда  жақсы қасиеттер де жоқ емес. Ол – өзі  деген  адамға,  жолдасына көмек беруден  тартынбайтын, соған  батылдығы  жететін  жомарт  бала. Сұлтанның табиғаты  көбіне  мал  шаруашылығына  бейім. Асауға  құрық  салып, шалманы  дәл тастайды. Кең  жайлау, көрікті жазираны  мекен  еткен  әнші құстардың  әуендері де Сұлтанға  әсер етпей  қалмаған. Ол  неше  саққа  жүгіртіп  әнші құстарша  ысқыра  біледі. Құйқылжытып  соларға  үн қосады.

Қожа  бойында  таза  қазақ  баласына  тән  ұлттық  мінез  аясындағы қасиеттер де, жалпы  қай  ұлт  болса да  бала  атаулыға  тән, сипаттар да бар. Оның  мінезіндегі, ой- қиялындағы  түрлі  қасиет, көріністер  барлық  ұлт балаларында  да кездесетіні  сөзсіз.

Қожа  бойындағы  бір артық қасиет – өз ісіне  өзі  сын көзбен қарай  білу. Ет  қызуымен  жасаған бұзақылықтарына, артық  іс - әрекеттеріне  өзі  артынан  ой көзімен қарап  толғанысқа  түседі, іштей  өзін жерлеп  өкінеді де. Сары  уыз  балалықпен  өмірді  ойын  көре  бастаған  тұстары  есіне  түскен  кезде, Қожа  жерге кіріп  кетердей  қысылады,  ерекше  бір шарасыздыққа  тап болады.

Жантастың  мұны «Қара көже» деп  атағанына намыстанып  есесін  жібермеуге  тырысып, ыңғайы  келе  қалєан  жерде  күшпен  де,  сөзбен де  сынаса  біледі. Осынау  ұғым-түйсік  бедерлері  арқылы  жаңа  ұрпақ  санасындағы  өзгерістермен  тығыз  байланысты  ұлттық  мінез  көрініс  береді.

«Менің атым...Атымды  айта  бастасам, тілім таңдайыма  жабысып  қалғандай  болады  да тұрады. Адамның  атының  сүйкімді  болуы  да зор  бақыт  па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт  деген  аттарды  алып  қараңдаршы. Айтуға  да ықшам, естір  құлаққа да  жағымды. Әрі  мағына  жағынан да , қазақ  тілінен сабақ  беретін Майқанова  тәтейше  айтқанда, бұлар  жоғары  идеялы  емімдер. Мұндайлар  өз атын  кәдімгідей  мақтаныш  көріп, біреумен  таныса  қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен  айтады. Ал енді  айтуға да, естуге де қолайсыз  есімдер  бар. Өзге түгіл  өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе, табанда  өзгертіп, әдемі  аттардың бірін  иемденіп алар едің. Бірақ  амалың нешік, сен қызылшақа болып, жүргекте  жатқанда, сондағы ақымақтығымды  пайдаланып, әке-шешең  немесе  шілдеханаға  келіп, дуылдап отырған  басқа  біреу  солай атап жіберген. Өкембайдың  баласына Тыңжыртар деп ат  қойған  секілді  өзге қызу  жұрт сол  арада ду  қостап, осы  болсын баланың  аты, осы  болсын, мұнан  жақсы  атты  дүниені  шырқ айналсақ та  таппаймыз дескен. Міне  сол күннен, сол  мезеттен  бастап, әлгі ат  сенімен  бірге туғандай  маңдайыңа  шапталған  да қалған. Енді одан  көзің  тіріде  қашып  құтыла  алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа  іліп  жүре  бересің»[1.8] деген  үзіндіден-ақ қазақи ат қою дәстүрінен  көп мәлімет  береді.

«...Екі  шекемнің  шығыңқылығы  болмаса, басым  қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды  Әубәкір шал кеше ғана  ұстарамен  сыпырып  алып тастаған.

Ох, менің  шашым! Қаттылығы, қайраттылығы  шошқаның  қылшығынан  бір кем емес. Осы  ауылда  оны  алуға  жарайтын  бір ғана  ұстара бар – ол  Әубәкірдікі. Оның  өзі де  алғаш  алған  бетте тұтқырланып, жүрмей  қалады. Шашымды  әр алған сайын Әубәкір  мені бірінші  рет  кездестірген адамдай таң қалып  бітеді.»[1.10] Бұның өзі Қожа бойындағы, шаштың қаттылығы, мінезінің  қайсарлығын  көрсетеді. Қазақ  халық жылқы  жануарын  ерекше құрмет тұтқан. Осы қазақи болмыс, ат  құмарлық, осы  үзіндіде  байқалады: «...Бәрібір  жирен ат жолатар  емес. Зекімек  түгіл, бақырсам да  тілге келетін  ниеті  жоқ. Құйрығын  бұрып, құлағын жымқырып, қосаяқтап  тебуге  дайын тұр. Ақыры  айланқастап  жүріп, әрі  ыңғайлы  кілтеңі  келгенде, шап  беріп  жирен  аттың  жалына  жармаса  кеттім. Қорс  етіп, үркіп  ала  жөнелді. Аяғым  анда  бір  тиіп, мында бір тиіп, деңгелек  ұшып  келем. Сонда да  айырылар  емеспін. Мұндай  да  жауыз мал болады  екен,  тоқтамайды. Ақыры  бір кезде  саусағым салдырап талып, жазылып кеп кетті. Анадай жерге  ұшып  түстім...»[1.60]

Жазушы мұнда өзінің  балалық  және жастық  шағын  сыр  етіп айтып беріп отырғандай. Ол қай шығармасында да өстіп өз өмірінің  қыр- сырын сабақтап  тарқатып айтып береді. Құдды балалармен  кітап арқылы сырласып,  оларға өз басынан өткен хикаяттарды жасырмай  баяндап жазатындай. Қазақтың кәдімгі  халықтық әңгімелеу  әдісімен жүрекке  төте жол табады. Сонысымен иландырады.

       Ал   иландыру – көркемдіктің    басты  шарты.   Яғни,   Бердібек  Соқпақбаев  өз романдарында   көркемдік   ізденіске   шындықты  негізгі  тұғыр  етіп алған.

Қазақта «Ауызында  әзілі  жоқтың – қойнында қолшоқпары  бар» дейтін  сөз бар. Әзілді  айта  білу де, түсіну де, әзілге  әзілмен  жауап  беру де – адамның  кісілік  деңгейін  танытатын  қасиет.

Бердібек Соқпақбаевтың романы  мен  әңгіме-повестерінің  басым  көпшілігі бас кейіпкердің  атынан, I жақтан  баяндалады.

Шығарманың  өн  бойындағы  тілдік  өрнек  осыған  тәуелді. Әр  шығарманың  басты кейіпкері өзі  бастан  кешірген  немесе  өзі  куә  болған  оқиғаларды  баяндап  береді.      

Қазақтың  тағы да бір дара қасиеті, дана сипаты – зерттеушілер зерделеген, әлем халықтары мойындағаны - мол дастарқандық, қонақжайлылық. Қонақсыз жаны жай таппайтын, ішкен асы бойына сіңбейтін ел-жұртымыздың бар болмысы айшықтанып тұр. Әже - ыстық ықылас, кең пейілімен, шайы қайнаулы, шәйнегі оттан түспеуімен ырыс-береке ұйытқысы. Ақ жаулығы – үлкен–кішінің магнит өрісі, бал дәміне шақыртты. Бүгінде сол көненің көзі де, өзі де кетіп, жаңа төлдің орын басқандығын жеткізеді. Ауылына аңсап-сағынып барғанда алдынан шығар анасы, қарсы алар қара шаңырағы жоқтығына мұңлы, бауыр басқан босағасынан бір ұрттам су ішуге шөліркеулі. Қара шаңырақ - бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса азамат азады. Осыны түйсінтеді.

Ұрпақ тәрбиесі қай қоғамның, қай заманның болмасын өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ертеңгі елдіктің тұғырының берік те, бекем болуы бүгінгі өскелең жас ұрпақтың еншісінде. Сол себепті «болашақтың жайы бүгіннен басталады»  деген қағида бойынша, балалар әлеміне, өміріне әсерін тигізіп, рухани байлыққа бастайтын -  халықтық  тәрбие.  Халқымыздың салт-дәстүрінің құнды да, құнарлы мәйегінен сусындаған бала бойында ерлікке, ізгілік пен парасаттылыққа деген ұмтылыс қасиеттерінің орын алатындығын ұғынуға болады. Бала өміріне әсер ететін үш арна: біріншісі – ата-ана тәрбиесі, екіншісі – ұстаз ықпалы, үшіншісі – құрбы-құрдас әсері сияқты рухани құбылыстар.  Осы рухани құндылықтар повестің әр бетінен айқын көрінеді.[7.22]

          Мұны,  әрине,  бір  жазушы  он  образ  жасаса,  бәрінің  мінез – құлқы  бірдей  болады  деп  ұқпау керек;  он образ – он түрлі  мінездің  адамды бола      берсін, бірақ  он  мінездің  де  жасалу  тәсілдері   бір-  біріне  ұқсап  отырады. Бір  жазушыны,  айталық,  адам  мінезін  қимыл -  әрекет  үстінде  танытуға  бейім болса,  енді  бір  жазушы  оның  көңіл - күйін,   сезім -  сырын,  ой-  арманын,  әр  алуан  психологиялық   иірімдерін  суреттеу  арқылы  ашуға  шебер...

Ұлттық мінез - әр халықтың ділі, тарихы, дәстүрі арқылы қалыптасатын  шығармадағы бөлінбес бөлшек немесе кейіпкердің ұлттық болмысымен ерекшеленген үрдіс. Әр халықтың түпкі тамыры, табиғи қалпы, әріде жатқан психикалық мінез-құлықта болатындығы секілді, қазақ болмысын, түр-тұрпатын түзейтін кейіпкер де ұлттық кейіпкер болуы үшін оның бойында кешелі-бүгінгі мінез-бітімі болуы заңды.[19.144-156]

           Олай болса, біздің түйіндейтініміз  Бердібек Соқпақбаев – психолог,  реалист  жазушы. Жалпы көркем туындыда халық өмірінің ұлттық бейнесі, психологиясы көрінеді. Қаламгердің ұлттық, көркемдік ойлау ерекшелігі оның бүкіл шығармасының ішкі рухынан сезіледі. Жазушының рухани жан дүниесіне сәйкес оның көркемдік әлемі жасалады.   Жазушы дала адамдарының иілмей, морт сынатын болмыстарын, тәкаппар қалыптарын нанымды береді.

Ұлттық  мінез-құлық  тарихи жағдайлардың, объективті процестердің      себептерінен әрі тәрбиенің ықпалымен қалыптасады. Сонымен, ұлттық мінез – құлық дегеніміз халықтың қоғамдық - өндірістік тәжірибесі арқылы тарихи тұрғыда қалыптасқан машығы мен  әдетінің жиынтығы, әрі жалпы (барлық халыққа тән) және ерекше қасиеттердің бірлігі деп ұғамыз. 

Әдебиет әлемінде өзіндік өрнегі бар Б.Соқпақбаев қаламынан шыққан әр сөзге  үңіле қарасақ, жазушының адам жан дүниесін суреттеудің, оны бар ерекшелігімен сезіне жеткізудің шебері екенін аңғарамыз.

Б.Соқпақбаев – көркем сөз бен көсем сөздiң өрен жүйрiгi. Қазақ тiлiнiң құнарын бойға сiңiрiп, ғасырлар тереңiнен тамыр тартқан ана тiлiмiздiң ен байлығын, терең де тылсым сырларын, көркемдiк күшi мен ойшылдық қарымын қалам қуатымен жарқырата бiлген қаламгер әрбiр шығармасымен оқырманын тiл құдiретiне табындыра түседi. Әлемдiк мәдениет пен адамзаттық құндылықтарды бойға сiңiре отырып, туған халқың мен ана тiлiңнiң мерейiн өсiруге қызмет етудiң жарқын үлгiсiн көрсетiп кеткен жазушы  әдебиетiмiздегi күлкiнiң қасиетiн де көркем тiлiмен жасарта бiлдi.[22.195]

Әдебиет пен өнердегi күлкi элементтерiнiң ең бiр өнiмдi қолданылатын тұсы көркем бейнелерге қатысты десек, жазушы өз кейiпкерлерiн сомдауда суреткерлiк мақсатына сәйкес түрлi сатиралық құралдарды пайдаланып отыратынын көремiз. Қожа, Сұлтан   бейнелерi – әдебиетiмiздегi сатиралық, юморлық образдардың жарқын үлгiлерi болып табылады.

Қожа әлемi күрделi де сан қырлы. Өмiр-тiршiлiктi сөз өнерiнiң құдiретiмен бейнелеуде суреткер ара-тұра күлкiнiң күшiне сүйенiп, сатира мен юморға да жүгiнiп отырады. Әдебиеттегi  әзiл – қоғамдық  болмысқа эстетикалық қатынастың ерекше типi, суреткерлiк ойды бiлдiрудiң өзгеше түрi, өмiрлiк құбылыстарды зерттеу, бағалау, тiлдiк-көркемдiк тұрғыдан көрсетудiң өзiндiк амалы. Әдебиет зерттеушісі М.Бахтин айтқандай, «сатиралық жағдай кез келген жанрға заманауи шындықтың, жанды өзектiлiктiң, саяси және идеологиялық қажеттiлiктiң түзетуiн енгiзедi. Сатиралық элемент, әдетте, пародиялаумен және қалжыңға айналдырумен тығыз байланыста болып, жанрды өлi шарттылықтан арылтып отырады».[16.134-139]

Б.Соқпақбаев шығармаларында сатира мен юмор, ирония элементтерi мол қуатымен де, көркемдiк-эстетикалық байлығымен де ерекшеленедi.

Әдебиет пен өнердегi  күлкi элементтерiнiң ең бiр өнiмдi қолданылатын тұсы көркем бейнелерге қатысты десек, жазушы өз кейiпкерлерiн сомдауда суреткерлiк мақсатына сәйкес түрлi сатиралық құралдарды пайдаланып отыратынын көремiз. Қожа,  бейнелерi – әдебиетiмiздегi сатиралық, юморлық образдардың жарқын үлгiлерi болып табылады.

Жазушы күлкiсiнiң астарында көбiнесе санаға сәуле түсiретiн, оқырманды қалың ойға жүктейтiн ойлы мұң, кермек нала жататын секiлдi. Тарихтың ащы сабақтарын, өмiрлiк құбылыстардың қасiреттi жақтарын, тұрмыс-тiршiлiктiң жабыңқы қабағын езу тартқыза отырып бейнелеу – жазушының суреткерлiк ерекшелiктерiнiң бiрi.

Бұл  тұрғыда  Қожаға  қызықпаса  болмайды. Ол тіпті өз  атына орай да әзіл-оспаққа батыл  барады, өз беделін  қорғап  бүгежектемейді. Сол  қылығы, сірә, жас оқырманның  көкейінен  шығады. «Шынын  айтсам, бұл о  баста Қожа  емес, Қожаберген  екен» , - деп, кәдімгі  қазақы ашық  мінезбен  сыр  ашады. Одан  әрі  әдемі әзілкештікпен  кісіні  еріксіз  жымитады.

Повестің  өн  бойында  мейір қозғайтын, әдеп  ұқтыратын  және  оны  әдейлеп  оңашаламай, оқиға  барысынды  жымдастырып келтіретін  тұстар  мол. «Әке»  деген  сөзді  айтқанда,  жүрегім  қарс  айырыла  жаздайды-ау. Қандай  жақын,  қандай  ыстық!» - деп тебіренеді  Қожа. «Еһ, қайран  әкем! Егер  сен  тірі  болсаң,  мүмкін,  мен бұдан  гөрі  басқадай  болар  ма  едім. Кім  біледі, жер – әлемді  шулатып сотқар Қожа  атанып  жүргенім  әкесіз  жетім  өскендігімнен  де  шығар», деген  Қожаның  сырын  оқығанда, қай  баланың да  есіне өз әкесі  түсері  сөзсіз. Жазушы  әкенің  қадірін  өстіп  әдемі  әдіспен  айтып  өтеді.

        Осы  бойда бұрыштағы  кітап  шкафыма қарай  өтіп  бара  жатыр  едім. Қаратай күлімсіреген дауыспен:

-         Әй, Қожатай,  сәлем  қайда? – деді.

«Жасы үлкен таныс адамға сәлем бермеу – көргенсіздіктің  белгісі»,- деп мамам  мені талай  баулыған. Сол  парызымды амалсыз өтеп:

-         Сәлеметсіз бе? дей салдым.

Үлкендердің  үстіне бұйымтайсыз  ет  қызулықпен  кіріп келгендіктен,  енді амалсыз  бірдеңе  істеуім керек  болды.[1.12]

           Бұл араны  оқыған  бала да  әдептілікті  Қожамен бірге  мойындайды, үлкенді  сыйлаудың халықтық дәтүрін  есіне  түсіреді.

          Қожаның  қылықтары  белгілі бір логикадан туындап  жатады.  Адам  жанын  ұға  бермейтін,  оған   үңіле бермейтін  кісілерге  онда  үнемі  бір  қынжыл жүреді. Содан барып  кезекті тентектік  туады.

          Повесті оқып  отырған     оқырман,  Қожамен  бірге күйініп, Қожамен бірге  күліп отырады.  Бердібек  Соқпақбаев  шығармаларының  тәрбиелік  мәнін күшейтетін де  осындай шеберліктер.

          Түйiндеп айтар болсақ, Б.Соқпақбаев күлкiсi – өмiрдiң өз суретiн шынайы қалпында берiп, тұрмыс-болмыстың қалтарыс-қатпарларына ерекше леппен жарық сәуле түсiрiп, нақты жағдайдағы тiршiлiк суреттерiн бiрде әсерлi әзiлдiң лебiмен, бiрде ойлы-мұңды екпiнмен бедерлейтiн, сөйтiп оқырманын кейде тура, көбiне астарлы-тұспалды емеурiнмен iш тарта жымитатын, жымита отырып толғандыратын, парықты ойымен пайымға шақыратын ойлы күлкi, парасат күлкiсi деп бiлемiз.

 «Менің атым – Қожаның» көркемдік ерекшелігіне тоқталсақ, алдымен назар аударатынымыз құрылымының тосындығы, өзгешелігі. Көркем шығарма құрылымы сөз болғанда, әңгіме сюжет пен композиция туралы болатыны белгілі. Дүниеге келген әрбір туындының көркемдігі  мен құндылығы осы екеуінің бірлігі арқылы анықталады. Сюжет нақтылы көрінісін  композициядан тапса, іс әрекет ізімен шығарма құрылысының жасалатыны да анық.

Повесте оқиғалар жүйесі мектеп оқушысы Қожа Қадыров төңірегінде өрбиді. Шығармада оның іс-әрекеті, мінез-құлқының қалыптасуы, арман-тілегі, басқалармен  қарым - қатынасы суреттеледі.

Повесть әрқайсысына тақырып қойылып, нанымды, әсерлі оқиғаларға құрылған 27 тараудан тұрады. Шығарманың жазылу әдісі, батыс әдебиетіндегі романның  әрбір тарауына айдар ретінде көне қағидалардан үзінді беріп, оқушы үмітіне үкі тағып жетектейтін тәсілді еріксіз еске түсіреді. Мәселен, В.Скоттың «Айвенгосын», немесе Ж.Верннің «Дәрігер Окстың тәжірибесіндегі» әрбір тараудың басындағы мазмұнның қысқаша баяндалып кету нұсқасы өз дәрежесінде шығарманы өте ұтымды және қызғылықты етіп көрсеткені анық.

Жазушының  өзі көрсеткендей «Менің атым – Қожа»  мен  М.Твеннің «Том Сойерін»  салыстырып қарай бастасақ, тараулардың қысқалығы, автордың айтайын деген ойын тым ауырлатппай, жеңіл елгезек тілмен алып кетуі сияқы ұқсастықтарды табуға болады. Жазушының шынайы өмірден алынған қызықты хикаялары жоғарыдағыдай өмірі өлмес нұсқалармен әбзелденген. Алайда, бұл еліктеу дәрежесінде қалып қоймаған, қазақ топырағының шындығынан барып туындаған талантты шығарма. «Осындай шығарма қазақ балаларына да керек» деген мақсаттан барып туындаған дүние болса керек.[19.144]

«Композиция құрамына сюжеттің кезеңдері ғана емес, сюжеттен тыс нәрселер де кіретіні белгілі. Солардың бірі - пролог - көркем шығармаға кіріспелердің бір түрі» екенін ескерсек, повестегі «Кіріспе орнына» деген тарау пролог іспетті. «Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын - әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші-төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауданға жайылды...». Бұл - кейіпкер Қожаның сөзі. Повестің кіріспесі дәл осылай басталады. Өз арман-тілегі туралы аздап сыр ашқан автор «өтірік ештеңе қоспаймын» деп уәде береді. Уәдесін орындайды да. «Кіріспе орнына» деген тараудың басты міндетінің өзі - шығарманың нанымды шығуына  қызмет ету болса керек. Шығармадағы оқиғалар бас кейіпкер атынан, яғни бірінші жақтан баяндалады. Жазушының өз сөзімен айтсақ бұл тәсіл... өмір құбылыстарын - жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бала көзімен көру, бала түйсігімен түсінуден туындайды. [16.139]

Бұл айтқандарымыз - повестің бірден көзге түскен композияциялық ерекшелігі. Ол ерекшеліктер жазушының кейіннен жарық көрген, автобиографиялық туындысы болып саналатын «Балалық  шаққа саяхат» повесінде де өз көрінісін тапқан. Сюжеттің басталуы оның кіріспесі іспетті: мұнда әдеби қаһармандар өзара  қарым-қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдай, тіршілік, қоғамдық орта, болашақ қақтығыстар алаңы, оқиғалар орны суреттеледі. Сюжеттік даму Қожаның айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына, іс-әрекетіне негізделген 4 тараудағы Майқанованың өзінен үлгерімі төмен, сыпсық Жантасқа жолдама беріп, Қожаға  бермеуі оның теріс жолға түсуіне себеп болады. Қарап отырсақ, педагогикалық қызметтегі объективтік бағалаудың сәл сәтке болса да әлсіреуі - бала тәрбиесіне әсер етеді екен.

Егер сюжеттің негізі тартыс болса, Қожа мен Майқанова арасындағы психологиялық тартыс сюжетті өрістетудің мотивировкасы тәрізді. Пионер лагеріне жолдама ала алмай қалған Қожа жайлауға мамасына жүрмекші болады. Колхоз атын ұрлап мінуге келгенде, Сұлтанмен кездеседі... Одан әрі шығарма сюжеті ширақ өрбіп дамиды. М.Горькийдің анықтауы бойынша, шығарманың тартымды, әсерлі болуы оның сюжетінің жатық, ширақ шығуына байланысты.

Жалпы, Б.Соқпақбаев шығарма сюжетін қаһармандар характерлерінің қақтығысы, конфликт арқылы  өрбітеді. Сюжет - әрбір қаламгер жаңадан жасайтын дүние, ол бір туған соң әсте қайталанбаса керек.[20.106]

Тамаша құрылған сюжет пен композиция қаламгердің айтайын деген идеясына, образдың жан - жақты көрініп, өсу логикасына қызмет етеді. Ондаған кейіпкерлерге, сан түрлі оқиғалар мен неше алуан суреттеу құралдарына тиісті орын тауып, өмірлік жағынан нанымды етіп шығаруы, сөз зергерінің шын мәніндегі  шеберлігін аңғартады.

Бердібек  Соқпақбаев – ұрпаққа  деген  басты шығармаларын  жазған, оқырмандарынан  лайықты  бағасын  алған  бақытты жазушы.

Сондықтан  оның  шығармаларында  идея  үшін  боямаланған,  қазақ  өміріне  қисынсыз  келетін, ойдан құрастырылған  оқиғалар  кездеспейді.

Ол  бірақ  болғанын  болған  күйде,  көргенін  көрген  күйінде  тізбелеп  жаза  бермейді, не  әдемі  әзілмен  құптайтынын, не  өткір  кекесінмен  наразылығын  аңғарта  отырады.

Ұлттық сана - біріншіден өз халқын, ұлтын сыйлайтын ыстық ықылас пен сергек сезімнен туады. Екіншіден, елінің, халқының ұлттың өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп халық тағдырына, ұлт мәселесіне елдік, мемлекеттік тұрғыдан қарайтын саналы, салихалы ойдан туады. Бұл ретте ұлттық сананың жасаушысы, сақтаушысы, қорғаушысы әрқашан да ұлттық интеллигенция, зерделі  топ ,зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар. «Қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алып, кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып толғататын» Абайдан бастау алған  Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Халел, Міржақып, Жүсіпбек, Мұстафалар сияқты ұлы ойшылдар  ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалады. Бұлар халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне қынжылған, келешегінен үміттенген.

Дәл осындай шығармашылығында ұлттық сипаттар басым қазақ жазушысының бірі – Бердібек  Соқпақбаев.

Ұлттық мінез мәселесі – қазіргі әдебиеттану ғылымындағы аса маңызды мәселе болып табылады. Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің негізгі тірегі, табиғаты аталмыш мәселені қарастыру арқылы ашылмақ. Біз сондықтан  қазақ халқының тарихы, дәстүрі, мәдениеті, тұрмыс-салты және өнері мейлінше кеңінен қамтылған суреткер туындыларын ұлттық мінез мәселесі тұрғысынан қарастырып, талдау жасауға тырыстық.

Б.Соқпақбаев прозасындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген.

Дарынды  жазушының  қаламынан  туған  кез-келген туындыда  өмірдің  қарама-  қайшылықтары,  адам  жанының қалтарыс- бұлтарыстары сол  дәуірдің  психологиялық  хал-күйі  шынайы  суреттеледі.

Бердібек  Соқпақбаев  өз  заманында  да, ортасы  арасында  да  жазушылық  дарынының арқасында  даралығымен  көзге  түсіп, өз сыйы  мен бағасын  алған  қайталанбас  дара  тұлғаларымыздың  бірі.

 

Пайдаланылған  әдебиеттер:

1.      Б. Соқпақбаев « Менің атым – Қожа»// «Атамұра» 2003, 5-97б.

2.       Б.Соқпақбаев  «Менің атым – Қожа»// Алматы: Жалын, 1990,19-24б.

3.       Б.Соқпақбаев «Балалық шаққа  саяхат»// Алматы: Балауса, 1992, 245-315б.

4.      Бердібек Соқпақбаев «Аяжан»// 60б.

5.      Б.Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді»// Әңгімелер// «Бурыл ат» 333б.

6.      Б.Соқпақбаев «Шығармалар жинағы» // Алматы, 1988 – 230б, 1том

7.      Қазақ тілі  мен  әдебиет // 2006ж;№11

8.      Қазақ тілі  мен әдебиет //2003ж;№3

9.      Жұлдыз // 2003ж;№8 – 109б

10.  Егемен  Қазақстан // 2004ж; 30 маусым – 10 б

11.   З. Қабдолов «Таңдамалы  шығармалар» // Алматы: Жазушы, 1983.-456б

12.  Қ. Алпысбаев «Көркем  шығарманы  талдау  жолдары» // Алматы:1995.

13.  Т. Қаупынбайұлы « Бердібек  биігі» // Ауыл. 1994. 21-27 қаңтар.

14.  С. Мұратбеков « Шындықты  ғана  жазған» // Жұлдыз:2004. 11. 150-156б.

15.   Б. Соқпақбаев «Жазып та  көрдім»// Ақ  желкен, 7-2004. 18-19б

16.  Б. Соқпақбаев  шығармаларындағы  кейіпкерлердің  тілдік  мінездемесі// Хабаршы, 11-2001. 134-139б

17.  Ғ. Әбнасырова «Б. Соқпақбаевтыѕң«Менің  атым – Қожа» повесіндегі  кісі  есімдерінің  ерекшеліктері» // Хабаршы, 3-2003. 106-108б

18.  Т. Нұрмағанбетов «Біз  балалық  шақты  неге  аңсаймыз?» Б.Соқпақбаев  туралы сөз. // Парасат, 3-2004. 29-32б

19.  Қ. Данабаев « Қазақ  балаларының  ұстазы» // Жас алаш, 2004. 144-156б

20.   Е. Б. Адаева « Б. Соқпақбаевтың  жазушылық  шеберлігі» // Алматы, 2003. 106б

21.  З. Қабдолов « Сөз  өнері» // Алматы: Қазақ  университеті , 1992, 35б

22.  Ә. Қоңыратбаев «Шеберлік  сырлары» // Алматы, 1997. 195б

23.БекниязовТ. Ұлттық характер., – 92 бет.//Кітапта: Әдебиеттану. Терминдер сөздігі./Құрастр.З.Ахметов, Т.Шаңбай/ – Семей-Новосибирск, «Талер-Пресс», 2006, -398 бет.