Кенжетай Темiрлан., ГД-16-3 тобының студенті
Қабылбекова Г.Қ., ҚарМТУ-дың
аға оқытушысы
Қазақстан Республикасы., Қарағанды қаласы
Қазақ дүниетанымындағы сөз
құдіреті
Өлең
сөзінің байыбына терең мән беріп, сөз
өнерінің құдіретін, әдемілігін, нақышын келтіріп,
сөз кеңістігін байытқан ақынның көркемдік
әлемі мен талғамы биік болары сөзсіз. Ұлы
ғұлама, дана аталарымыз өлең өнерінің
мазмұн-мәніне жоғары талаптар қоя білген.
Сөздің өлең сөзіндегі орнын жақсы
түсінген. Сөз құдіретті. Сөз – бір
әлем. Сөз – адам өмірін айшықтайтын, адам танымын
танытатын, кеңітетін құрал. Қазақта «Жақсы
сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Яғни, берекеттің
бір ұшы, құт-берекенің қадір-қасиеті де осы
«Сөз» деген ұлылықтан шығып отыр. Неше
ғасырлық тарихқа, шежіреге бай халқымызда қара
қылды қақ жаратын әділдігімен бір руды, одан
қалса, бір ауылды басқарып, жол сілтеп
отыратын, ақсақал қариялар, одан билер мектебі
қалыптасқан кезде де «Сөз» құдіреті өз
мәнін жоймаған. Ақты ақ деп, қараны қара
деп әділдікпен тоқсан ауыз сөздің тобықтай
түйінін кесіп айтқанда, жүгірген баласынан еңкейген
қартына дейін тағы да «Сөз» құдіретіне бас иген.
Халқымызда «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды» деген
даналы сөз осыдан қалса керек.
Сөздің
адам баласының жан дүниесіне әсер ететін дара қасиеті
де баршылық. Сондықтан сөзді басқа атаумен энергия,
құбылыс, толқын, күш-қуат, нұр, яғни
әсер ретінде танығанымыз дұрыс. Бұл сөзімізге
өзіміздің ойшыл, кемеңгер аталарымыздың сөздері
мысал бола алады. Даналықтың иісін сезіп, дәмін татқан
ұлы Абай, Шәкәрім аталарымыздың жүрекке ерекше
әсер беріп, бойды шымырлата, ойды қозғалта айтқан
өнегелі өсиеттері мен қазыналы сырға толы сөздері
адам баласының жанын жадыратары сөзсіз.
Ұлы
Абай атамыз сөздің орны мен мәнін, талабын былай
өрнектеген:
Ақылмен
ойлап білген сөз,
Бойыңа
жұқпас сырғанар.
Ынталы
жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар.
Ақынның сөзге
қойған талабы «жүрекпен сезіну», «жүрекпен
қабылдау». Сөздің мәнісін тек ойлап қою емес
ақылмен ойлап шешкеннің өзі аздық етеді. Сөзді жүрекке
сездіртсе, яғни жүрек сүзгісінен өткізсе ғана
айтпақ ой дәл болып, мақсатқа жетеді. Ал жүрек
таразысынан өткен сөз жұдырықтай жүректі іске
қоспай, әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Себебі жүрек
– бүкіл дененің басқарып тұрған «патшасы».
Ұлы ғұламаларымыздың бұл ойлары қасиетті
Құран аяттарында, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде:
«Қиямет күні менің алдымда сендерге мал-мүлік, перзент,
бақ-дәулеттеріңнен ешқандай пайда жоқ. Тек ол
адам маған кіршіксіз таза жүрегімен келсе ғана пайда бар»
(Шұғара сүресі, 87 аят), «Шын мұсылман сол, егер он екі
мүшесін жүрегіне, жүрегін Құдайға тапсырса»
делінсе, тағы бір хадисте: «Ақиқатында Алла Тағала
сіздердің түрлеріңізге, байлықтарыңызға
назар салмайды, бірақ та жүректеріңізге, жасаған
көркем амалдарыңызға қарайды» дейді. Олай болса,
жүрек – Ұлықтың Ұлығы назар салып
қарайтын орны.
Бұл турасында даналықтың
дариясын кешкен Шәкәрім атамыз:
Осы сөзді дұрыс деп,
Жүрек соқты құптады.
Түзу істі бұрыс деп,
Ол жасырып тықпады,–
дейді. Яғни, тізгінді тағы сол
жүрекке беріп тұр. Ненің дұрыс, ненің бұрыс
екенін айырып, бүкіл сұрақтарына тек жүрек дұрыс
жауап бере алады.
Шәкәрім атамыз:
Сөнген ойды жандыруға,
Жан берерлік сөз керек, –
дейді. Өлген жүрегімізді тірілтіп,
сөнген ойымызға жан беретін сөз құдіретін айтады.
Шынында да, қарапайым өмірде біреуге үлкен махаббатпен,
жылумен сөз айтсаң немесе өзіңе, мейлі ол
әке-шеше, туыс-бауыр болсын, досың болсын, тіпті, танымайтын
бейтаныс жан болсын маңдайыңнан сипап, жылы сөз айтса,
жаның жадырап, ерекше бір сезімге бөленесің. Рухың
асқақтап, айналадағы адамдарға, өзіңді
қоршаған жаратылысқа махаббат көзімен қарап,
бүкіл әлемді құшағыңа қысып, сол
жүрегіңдегі қуанышпен бөліскің келеді. Осындай
күйді кешкізетін тағы да – «сөз» құдіреті. Абай
атамыз:
Буынсыз тілің,
Буулы сөзің
Әсерлі адам ұлына, –
дейді. Ал Қасиетті Құран-Кәрімде:
«Көркем сөз тамыры мықты, бұтағы көктегі
бір көркем ағаш тәрізді. Ол Алланың
бұйрығынша әр уақыт жемісін береді. Ал жаман сөз,
жердің бетінен қопарылған орнықсыз ағаш
сияқты» (Ібраһим сүресі, 26-аят) делінген.
Сөздің тек адам баласына ғана
емес, сондай-ақ қоршаған табиғатқа,
жан-жануарларға, өсімдіктерге, заттарға әсер ететіні
туралы ғалымдар зерттеу жүргізіп, жаңалықтар
ашқан. Ресей ғалымдары жүргізген тәжірибе бойынша
үш бірдей ыдысқа бір күнде ішіне тең мөлшерде
күріш салып, су құяды. Су құйған бойда
бірінші ыдысқа «Сен жақсысың» «сен әдемісің» деп
тек мақтап, жақсы сөздер айтады. Екінші ыдысқа «сен
жамансың» «сен әдемі емессің» деп жаман сөздерді
айтады. Ал үшінші ыдысқа ештеңе айтпай көңіл
бөлмей қоя салады. Бірнеше күндік тәжірибеден кейін қарағанда,
алғашқы мақтау сөздер айтылған ыдыста күріш
өніп, шыға бастаған. Екінші ыдыстағы
күріштің түбі қарайып, түсі күңгірт
тартып, ешқандай өнім байқалмаған. Үшінші ыдыста,
тіпті, тіршілік нышаны көрінбеген. Ғалымдар үлкен
жаңалыққа тап болып, сөздің қарапайым
суға әсерін осылай дәлелдеген. Бұл тәжірибеден
үлкен қорытынды жасауға болады. Жай көзбен
қарағанда күнделікті тіршілікте пайдаланып, жете мән
бермейтін суға ондағы өнімге сөздің әсері
осындай болса, ақыл-есі, санасы, жаны, жүрегі бар адам баласына
сөз еш әсер етпейді деу қателескендік болады. Ғалымдар
сөздің қасиеті туралы мынадай жаңалыққа тап
болады. Сөз ақпарат ретінде сақталып жоғалмайды.
Яғни, сөз айтылып жатқанда айналадағы заттарға
нәзік материя ретінде сақталып қалады.
Әр нәрсенің қадіріне
жету үшін сол нәрсенің түбінен жасырынып жатқан
құпия сырды іздеп тауып, дәмін тату керек. Абай,
Шәкәрім сынды кемеңгерлеріміздің мұраларына
үңілудің өзі – үлкен бір әлем, бір сыр.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл-мизан өлшеу қыл, –
дейді Шәкәрім атамыз. Әр
сөзінің түбіне шын көңілмен, жақсы мен
жаманды ажыратушы ақыл таразысына салып, өлшеп кессең,
өзіңе сырлы әлемнің есігін айқара ашасың.
Сондықтан аталарымыздың шығармаларына жәй
«өлең сөз» емес, «сыр сөз» деп айдар тағып
атасақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, аталарымыз
Құран-Кәрімнің, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)
хадистерінің маңыздарынан алып, өз тілімізде өте
түсінікті қылып, ұрпақтарына үлгі-өнеге
етіп қалдырып кеткен. Сондықтан аталарымыздың «сыр
сөзі» – Құранның «аят сөзі» деген
қорытындыға келеміз.
Сөздің даралық, әсерлік
қасиеттерін ашықтай келе осындай үлкен
жаңалықтарға тап болуға болады. Келтірілген
мысалдардан, Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың
с.ғ.с хадистерінен, аталарымыздың сыр сөздерінен
сөздің рухани қару екендігіне көз жеткіземіз.
Сондықтан бір-бірімізге, айналадағы қоршаған
заттарға махаббат көзімен қарап, жылы сөз арнауға
міндеттіміз. Сонда ғана өміріміз мәнге, мағынаға
толы болмақ.
Қолданған әдебиеттер тізімі:
1. Шәкәрім. Иманым. А., 2000.
2. Абай. Шығармалары. А., «Жазушы» 2004.
3. Балшикеев С.Б., Сарсенбеков Н.Ж., Толеуова М.О. «Философия негіздері».
Оқу құралы. 2016ж.