Асетова Ж.Б., Бакенова Г.А.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Ойын технологиясын пайдалану арқылы ДТ (психикалық дамуы тежелген) оқушылардың ақыл-ойын дамыту

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік өмір шеңберде тең құқылы тіршілік ете алуларына жағдай жасау.

2002 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының “Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету туралы” Заңына сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуға және шығармашылық, дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең құқылы [1].

Әрбір елде мүмкіндігі шектеулі балалар кездеседі, олар тәрбиеленудің және білім берудің ерекше түрлерін қажет ететін жандар. Осындай балаларға арнайы көмек ету қазіргі таңда біздің елде де өзекті мәселелердің бірі. Еліміздегі экономикалық тепе-теңдіктің бұзылуынан, қазіргі таңда туа біткен, тұқым қуалаған, жүре пайда болған аурулар салдарынан қаршадай бастарына қасірет дертке шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалар саны жылдан жылға артуда.

Республикамызда әлеуметтік салаға байланысты өзекті мәселелерге көп көңіл бөлуде, әсіресе әлеуметтік ортаға мүмкіндіктері шектелген жандарды бейімдеу бойынша жүргізілетін жұмыстарға қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының кемтар балаларға медициналық-психикалық-педагогикалық қолдау көрсету жөніндегі заңында осы мәселелерге бағытталған.

Психикалық дамуы тежелген балалар – бұл оқу бағдарламасын меңгеруде қиындықтарға кездесетін үлгермеуші балалар. Сондай-ақ бұл балалардың эмоциональдық ерік-жігер саласының жетілмеуі органикалық инфантилизммен түсіндіріледі.

Балалардың психика дамуының тежелуінің психологиялық мәнін және пайда болуға себеп белгілерді бекіту мен сипаттау, сонымен қатар осы ақауды шеттетудегі педагогикалық компенсация ретінде әдіс-тәсілдерді өңдеу жолдарының барлығы осы заманғы арнайы педагогикалық ғылымның өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Балалардың психика дамуының тежелуінде зейін әрекетінің тежелулері жиі кездеседі. Зейін арқылы адам қоршаған ортада өзіне қажетті обьектіні бөліп алып, соған бүкіл психикалық әрекеттерін бағыттайды. Бір сөзбен айтқанда зейін әрекеттерінің тежелулері басқада психикалық үрдістердің нашарлауының пайда болуына себеп болады. Психика дамуы тежелген балаларға кемақылдылық, сөйлеу, есту, көру және қозғалыс әрекеттері бойынша ауыр ауытқулар байқала қоймайды. Бұл категориядағы балаларда көбінесе әлеуметтік (мектепте) бейімдеу кезіндегі негізгі қиындықтармен көп ұшырасады, бұған себеп психика даму ырғағының баяулығы. Қазіргі зерттеушілердің пікірінше психика дамуы тежелген балаларда ең айқын ақау белгілер эмоциялық-ерік аймақтары дамуының тежелулерінен, оларда ерік-жігер әрекеттерінің әлсіз болатындығын түйіндейді. Осының әсерінен зейіннің: тұрақсыздығы, шоғырлануының төмендеуі, алаңдаушылығының артуы пайда болады.

Т.В.Егорованың жасаған тамаша әдістемелерінің көмегімен, бұл балалардың ойлау кемшіліктерінің спецификалық ерекшеліктері анықталды, оқу материалын ұсыну әдісі, балалардың ойлау деңгейіне сәйкес болмаған жағдайда бағдарламаның меңгерілмейтіндігі анықталды. Бұл әсіресе, арифметикалық есептер шығаруға үйретудегі, сөздік және көрнекі әдістерді салыстырудан анық байқалады. Материалдарды меңгеру үшін, оқытудың тиімді әдістерін пайдалану үшін, мұғалім үнемі ізденуі қажет [2].

Осы орайда психикалық дамуы тежелген балаларды тәрбиелеуде ойын технологиясын пайдалану тиімді әдіс болып табылады. “Ойын” – бұл адамның мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған іс-әрекеттің бір түрі.

Я. А. Коменский “Ойын – айналадағы дүниені танудың тәсілі”, - деп атап көрсеткен болады. Демек, балалардың танымдық әрекетін қалыптастыруда ойынның маңызы зор [3].

Психикалық дамуы тежелген балалар үшін ойын процесі өте маңызды рөл атқарады, әрі ойын арқылы балалардың болашаққа деген көзқарастары қалыптасады. Мәселен, дидактикалық, логикалық, сюжетті-рөлдік ойындар баланың ой-өрісін дамытып, сөздік қорын молайтады, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады, ойлау, есте сақтау қабілеттерін жетілдіреді.

Ойын арқылы балалар өмір сүрудің белсенді формаларын игеріп, сол арқылы ересектерге еліктеп, олардың іс-әрекеттерін, қарым-қатынастарын үйренеді. Сонымен бірге еңбектің мәнін түсініп, адамгершілік нормаларын игереді, әлеуметтік рольдер атқарады. Сана-сезімі, еркі, өзін-өзі бақылауы, өзінің іс-әрекетін басқалардың іс-әрекетімен үйлестіру қасиеттері жетіледі. Демек, ойында балалардың алған білімдері жетіліп, өзін дұрыс ұстау ережелері бекітіледі.

Психикалық дамуы тежелген балалардың денсаулығы мықты және көңіл күйлері жақсы болу үшін сабақ уақытын белсенді демалумен алмастырып отыру қажет. Қимыл қозғалыс ойындары, қызықты сценарийлер, сюжетті-рөлдік ойындар, спортты ойындар дамуындағы кемшілігі бар балалардың белсенді демалуларының басты құралы болып табылады.

Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын мүмкіндіктері шектеулі балаларды дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтертеді, дем алдырады, сонымен қатар, ол сықақтап, күлдіріп, кез-кезген әлеуметтік мәртебенің шартты екендігін көрсетеді. Ойындардың мазмұны – адам өміріндегі таусылмайтын жағдайлар мен тақырыптар. Баланы ойын тәжірибесінен құр қалдыру - бұл тек балалықтан ғана емес, сонымен қатар, дамып, жетілудің қайнар көздері: өмірде қажет болатын тәжірибеден, әлеуметтік қатынастар сипаттарынан, ұжымдық қатынастардан, өзін-өзі зерттеуден, әлемді тану қызығушылық процесін қозғаудан құр қалдыру деген сөз. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсендігі артып, игерген білім машықтарының негізінде бір сюжетке орай басты кейіпкерлерге еліктеуі, ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, сонымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алынған рөлдеріне деген жауапкершілік арта түсіп, қиялындағы мүмкіндіктерін байқап көруге жағдай жасайды [4].

Ойында психикалық дамуы тежелген баланың жеке интеллектуалдық операциялары дамиды және жаңадан қалыптасады, соның ішінде баланың қоршаған айналасына позициясы өзгереді және позициясының ауысу механизмі және басқа мүмкін деген көзқарастармен өз көзқарасының координациясы қалыптасады. Осы өзгерістер ойлаудың жаңа деңгейге ауысуына және интеллектуалдық операциялардың қалыптасуына мүмкіндіктермен жол ашады.

Қорыта келгенде, психикалық дамуы тежелген оқушыларды қандай жағдай болмасын өмір шеңберінде тең дәрежеде қабылдап, кем жерлерін толықтыруымыз керек. Яғни, баланың өн бойындағы кемістіктерді біле тұра, оларға деген сүйіспеншілік пен махабатты имандылықты, қолдан келер барлық шараларды жасағанымыз дұрыс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қазақстан Республикасының “Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикаылқ-психологикалық түзету арқылы қолдау” заңы //Егемен Қазақстан – 2002 ж.

2.  Дефектологиялық сөздік. /А.И.Дьячков басшылығымен – 2-ші басылым. М., 1970 .

3.  Нұрманбетова Ұ. Е. Мүмкіндігі шектелген балалар – Қарағанда: Ғылыми-әдістемелік кеңесі ұсынған, 2003 .

4.  Винокурова Н. К. Магия интеллекта или книга о том, когда дети будут умнее, быстрее, смышленнее взрослых – М., 1994.