Тоқсанбаева Н.Қ., Үсенова С.М., Корпебаева А.О.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЕРТЕГІ ТЕРАПИЯСЫ ТҮЗЕТУ – ДАМЫТУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

 

Қазіргі психология саласының бір тармағы арт терапия,соның ішінде мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балалармен ертегі терапиясының қолданылуы ең тиімді жол болып табылады. 

Ертегі терапиясы психологтың көмегімен ертегі айту, құрастыру, аяқталмаған ертегіні ары қарай жалғастыру арқылы адамның ішкі жан-дүниесін емдеу, яғни бейсанада жатқан түрлі келеңсіз ойлардан, жағымсыз жайттардан арылту, іске асырылмаған қажеттіліктерін орындауға ұмтылдыру, сонымен қатар, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Ертегі мен ертегі терапиясын шатастыруға болмайды, екеуі екі бөлек. Ертегі терапиясы әрі психодиагностикалық, әрі психокоррекциялық, әрі психотерапевтік әдіс болып табылады.

«Ертегі терапиясы» өте ертеден келе жатқан психологиялық және педагогикалық әдіс болып табылады. Ертегі терапиясы – бұл кез-келген  басқа да психотерапия сияқты, жан-дүниені тану және емдеудің түрі. Ол ертегілерді психикалық процестердің өту және көріну формасы ретінде зерттейді, психикаға жағымды әсер ететін ертегілерді тудырады. Онда психикалық процестердің желілігіне, басқаша айтқанда, адамның жан-дүниесінде болып жатқан құбылыстарға көңіл аударады. Әдетте, олар мәдениет пен уақытқа тәуелсіз, адамдар үшін әмбебеп болып келеді. Ертегі терапиясы адамда санасыздықтың дамуы мен нақты кескін бойынша өзін көрсете алады. Ертегі кейіпкерлері бір мезгілде екі психологиялық     деңгейге - сана және сана астылық деңгейлерге айналады. Мұның өзі коммуникациядағы күрделі эмоциялық қарым-қатынастың тиімді әрі әсерлі жағдайын құру қажет болғанда, түзету жұмысы үшін аса маңызды, ерекше мүмкіндіктер тудырады.

Ертегілерді зерттеу ХVІІ ғасырдан басталады. Бұл жанрға ғылыми қызығушылық ең алдымен филология, этнология, тарих салаларында пайда болды. ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ. көптеген жазушылар ертегілерге баса көңіл аударып, олардан «халық жанының» бейнесін көрген. Олар ертегіден өткендегілердің жаңғырығын ғана тауып қойған жоқ, олардың өмірлік мәнін де түсінді.

Ертегі терапиясы – бұл мән-мағынаны іздестіру, әлем және ондағы өзара қарым-қатынастың жүйесі жайлы білімдерді талдау үрдісі. Шын мәнінде, ертегіні түрлі жағынан, әртүрлі деңгейде қарастыра бастасақ, ғажайып оқиғалар өмірлік үрдістердің динамикасы жайлы ақпараттардан тұратыны анықталады. Ертегілерден адамзат мәселесінің және оларды шешудің бейнелік тәсілдерінің толық тізімін табуға болады. Балалық шақта ертегілерді тыңдай отырып, адам өзінің бейсанасында символикалық «өмірлік жағдайлардың банкін» жинақтайды.

Барлық оқу іс-әрекетінде ертегілерді қолдану арқылы негізгі педагогикалық дәстүр пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Әсіресе адам өміріне байланысты іс - әрекет өткір сықақ - мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді. Бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әрекетінен бой тартып жақсылыққа құмартады. Ертегінің әр жақты сырын қызықты, тартымды, бала санасына лайықтай жеткізу айтушының шынайы шеберлігіне тікелей байланысты. Бақшада ертегі оқу, сабақта және сабақтан тыс уақыттарда өтіледі. Оқу жұмысы баланың жас ерекшелігіне орай жоспарланады. Сәбилер тобында ауызша әңгімелеп беру тәсілі қолданылады. Сәбилер тобында оқығанды тыңдату және әңгімелеп беру қатар жүргізіледі. Мұндай мақсат – ертегіні ауызекі әңгімелеуге төселдіре отырып оқылғанды шыдамдылықпен тыңдай білуге үйретеді.

Ертегі терапиясы – психотерапияның құрамдас бөлігі. Баланың ертегі сюжетіне әсерленуі, кейіпкердің қиыншылықтарына алаңдауы оның келешекте өз алдында пайда болатын кедергілерден қиналмай өтуіне іштей дайындығын туындатады. Практикалық психологияның ертегілік терапия бағыты – баланың жақсылық пен жамандықты айыруына, мінез-құлықтық стереотиптерді тануына көмектесіп, адамдардың өмірде алдынан шығатын сан түрлі қиыншылықты ең соңында жеңе аларына деген сенімін нығайтады.

Ертегі терапиясы тек ата-ана үшін емес, ұстаз үшін де топпен жұмыс жүргізу барысында өте тапқыр әдіс болмақ. Адам баласында нашар деп бағаланатын көптеген мінездер бар. Соның бірі – жалқаулық. Жалқаулықты қаралайтын ертегілер мол болғанымен, дені баянға құрылады. Ертегіні тыңдау бір басқа да, оны сомдаудың жөні бір басқа. Жалқаудың рөлін ойнаушы бала өзі қайталап отырған болмыстың шын мәнінде кім екенін түбегейлі ұғынады да, ондай одағай әрекеттерді қайталамауға тырысады. Түрлі ойыншықтар, ең тамаша анимациялық картиналар, бояулар мен суреттердің өзі педагогикалық тұрғыда ертегі терапияның құдіретімен теңесе алмайды.

 Ертегі – жалпы бұқараның көзқарасына негізделеді. Сондықтан, оны бала да, қарт та сүйсініп тыңдайды. Ертегі терапияның бір ұтымдылығы – бала тілімен жеткізілуінде, баланың ой ауқымына тән оқиғалар дәрежесінде ситуация құруында. Бала ертегі тыңдау арқылы өзін-өзі емдеп, түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Барлық ертегілерде басты кейіпкердің еркін өмірге қол жеткізуі, Отанының тәуелсіз дамуы басты мұрат ретінде бағаланса, ертегі арқылы балақайлар өздік кеңістік пен еркіндік ұғымын түйсінеді.

Бүгінде еуропалық балалар дәрігерлері ертегі терапияның бала денсаулығына тигізер орасан пайдасы туралы сөз қозғап жүр. Бірақ, қазақ үшін бұл таңсық емес. Бұл жұрттың болашағы құндақтағы кезінен бесік жырын естіп, сөз түсінетін жасқа жеткенде фольклордың барлық түрін апа, әжелерінің аузынан тыңдап, адамгершілік нормалары мен өмір сүру ережелерін ауыз әдебиетінен үйренген.

Әдетте, ертегіні отбасында әже немесе ана айтады. Көп жағдайда ертегіге әке араласпайды. Ал, ертегі терапиясы айтарлықтай әсер етуінде отбасы мүшелерінің түгел дерлік қойылымға қатысуы бүлдіршін үшін аса үлкен қуаныш. Ол ертегінің өзі үшін қойылғанын аңғарады. Және түрлі персонаждардың ойнап жүрген туыстарының өзін жақсы көретінін аңғарады. Осылайша өткен әрбір сәт баланың кеудесіне жақсылық дәнін себеді. Орыс психологтары бұл мәселені ертерек ұғынды. Балабақшаларда осы методты біраз жылдан бері қолданып келеді. Айталық, мақтаншақтығының кесірінен аузындағы ірімшігінен айрылып қалатын қарға мен қу түлкі туралы ертегіні қойылымға айналдырып түсіндіргенде, балаларды қарғаның рөлінде сомдату арқылы оны тапқырлыққа баулуға болады дейді.

Ертегі балалық шағымыздан бастап біздің өмірімізге сән беріп келеді. Сірә, қызықты, сиқырлы да таңғажайып оқиғалар  қызықтырмайтын бір де бір бала жоқ шығар. Ертегілерді қолдану тарихтың  тереңінен халық ауыз әдебиетінен алғаш бастау алған. Бүкіл әлемде ертегі оқу сәбилер мен үлкен адамдар арасындағы қарым-қатнастың ерекше түрі бола отырып, білім беретін әрі адамгершілік тәрбие беру түріндегі салт-дәстүр болып табылады. Бүгінгі таңда да,адамдар саналы  түрде ертегілерге салынған білім көзіне тартылады. Осы кезде бұл әдіс ертегі терапиясы деген атауға ие болып отыр. Ертегі дүниені ішкі жағынан ақтарып, кейіпкерді жағымды іс-әрекеттері арқылы, көптеген үрейлі жағдайлардан арылтып, баланың сана-сезіміндегі қайшылықтарды шешуге мүмкіндік береді.

 

Әдебиет:

1.      Еникеев М.И. Психологический энциклопедический словaрь.- М.: Проспект, 2006. – 560 с.

2.      Бердібaевa С.Қ.  Тaным субъектісі: тaнымдық процестер: Оқу-әдістемелік құрaл. – Aлмaты: Қaзaқ университеті, 2004. - 75 б.

3.      Елеусізовa С. Қaрым-қaтынaс психологиясы. A.. Рaуaн. 1995. - 26-30 бб.

4.    Петровский  A.В. Педaгогикaлық және жaс ерекшелігі  психологиясы - A; 1987.