ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АРХЕТИП ОБРАЗЫ

 

п.ғ.м. Жакулаев Ә.М.,

Кадирберлина А.А.

 «Үштөбе орта мектебі»

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Әлемдегі кез келген жаратылыстың, өмірдегі барлық заттардың, болмыстың, тіпті, жаңа ғана туындаған, табиғат құпиясын ашқан зор ғылыми жаңалықтың да ең алғашқы ататипі бар екені баршамызға белгілі. Демек, архетип – бүкіл дүниенің және тыныс-тіршілігіміздің әу бастағы бастамасы. Бұл аса күрделі де құнды саланың сыр-сипатын толық танып-білмей жарық дүниеге саналы көзбен қарау мүмкін емес. Мысалы, көркемдік әлемдегі архетиптердің беймәлім құпиялары мен негізгі заңдылықтарын жете игермегендіктен қазақ әдебиетінің түп-төркінін айқындауда тиянақты теориялық зерттеулер жүргізілмегені жасырын емес. Соңғы кездері заманауи өзекті мәселелерге көңіл бөлініп кеткендіктен архетип жайлы сөз қозғау ұмыт қала бастаған сияқты.

Архетип терминінің өте ауқымды мағынаны білдіретінінің нышанын Үлкен кеңес энциклопедиясындағы қысқа анықтамадан да байқай аламыз. Онда «Архетип (гректің arche-басы және typos-үлгі деген сөзінен шыққанын білдірген) - Р.Оуэн ұсынған (1847 ж.) барлық омыртқалы жануарлардың қаңқа құрылысының алғашқы үлгісінің, ата типінің көрінісі. Бұл теория адам мен жануарлар құрылысынан жалпы идея іздегенде, морфологияның ХVIII-XIX ғасырлардағы натура философиялық бағытын көрсетуге қызмет етті. Архетип тілдік тұрғыда (сырт көрініс,ата тип) болжаммен қайта құрылған, яғни, шын мәнінде, айғақты тіл формасы» деп айтылған [1,290].

Архетиптің табиғатын, қасиетін анықтауда философияның маңызы елеулі. Осыған байланысты бұл салада архетипке қатысты біршама сөз қозғалған. Мәселен, «Философиялық энциклопедиялық сөздік» (1989) пен «Философиялық сөздікте» (1991) «архетип» сөзінің мәні, мағынасы, анықтамасы бір-біріне өте ұқсас. Бұл кітаптарда да «архетип» сөзі гректің алғашқы образ, үлгі, түр (форма) деген сөзінен туындағанын білдіріп, аңшылық, қауымдық тұстағы бабалардың ой-өрісін солардан қалған архетиптерден танитынымызды сездіріп: «Нақты айтқанда, «архетиптік матрица» фантазия мен шығармашылық ой қалыптасуының долбарлық көрінісі, әр түрлі халықтардың миф, ертегілерінде қайталанып айтылатын мотивтер, әлемдік әдебиет пен өнердегі «мәңгілік» образдар солардың шығармашылық қабілетін танытады» деп мәлімденген [2,42]. Мұнда архетипке тек философиялық тұрғыдан баға беруге талпыныс жасалынған. Биологиялық түйсік (инстинг), ырықсыз сезім жөнінде айтылмайды. Осы жәйтке назар аударуымыздың мәнісі: биологиялық түйсік – бұл өмірлік маңызы бар, белгілі бір оң әрекет істеуге бой ұрғызатын тұқым қуалайтын қасиет, түйсік (чутье) омыртқалы жануарлардан біртіндеп адамға ауысқан тәрізді. Біздің осы жорамалымызға К.Г.Юнгтің «Биологиялық тұрғыдан білдірсем, тарихи кезеңге дейінгі ойсыздық дәуіріндегі архейкалық адамдардың ақыл-есінің дамуы, психологиясы жануарларға өте жақын болды» деген сөзі сай келеді [3,74]. 

Архетип жөніндегі (мағыналы ұғым беретін) жинақталған тұжырымды «Қазіргі философиялық сөздік» атты еңбектен оқуға болады. Мұнда «Архетип – К.Г.Юнгтің аналитикалық психологиясында кең қолданылған ұғым. Юнг архетипті жеке бастың ойсыздығы және ұжымдық ойсыздық, ессіздік деп бөледі. Жеке ойсыздықтың мағынасы дегеніміз - «сезім әсерімен өң берілген түйсіктер жиынтығы» деп түйінделген [4,82]. Осы ғалымдардың тұжырымдарына сүйене отырып, архетип бұл – ұжымдық ойсыздықтың мазмұны екенін байқаймыз. Архетип дегеніміз – шығармашылық қиялдау толық танылған тұста, тарихи даму барысында барлық жерде үнемі қайталанатын образ. Соған орай, турасын білдіргенде, бұл – мифологиялық образ. Егер біз осы образды нақты ұқыптылықпен зерттеуге алсақ, онда олардың біздің атам заманғы бабаларымыздың сансыз көптеген тәжірибелерінің ықпалымен қалыптасқанын анықтаймыз, яғни, олардың психологиялық тәжірибесінің сараланған көріністері. Былайша айтқанда, архетип – миф, ертегі, наным, кейде аңыз әңгімелер арқылы реалды көрініс табады.

Әсіресе, миф архетиптің ең негізгі тегі деуге болады. Енді осы болжам тұжырымдарға «Әлем халықтарының мифтері» атты кітапта бұл термин жайлы жазылған мақаладағы «Архетип концепциясы мифтерді зерттегенде өзге нұсқалардағы архетиптік ядродағы мифологиялық сюжеттер мен мифтердің этникалық және типологиялық көп образдылығын, сол сюжеттер мен мифтер арқылы метафоралық айтылуын, бірақ поэтикалық бейнелеуде, ғылыми түсіндіруде еш уақытта таусылмайтынын, сарқылмайтынын табуды нысана етеді» деген тұжырымды қоссақ, архетиптің анықтамасы толыға түседі [5,110]. Шын мәнінде мифсіз архетип танылмайды. Архетптегі алғашқы образ, алғашқы қауым психологиясы, сюжет желісі, көркемдік нәрі бәрі миф арқылы айқындалып жасалынады.

Архетип жөнінде сөз қозғағанда швейцарлық ғалым К.Г.Юнг есімі осыған қатысты еңбектерде қоса аталады. Бұл жайға қарай ойыссақ швейцарлық психолог және мифті зеттеуші К.Г.Юнг – ХХ ғасыр басында архетип терминін психология, философия және әдебиеттану ғылымдары тұрғысынан әуелгілердің бірі ретінде зерттеп, сол терминнің мән-мағынасына аналитикалық талдау жасап, осы бағытта өзінің теориялық ілімін жасаған ғалым. Оның осы салалардағы ірі ойшыл екенін «Философиялық сөздік» кітабындағы архетип жайлы анықтамадағы: «Швейцарлық психолог Юнг еңбегінің нәтижесінде бұл термин қазіргі батыс әдебиетіне толығынан тарады» деген тұжырым [6,32] және «Әлем халықтарының мифтері» атты еңбектегі «Архетип терминін швейцарлық психоаналитик және мифті зерттеуші К.Г.Юнг бірінші зерттеді» деп жазылған анықтама нақтылай түседі [5,110].

Юнг бірнеше архетиптерді бөліп қарастырып, оларға сай атаулар берді. Олардың ең танымалдары анима мен анимус болып табылады.

Көлеңке архетипі – жеке тұлғаның қараңғы жағын бейнелейтін психиканың бейсаналық бөлігі. Көлеңке ессіздіктің қайнар көзі болып табылады. Өзіндік деп аталатын архетип Юнг бойынша сыртқы өмірдің әсерінен өзгеріске ұшырайтын индивидуалды бастама. Өзіндік құндылық тұлғаның біртұтастығының алғышарты болып келеді. Архетиптерді балалық, аналық, ақылды қария немесе апалық деп бөліп қарастыруға болады.

Юнгтің түсінігінше, архетип – қиял елесінің белсенділігі мен ойсыз және долбармен жасалынған образдың алғашқы схемасы. Соған сәйкес архетиптер миф пен наным-сенімде, әдебиет және өнер шығармаларында, түс пен долбар фантазияда көрініс табады екен. Оның дәлелдеуінше, архетип образдың өзі емес, образдың схемасы, солардың психологиялық көрінісі, сол қалпындағы мүмкіндігі. Юнг архетиптің алғашқы жалаң көрінісінде образ жасалынбайтынын білдіреді, яғни, архетиптің алғашқы көрінісі ататиптің алғашқы схемасы, үлгісі, формасы. Оның бұл тұжырымы «Архетип» сөзінің грекше айтылған тура мағынасына сәйкес келеді.

Қазақ әдебиетіндегі архетипті ішінара болса да А.Ісмақова, А.Я.Эсалнек, А.Н.Майкова, Ф.Бейман сияқты ғалымдар орыс және әлем әдебиетіндегі архетиптерді зерттеген.

Архетиптер швейцар психологы К.Г.Юнгтың еңбектерінде «Аналитикалық психология және эстетика» атты еңбегі бойынша, әу баста санасыз түрде пайда болып, соңыра өзіндік мазмұнға ие, көп жағдайда архаикалық рәсім-салттар мен аңыздарда, символдық тұспалдауда, наным-сенімдерде, психологиялық актыларда (түс көру, т.б.) қылаң беретін, тіпті қазіргі көркем өнер туындыларына дейін жалғасын тауып жатқан орнықты психологиялық схемаларға (фигураларға) тән мотивтер мен әдіс-тәсілдер» - дейді ғалым А.Ісмақова архатиптердің болмысын, мәнін түсіндіруде. Міне, этностың пайда болу процесі ұжымдық бейсаналық архетиптермен байланыстырылады. Архетип ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, мұраланған психика-құрылымы мен алғашқы бейсана бейнелердің мәнін, формасы мен тәсілдерін білдіреді. Алғашқы үлгі психиканың құрылымдық элементтері жеке этникалық топтың мінез-құлқын, ойлауы мен ғаламды көруінің ерекшелігін құрастыра отырып, мінез-құлық, ойлау, әлемді көрудің өзгеше үлгісі болып табылады. Біздің де жанымыз бен тәніміз, К.Г.Юнгтің анықтауынша, ата-бабаларымыздың тәні мен жаны құралған элементтерден тұрады. Сондықтанда адамзат өткен жерінде есте тұтып, архетиптік жадты сақтайды. Архетиптер санада мұра ретінде ерте бала шақтан бсатап қалыптасу негізінде пайда болады.

Қай ұлттың әдебиетінде болмасын суреткерлердің көне дәуірлердің көркемдік тәжірибесіне, фольклорлық мифтерге деген ықыласы ерекше болған. Олар мифтік, фольклорлық шығармалардың идеялық желісін, я болмаса мифологиялық кейіпкерлерді, архетиптік сарындарды көркемдік мүддеге сай пайдаланып отырған. Олар архетип пен мифті халықтың рухын бейнелейтін, универсум туралы шынайы түсінік қалыптастыратын шығармашылықтың түрі ретінде қабылдады. Қазақ прозасында парадигматикалық ассоциаивті мифопоэтикалық ойлау жүйесінің алғашқы формалары, сюжетті фольклорлық мотивтермен көмкеру Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, С.Ерубаев, М.Әуезов шығармаларында айқын көрінді.

Қазақ көркем сөз өнерінің хас шебері М. Әуезовтің алғашқы туындыларындағы романтикалық тенденциялар, эпикалық метафоризм 1960-70 жылдары Ә.Кекілбаев, Д.Исабеков, М.Мағауин, Д.Досжанов, О.Бөкеев, прозалық туындыларында ежелгі фольклорлық-мифологиялық мәдениетпен сабақтастығын, байланысын жалғастырып, қайта жаңғырады. Қазақ прозасындағы мифологизм М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов т.б. қаламгерлер туындыларынан нәр ала көктеп, көркемдік көкжиегін кеңейтті. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі мифопоэтикалық формаларды қолдану дәстүрі күрделене түсті. 1960-70 жылдардан бастап қазақ суреткерлері фольклорлық мұраларға, сол арқылы мифопоэтикалық архетиптерге жиі назар салатын, алайда әлеуметтік-тарихи контекстің сан алуан болуына байланысты ол да түрлі сипат алып отырды.

Архетип түрлері оншақты ғана болса, сонда туындайтын образдар көптеп санамаланады. Негізгі архетиптер: Көлеңке (тень), сәби (ребенок), Ұлы ана (великая мать), Рух( дух).

Қазақ әдебиетінде Қара жер (Жер-Ана), Көк бөрі(Құртқа) және Ұмай ана бейнелері Ұлы ана архетипин  құрайды.

Сондай-ақ түркі жұртының рухы көк бөрімен бейнеленетіні жөнінде де генеалогиялық миф орын алған. Мысалы: Оғыз қаған жорыққа шығатын болса, оның әскерін көкжал бастап отырады. Қазіргі төл әдебиетімізде О.Сүлейменов, С.Ақсұңқарұлы, Д.Амантай, Т.Зәкенұлы және т.б. туындыларында түркілік шығу тегімізді осынау тотеммен байланыстырады.

Рух архетипімен байланыста «кие» ұғымы қарастырылады. Мәселен, С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылуы» мен М.Мақатаевтің «Аққулар ұйықтағанда» дастандарында, әңгімелерде кездеседі.

Қорыта айтқанда, біз шағын мақаламызда архетип түсінігінің пайда болу тарихына және архетип туралы түрлі ғалымдардың пікірлеріне назар аудара отырып, қазақ әдебиетінде де ішінара болсада зерттеулер бар екенін айтып өттік. Дегенмен архетип түсінігі қазақ әдебиетінде әлі толық зерттеуде қажет ететін дүние. ХV-ХІХ ғасырдағы жыраулар поэзиясындағы, қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясындағы, яғни қаламгерлеріміздің көркем туындыларындағы архетиптік образдарды тыңғылықты зерттеп, зерделеуіміз қажет. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Большая советская энциклопедия. 2-том. – Москва. 1970. – с.875

2. Философский энциклопедический словарь. – Москва: Советская энциклопедия, 1983. – с.840

3. К.Г.Юнг. Человек и его символы. – Санк-Петербург: БСК, 1996. – с.451

4. Современный философский словарь. – Москва: Панпринт, 1998. – с.890

5. Миф народов мира. Энциклопедия. 1-том. – Москва:Сов. Энц., 1987. – с.680

6. Философский словарь. – Москва: Поллит, 1991. – с.745