Несіпбергенова Әсел

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ МЕМУАРЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ТӨРКІНІ

 

Қазақ прозасының әдебиетімізде айшықты із қалдырып келе жатқан елеулі саласының – бірі мемуарлық романдар. Бірақ олар бүгінгі таңға дейін қазақ әдебиеттану ғылымында жанр табиғатын ашу талаптарына сай зерттеу нысаны болмаған, көбінесе нағыз көркем романдармен бір контексте талданып отырған немесе иллюстрациялық материал дәрежесінде ғана қарастырылып келген. Мемуарлық романның өмірлік және эстетикалық фактілердің рөлі жайлы зерттеушілеріміз айта қойған жоқ десе де болғандай.

Қазіргі қазақ прозасында табиғаты жағынан алып қарағанда таза мемуарлық шығармалар мен мемуарға жақын болып келетін естелік туындылар арнайы зерттеуді, мазмұндық, идеалық-көркемдік тұрғыдан ара жігін ажырата отырып сипаттауды қажет етеді. Мемуарлық романның жанрлық табиғаты жөнінде орыс ғалымдары ортақ пікірге келіп, тиянақты тұжырым жасап қойды деп айтуға әлі ерте. И. Шайтанов мемуар жанрының айқын шекарасы жоқ, жалпы көркемдік құрылымы солқылдақтау болып келетін шебер қаламгердің көркемдік өрнектері ме немесе куәгердің екіұштылығы ма, қайсысы басымдау болып келетіні белгісіз жанр деген ой айтады. Осы жағынан келгенде, қазақ өмірбаяндық туындылары да іріктеп қарастыруды қажет етеді.

Мемуарлық шығармалардың өмірге келу себептері  жайлы осы жанрдың білікті зерттеушісі Л.Я.Гаранин былай дейді: «Функция мемуарного произведения как правило, сыязаны  с какой – либо конкретной  или во всяком случае с вполне осязаемой  целью: желанием человека оставить о себе память, передать накопленный опыт потомкам, по новому оценить  прошлое  и т.д. И это определяет природу и характер воссоздаваемых в мемуарной литературе образов»

Мемуарлық шығарманың жанрлық табиғатын түсініп, кейбір ерекшелігін айқындап алу үшін  бір ғана С.Сейфуллиннің « Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық туындысы жеткілікті. С.  Сейфуллин мұнда 1916 жылғы халықтық қозғалыс пен азамат соғысының қиын күндерін нақтылы тарихи фактілерге сүйене отырып суреттеген де, күрес үстіндегі революционерлердің қайтпас қажырлылықтарын зор оқиғаның ауқымынан алып көрсеткен. Анталаған ақ гвардейцтер мен іштен шалмақ болған ұлтшыл-байшылдардың революция табыстарын жоқ етпек болып, жанталасқан әрекеттерін жазушы өз көзімен көріп, өзі атқарған істерге байланыстыра баяндаған. Сондықтан да әлсін-әлсін үзіліп қалып отыратын романның сюжеттік арқауыда көп жағдайда байқала бермейді. Көбіне жеке эпизодтарға тән аралық құбылыстар ретінде көзге түседі. Осы жақтарынан алғанда бұл шығарма қазақ совет әдебиетіндегі мемуарлық романның алғашқы үлгісі болып табылады. Оның құрамында тарихтылық та, оқулықтық та, көркем шығармашылық та қасиет бар. «Тар жол, тайғақ кешу» жазушының іздену, үйрену үстіндегі өзі көріп білген өмір шындығының шежіресі. Осы шығарма төңірегінде С. Мұқанов «Түр жағынан бұл мемуарлық (естелік) шығармалардың тобына қосылады» - деп санайды. Ал Ғ.Мүсірепов «Бұл осы күнге дейін маңызын жоғалтпаған, келешекте де үлкен орны бар еңбек. Рас, бұл бір жағы көркем әдебиетке, бір жағынан публицистикаға жатады. Рас, бұл басынан аяғына дейін сұрыпталып шыққан біріккен де нәрсе емес. Әйткенмен, бұл Қазақстан топырағында, Одақ пролетариаты етегінде  жүріп Октябрь төңкерісін орнатуға Қазақстан еңбекшілерінің қалай күрескендігін толық көрсете алатын еңбек... Әрине, бұл еңбектің мазмұнында да, көркемдігінде де сынайтын нәрселер бар. Әйткенмен, Октябрьдің Қазақстан  жеріндегі сипатын бұл кітаптан толық көретінімізге  оның өте қомақты, ірі еңбек екеніне ешкім таласа алмайды». Басқа сипаттармен бірге Ғ.Мүсірепов мемуар мазмұнындағы күрескерлік рухқа жете мән береді.

Жалпы мемуарлық туындыда автор өзі – алдыңғы қатарда жүретін бас кейіпкер. «Ол қалай көрінеді?» деген мәселе де қызықты. Мысалы үшін С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» автордың бас кейіпкер ретіндегі сипатына назар аударсақ. Ол әңгімені өз атынан айтып келе жатып, сол сәттегі көтеріліп отырған тақырыбан орай  оқырман алдына дерекнамалық дүниелерді жайып салады  және ең бастысы осы арада автор ретінде өзін ол жерге қатыстырмайды. С. Мұқановтың «Өмір мектебі» романындағы өмір шындығы жастайынан әке мен шешеден жетім қалып, балалық шағын ауыл арасында,  ағайын ішінде өткізген ақынның өз өмірімен тікелей байланыста көрінеді. Жазушы бұл кітапта қазақ ауылының революция алдындағы өмірін кең қамтиды да, жоқшылық пен мұқтаждық жайлаған елдің ауыр халін тебірене суреттейді. Мұны бірде Сәбиттің өзі көріп, өз басынан кешірген әрқилы ауыртпалықтар арқылы сезінсең, енді бірде мұқтаждықтың ауыр салмағы түскен ауыл кедейлерінің тұрмыс-тіршілігінен аңғарасың. Бұл салада жазушы суреттеудің  мемуарлық романдарға тән әдіс-тәсіліне сүйеніп, өзінің өмір өткелдерін шығарманың сюжетіне арқау етіп, әлеуметтік ірі оқиғаларды сөз еткен. Мұнда да жер дауы, жесір дауы, ағартушылық проблемалары көтеріліп, өз кезінің уақыт тынысына сәйкес көркемдік шешімін тауып отырады. Айтылып отырған мәселенің беруілуі тақырыпқа қатысты жай бір зерттеу еңбек сияқты  болып көрінеді. Мұндай шығармашылық тәсілдің мемуарға бірнеше беттерге созылып кететін тұстары бар. Алайда оның туындының көркемдік болмысына ешқандай да нұқсан келтірмейтіндігін атап айту керек.

Автордың өзінің мейлінше көп көрінуі, қаһарман ретінде алдыңғы қатарға шығуы ең айқын байқалатын  шығарма ол – С.Мұқановтың «Өмір мектебі. Онда автор басымырақ баяндайтын әңгімелері, негізінен өз басынан өткен жайлар. Оқиғалар арасында қыстырылып кететін көлденең сюжеттер мен шиеленістердің ішінде  де автор  бейнесі әр тұстан қылаң беріп отырады.Өз басына тікелей қатысы жоқ жағдаяттарға  да ішінара ойын сыналай айтып, өз көзқарасын білдіруден тартына қоймайтыны бар. Ондайда автордың  тікелей оқырманмен сөйлесіп кетуін көркемдік тәслдің бір түрі  деп қабылдаған абзал.

«Мен» деп айқайлатын тақырып қойғанымен, М.Мағауиннің  эссе сипатында жазылған монологтық  мемуарлық романында да автордың кейіпкер ретінде көрініп отыруы біркелкі емес. Кей тұста ол өзі жайлы әңгімені тоқтата тұрып, тартылып келе жатқан ой жүйесінің ыңғайына қарай шығармашылық немесе ғылыми мәселелерді сөз етіп кетеді.Ішінара өзінің жеке пікірін білдіріп отырғанымен, негізінен көтеріліп отырған тақырыпты  талдауға бейім. Талданып отырған осы ждайлардан мемуарлық романдағы автордың өз шығармасына кейіпкер ретіндегі қатысу деңгейі  және жеке тұлғасының көркемдікпен ашылуы бірқалыпты емес екенін айқын аңғаруға болады. Бұның өзі шығармашылық әр алуандылықты көрсететіні сөзсіз.

Өзінің композициялық құрылымынымен назар аудартатын шығарманың бірі – Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген»  мемуарлық романы. Піішіндік тұрғыдан алып қарағанда  ол жекелеген әрқилы әңгімелерден құралады. Ол әңгімелерінің саны – жиырма бес. Әр әңгіме – оқиғасының басталуы, дамуы, шарықтау шегі және шешімі бар, сюжеттік жағынан аяқталып біткен жеке шығарма. Бірақ солардың әр қайсысы сол қалпымен шектеліп қалмай, романның ортақ фабуласына, идеялық бағытына қызмет етеді. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Х.Әдібаев өз ойын : автор  оқиға ашылуына ере бермей, әр новелланың өз шеңберінде тиянақты  көркемдік шешімін тапқан.  Жеке адамдардың тағдырына үңіле отырып, белгілі дәрежеде халық күйін шерткен. Аумалы – төкпелі  дәуірдің шындығын көреміз.

Ә.Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» мемуарлық туындысының негізгі композициялық діңгегі автордың өзі әңгімелейтін естеліктер болса, олардың берілу формаларының өзі біркелкі емес. Автордың біріңғай баяндаудан көрі  формалық түрлендіруге басымырақ мән бергені көрініп тұр. Айтылып отырған әңгімені растап, бекіте түсу үшін түрлі құжаттарды, баспасөз беттеріне  жарияланғандарды кіргізіп отыру  - мемуар жанрына тән шығармашылық дәстүр. Бірақ бұлжымастай көрінетін міндетті үрдіс емес.

Қорыта келгенде, мемуарлық шығарма дегеніміз – бір жағынан тарихи оқиғаларды, деректерді, фактілер мен құбылыстарды кейінгі буынға қаз-қалпында жеткізу болса, екінші жағынан, болған шындықтың біршама көкемделген, эстетикалық тұрғыдан икемделген түрі.

Мемуарлық шығарма халық тарихын мүмкіндігінше өмір шындығында бейнелеуге бейім, оқырманды өзіне тарта түсетін қолайлы жанрдың бірі екендігі айқындалды. Оның тарихи шындық пен көркемдік шындықты ұштастыра отырып, өзіне бейнелейтін кезеңнің кескін-келбетін жан-жақты  ашуда атқаратын рөлі  зор. Осы тұрғыдан алғанда бұл жанрда жазылған шығармаларды зерттеп саралау,  жүйеге түсіріп, белгілі бір қортындылар жасау өмір қажеттілігінен туындап жатқаны сөзсіз.

 

Әдебиеттер:

1. Моминский С. Мемуарлық автобиография. – Алматы: Жазушы, 1986. –262 б.

2. Григорьев А. Воспоминания. АН СССР. Литературные памятники /  Изд. Подготовил Б.Ф. Егоров – Ленинград: Наука, 1980. – 354 с.

3. Майтанов Б. Көркемдік нәрі. – Алматы: Жазушы, 1983. – 184 б.

4. Шындалиева М.Б. Қазақ очеркінің қалыптасуы, дамуы. – Алматы, 2005. – 276 б.

5. Малинин Ю.П. Филипп де Коммин и его Мемуары // Филипп де   Коммин «Мемуары» – М.: Наука, 1986. – 436 с.

6. Ақыш Н.Б. Қазақ мемуарлық романы: филол. ғыл. докт. ... автореф.
Алматы, 2009. – 38 б. 

7. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002. – 360 б.