Психология/Педагогическая психология

Магистр Мусина Г.М.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау Мемлекеттік Университеті.

Қазақстан Республикасы, Атырау қ.

ҚАЗІРГІ СТУДЕНТТЕРДІҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Еліміздегі  әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер, республиканың әлемдік деңгейде білім беру жүйесіне жетуде жасаған қадамдары осы кезге дейін педагогика теориясы мен практикасында бекітілген  білім беру парадигмаларын, жүйелерін, әдістерін, формаларын жетілдіру талабын қойды. Білім берудегі жаңа басымдықтар – ізгіліктік педагогика, студенттердің тұлғалық әлеуетін анықтау және дамыту, әлеуметтік үдерістер мен тұлғааралық қарым-қатынастарды ұйымдастырудың ерекше формасы ретінде танылатын оқыту үдерісінің тиімділігін арттыру болып отыр.

Болашақ кәсіби құзіретті маман осы ақпараттық қоғамнан қалыспай, жедел ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, ерекше ұйымдастырушылық қабілетті, нақты бағыт – бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі заманның талабы.

Құзыреттілік – студенттердің іс-әрекетін  меңгеруден көрінетін білім нәтижесі. Білім мазмұнын жаңалау – негізгі мақсат болып табылады. Басты мақсаттың бірі – білім игеру кезінде күтілетін нәтижеге қол жеткізу. Негізгі бағыт оқытушы жеке тұлғаға ауысады, яғни, жеке тұлға бұрын білімді қабылдаушы рөлін атқарса, ал  жаңа талап бойынша өздігінен білім алушы, үйренуші ретінде танылады. Сондықтан жеке тұлғаның бейнесін бүгінгі заман талабына сай дайындауымыз керек. Бүгінде білім беру стратегиясын «құзыретті білім беру» деп те атап жүр. Құзыреттілік жеке тұлғаның танымы мен тәжірибесіне қатысты нәрсе.Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері туралы пікірлер отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда. Оқыту үрдісіндегі құзыреттіліктерге ғалымдар әртүрлі анықтамалар берген.

Құзыреттілік қалыптастыру дегеніміздің өзі болашақ кәсіби маманның – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып ойлаудың, интеллектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ.

Студенттердің кәсіби құзыреттілік мәселелері  туралы пікірлер кәсіби маман даярлау мәселелерімен айналысып жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, педагогтар, психологтар еңбектерінде көрініс табуда.

“Құзыреттілік” түсінігі білім беру саласында 1960-1970 жылдардағы шетел әдебиеттерінде, ал 1980 жылдардың соңында отандық әдебиеттерде кездесті. “Кәсіби құзыреттілік, жете білушілік” ұғымын енгізудің қажеттілігі оның мазмұнының кеңдігімен, интегративтік сипатымен, “кәсіптілік”, “біліктілік”,  “кәсіби мүмкіндіктер” және т.б. түсініктерді біріктіреді. [2]

Д.И.Ушаковтың редакциясымен жарық көрген түсіндірме сөздіктің авторлары “құзыреттілік” және “құзырет” сөздерінің арасындағы айырмашылықтарды дәлелдеуге тырысқан. “Құзыреттілік” – хабардар болушылық, абыройлық; “құзырет” – жеке тұлғаның кәсіби қасиеті және қызметтік сипаттардың нақты жиынтығы.

Ғалым С.М.Вешниякованың «Кәсіптік білім беру» сөздігінде: «Кәсіби құзыреттілік competenens – қабілетті, белгілі бір саланың тұлғаларының білімінің, білігінің, тәжірибесінің сәйкестігінің мөлшері»,- деген анықтама берілген.

Ғалым Дж. Равеннің «Қазіргі заманға қоғамдағы құзыреттілік» атты еңбегінде «кәсіби құзыреттілік» терминіне жеке тұлғаның көп қасиеттерін топтайтын ұғым деген анықтама беріледі. [3]

Л. М. Митина «құзыреттілік» ұғымына «білім, дағды, білік, сонымен қатар практикада, тілдесімде, жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуда қолданатын тәсілдері»,- деген анықтама береді. [4]

Г.Ж. Ниязова зерттеу жұмысында «құзыреттілік» ұғымына «Білім беру құзырлары – бұл студенттің мағыналық бағдарлары, білімдері, біліктіліктері мен тұлғалық және әлеуметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына қажетті нақты анықталған объектілер шеңберіне қатысты тәжірибелерінің жиынтығы»,- деп анықтама береді.

Б. Т. Кенжебеков құзыреттілік жөнінде: «Құзыреттіліктің бар-жоғын адам еңбегiнiң нәтижесiне қарап пайымдау кажет. Кез – келген қызметкер, өз әрекетiмен кәсiби iс-әрекеттiң түпкi нәтижесiне сай талаптарға жауап беретiн жұмыстарды орындаса ғана, кәсiби кұзыреттi болып саналады»-, деп анықтама береді. [5]

Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз  «құзыреттілік» ұғымына – студенттердің жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін   өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.

Ғалымдардың пікірлерін басшылыққа ала отырып, біз «құзыреттілік» ұғымына – оқушылардың жеке тұлғалық психологиялық ерекшеліктеріне байланысты меңгерген білімдерін, дағдылары мен біліктерін, танымдық және тәжірибелік іскерлігін   өмірде дұрыс қолдануы деген анықтама бере аламыз.

Құзыреттілік – бұл алынған білімдер мен біліктерді іс-жүзінде, күнделікті өмірде қандай да бір практикалық және теориялық мәселелерді шешуге қолдана алу қабілеттілігін айтады. Сонымен, оқытудағы құзыреттілік  тәсіл білім беру нәтижесі ретіндегі оқыту сапасын қамтамасыз етеді, ал ол өз кезегінде кешенді әдіс-тәсілдерді жүзеге асыруды, оқыту сапасын бағалаудың біртұтас жүйесін құруды талап етеді. Демек «құзырет» және «құзыреттілік» ұғымдарын педагогикалық үдеріске енгізу білім берудің мазмұны мен әдістерін өзгертуді, іс-әрекет түрлерін нақтылауды талап етеді.

   Аталған «құзыреттілік», «құзыр» ұғымдарының қолданыстағы білім, білік, дағдыдан айырмасы бар.

Айталық білімнен ерекшелігі – қызмет жөніндегі ақпараттық сипатта емес, өнімді қызмет формасы түрінде байқалады;        

Дағдыдан айырмашылығы – оқыған материалды топтастыра, құбылыстарды, заңдылықтарды шығармашылықпен пайдалана отырып өзгерте алатын саналы қызмет;                  

Біліктіліктен айырмашылығы - бірнеше пән дағдыларын кіріктіру, жалпы қызмет негіздерін сезіну.

Қоғам талабына қарай оқытушының білім берудегі міндеті нәтижеге бағытталған іс-әрекетті құзыреттілік тұрғыдан жүзеге асыру. Қазіргі уақытта оқытушымен бірге,студенттердің  алдына қойылатын талаптар да өсуде. Талап студенттердің бойында түйінді құзыреттіліктерді қалыптастыру болып табылады.

Сонымен педагог-психолог ғалымдардың пікірі бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, кәсіби оңтайлы   маманнның бойында белгілі бір құзіреттіліктер қалыптасуы қажет:

·   бағдарлы құзіреттілік (азаматтық белсенділік, саяси жүйені түсіну, баға бере білу, елжандылық, т.б);

·   мәдениеттанымдылық құзіреттілік (ұлттық ерекшеліктерді тани білу, өз халқының мәдениеті мен өзге ұлттар, әлем мәдениетін салыстыру, саралай білу қабілеті);

·   оқу-танымдық құзіреттілік(өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білу, жоспарлай білу, ізденушілік-зерттеушілік әрекет дағдыларын игеру, талдау, қорытынды жасай білу);

·   коммуникативтік құзіреттілік (адамдармен өзара қарым-қатынас тәсілдерін білу, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінде, халықаралық қатынаста шетел тілінде қатынас дағдылары болуы);

·   ақпараттық-технологиялық құзіреттілік (ақпараттық технологиялармен, техникалық обьектілер көмегімен бағдарлай білу, өз бетінше іздей білу, таңдай, талдай білу, өзгерте білуді жүзеге асыра білу қабілеті);

·   әлеуметтік- еңбек құзіреттілігі (әлеуметтік-қоғамдық жағдайларға талдау жасай білу, шешім қабылдай білу, түрлі өмірлік жағдайларда жеке басына және қоғам мүддесіне сәйкес ықпал ете білу қабілеті);

·   тұлғалық өзін-өзі дамыту құзіреттілігі (отбасылық еңбек, экономикалық және саяси қоғамдық қатынастар саласындағы белсенді білімі мен тәжірибесінің болу қабілеті) [6].

Сонымен, кәсіби құзыреттілік  дегеніміз ең алдымен студенттің  функционалдық  сауаттылығы мен  кез-келген мәселені дұрыс шеше білу қасиетінен көрініс табады. Студент қоғам талабына сай өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп  отыратын, кәсіби білімді, жаңа технологияларды меңгерген, ортамен қарым-қатынасқа тез бейімделе алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі мол, т.б. қасиеттерді жинақтағанда ғана  кәсіби құзыретті маман бола алады.

Сонымен, студенттердіің кәсіби құзыреттілігі кәсіби және жеке сапалардан құралады. Кәсіби құзыретті маман  деп өзінің педагогикалық әрекетін жоғары дәрежеде жүргізе алатын, қарым-қатынасқа  әрдайым дайын, педагогикалық үдерісте үнемі оң  нәтижелерге қол жеткізіп  отыратын маманды атауға болады. Сондықтан студенттерге жүйелі білім беру мен тәрбиелеу негізінде оларды кәсіби салада табысты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру – бігінгі заманның талабы.

 

Әдебиеттер:

1.Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана,  14 желтоқсан, 2012.

2. Құрманалина Ш.Х., Мұқанова Б.Ж. Педагогика. - А., 2007

3. Равен Дж. Компетентность в современном обществе: выявление, развитие и реализация. М., 2002

4.Митина Л.М. Психология профессионального развития учителя. — М., 1998

5.Омарова Л.Т. Кредиттік оқыту жүйесінде студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастырудың педагогикалық шарттары. – Алматы, 2014

6. Сенкибаева А.Т. Мұғалімнің кәсіби құзырлылығын дамыту//Білім берудегі менеджмент. - №4. -2009.