Серкебаева Д.К.

 М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

1860-1917 ЖЫЛДАРДАҒЫ ҚАЗІРГІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ТЕРРИТОРИЯСЫНДАҒЫ ЭТНОСТАР ТАРИХЫ

 

Полиэтникалық бағытта дамыған Қазақстанның өзге аймақтарына қарағанда Жамбыл облысы көп этностар шоғырланған орталықтың бірі болып табылады. Облыста 80 астам этнос өкілдері өмір сүруде және олардың әрқайсысының көшіп келу тарихы бар.        

Көп этносты Қазақстанның ұзақ жылдар бойғы қалыптасу тарихында республикаға қандай жағдайда болмасын, Ресейдің отарлау саясатының мақсатымен, Кеңестік жүйенің кезіндегі саяси жер аудару, депортация, тың игеру, одақтық ведомство аралық биліктің ұйғаруымен және басқа келушілермен толығып отырды.

Бүгінгі күннің ең маңызды талабы бойынша еліміз ұлтаралық тұрақтылықты сақтау мәселесін өз дәрежесінде ұстап келеді. Қазақстан Халқы Ассамблеясына биылғы жылы 20 жыл толды. Осы жылдарда ұлттық саясаттың негізгі бағыттары ретінде «азаматтық бейбітшілік пен ұлттық татулықты» ерекше атап өтіп, Қазақстан халқын «біртұтас этносаяси қоғам» деп айқындаған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі зор деп айта аламыз.     Алайда, 130-дан астам этностар мен этникалық топтар мәдениетінің бірігуі, қазақ халқының дархандығының арқасы. Қазақ халқы қашанда оларға оң қабақ танытып, жақсы қарсы алды.

Соңғы жылдары Қазақстан тарихнамасында республиканың қоғамдық-саяси, әлеуметтік экономикалық жағдайына қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары жазылу үстінде. Солардың ішінде өткен ғасырдың басынан Қазақстан территориясына қоныстанып, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси демократиялық тұрғысынан жедел дамуына өзіндік үлес қосқан әртүрлі ұлттардың тарихын жеке зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін беріп келеді. Әртүрлі этностар бүгінгі таңда өз Отанына айналған қоғамда бірігіп өмір сүріп, Қазақстанның егеменді тұтқасын берік ұстанып өз үлестерін жан-жақты салаларда қосуда. Өткен тәжірибелер көрсеткендей, ұлтаралық татулық, мемлекеттік тұрақтылық елдегі экономиканы өркендетуге, ғылым мен мәдениеттің дамуына жәрдемдесетіндігі маңызды мәселе.

Этносаралық қатынастардың үйлесімділігі және Қазақстандағы этностар туралы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына халқына жолдауында: «Біз ұлтына және діни сеніміне қарамастан, әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін еркін, әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз», - деп айырықша атап көрсетті. 

1860 жылдары  Қазақстан  түгелдей Ресей империясының құрамына енді. Кең - байтақ Қазақстанды басқару жүйесі қуатты Ресейдің жалпы империялық әкімшілік – саяси жүйесіне таңылған болып шықты. Ресей империясының қоныстандыру саясаты бойынша Қазақстан көп ұлтты елге  айналып, өз дамуында капиталистік нарықтық экономикаға тән кәсіпкерліктің және жаңа өндірістік үрдістердің бастамасын қабылдады.

Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы этнодемографиялық құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдары өте ауыр болды.

Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы бір жақты пікір жоқ. Дегенмен қоныс аудару қозғалысының Кеңес үкіметіне дейінгі дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады:

1. 1861-1885 жылдар;

2. 1886-1905 жылдар;

3. 1906-1917 жылдар.

Бұл үш кезеңде қоныстанушылар саны түрлі деңгейде қазақ халқына әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы ауыр салдарлы жағдайлармен қоныстандырылды.

Жамбыл облысына қоныстандыру саясаты 1860 жылдары түгелдей Қазақстан аумағын отарлағаннан кейін басталды.1864 жылы Қоқан қамалдары болған Мерке, Түркістан, Әулиеата, Шымкентті патша әскерлерінің алуы аймаққа орыс шаруаларын орналастырудың шешімін жылдамдатты.    1867 жылдың 11 шілдесінде «Жетісу мен Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже» шықты. Осы ереженің күшімен Түркістан генерал-губернаторлығы құрылды. Жаңа ережеге сәйкес Түркістан генерал-губернаторлығына үш облыс: Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары кіргізілді. Сырдария облысына біздің Аулие - Ата  уезі де кірді. Қазіргі Жамбыл облысының территориясы Әулиеата уезінің құрамында болды.

«Түркістан генерал- губернаторлығын басқару туралы 1867 жылғы уақытша ереженің» қолданылу мерзімі 1871 жылы бітті. 1871 жылдың басына қарай Түркістан өлкесінің генерал – губернаторы А.А.Кауфман басқару туралы жаңа ереженің  жергілікті әкімшілік әзірлеген жобасын ұсынды. 1868-1892 жылдары бұл аймаққа ішкі Ресейден қоныс аударған шаруалар көшіп келе бастады [1, 429].

Қазақстан оңтүстігінің ең ірі аймағы - Сырдария облысында орыс - украин шаруаларының негізгі қоныстану аудандары Шымкент, Ташкент, Аулие Ата уездері болды. Оларда 1884-1892 жылдары 37 қоныс құрылды. Қоныс аударушылар қоныстарының біршама қауырт өсу серпінділігі, мысалы, Аулие - Ата уезінде мынандай болатын: 1874 жылы  331тұрғыны бар Михаиловское, 1876 жылы 1102 тұрғыны бар Шалдоварское, 1877 жылы 340 адам тұратын Дмитриевское, 1881 жылы 658 адам тұратын Покровское, 331 адам тұратын Каменка, 1884 жылы 449 адам тұратын Николаевское,1885 жылы 555 адам тұратын Мерке, 1886жылы 643 адам тұратын Александровское, 226 адам тұратын Кузьминское, 1889 жылы 210 адам тұратын Подгорное, 210 адам тұратын Шапалов, 1890 жылы 71 адам тұратын Луговое, 71 адам тұратын Бурное, 154 адам тұратын Ключевое, 1892 жылы 106 адам тұратын Ровное, 753 адам тұратын Грозное, 261 адам тұратын Головочевское, 401 адам тұратын Гроднево, 139 адам тұратын Степное селолары құрылды.

Қоныс аудару қозғалысының бірінші кезеңіндегі 1861-1885 жылдары Сырдария облысына қоныс тепкен келімсектердің саны 19 мың адамнан асқан.

1886-1905 жылдардағы  қоныс аудару қозғалысының екінші кезеңіндегі 1889 жылы «Село тұрғындары мен мещандарды қазыналық жерлерге қоныстану туралы» заң қабылдануы келімсектер анын күрт өсіре түсті [2, 171]. 

Әсіресе 1891-1892 жылдардағы егіннің шықпай қалуы  мен ашаршылық еуропалық Ресей шаруаларының бұқарасын бос жерлер іздеп шығысқа бет алуға мәжбүр етті. Бұл орайда қоныстанушылар құрамында:  Сырдария облысында – Воронеж, Астрахан, Самара, Саратов, Тамбов губерниялары  мен басқада губерниядан, сондай- ақ Дон Әскері арасынан шыққандар басым болды.

1897 жылы Қазақстан тұрғындарының саны статистикалық мәліметтерге қарағанда 4 млн 150 мың адамға жеткен. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құраған. Қалған 750 мыңдай адам басқа ұлт өкілдері болды.

Соныменен, Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды. Өлкенің негізгі тұрғындары – қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары шамамен 81,7%-ға жетті. Ал, орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей –10,9%-ға, украиндар – 1,9%-ға өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті. Сырдария облысының құрамындағы Әулиеата уезінде осы кезеңдерде қоныс аударған этностар – орыстар, украиндар, белорустар, Қоқан хандығынан қалған өзбектер, Жетісу аймағына келген ұйғырлардың бір бөлігі, татарлар болды.

Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін,  сулы-нулы өңірді уысында ұстай отырып, әр түрлі артықшылықтарға ие болған орыс шаруалары жергілікті қазақ халқына көптеген ауыр зардаптарын тигізді.

Осылайша XIX ғасырдың екінші   жартысында Қазақстан тұрғындарының көп ұлтты құрамының қалыптасуы белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты. ХХ ғасырдың басындағы  Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті.  Қазақстан территориясындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында арнайы экспедициялық топ құрылды. Ол топты Ф.Щербина, В.Кузнецов, П.Румянцев басқарды. Экспедицияның мақсаты – Қазақстан территориясындағы жерлерді есепке алып, жергілікі қазақ халқының жер иеленуінің үлес салмағын азайтып, «бос жерлерді» келетін келімсектерді орналастыру болды. Олар қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен атамекен жерлеріне деген құқығын есепке алмады. Қайта көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы казак тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтуды көздеді.

Аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын Ресейдің Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 жылы 6 қарашада шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды.

Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905-1907 жылдардағы бірінші революция мен аграрлық толқулар да өз ықпалын тигізді. Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күйзелген, жерден айырылған шаруалардың көші-қон ағымының кең қанат жаюына әкелді.

Соныменен, А.П. Столыпин реформасынан кейінгі жылдары Қазақстан территориясына ішкі Ресейден қоныстанушылар саны күрт өсті. Мысалы, 1905-1917 жылдардағы мекеменің 12 жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.

1908 жылы қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Тек 1906-1915 жылдары Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2,5 млн десятина жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер XX ғасыр басында 17 млн десятина, ал 1917 жылға қарай 45 млн десятинаға жетті. Жүздеген жеке меншік хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер көлемді жер төлімдеріне ие болды [1, 430]. 

1870-1914 жылдары Сырдария облысына 61212 орыс - украин шаруалары көшіп келді. Аулие  - Ата уезінде аса ірі өзі аттас жәрмеңке өтіп тұрды. Сөйтіп, Аулие Ата уезі Қазақстандағы ірі қалалардың біріне айнала бастады. «Орыстар отарлауының бірте - бірте кеңейтілуіне байланысты қазақтардың иелігіндегі жерлердің ауданы едәуір қысқара бастады, ал сонымен бірге қазақтар үшін тұрақты және үздіксіз көшіп жүретін қоныстарын кейбір шектеулер жүзеге асырылды...», - деп байырғы жер қорында қалыптасқан жағдайды  «Тургайская газета» осылайша сипаттады. Тұтас алғанда, қоныс аударушылар санынын қаурыт өсуі 1870-1914 жылдардағы деректер көрсетеді. Ол Сырдарияда 61212 адам екенін дәлелдейді. Қазақстан халқы санын өзгеруі мен этникалық құрлымының қалыптасуына қолайлы болған негізгі көздер мен факторлар туралы айтқанда, саяси жер аудару сияқты құбылысты естен шығармаған  жөн [2, 446].  Құлжа өлкесінің Цин империясына қайтарылуы жергілікті ұйғыр, дүнген, қазақтарды Оңтүстік Шығыс Қазақстанға көшуге итермеледі. Сөйтіп Аулие Ата уезі көп ұлтты аймаққа айналды. Санақ бойынша облыстар халқының саны:  ерлер мен әйелдерді қоса алғанда Сырдарияда – 835432 болды. Өлкеде уақыт өте келе орыс халқының саны едәуір көбейіп  6,2% жеткен. Тұтастай алғанда, халықтың санындағы, этникалық және ұлттық құрамындағы елеулі өзгерістер қазақ ұлтының ғана емес, басқа ұлттардың да әлеуметтік- экономикалық өміріне капиталистік қатынастардың ықпал жасап, шаруашылық саласында, олардың арасындағы өзара қатынастарда дами бастады.

Қазақстанның қоныс аударушылар деревняларындағы шаруа қожалығы бірқатар себептерге – пайда болған жеріне, уақытына, құрылу жағдайларына және басқаларына байланысты негізгі құрылымдары бойынша, тіпті бір- бірінен ерекшеленді. Қазақстанның қоныс аударушылар деревнясының бастапқыда полиэтникалық тұрғыда болғандығын атап өту қажет. Әр түрлі уақыттарда мұнда орыстар, украиндар, татарлар, мордвалар, немістер, поляктар, болгарлар, эстондар және басқалар көшіп келді. Қоныстану кезінде моноэтникалық сипат мүмкіндігінше сақталды, бірақ мұнда қоныс аударушыларды орналастыру әкімшілігінің ерік- жігері, ал өз бетімен қоныстану жағдайында – бос жерлердің болуы және сол кездегі тұрып жатқан селолықтарға «қосып жазылу» мүмкіндігі шешуші рөл атқарды. Шаруалардың өздері жерін жерін жалға алған қазақ тардың ауылында тұрған реттері де  жиі кездесті. Сонымен XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басында Қазақстанның қоныс аударушылар деревнясы әлі де қалыптасу сатысындағы күрделі әлеуметтік- экономикалық механизм болды.

ХХ  ғасырдың бас кезінде отарлық езгі күшейді. Қоныс аударғандарға қазақтардын есебінен егістік, жайылымдық жерлері тартып алынып берілді. Сауда дамып өндіріс орындары салына бастады. Столыпинның аграрлық реформасы барысында, яғни 1906-1910 жылдары аралығында ішкі Ресей губернияларынан Орал тауынан асқан орыс шаруаларының саны 2516075 адамнан асты. Ал, Сырдария облысында қоныс аударып келгендердің саны 7778 адамды құрады. Столыпиндік реформаның алғашқы жылдарында Ресейдің еуропалық бөлігіндегі шаруалардың көпшілігі өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсартуға деген үміттерін Қазақстанға келумен байланыстырды. Бірақ қоныс аудару мекемелерінің жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі, «артық» жерлердің барлық қоныс аударушыларға жетіспеуі, орыс шаруаларын қайтадан ішкі Ресейге қайтуларына мәжбүр етті.  

Егер 1893 жылы мен 1905 жыл аралығында, яғни 12 жылда Россиядан қоныс аударғандар үшін қазақтардан 4,074170 десятина жер алынса, одан кейінгі жеті жылда (1906-1912 жж.) 17 миллионнан астам десятина жер тартып алынды. Қоныс аударудың басыбайлылық әдісі шаруаларды қатты күйзеліске ұшыратты. 1917 жылға дейін Қазақстанның 45 миллион десятина жеріне ие болған көшіп келгендердің саны 1,5 миллионға жетті. Өлке халқынаң үштен бірі Россияның орталық аудандарынан, Еділ бойынан, Украинадан келгендердің басым көпшілігі орыстар мен украиндар болды.

Сөйтіп, патша өкіметінің қоныс аудару саясаты Қазақстанда жер мәселесінде қайшылақтердың шиеленісуіне, еңбекші қазақ бұқарасының жерсіз қалып күйзелуіне әкеп соқты. Қоныс аудару нәтижесінде жергілікті қазақ халқының Қазақстандағы үлесі айтарлықтай кеміді. Сырдария облысында бұл көрсеткіш – 63,3% -ға жеткен еді. 1917 жылға дейін және одан кейінгі жылдары Қазақстан саяси жер аударылғандардың мекені айналды.

 

Әдебиет:

1.       Қазақстан тарихы(көне заманнан бүгінге дейін). Төрт томдық. IҮ том.-Алматы: Атамұра, 1998. – 640 бет.

2.       Тараз. Жамбыл облысы: Энциклопедия /бас редактор. Б. Ғ. Аяған- Алматы:  2003. - 550 бет